1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістiгiн құру туралы келiсiмге өзгерiстер енгiзу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 20 мамырдағы № 324 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. 1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 20 мамырдағы
№ 324 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      ең үздік әлемдік практикалар мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, ғылымды, техниканы, технологиялар мен инновацияларды дамытудың келісілген басым бағыттары бойынша халықаралық ғылыми-техникалық байланыстарды нығайту қажеттігін түсіне отырып,

      ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық салаларда мемлекетаралық кооперацияны дамытудың маңыздылығын мойындай отырып,

      келісілген ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ 1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы келісімнің 8-бабын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1. Келісімнің кіріспесінде:

      екінші, алтыншы – он екінші абзацтар алып тасталсын;

      "төмендегілер жайында уағдаласты" деген сөздерден бұрын мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "ортақ ғылыми-техникалық кеңістіктің тиімді жұмыс істеу жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында".

      2. Келісімнің 1-бабы 2-тармағының екінші абзацының екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ортақ ғылыми-технологиялық кеңістік ұлттық заңнамаға сәйкес осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекетке осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің ғылыми-технологиялық кеңістіктерін, ғылыми-технологиялық тауарларды мен көрсетілетін қызметтерін пайдалану мүмкіндігін беруді де көздейді.".

      3. Келісімнің 2-бабының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мыналарға бағытталған нақты міндеттерді шешуде өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге келіседі:".

      4. Келісімнің 3 және 4-баптары мынадай редакцияда жазылсын:

"3-бап

      Тиісті нормативтік-құқықтық базаны дамыту және аталған саланы мемлекеттік қаржыландырудың кепілдік берілген деңгейін қолдау қажеттігінен көрінетін осы Келісімге қатысушы барлық мемлекеттердің ғылыми-технологиялық саланың басымдығын мойындауын Тараптар осы Келісімді іске асырудың негізгі шарты ретінде қарастырады.

4-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде жасалған халықаралық шарттарға сәйкес мемлекетаралық ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық ынтымақтастық жүйесін қалыптастыру, аталған салалардағы интеграцияны тереңдету мақсатында:

      ғылыми, ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық, оның ішінде бірлескен жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға ұмтылады;

      ғылыми, ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық салаларда, оның ішінде консорциум нысанында кооперацияны дамытады;

      ғылыми ұйымдарға қолдау көрсетуді жүзеге асырады;

      кітапханааралық абонемент жүйесін дамытады;

      ғылыми-техникалық ақпаратпен, зерттеу нәтижелерімен, әзірлемелермен, жаңа технологиялармен алмасуды жүзеге асырады;

      ТМД-ның тиісті базалық ұйымдарының мүмкіндіктерін ескере отырып, жоғары білікті кадрларды даярлау, мамандарды кәсіптік қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласында өзара іс-қимылды дамытады;

      ең үздік әлемдік практикалар мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, оның ішінде модельдік заңдар базасында ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық салаларда заңнаманы жетілдіруді қамтамасыз етеді;

      мемлекетаралық, ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызметтің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасайды;

      академиялық ұтқырлықты дамытудың бірлескен бағдарламаларын қалыптастыруға ықпал етеді.".

      5. Келісімнің 6-бабында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Көпжақты ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобалар шеңберінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ғалымдары мен мамандарының ғылыми-техникалық және инновациялық жұмыстарға қатысуын қаржыландыруды әрбір Тарап ұлттық заңнамада көзделген тәртіппен дербес, оның ішінде Тараптар (олардың шаруашылық жүргізуші субъектілері) тартатын бюджеттен тыс көздер есебінен жүзеге асырады.";

      3-тармақ алып тасталсын.

      6. Келісімнің 7-бабындағы 1-тармақ алып тасталсын.

      7. Келісімге қосымша болып табылатын Ғылыми-техникалық және инновациялық салалардағы ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңес туралы ережеде:

      "ҒТИ МК қызметінің негізгі бағыттары мен функциялары" деген II бөлімнің 2.3-тармағының бесінші абзацы алып тасталсын;

      "ҒТИ МК жұмысын ұйымдастыру" деген III бөлімнің 3.1-тармағының бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қажет болған жағдайда ҒТИ МК шешімі бойынша оның жұмысына ұлттық (мемлекеттік) ғылым академиясының, ТМД салалық ынтымақтастық органдарының, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер мен үшінші мемлекеттердің ғылыми орталарының, кәсіпорындары мен ұйымдарының, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграциялық құралымдардың өкілдері қатыса алады.";

      "ҒТИ МК жұмысын ұйымдастыру" деген III бөлімнің 3.3-тармағының екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

      "ҒТИ МК отырыстарына оның мүшелері мен қатысушыларының іссапарға жіберілуіне және қатысуына байланысты шығыстарды жіберуші атқарушы билік органдары мен ұйымдар дербес көтереді.";

      "ҒТИ МК жұмысын ұйымдастыру" деген III бөлімнің 3.7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3.7. ҒТИ МК қызметін қамтамасыз ету мақсатында Кеңес хатшылығы құрылады. Хатшылықтың функциялары басшысы ҒТИ МК-де төрағалық ететін ТМД-ға қатысушы мемлекеттің мемлекеттік билік органына, ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесімен бірлесіп жүктеледі.

      ҒТА МК-ге төрағалық ететін мемлекеттің мемлекеттік билік органының өкілі – ҒТИ МК Хатшылығының Басшысы, ТМД Атқарушы комитетінің өкілі Хатшылық басшысының орынбасары болып табылады.".

2-бап

      Осы Хаттама депозитарий оған қол қойған Тараптардан оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы үшінші хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2022 жылғы 20 мамырда орыс тілінде бір төлнұсқа дана жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.


Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

Армения Республикасының Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының Үкіметі үшін

Түрікменстан Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін

Украина Үкіметі үшін

Молдова Республикасының Үкіметі үшін



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады