Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Германия Федеративтік Республикасының Үкiметi арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауiптi түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 21 ақпандағы № 75 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған, 2021 жылғы 13 қазанда Берлинде жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Германия Федеративтік Республикасының Үкiметi арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауiптi түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық келісімнің мәтіні
ресми болып табылмайды. ҚР
халықаралық келісімінің
жасасқан тілдердегі ресми куәландырылған көшірмесін ҚР
халықаралық келісімдерін
тіркеуге, есептеуге және
сақтауға жауапты ҚР Сыртқы
істер министрлігінен алуға
болады
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 21 ақпандағы
№ 75 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Германия Федеративтік Республикасының Үкiметi арасындағы ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауiптi түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Германия Федеративтік Республикасының Үкiметi -

      екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуға ниет бiлдiре отырып,

      ұйымдасқан қылмыстың, атап айтқанда есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың, заңсыз көші-қонның, сондай-ақ терроризмнің және басқа қауіпті қылмыс түрлерінің тиімді профилактикасы және олармен күресу үшін ынтымақтастықтың елеулі мәні бар екеніне сенімді бола отырып,

      1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер туралы 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулері бар 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның, 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияның және БҰҰ 1988 жылғы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының қағидаттарын назарға ала отырып,

      қылмысқа қарсы күрес және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ынтымақтастыққа және өзара үйлестіруге үміттене отырып,

      терроризмге және қылмыстың басқа да қауіпті түрлеріне қарсы тиімді күрес жүргізуге деген өздерінің бірлескен жігерлерін қуаттай отырып,

      шекараны кесіп өту үшін жалған және жасанды құжаттар қолдануды қысқарту, сондай-ақ шекара арқылы адамдарды заңсыз өткізумен айналысатын қылмыстық ұйымдарға қарсы күрес бойынша тиiмдi шаралар қолдануға ниет бiлдiре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде және осы Келісімнің 9-бабын ескере отырып, ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауiптi түрлеріне қарсы күрес саласында, олардың профилактикасын және тергеуді қоса алғанда, ынтымақтастық жасайды.

2-бап

      1. Қылмыс жасауға қатысатын ұйымдасқан құрылымдардың белгілерін анықтау шартымен Тараптардың ынтымақтастығы ең алдымен мынадай қылмыс түрлеріне таралады:

      - БҰҰ 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының 3-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құқық бұзушылықтарды білдіретін есірткінің, психотроптық заттардың заңсыз айналымы;

      - ақшалай қаражатты жылыстату немесе қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру;

      - терроризм;

      - заңсыз көші-қон;

      - адам саудасы;

      - қару-жарақтың, оқ-дәрiлердiң және жарылғыш заттардың заңсыз саудасы;

      - заңсыз ойын бизнесі;

      - қорқытып алу;

      - жалған валютаны, төлем құралдарын, чектер мен құнды заттарды бұрмалау (дайындау, өзгерту) және тарату;

      - жеке меншікке және мүлікке қарсы қылмыстар;

      -жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу;

      - экологиялық қылмыстар;

      - стратегиялық мақсаттағы химиялық, биологиялық, радиоактивті және ядролық материалдарды, тауарлар мен технологияларды, әскери техниканың басқа да түрлерін заңсыз сату;

      - мәдени құндылықтардың заңсыз айналымы;

      - тауарлар контрабандасы;

      - кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы;

      - қылмыстардың ұйымдасқан түрлері, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен порнографиялық материалдар дайындау, тарату және жеткізу;

      - компьютерлік жүйелерді қолдана отырып жасалған қылмыстар.

      2. Тараптардың келісімімен ынтымақтастық ашылуына Тараптар өзара мүдделі болатын қылмыстың басқа түрлеріне де таралуы мүмкін.

3-бап

      Есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде және осы Келісімнің 9-бабын ескере отырып, ең алдымен:

      1) есiрткi, психотроптық заттарды (сол тектестерді, жаңа психикаға белсенді әсер ететін заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларын дайындауға, контрабандасына немесе олардың саудасына қатысы бар адамдар туралы деректер, жасырыну орындары, көлiк жолдары мен жұмыс құралдары, әдiстерi, шыққан жерi мен жеткiзу орны, шекараны заңсыз кесіп өту әдiстерi туралы, сондай-ақ егер бұл қылмыстардың қауiптi түрлерін анықтау және тергеу немесе әрбiр нақты жағдайда қоғамдық қауiпсiздiк үшiн елеулi қатер төндiретiн қылмыстарды болғызбау үшiн қажет болса, белгілі бiр iстiң айрықша белгiлерi туралы ақпарат алмасады;

      2) терiс мақсатта пайдаланылатын өсiмдiк тектес, сондай-ақ синтетикалық жаңа есiрткi, психотроптық заттар (сол тектестерді, жаңа психикаға белсенді әсер ететін заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларының үлгiлерiн бiр-бiрiне бередi;

      3) ықтимал заңсыз таратылуын анықтау мақсатында есiрткi, психотроптық заттар (сол тектестерді, психикаға белсенді әсер ететін жаңа заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларының заңды айналымын бақылау саласында тәжірибе алмасады;

      4) Тараптар осындай деп таныған есiрткiні, психотроптық заттарды (сол тектестерді, психикаға белсенді әсер ететін жаңа заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларының айналымнан заңсыз өтiп кетуiн болдырмауға бағытталған шараларды бiрлесiп жүзеге асырады;

      5) есiрткiнің, психотроптық заттардың (сол тектестерді, психикаға белсенді әсер ететін жаңа заттарды қоса алғанда) және олардың прекурсорларының заңсыз дайындалуына қарсы күрес жөнiндегi шараларды бiрлесiп жүзеге асырады.

4-бап

      Терроризмге қарсы күрес мақсатында Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес және осы Келісімнің 9-бабын ескере отырып, атап айтқанда жоспарланған және жасалған террористік актiлер, оларды жүзеге асыру әдiстерi туралы, сондай-ақ бір Тараптың мемлекет аумағында екiншi Тараптың мемлекет мүддесiне қарсы қылмыс жасауды жоспарлаған, жасап жатқан немесе жасаған террористік топтар, оларға қатысты жеке адамдар туралы ақпарат алмасады. Алмасу террористік сипаттағы қылмыстарға қарсы күрес үшін немесе әрбiр нақты жағдайда қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндiретiн қылмыстардың алдын алу үшін қажет болса, жүзеге асырылады.

      Бұл жауынгерлік қақтығыстар аймақтарында халықаралық террористік ұйымдар құрамындағы Қазақстан Республикасының және Германия Федеративтік Республикасының азаматтары туралы қолда бар ақпаратпен алмасуды, сондай-ақ терроризмнің профилактикасына және террористік бағыттағы материалдар бар интернет-ресурстарды бұғаттау немесе жою арқылы терроризмнің профилактикасына байланысты ақпарат алмасуды қамтиды.

5-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде және осы Келісімнің 9-бабын ескере отырып, заңсыз көші-қонға қарсы күрес мақсатында ынтымақтасады, атап айтқанда қауіпті қылмыс түрлерін болғызбау, сондай-ақ, анықтау және қылмыстардың ізіне түсу үшін қажетті ақпаратпен алмасады.

6-бап

      Ынтымақтастық жасау мақсатында Тараптар:

      1) қылмысқа қарсы күрестiң әртүрлi салаларында өзара ақпарат алу үшiн және криминалистік техника бойынша мамандар алмасу;

      2) өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес:

      - ұйымдасқан қылмыс шеңберінде жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдар туралы мәліметтермен;

      - қылмыстық топтар туралы, олардың құрылымдары, байланыстары және оларға қатысушыларға тән мінез-құлықтар туралы ақпараттармен;

      - қылмыс жасау мән-жайлары туралы, соның ішінде қылмыс жасау уақыты, орны және тәсілі, қол сұғу объектілері, олардың ерекшеліктері туралы, сондай-ақ қылмыстық заңнама нормаларын бұзу және қабылданған шаралар туралы ақпараттармен алмасу туралы уағдаласады.

      Деректермен және ақпаратпен алмасу, бұл ұйымдасқан қылмыс саласындағы қылмыстарды анықтау және тергеу немесе әрбір нақты жағдайда қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндiретiн қылмыстарды болғызбау үшін қажет болғанда жүргiзiледi.

      3) сұрау салулар бойынша сұрау салған Тарап мемлекетінің заңнамасында рұқсат етілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру;

      4) ұйымдасқан қылмыс саласында қылмыстарды анықтау және тергеу үшін немесе өзара кадрлық, материалдық және ұйымдасқан көмек көрсету жолымен қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қауіпті болдырмау мақсатында жедел өзара іс-қимыл жасау;

      5) трансұлттық қылмыстар саласында қолданылатын әдістер, сондай-ақ, қылмыстар жасаудың жаңа нысандары туралы тәжірибемен және ақпаратпен алмасу;

      6) криминалистика және криминология саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу;

      7) қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе оларды жасау үшін пайдаланылған заттардың үлгiлерiн бiр-бiрiне беру;

      8) ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың басқа да қауiптi түрлеріне қарсы күрес саласында бiрлесiп немесе өзара негiзде мамандардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асыру және қызметкерлердің кәсіби бiлiктiлiгiн арттыру үшін тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру туралы уағдаласады.

7-бап

      1. Егер сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе өзге маңызды мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін деп немесе сұрау салуды қанағаттандыру өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына не халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында көрсетілген ынтымақтастықты жүзеге асырудан ішінара немесе толығымен бас тарта алады.

      2. Сұрау салуды орындаудан ішінара немесе толығымен бас тартылған жағдайда сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа жазбаша түрде осы бас тартудың себептері туралы дереу хабарлайды.

8-бап

      Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасы сақталған кезде осы Келiсiмнің шеңберінде дербес деректерді (бұдан әрі – деректер) беруді және пайдалануды Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жүзеге асырады, олар осы Келісімнің 10-бабына сәйкес мынадай ережелерге сәйкес осы Келісімді іске асыруға жауапты болады:

      1) бір Тараптың деректерді алушы органы екінші Тараптың деректерді беруші органының өтініші бойынша оған осы деректерді пайдаланғаны және бұл ретте алынған нәтижелер туралы хабарлайды;

      2) деректерді алушы орган деректерді тек осы Келісімде көрсетілген мақсаттарда ғана және осы деректерді берген орган көрсеткен жағдайларда ғана пайдаланады;

      3) деректерді беруші орган берілетін деректердің дұрыстығына, сондай-ақ олардың беру мақсатына сәйкестігін ескере отырып, қажеттілігі мен шамаластығына көз жеткізеді. Бұл ретте деректерді беруге оның мемлекетінің ұлттық заңнамасында қамтылған тыйым салу ескерiледi. Егер деректерді беруші органның деректерді беру қандай да бір ұлттық заңнамаға қайшы келеді немесе мүдделі адамдардың мүдделеріне қысым жасалуы мүмкін деп болжауға негізі болса, деректерді беру жүзеге асырылмайды. Бұрыс деректер немесе берілмеуге тиiстi деректердің берілу фактісі анықталған жағдайда, оларды алған орган бұл туралы дереу хабардар етiледi. Көрсетілген орган бұл деректерді тез арада түзетеді немесе жояды;

      4) мүдделі адамға оның өтiнiшхаты бойынша оған қатысты қолда бар деректер туралы, сондай-ақ оларды пайдалану мақсаттары туралы ақпарат берiледi. Мүдделі адамның осындай ақпарат алу құқығы ақпаратқа сұрау салынған аумақтағы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасымен реттеледі. Егер мемлекеттiң ақпаратты бермеу мүддесі өтінішхат жасаған адамның мүддесінен басым болса, мұндай ақпаратты беруден бас тартылуы мүмкін;

      5) деректерді беруші орган оларды жолдау кезінде ұлттық заңнамада көзделген осы деректерді сақтау мерзімдерін көрсетеді және ол өткеннен кейін олар жойылуы тиіс. Осы мерзімдерге қарамастан берілген мақсатында пайдалану қажеттігі өткеннен кейін берілген деректер жойылуы тиіс;

      6) деректерді беретін орган және деректерді алатын орган тиісінше деректердің берілгенін және алынғанын тіркеуді қамтамасыз етеді;

      7) деректерді беретін орган және деректерді алатын орган берілген деректерді рұқсатсыз қол жеткізуден, рұқсатсыз өзгертуден немесе рұқсатсыз жариялаудан тиімді қорғауға міндетті.

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің құпиясын (мемлекеттік құпияларын) құрайтын ақпаратпен алмасу жүзеге асырылмайды.

9-бап

      1. Осы Келiсiмде көрсетілген барлық салаларда Тараптардың ынтымақтастығы Тараптардың қолданылатын ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар ынтымақтастық тиісті Тарапта қажетті кадрлық және қаржылық мүмкіндіктер бар болған жағдайда жүзеге асырылады.

      2. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша беру және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ фискалдық мәселелермен байланысты істер бойынша әкімшілік және құқықтық көмек көрсету мәселелерін, сондай-ақ екіжақты және көпжақты халықаралық шарттардағы Тараптардың басқа міндеттерін қозғамайды. Осы Келісім қылмыстық істер өндірісі кезінде дәлелдемелер ретінде пайдалану мақсатында мәліметтер немесе ақпарат беру туралы сұрау салу үшін негіз болмайды. Осы Келісімге сәйкес жолданған мәліметтерді не ақпаратты жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасына және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы екіжақты немесе көпжақты халықаралық шарттарға сәйкес оның алдын ала келісімінсіз пайдалануға болмайды.

10-бап

      Осы Келiсiмдi орындауға жауапты Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары:

      Қазақстан Республикасынан:

      - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;

      - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы;

      - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті;

      - Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет);

      - Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі;

      - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі;

      - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;

      - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі.

      Германия Федеративтік Республикасынан:

      - Федералдық iшкi iстер, құрылыс және елді кешенді дамыту министрлiгi;

      - Федералдық қаржы министрлiгi;

      - Федералдық денсаулық сақтау министрлiгi;

      - Федералдық қоршаған орта, табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік министрлігі;

      - Федералдық криминалдық полиция ведомствосы;

      - Орталық Федералдық полиция басқармасы;

      - Кедендік криминалдық полиция ведомствосы;

      - Федералдық дәрілік заттар мен медициналық өнімдер институты;

      - Федералдық халықты қорғау және төтенше жағдайлардың салдарын жою ведомствосы;

      - Федералдық техникалық көмек қызметі;

      - Федералдық табиғатты қорғау ведомствосы.

      Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдары өздерінің ресми атауларын немесе функцияларын өзгерткен жағдайда дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерінде көзделген ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі тетіктерін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жеке уағдаластықтар арқылы белгілей алады.

      Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімділеді және осы Келісімнің 13-бабында белгіленген тәртіппен оның ажырамас бөліктері ретінде күшіне енеді.

12-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын екіжақты не көпжақты халықаралық келiсiмдер бойынша олардың мемлекеттерінің құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндірумен немесе қолданумен байланысты туындайтын Тараптар арасындағы келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның күшін жойғанға дейін күшінде қалады. Келісім оның қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап алты (6) ай өткеннен кейін өзінің қолданылуын тоқтатады.

15-бап

      Тараптар осы Келісім Тараптар арасындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы бұрынғы барлық келісімдерді алмастыратынына келіседі.

      2021 жылғы "13" қазанда Берлин қаласында әрқайсысы қазақ, неміс және орыс тiлдерiнде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей болады. Осы Келісімнің қазақ және неміс тілдеріндегі мәтіндерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тiлiндегi мәтіннің басым күші болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкiметi үшін
Германия ФедеративтікРеспубликасының Үкiметi үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады