"Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидаларын және (немесе) пайдалану тәртібін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 24 қарашадағы № 835 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 қыркүйектегі № 802 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 14.09.2023 № 802 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2022 ж. қолданысқа енгізіледі

      "2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2020 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі бекітілсін.

      2. "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидаларын және (немесе) оны пайдалану тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 1 тамыздағы № 574 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 24 қарашадағы
№ 835 қаулысымен
бекітілген

"Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі

      Осы "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) "2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2020 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес әзірленді және "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – "Қарағандышахтатарату" ЖШС) берілген, таратылған шахталар жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу және (немесе) пайдалану тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Зардап шеккен жұмыскер жоғалтқан, онда болған не ол анық иелене алатын табыс (кiрiс), сондай-ақ денсаулығына зақым келтiруден туындаған шығыстар (дәрі-дәрмек сатып алуға, медициналық тексерілуге, оңалтуға, бөгде адамның бағып-күтуiне, протез салғызуға, банктердің, пошталардың көрсетілетін қызметтері және өзгелері), егер жәбiрленушi көмек пен күтiмнiң осындай түрлерiне мұқтаж және оларды тегiн алмайды деп танылса, өтелуге тиіс.

      2. Жұмыскер қайтыс болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 940-бабында көрсетілген адамдардың залалды (зиянды) өтетiп алу құқығы бар.

2-тарау. Таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты пайдалану тәртібі

      3. "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға берілген, таратылған шахталар жұмыскерлерінің өміріне және денсаулығына келтірілген залалды (зиянды) өтеу сомалары осы Қағидаларға сәйкес республикалық бюджет есебінен өтелуге тиіс.

      Залалды (зиянды) өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргізіледі.

      4. Өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi мертігуіне немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiнгi не жәбiрленушiнiң кәсiби еңбекке қабiлетiн, ал ол болмаған кезде – жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуы дәрежелерiне сәйкес еңбекке жарамдылығынан айырылу басталғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) пайыздарымен айқындалады.

      5. Осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген таратылған шахталардың тізбесіне сәйкес жүзеге асырылатын таратылған шахталардың жұмыскерлеріне "Қарағандышахтатарату" ЖШС төлейтін залалды (зиянды) өтеу сомалары инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне барабар жыл сайын ұлғайтылады.

3-тарау. Таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу

      6. Залалды (зиянды) өтеу сомаларын есептеуді және төлеуді "Қарағандышахтатарату" ЖШС жүргізеді.

      7. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті жылға бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес ай сайын 7-күнге дейін "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ны қаржыландыруды жүзеге асырады.

      8. "Қарағандышахтатарату" ЖШС залалды (зиянды) өтеудің есептелген сомаларын алушылардың шотына қолма-қол емес тәсілмен аударуды жүргізеді.

      9. Залалды (зиянды) өтеу сомаларын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттеріне жіберу залалдың (зиянның) өтелуіне құқығы бар жұмыскерлердің тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.

      "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға банктер, пошта бөлімшелері көрсететін қызмет шығындары қызметтер көрсету шарттарымен айқындалады.

      10. "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға бөлінген қаражат бойынша ай сайын Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне келесі айдың 20-күніне дейін алдыңғы айдың есебін ұсынады.

      11. Залалдың (зиянның) өтемін алатын, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұратын таратылған шахталардың жұмыскерлері тоқсанына бір рет (тоқсанның бірінші айының 10-күнінен кешіктірмей) жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін, сондай-ақ айына бір рет (айдың 5-күнінен кешіктірмей) нақты тұрғылықты жері туралы мәліметтерді "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға ұсынады.

      12. Пайдаланылмаған бюджет қаражатын қайтару Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  "Қарағандышахтатарату"
жауапкершілігі шектеулі
серіктестігіне берілген,
таратылған шахталардың
жұмыскерлеріне келтірілген
залалды өтеуге берілетін
қаражатты бөлу қағидалары
және (немесе) пайдалану
тәртібіне қосымша

Таратылған шахталардың тізбесі

      1. Долинск.

      2. Дубовск.

      3. Майқұдық.

      4. Северная.

      5. Топар.

      6. Шерубай-Нұра.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады