"Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсын өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 181 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 16 қарашадағы № 904 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсын өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 181 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсын өткізу қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен мүдделі мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және қоғам қайраткерлері арасынан конкурсты дайындау және өткізу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – ұйымдастыру комитеті) құрылады.";

      9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Конкурс жеңімпаздарын айқындау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) облыстарда, қалаларда, аудандарда тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің өкімімен мүдделі мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар, қоғам қайраткерлері және өткен жылдардағы конкурс лауреаттары арасынан құрылады.

      Комиссия туралы ереже тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімнің өкімімен бекітіледі.

      10. Осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысуға өтінім аудандық (қалалық) комиссияға конкурстың басталғаны туралы көпшілікке жарияланған күннен бастап бір ай ішінде қағаз немесе электрондық нұсқада мынадай құжаттармен қоса беріледі:

      1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;

      2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін — жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;

      3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі;

      4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);

      5) балаларды тәрбиелегені үшін мадақтаулардың, белгілі бір жетістіктері үшін алған мадақтаулардың бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

      6) заңды және (немесе) жеке тұлғалардың ұсыным хаттары (кемінде екеу);

      7) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

      8) қоғамдық пайдалы қызметке (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) (бар болса) қатысуды растайтын құжаттардың көшірмелері.

      Ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін отбасылар ұсынған түпнұсқалар негізінде аудандық (қалалық) комиссияның төрағасы куәландырады.

      Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда аудандық (қалалық) комиссия өтінім берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасына қайтарады.

      Конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасы ұсынылған құжаттар қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде пысықталған өтінімді қайта береді.";

      14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Аудандық (қалалық) комиссия конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау аяқталған кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде алынған ақпаратты жан-жақты тексереді, іріктей және екі отбасыны айқындайды, одан кейін екі жұмыс күні ішінде өз шешімдерін конкурстық құжаттармен бірге облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссияларға жібереді.

      15. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссиялар аудандық (қалалық) комиссиялардан құжаттарды алған кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылған құжаттарды қосымша тексереді, іріктей және жеңімпаз бір отбасын айқындайды, одан кейін екі жұмыс күні ішінде өз шешімдерін конкурстық құжаттармен бірге ұйымдастыру комитетіне жібереді.".

      мынандай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссиялар бір жеңімпаз отбасын айқындау жөнінде шешім қабылданған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде конкурс жеңімпаздарын және конкурс жеңімпазы деп танылмаған қатысушыларды конкурс қорытындылары туралы конкурстық комиссияның хаттамасынан үзінді ұсына отырып, хатпен хабардар етеді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады