Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 1131 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 шiлдедегi № 603 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.07.2023 № 603 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 84-бабы 1-тармағының 1-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1131 қаулысымен
бекітілген

Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін жүргізу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 84-бабының 4-тармағының 1-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – кәсіпкерлік қызметті реттеу салалары бөлінісінде реттеушілік актілердің жалпыға қолжетімді дерекқоры;

      2) құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесі – Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жүйеленген дерекқорына орталықтандырылған қол жеткізу жүйесі;

      3) реттеушілік акт – қолданыстағы нормативтік құқықтық акт, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды қамтитын өзге де құжат;

      4) реттеуші мемлекеттік органдар – кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе аяда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;

      5) тізілімнің автоматтандырылған жұмыс орны (бұдан әрі – АЖО) – тізілімде орналастырылатын және "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы ұсынатын баптаулар мен контентті басқаруға арналған қосымша;

      6) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, өзіне бекітілген "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға.

      3. Тізілімді кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырады және автоматтандырылған режимде жүргізеді.

2-тарау. Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін жүргізу тәртібі

      4. Реттеушілік актілер тізілімге былайша:

      1) Қазақстан Республикасының заңдары – баптар бойынша;

      2) Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен өзге де құжаттар – осы актілердің немесе құжаттардың деректемелері көрсетіліп, олардың атаулары бойынша енгізіледі.

      5. Тізілімге реттеушілік актілер кейіннен олардың тиімділігін, оның ішінде мемлекеттік реттеудің мәлімделген мақсаттарына қол жеткізілуін және Кодексте көзделген міндетті талаптарды қалыптастыру шарттарына және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы қағидаттарына сәйкестігін бағалау тұрғысынан талдау жүргізу үшін енгізіледі.

      Реттеушілік актілер қабылданған және олар ресми жарияланғаннан кейін, сондай-ақ реттеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде олар осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік органның өзі айқындайтын реттеуші мемлекеттік органдар қызметкерлерінің АЖО арқылы қосуы үшін тізілімге жіберіледі.

      Реттеуші мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне АЖО-ға қолжетімділікті оператор олардың өтінімдері негізінде береді.

      6. Реттеушілік актілерді тізілімге жіберген кезде реттеуші мемлекеттік орган:

      1) Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (бұдан әрі – ЭҚЖЖ) бөлімдеріне сәйкес кәсіпкерлік қызметті реттеу саласын;

      2) реттеушілік актіге талдау (бұдан әрі – РАТ) жүргізудің ұсынылатын мерзімдерін көрсетеді.

      РАТ жүргізу мерзімдері ай мен жыл форматында көрсетіледі, онда көрсетілген айдан кейінгі бірінші күнге дейін РАТ жүргізу рәсімдері аяқталады және оны жүргізудің келесі мерзімі айқындалады.

      РАТ жүргізу мерзімдері реттеушілік акт қабылданған күннен немесе АЖО алдыңғы рәсім аяқталған күннен бастап заңнамалық актілер үшін үш жылдан және өзге нормативтік актілер мен өзге құжаттар үшін екі жылдан аспауы тиіс;

      3) құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесіне орналастырылған реттеушілік актіге гиперсілтемені көрсетеді.

      Нормативтік құқықтық актілерге гиперсілтеме эталондық бақылау банкінен, өзге құжаттарға гиперсілтеме реттеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсынан көрсетіледі.

      7. Автоматтандырылған режимде жіберілген реттеушілік актілер тізілімде осы Қағидаларға сәйкестігі, сондай-ақ тізілім мен ұсынымның міндетті жолдарын толтырудың толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан тексеріледі.

      Реттеушілік фактілер осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін болса, реттеушілік актілер тізілімге енгізіледі.

      8. Реттеуші мемлекеттік органдар тізілімде көзделген мерзімдерде Кодекстің 85-бабының 2-тармағының 7) тармақшасына сәйкес бекітілген Реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың реттеушілік әсеріне талдау жүргізу және пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – РӘТ жүргізу қағидалары) сәйкес РАТ жүргізеді.

      9. Реттеуші мемлекеттік органдар тізілім арқылы РАТ жүргізу мерзімдерін бақылауды қамтамасыз етеді.

      АЖО-да РАТ жүргізу мерзімі басталғанға дейін алты ай бұрын осы Қағидаларға сәйкес айқындалған реттеуші мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне РАТ рәсімін жүргізу қажет екені туралы хабарлама жіберіледі.

      10. Реттеуші мемлекеттік орган РАТ-ты уақтылы жүргізбеген кезде тиісті реттеушілік актіге қатысты "алып тасталды" мәртебесі көрсетіледі.

      11. Реттеуші мемлекеттік орган Кодекстің 81-1-бабына сәйкес келмейтін талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлерді жауаптылыққа тартуға жол бермеу мақсатында олар тізілімде болмаған және (немесе) тізілімнен алып тасталған жағдайларда:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген талаптар бойынша тізілімнен алып тасталған не тізілімде болмау фактісі анықталған күннен бастап алты ай ішінде;

      2) өзге нормативтік құқықтық актілер мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды қамтитын құжаттар бойынша тізілімнен алып тасталған не тізілімде болмау фактісі анықталған күннен бастап үш ай ішінде реттеушілік актілердің күшін жоюы (күші жойылды деп тануы) не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуі тиіс.

      12. Осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген талаптар реттеушілік актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жолымен орындалғаннан кейін РАТ жүргізу мерзімі өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезден бастап тізілімде алты айға ұзартылады. Бұл ретте "алып тасталды" мәртебесі жойылады.

      13. Осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген шарттардың орындалғаны туралы ақпаратты осы Қағидаларға сәйкес айқындалған реттеуші мемлекеттік органдардың қызметкерлері АЖО арқылы тізілімге жібереді.

      14. Осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген мерзімдер бұзылған жағдайда кәсіпкерлік субъектілерінің тиісті реттеушілік актілердің талаптарын сақтамауы Кодекстің 83-1-бабының 6-тармағына сәйкес оларды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз бола алмайды. Бұл ретте тізілімде тиісті реттеушілік актінің мәртебесі "әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз жоқ" деп көрсетіледі.

      15. Реттеушілік актінің тізілімде болмау фактісі анықталған жағдайда реттеушілік акт тізілімге РАТ жүргізілгеннен және осы Қағидаларда белгіленген рәсімдер сақталғаннан кейін енгізіледі.

      16. Тізілімде "әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз жоқ" деген мәртебені жою үшін реттеуші мемлекеттік орган РӘТ жүргізу қағидаларына сәйкес РАТ жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.

      17. Реттеуші мемлекеттік органдар реттеушілік актілер бойынша мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз етеді.

      18. Тізілімде РАТ жүргізу мерзімі РӘТ жүргізу қағидаларына сәйкес РАТ жүргізу рәсімдері аяқталғаннан кейін жаңартылады.

      РАТ рәсімі аяқталған жағдайда АЖО арқылы осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес айқындалған реттеуші мемлекеттік органдардың қызметкерлері осы Қағидалардың 6-тармағының талаптарына сәйкес РАТ жүргізудің жаңа мерзімін айқындайды.

  Кәсіпкерлік саласындағы
міндетті талаптар тізілімін
жүргізу қағидаларына
қосымша

      Нысан

Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі

Р/с

Реттеушілік акт

Кәсіпкерлік саласы
(Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің бөлімдері бойынша)

Реттеуші мемлекеттік орган

Реттеушілік актіге талдау жүргізу мерзімі

Құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесіне гиперсілтеме

Реттеушілік актілер дерекнамасына сілтеме

Реттеушілік актінің мәртебесі

1

2

3

4

5

6

7

8


1. Заңнамалық актілер
















2. Заңға тәуелді актілер
















3. Өзге де реттеушілік актілер
















Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады