Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 9 мамырда Маледе жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мальдив Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 16 шiлдедегi № 484 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мальдив Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Мальдив Республикасының Үкіметі
Тараптардың мемлекеттері арасындағы достық қатынастарға қолғабыс жасауға тілек білдіре отырып,
Тараптардың мемлекеттері аумағында өз мемлекеттері азаматтарының келуін жеңілдету мақсатында
төмендегілер туралы келісті.
1-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды жол жүру құжаттарының иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына олар келген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын кезеңге бір мәрте немесе көп мәрте келу, кету, транзитпен өту, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады.
2. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары іскерлік мақсаттарда, жұмысқа орналасу немесе оқу мақсаттарында екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы баптың 1-тармағында көзделген барынша көп кезеңнен ұзағырақ қалуға ниет білдіруші жарамды жол жүру құжаттарының иелері осы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес талап етілетін тиісті визаны алулары тиіс.
2-бап
1. Қазақстан Республикасының жарамды жол жүру құжаттары:
1) дипломатиялық паспорт;
2) қызметтік паспорт;
3) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
4) қайтып оралуға арналған куәлік болып табылады.
2. Мальдив Республикасының жарамды жол жүру құжаттары:
1) дипломатиялық паспорт;
2) ресми паспорт;
3) әдеттегі паспорт;
4) уақытша жол жүру құжаты болып табылады.
3-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынаспен саяхаттаушылар үшін ашық пункттер арқылы келіп, кете алады, транзитпен өте алады және шетел азаматтарына немесе азаматтығы жоқ адамдарға келуге, кетуге және транзитке қатысты қолданылатын екінші Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтаулары тиіс.
4-бап
1. Осы Келісім Тараптардың өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтау мақсатында екінші Тарап мемлекеті азаматтарының келуіне немесе болуына рұқсат беруден бас тарту құқығын шектемейді.
2. Осы Келісім Тараптардың екінші Тарап мемлекетінің нон-грата персоналарына немесе қолайсыз азаматтарына себептерін көрсетпей, өз мемлекетінің аумағына келуге тыйым салу немесе өз мемлекетінің аумағында олардың болуын тоқтату құқығын шектемейді.
5-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде жарамды жол жүру құжаттарын жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, визалық талаптар орындалған кезде өздеріне азаматтары болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілдігі берген жаңа жарамды жол жүру құжаттарының негізінде осы мемлекеттің аумағын тастап шыға алады.
6-бап
Бір Тарап мемлекетінің форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан келген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кету мүмкіндігі жоқ азаматтары олардың болу мемлекетінің аумағынан кету үшін қажетті уақыт кезеңіне дейін болуын ұзартуға рұқсат алу үшін осы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына растайтын құжаттармен жүгінуге тиіс.
7-бап
1. Осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген өздерінің жарамды жол жүру құжаттарының үлгілерімен алмасады.
2. Жаңа жол жүру құжаттары енгізілген немесе қолданыстағылары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-біріне дереу хабарлайды және дипломатиялық арналар арқылы осындай жол жүру құжаттарының үлгілерін, сондай-ақ олардың қолданылуына қатысты ақпаратты олар ресми енгізілгенге немесе өзгертілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жібереді.
8-бап
1. Тараптардың әрқайсысының екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатыла тұрады. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуы уақытша, толық немесе ішінара қалпына келтірілетін күнді келіседі.
2. Келісімнің қолданылуын осы баптың 1-тармағына сәйкес тоқтата тұру Келісімнің қолданылуын тоқтата тұруды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің аумағындағы екінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтарын қозғамайды.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
10-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
11-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кейін күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданылуын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кейін тоқтатылады.
_________________ қаласында 20_ жылғы "___" ____ әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Мәтіндер арасында сәйкессіздіктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Мальдив Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін