Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне:
317-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"317-бап. Медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы
1. Медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін оларға ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан орындамауы, тиісінше орындамауы, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса ˗
бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекеттер ˗
бір жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер ˗
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер ˗
үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Медицина жұмыскерінің, сол сияқты тұрмыстық немесе халыққа өзге де қызмет көрсету ұйымдары жұмыскерлерінің оларға ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, егер бұл іс-әрекет басқа адамға АИТВ жұқтыруға әкеп соқса ˗
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.".
2. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне:
1) 7-бапта:
41) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"41) денсаулық сақтау қызметкерлерінің үздіксіз кәсіптік даму нәтижелерін растау қағидаларын, біліктілік деңгейлерін беру және растау тәртібін әзірлейді және бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 104-1) тармақшамен толықтырылсын:
"104-1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгі шартын әзірлейді және бекітеді;";
2) 13-баптың 20) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"20) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын тағайындауды ұйымдастырады;";
3) 63-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Жеке тұлғалардың денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты, тиісті мамандық бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі және медициналық қызметке лицензиясы, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты болған кезде жекеше медициналық практикамен айналысуға құқығы бар.";
4) 77-баптың 1-тармағында:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
3) медицина қызметкері мен денсаулық сақтау субъектісін еркін таңдауға;";
12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"12) медициналық көмек көрсеткен кезде денсаулығы мен өміріне келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде сақтандыру төлемі арқылы өтеуге;";
23) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"23) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтары бар.";
5) 115-баптың 2-тармағы 10) тармақшаның бесінші абзацындағы "(шұғыл хабарлауды) қамтамасыз етуге міндетті." деген сөздер "(шұғыл хабарлауды);" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
"11) медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды қамтамасыз етуге міндетті.";
6) 270-бапта:
1-тармақтың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"10) кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін жол жүруге байланысты көлік шығыстарының орнын толтыртуға құқығы бар.";
2-тармақ алып тасталсын;
7) мынадай мазмұндағы 270-1 және 270-2-баптармен толықтырылсын:
"270-1-бап. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру
1. Денсаулық сақтау субъектілері осы Кодекстің 64-бабының 1), 2), 3), 4), 5), 8) тармақшаларында көзделген медициналық қызмет түрлерін медицина қызметкерлері жүзеге асырғанға дейін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
2. Денсаулық сақтау субъектісі қызметін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасаспай жүзеге асыруға құқылы емес.
3. Денсаулық сақтау субъектілерінің және (немесе) медицина қызметкерінің медициналық қызметті жүзеге асыруға байланысты өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін ерікті сақтандыру шартын жасасуы оларды медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасу міндетінен босатпайды.
4. Медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігі және оның медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу жөніндегі міндетке байланысты мүліктік мүдделері медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.
5. Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің денсаулығы мен өміріне келтірілген зиян үшін медицина қызметкерлерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің туындауы фактісі медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп танылады.
6. Егер медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің денсаулығы мен өміріне келтірілген зиян сақтанушының (сақтандырылған адамның) медицина қызметкерінің кәсіби қызметін бұзуының салдары болып табылса, сақтандыру жағдайы туындаған болып саналады.
Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың тәртібі мен өзге де шарттары медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шарты негізінде тараптардың келісімімен айқындалады.
270-2-бап. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың сақтандыру сыйлықақыларының (жарналарының) ең аз мөлшері
1. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың сақтандыру сыйлықақыларының (жарналарының) ең аз мөлшері:
№ | Бейіні |
Сақтандыру мөлшерлемесі | Сақтандыру сыйлықақысының (жарнасының) ең аз мөлшері (айлық есептік көрсеткіш) |
1 | Хирургия | ||
1-тәуекел тобы | 2,42 % | 24,2 | |
2-тәуекел тобы | 2,07 % | 20,7 | |
3-тәуекел тобы | 1,38 % | 13,8 | |
4-тәуекел тобы | 0,69 % | 6,9 | |
2 | Педиатрия | ||
1-тәуекел тобы | 1,25 % | 12,5 | |
2-тәуекел тобы | 0,83 % | 8,3 | |
3 | Терапия | ||
1-тәуекел тобы | 1,16 % | 11,6 | |
2-тәуекел тобы | 0,77 % | 7,7 | |
3-тәуекел тобы | 0,38 % | 3,8 | |
4-тәуекел тобы | 0,19 % | 1,9 | |
4 | Стоматология | ||
1-тәуекел тобы | 0,86 % | 8,6 | |
5 | Акушерлік-гинекология | ||
1-тәуекел тобы | 2,01 % | 20,1 | |
6 | Орта медициналық қызметкерлер | ||
1-тәуекел тобы | 0,14 % | 1,4 |
2. Сақтандыру сомасының мөлшері оның медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартының талаптарымен айқындалады.
3. Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жарналары денсаулық сақтау субъектісі мен медицина қызметкерлерінің арасында тең үлеспен жүзеге асырылады.";
8) 272-бапта:
мынадай мазмұндағы 3-1 және 3-2-тармақтармен толықтырылсын:
"3-1. Уәкiлеттi орган "Өз кәсібінің үздiгі" республикалық конкурсының жеңiмпаздарына әр номинантқа республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң 500 еселенген мөлшерiнде бiржолғы ынталандыру төлемiн бередi.
Уәкілетті орган "Өз кәсібінің үздiгі" атағын беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді.
3-2. Медицина жұмыскерінің Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік жетістіктері және айрықша еңбегі үшін оған тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем беріле отырып, "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы беріледі.".
9) 276-бапта:
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
"4-1. Осы Кодекстің 270-2-бабы 3-тармағының қолданысы 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтата тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
"3. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру денсаулық сақтау субъектісінің есебінен жүзеге асырылады.".
3. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
24 және 25-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"24-бап. Қазақстан Республикасында мынадай құрметті атақтар белгіленеді:
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" (Заслуженный деятель Казахстана);
"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы";
"Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері";
"Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" (Летчик-космонавт Казахстана).
"Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар.
"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағына ие болған педагогтер "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерде біржолғы төлем алады.
"Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағына ие болған медицина жұмыскерлері "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген мөлшерде біржолғы төлем алады.
25-бап. Қазақстан Республикасының құрметті атақтары:
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" − республикаға сіңірген зор еңбегі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік сала өкілдеріне;
"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" − аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін педагогтерге;
"Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" − Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы аса үздік жетістіктері және айрықша еңбегі үшін медицина жұмыскерлеріне;
"Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" − белгіленген ғарыштық ұшу бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырған, алдарына қойылған ғылыми-техникалық, зерттеушілік және практикалық міндеттерді мінсіз орындаған азаматтарға беріледі.".
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |