Соттардың заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді оңалту және олардың банкроттығы туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы № 2 Нормативтік қаулысы.

      Соттардың оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасын зерделеп және оны біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсініктемелер беруге қаулы етеді.

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасы оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі – АК), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінен (бұдан әрі – АПК), Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінен (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодекс), "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V Заңынан (бұдан әрі – Заң), қазыналық кәсiпорындар мен мекемелерден, жинақтаушы зейнетақы қорларынан, банктерден, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан басқа, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің (бұдан әрі – борышкер) берешегін қайта құрылымдау рәсімін, оларды оңалту рәсімін жүзеге асыру және банкрот деп тану, борышкерді банкроттық рәсімін қозғамай тарату ерекшеліктерін белгілейтін өзге де заңдар мен нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      Заңның 2-бабының 2-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Заңда көзделгендегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      2. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің берешегін қайта құрылымдау, оларды оңалту және олардың банкроттығы, сондай-ақ оларды банкроттық рәсімін қозғамай тарату рәсімдерін қолдану туралы істерді, жоғарыда көрсетілген рәсімдерді жүргізу шеңберінде туындайтын даулар бойынша істерді соттар Заңда белгіленген ерекшеліктерімен азаматтық сот ісін жүргізу қағидалары бойынша қарайды.

      Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың берешегін қайта құрылымдау, оңалту және банкроттығы туралы, сондай-ақ оларды банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы істер ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Өтініштер сотқа борышкердің орналасқан жері бойынша ұсынылады.

      Борышкердің банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыларының талап қоюларына немесе көрсетілген рәсімдер шеңберінде қойылған талап қоюларға қатысты даулар талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қаралады.

      Заңда айқындалған оңалту рәсіміндегі және банкроттық рәсіміндегі өкілеттіктерге сәйкес оңалту рәсімдерін қолдану туралы немесе борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарған сот борышкер (банкрот) жауапкер ретінде болатын мүліктік сипаттағы дауларды, сондай-ақ көрсетілген рәсімдерге қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.

      Аталған санаттағы істер соттылығы бойынша облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалаларының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарында қаралуға жатады.

      Барлық өзге де даулар бойынша соттылық АПК-де айқындалады.

      3. Соттар берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы өтінішпен борышкер ғана жүгінуге құқылы екенін ескеруі керек. Өзге тұлға берген өтініш қанағаттандырылуға жатпайды.

      Берешекті қайта құрылымдау рәсімі азаматтардың талаптары бойынша олардың алдында өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеген тұлғаларға еңбекақы мен өтемақыларды төлеу бойынша жауапты болатын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе жарналар) бойынша, авторлық шарттар бойынша сыйақылар бойынша берешегі бар борышкерге қатысты қолданылмайды.

      Берешекті қайта құрылымдау рәсімі мынадай шарттардың жиынтығында: борышкерге қатысты оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалмағанда; борышкер уақытша төлемге қабілетсіз болғанда қолданылады.

      Уақытша төлем қабілетсіздігі ұғымы Заңның 5-1-бабының 1-тармағында айқындалған.

      Сот борышкердің дәрменсіздігін емес, оның уақытша төлемге қабілетсіз болуын анықтауы қажет.

      Берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша сот шешім нысанындағы сот актісін шығарады, ол дереу орындалуға жатады.

      Борышкердің өтініші қанағаттандырылған кезде шешімнің қарар бөлігінде Заңның 28-2-бабында көзделген қайта құрылымдау рәсімін қолданудың салдары көрсетілуге тиіс.

      Сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап екі ай ішінде борышкер барлық кредиторлармен берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасуға міндетті, оған барлық кредиторлар қол қояды және онда келісімнің шарттары, міндеттемелерді орындау тәртібі, тәсілдері мен мерзімдері туралы ережелер қамтылуға тиіс.

      Келісімді сот Заңның 28-4-бабының нормаларына сәйкес бекітуге тиіс.

      Борышкер берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы сотқа берген өтінішке барлық кредиторлардың тізімін қоса береді.

      Келісім жасалмаған не берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап екі ай мерзімде келісім сотқа ұсынылмаған кезде берешекті қайта құрылымдау рәсімі аяқталды деп есептеледі.

      4. Заңның 63-бабына сәйкес борышкерлерге қатысты сот тәртібімен оңалту рәсімі қолданылуы мүмкін.

      Өтініш беру күніне Заңның 5-1-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген бір немесе бірнеше мән-жайлар болған кезде борышкердің немесе кредитордың оңалту рәсімін қолдану туралы сотқа жүгінуі үшін борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігі негіз болып табылады.

      АК-нің 21-1-бабының ережелеріне орай дара кәсіпкер ретінде тіркелген борышкерге оның кәсіпкерлік қызметін тоқтатуын болғызбау мақсатында оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған, оңалту рәсімі шеңберінде іске асырылатын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кез келген шаралар қолданылуы мүмкін.

      Оңалту рәсімі банкрот деп тану туралы сот шешімі қабылданбаған борышкерге қатысты оны банкрот деп тану туралы іс бойынша қолданылуы мүмкін. Бұл жағдайда оңалту жоспарын борышкер кредиторлармен бірлесіп әзірлеуге және сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде бекітуге тиіс.

      5. Заңның 1-бабының 3) тармақшасында "әкімші" ұғымы - істі сотта қарау, сондай-ақ оңалту рәсімін және банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде осы Заңға сәйкес өкілеттіктерді жүзеге асыратын уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар деп айқындалған.

      Уәкілетті органда тіркелген тұлға әкімші болып тағайындалады. Әкімшінің өкілеттіктері уәкілетті органның бұйрығымен расталады. Әкімші өзінің өкілеттіктерін борышкердің орналасқан жері бойынша жүзеге асыруға міндетті.

      Борышкердің басқару органы ретінде:

      оңалтуды басқарушы (ол оңалту рәсімінде тағайындалған жағдайда) немесе санацияға қатысушы – оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күнінен бастап;

      уақытша басқарушы – борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейін;

      банкроттықты басқарушы – ол тағайындалған күннен бастап болады.

      Әкімші борышкердің істері мен мүлкін басқарудан Заңда белгіленген тәртіппен шеттетілуі мүмкін.

      6. Оңалту рәсімінде борышкерді басқару кредиторлар жиналысының шешімі негізінде: 1) борышкер – дара кәсіпкер не борышкер – заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген орган (тұлға); 2) оңалтуды басқарушы жүзеге асыруға құқылы.

      Дара кәсіпкерді оңалту рәсімінде борышкерді басқару деп оның істері мен мүлкін Заң нормаларында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып басқару түсініледі.

      Егер кредиторлардың алғашқы жиналысында борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді оңалтуды басқарушыға жүктеу туралы шешім қабылданса, онда оның кандидатурасын кредиторлар жиналысы хабарламалары әкімшінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғалардың хабарламалар тізіліміне енгізілген тұлғалар арасынан таңдайды.

      Уәкілетті орган кредиторлар жиналысының хаттамасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысы таңдаған кандидатураны оңалтуды басқарушы етіп тағайындауға міндетті. Уәкілетті орган ұсынылған кандидатураны тағайындаудан бас тартқан жағдайда кредиторлар жиналысы оңалтуды басқарушы етіп тағайындау үшін басқа кандидатураны ұсынуға міндетті.

      Оңалту рәсімі барысында кредиторлар жиналысы Заңның 69-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес тағайындалған адамдарды шеттету жолымен борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді жүктеу туралы шешімді бір рет өзгертуге құқылы.

      7. Соттар Заңның ережелерінде кредитор мен борышкердің банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгіну үшін негіздер көзделгенін ескеруі тиіс. Өтініш берген субъектіге: кредитор мен борышкерге байланысты негіздер әртүрлі болады.

      Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес борышкердің орнықты төлем қабілетсіздігі оның өзін банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негіз болып табылады.

      Егер борышкердің міндеттемелері сотқа өтініш берілген күнге және өтініш берілген жылдың басына, сондай-ақ егер борышкер өтінішті күнтізбелік жылдың бірінші тоқсанында берген жағдайда, өтініш берілген жылдың алдындағы жылдың басына оның мүлкінің құнынан асып кетсе, төлем қабілетсіздігі орнықты болып табылады.

      Егер Заңның 5-бабының 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, заңды күшіне енген сот актісі немесе борышкерден ақшаны өндіріп алу туралы атқарушылық құжат негізінде борышкердің кредитор алдындағы орындалмаған ақшалай міндеттемесі не борышкердің борышын мойындауы кредитордың борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуі үшін негіз болып табылады.

      Борышкердің борышты мойындауы жазбаша нысанындағы жауабында; борышкер мен кредитордың уәкілетті өкілдері қол қойған және тараптардың мөрлерімен расталған өзара есеп айырысулардың екіжақты салыстырып тексеру актісінде; борышкердің борышты төлегені туралы кепілхатта білдірілуі мүмкін.

      Борышкердің салықтық берешек сомасын, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешекті Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шарасы қабылданғаннан кейін өтемеуі кредитордың салықтық және кедендік төлемдер бойынша борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуі үшін негіз болып табылады.

      8. Заңның 3-бабына сәйкес жекелеген шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты банкроттық рәсімдерін қолдану ерекшеліктері олардың құқықтық мәртебесі мен қызметіне байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленуі мүмкін.

      Сот банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған жағдайда банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын тарату ерекшеліктері банк заңнамасында, сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы әлеуметтік қорғау туралы заңнамада белгіленген.

      Дара кәсіпкерлерді кәсіпкерлік қызмет субъектілері ретінде оңалту және олардың банкроттық рәсімі АК-нің 21 және 21-1-баптарының ережелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      9. Борышкердiң немесе кредитордың борышкерді банкрот деп тану не оңалту рәсімін қолдану туралы өтініштерін қарауға қабылдау кезінде сот өтініш берушінің құрылтай құжаттарының негізінде өтінішке тиiстi адамның (органның) қол қойған-қоймағанын тексеруі керек.

      Өтінішке заңды тұлғаның (борышкердің немесе кредитордың) басшысы не құрылтай құжаттарына сәйкес оны алмастыратын тұлға не борышкер – дара кәсіпкер қол қояды.

      Өтініш берушінің өкілі өтінішке қол қоя алады. Бұл жағдайда АПК-нің 60, 61-баптарының қағидалары бойынша өтінішке өкілдің қол қоюға және оны сотқа жіберуге өкілеттігін көздейтін сенімхат қоса беріледі.

      Егер өтінішті қабылдаған кезде сот оған өкілеттігі жоқ адам қол қойғанын не осы адамның өкілеттігін растайтын құжаттар, сондай-ақ Заңның 41, 42, 44, 45-баптарында көзделген құжаттар қоса берілмегенін анықтаса, онда Заңның 45-1-бабының 3-тармағына сәйкес сот борышкердің немесе кредитордың (кредиторлардың) өтінішін қараусыз қайтарады.

      Заңның 45-1-бабының 2-тармағына сәйкес борышкер үшiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiну осы Заңға сәйкес мiндеттi болып табылатын және қажеттi құжаттар өтiнiшке қоса берілмеген жағдайларда, сот өтінішті өзінің іс жүргізуіне қабылдауға және жетіспейтін құжаттарды істі сот талқылауына дайындау тәртібімен талап етуге міндетті.

      Заңның 46-бабында кредитордың әртүрлi мiндеттемелер бойынша борышкерге қойылған бiрнеше талапты бiр өтiнiшке бiрiктiруге құқығы көзделген. Бірнеше кредитордың бір борышкерге талаптары бір өтініште біріктірілуі мүмкін. Мұндай өтінішке өз талаптарын біріктірген кредиторлар қол қояды.

      Егер борышкердi банкрот деп тану туралы кредитордың өтініші сотқа басқа кредитордың өтінішінің негізiнде борышкерге қатысты iс қозғалғаннан кейiн, бірақ іс бойынша шешім шығарылғанға дейін келiп түссе, сот өтінішті бiр мезгілде қарау үшiн қозғалған іске қосу туралы ұйғарым шығарады.

      Бұл жағдайда сот банкроттық туралы істі басқа да осыған ұқсас ұйғарымдардан бұрын қозғау туралы ұйғарым шығарған азаматтық іске қатысушы әкімші уақытша басқарушы болып табылады.

      Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін өтініш түскен кезде сот АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сілтеме жасай отырып, өтінішті қабылдаудан бас тартады.

      10. Заңның 50-бабында сот оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғаған кезде борышкер үшін туындайтын салдарлардың тізбесі белгіленген, оның ішінде – борышкерге, мүліктің меншік иесіне, құрылтайшысына (қатысушысына), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлікті кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс пайдалануға және өткізуге тыйым салу, кредиторлардың оңалту және банкроттық рәсімдерінің шегінен тыс талаптарын қанағаттандыруға (заңда тікелей көрсетілген тұлғалардан басқа) тыйым салу, бұрын қабылданған сот шешімдерін орындауды (Заңда көрсетілген жағдайларды қоспағанда) тоқтата тұру.

      Кредиторлардың Заңның 51-бабында көзделген талаптарын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды сот кредиторлардың, прокурордың және іске қатысатын өзге де адамдардың өтініші негізінде ғана қабылдауы мүмкін.

      Сот Заңның 51-бабында көзделген барлық қамтамасыз ету шараларын қабылдамауы мүмкін. Қабылданатын қамтамасыз ету шаралары ақылға қонымды болуға, кредиторлардың мүдделерін, мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарына сәйкес келуге және өндірістік қызметті жүзеге асыруға, оның ішінде азаматтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге және денсаулығына, қоршаған ортаны қорғауға, ұлттық қауіпсіздікке байланысты үздіксіз немесе маусымдық циклді өндірістерде жұмыстардың жалғасуына кедергі келтірмеуге тиіс.

      Соттар борышкердің өтініші мен соттың оңалту жоспарын бекіту туралы заңды күшіне енген ұйғарымының көшірмесі негізінде борышкердің мүлкіне қойылған барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкердің шоттарына инкассалық өкімдер, мүлікке тыйым салулар және басқасы) оларды қойған органдардың тиісті шешімдер қабылдауынсыз алып тасталатынын ескеруі қажет.

      11. Борышкердің банкроттығы туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау (берешекті оңалту немесе қайта құрылымдау рәсімдерін қолдану) борышкер жауапкер ретінде болатын мүліктік сипаттағы істер бойынша іс жүргізуді тоқтату үшін негіз болып табылмайды. Борышкерді банкрот деп тану (оңалту рәсімін қолдану немесе берешекті қайта құрылымдау) туралы шешім қабылданғанға дейін заңды күшіне енген осы шешімдердің орындалуы туралы мәселе Заңның 28-2 және 50-баптарының ережелерін ескере отырып шешіледі.

      Оңалту немесе берешекті қайта құрылымдау рәсімдерін енгізгенге дейін де, енгізілгеннен кейін де өздерінің алдында ақшалай міндеттемелері туындаған кредиторлардың талаптары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен қаралады.

      Борышкердің берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту, оңалту рәсімін қолдану туралы немесе борышкерді банкрот деп тану туралы туралы сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін шығарылған сот шешімдерін орындау ерекшеліктері Заңның 28-5, 68, 87-баптарының ережелерінде белгіленген.

      Заңның 28-2, 28-5, 50, 68 және 87-баптарында көзделген берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолданудың, соттың берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекітуінің, оңалту немесе банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғаудың, оңалту рәсімін қолданудың және банкроттық рәсімін қозғаудың салдарларын регламенттейтін нормалар орындалуға міндетті.

      12. Сот борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарған күннен бастап, егер олар бойынша қабылданған шешімдер заңды күшіне енбесе, сотта банкроттың қатысуымен қаралатын мүліктік сипаттағы барлық істер тоқтатылады. Кредиторлардың мүліктік талаптары банкротқа банкроттық рәсімінің шеңберінде ғана қойылуы мүмкін (үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктерін орындау жөніндегі талаптарды, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болған жағдайларда кепіл нысанасына өндіріп алуды қоспағанда) және оларды борышкерді банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған сот қарайды.

      Уақытша (банкроттықты) басқарушы борышкерге қойылатын мүліктік талаптарды қарау жөніндегі істерді жүргізіп жатқан барлық соттарды оны банкрот деп тану туралы хабардар етуге және істер бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы өтініш жіберуге міндетті.

      Соттар банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредиторлардың бітімгершілік келісім жасасуға құқылы екенін ескергені жөн.

      Бітімгершілік келісімді бекіту кезінде сот бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарады, онда банкроттық рәсімі тоқтатылатынын және борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы шешім орындалуға жатпайтынын көрсетеді.

      Бітімгершілік келісімді бұзу туралы өтінішті оны бекіткен сот қарайды.

      13. Заңның 56-бабының 1-тармағына сәйкес борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімді сот уақытша басқарушының борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы борышкердің қаржылық орнықтылықтың ІІІ сыныбына жатқызылатыны және оны банкрот деп тану үшін негіздер бар екендігі туралы тұжырымды қамтитын қорытындысын; немесе, егер борышкер уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына қол жеткізуге рұқсат бермеген жағдайда, борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытынды жасаудың мүмкін еместігі туралы актіні ескере отырып қабылдайды.

      Оңалту рәсімін қолдану туралы шешім Заңның 59-бабының 1-тармағына сәйкес – уақытша әкімшінің борышкердің қаржылық орнықтылықтың II сыныбына жатқызылатыны және оңалту рәсімін қолдану үшін негіздер бар екендігі туралы тұжырымды қамтитын борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысы ескеріле отырып қабылданады.

      Борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны уақытша басқарушы және уақытша әкімші борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинау нәтижелері бойынша Заңның 49 және 49-1-баптарының ережелерін ескере отырып, оның қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігін сипаттайтын коэффициенттерді есептеу арқылы жасайды. Сот қорытындыға жазбаша түсініктемелер беруді талап етуге құқылы, онда бухгалтерлік баланстан алынған мәліметтер негізінде барлық коэффициенттер бойынша көрсеткіштер түсіндірілуге тиіс.

      Соттар уақытша басқарушының немесе уақытша әкімшінің қорытындысы іс бойынша дәлелдемелердің бірі болып табылатынын және іс бойынша басқа дәлелдемелердің жиынтығымен бірге олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі мен анықтығы ескеріле отырып, АПК-нің 64, 65 және 67-баптарының қағидалары бойынша соттың бағалауына жататынын ескеруі керек. Мұндай қорытындының сот үшін басқа дәлелдемелерден артықшылығы жоқ.

      14. Заңның 58-бабының 1-тармағына сәйкес борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешімді сот уақытша басқарушының Заңның 49-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысын немесе, егер борышкерде өтініш берушіден бөлек, басқа кредиторлар болмаса, қорытынды жасаудың орынсыздығы туралы актіні ескере отырып қабылдайды.

      Өтініш берушіден бөлек, басқа кредиторлар болмауына орай борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытынды жасалмау туралы Заңның 49-бабы 2-тармағы 1) тармақшасының нормасы өтініш беруші салық және кедендік төлемдер бойынша кредитор немесе "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы негізінде атқарушылық құжат қайтарылған кредитор болып табылатын жағдайларға қолданылмайды.

      15. Егер борышкер есепке алу құжаттамасына қолжетімділікті қамтамасыз етпесе, онда уақытша басқарушы Заңның 49-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытынды жасаудың мүмкін еместігі туралы акт жасайды.

      Соттар уақытша басқарушының Заңның 88-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сай мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан борышкер және оның мүлкі туралы ақпаратты сұратуға құқылы екенін ескеруі тиіс.

      Бұл ретте сот іс материалдарындағы өтініш беруші, әкімші, өзге де мүдделі тұлғалар ұсынған дәлелдемелерді, оның ішінде тиісті құқықтық баға берілуге тиіс уақытша басқарушы актісінің мазмұнын негізге алып шешім қабылдауға тиіс.

      Борышкердің өзінің төлем қабілетсіздігін тануына негізделген, оны банкрот деп тану туралы сот шешімі әкімшінің қорытындысын талдау, сондай-ақ борышкердің қаржы-шаруашылық қызметі туралы қолда бар деректер негізінде жасалған дәрменсіздік туралы тұжырымдарды қамтуға тиіс.

      16. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің банкроттығы туралы өтініштер ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады, сондықтан борышкердің төлем қабілетсіздігін тану үшін негіздердің болуы не болмауы сотқа жүгіну кезінде анықталады.

      Соттың борышкерді банкрот деп танудан, оңалту рәсімін қолданудан бас тартуы не заңда белгіленген негіздер бойынша банкроттық, оңалту рәсімі туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуы (борышкерді таратуға байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудан басқа) мән-жайлардың өзгеруіне байланысты берілген сол борышкерді банкрот деп тану не оңалту рәсімін қолдану туралы кейінгі келіп түскен өтініштерді қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.

      Заңның 48-бабы 1-1-тармағының ережелеріне сәйкес кез келген кредитор мен борышкер, оның ішінде оңалту рәсімін қолданудан бас тартылғандар оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы соттың шешімі немесе оңалту рәсімін тоқтату туралы соттың ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап екі жыл өткен соң сотқа оңалту рәсімін қолдану туралы қайта жүгінуге құқылы. Көрсетілген мерзім өткенге дейін берілген өтінішті сот қайтаруға тиіс.

      17. Егер бірінші сатыдағы сот оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы не борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарса, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар АПК-нің 424-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында және 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасында көзделген өкілеттіктерді негізге ала отырып, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға және істі жаңадан қарауға жібермей, Заңның 67 және 86-баптарында айқындалған соттың оңалту рәсіміндегі және банкроттық рәсіміндегі өкілеттігін соттылығы бойынша тиісті мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа жүктей отырып, өтінішті қанағаттандыру туралы шешім шығаруға құқылы.

      18. Оңалту және банкроттық туралы заңнамада оңалтуды және банкроттықты басқарушылардың кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізу міндеті белгіленген.

      Кредиторлардың борышкерге талаптары кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей мәлімделуге тиіс.

      Кредиторлардың бір ай мерзімде мәлімделген талаптарын уақытша әкімші немесе оңалтуды басқарушы (оңалту рәсімінде) не уақытша немесе банкроттықты басқарушы (банкроттық рәсімінде) олар мәлімделген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс және танылған талаптар тізілімге енгізіледі. Кредитордың бір ай мерзімнен кешіктіріп мәлімдеген талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор кредиторлардың бір ай мерзімде мәлімдеген талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлардың жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.

      Тізілімге кредиторлардың Заңның 72-бабы 2-тармағының екінші және үшінші бөліктерінің, 90-бабы 3-тармағының талаптарын сақтай отырып, бұрын сотқа мәлімдеген талаптары да енгізілуі мүмкін.

      Әкімші (уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар) кредиторлардың талаптарын қараудың нәтижелері туралы (танымау себептерін көрсете отырып, талаптарды толық көлемде немесе бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) шешім қабылданған күннен кейінгі келесі күні әрбір кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті.

      Әкімшінің шешіміне кредитор талапты қарау нәтижелері туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оңалту немесе банкроттық туралы істі қарап жатқан сотқа шағым беруі мүмкін.

      Кредитор, борышкер, заңды тұлға мүлкінің меншік иесі және қатысушысы (құрылтайшысы) банкроттық рәсімінде жарияланған тізілімге енгізілген кредиторлар талаптарының мөлшері мен негіздеріне ол жарияланған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде шағым жасауға құқылы.

      Мерзімнің аяқталуы шағымды қайтаруға негіз болып табылады. АПК-нің 126-бабының ережелеріне сәйкес процестік мерзімді сот қалпына келтіре алады.

      Кредитордың, құрылтайшының (қатысушының) шағымы негізді деп танылған жағдайда, сот кредитордың, құрылтайшының (қатысушының) талаптары енгізілуге тиіс кредиторлар талаптарының тізіліміндегі тиісті кезекті анықтауға міндетті.

      19. Соттар Заңның 101-бабы 4-тармағының ережелерін ескеруі тиіс, оларға сәйкес бірінші кезек кредиторларының осы Заңның 90-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткеннен кейін, бірақ барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғанға дейін мәлімделген талаптары бірінші кезек құрамында кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі және мүліктік масса есебінен қанағаттандыруға жатады.

      Бірінші кезек кредиторларының барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін, бірақ тарату балансы бекітілгенге дейін мәлімделген талаптары кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған банкрот мүлкінен қанағаттандырылады.

      Әкімші кредиторлар талаптарының тiзiлімiн борышкердің балансына кредиттік берешектердi ашып көрсету негiзiнде қалыптастыруға (жүргізуге) құқылы емес, өйткені бұл азаматтар мен заңды тұлғалардың өздерiне берiлген құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдалануын көздейтін Заңға және АК-нiң 8-бабына қайшы келедi. Сондықтан кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру (жүргізу) кезінде әкімші талаптың (кредиторлардың мәлімдемелері, заңды күшіне енген сот шешімдері, шарттар, борышкердің борышты мойындауы және басқалар) негізі мен сомасын растайтын құжаттардың бар-жоғын тексеруі қажет.

      20. Бірінші кезекте өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша; алименттерді өндіріп алу бойынша; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектерді төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы төлеу мен өтемақыларды төлеу бойынша; міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша; авторларға қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін сыйақылар төлеу жөніндегі талаптар қанағаттандырылады.

      Бірінші кезектегі талаптарды өтеу Заңның 100-бабының 2-тармағында баяндалған кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады.

      Талаптарды өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған жағдайда, ол Заңда баяндалған кезектілікті сақтай отырып, талаптардың сомаларына пропорционалды бөлінеді.

      21. Талаптары борышкердің мүлкін кепілге салумен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша кредитор кепілді кредитор болып табылады

      Соттар борышкердің мүлкі борышкердің және/немесе үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілге берілуі мүмкін екенін ескеруі керек.

      Кепілді кредиторлардың талаптары тиісінше ресімделген кепіл мүлкі және тіркелген кепілдік міндеттеме мүліктік массада болған кезде (егер мүлік кепілін тіркеу талап етілсе) және кепілмен қамтамасыз етілген бөлікте ғана екінші кезек құрамындағы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілуге жатады. Кепілді кредиторлардың талаптары, егер осы талаптар кепілмен қамтамасыз етілген және екінші кезектегі кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізуге жатқызылған жағдайда, негізгі борыш сомасын, сыйақыны, өсімпұлды (айыппұлдарды) қамтиды.

      Кепілді кредитор ретінде кредитордың талаптарын екінші кезекке енгізу туралы мәлімдеген, бірақ заңнама талаптарына сәйкес ресімделген немесе тіркеуден өтпеген (егер мүлік кепілін тіркеу талап етілсе) кепіл шартын ұсынбаған кредитордың талаптары төртінші кезектің құрамында ескеріледі.

      Кепілді кредитор банкроттықты басқарушының кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы ұсынысын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде осы мүлікті қабылдауға келісімін немесе одан бас тартуын жазбаша түрде білдіруге міндетті.

      Соттар кепіл мүлкін кепілді кредиторға беру ол бірінші кезектегі кредиторлардың еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарын және кепілге салынған мүлікті бағалауға және күтіп-ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды өтегеннен кейін ғана, аталған талаптарды өтеу үшін борышкердің өзге мүлкі болмаған жағдайда берілетінін ескергені жөн.

      Кепіл мүлкін заттай қабылдаудан бас тартқан, уақытша басқарушының ұсынысына белгіленген мерзімде жауап берілмеген не әкімшілік шығыстар мен кредиторлардың еңбекақы төлеу жөніндегі талаптары толық көлемде өтелмеген жағдайда, кепілді кредитордың талаптарын қанағаттандыру Заңның 103-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      22. Заңның 100-бабының 4-тармағында үшінші кезекте салықтық берешек, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешек өтелетіні белгіленген.

      Үшінші кезектегі кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастырудың дұрыстығын тексеру кезінде соттар "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы 1-тармағы 61) тармақшасының нормаларын қолдануға тиіс, оған сәйкес салықтық берешек бересі сомасын, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың төленбеген сомаларын қамтиды.

      Төртінші кезектегі кредиторлар талаптарының тізіліміне қатысты соттар борышкердің кредитор алдындағы міндеттемелерінің сомасын және міндеттемелерді орындамағаны үшін санкциялар мен залалдар сомасын жеке есепке алудың Заңда белгіленген тәртібіне назар аударуы керек, өйткені залалдарды өтеу және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) өндіріп алу жөніндегі талаптар бесінші кезектің құрамында қанағаттандырылуға жатады.

      23. Мүліктік масса кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді, сондықтан банкроттықты басқарушының мүліктік массаны қалыптастыру жөніндегі әрекеттері Заңға сәйкес кредиторлар жиналысының бақылауында болады.

      Банкроттықты басқарушы кредиторлар жиналысының шешімінсіз мүлікті бағалау және өткізу тәртібін дербес белгілеуге құқылы емес.

      Мүліктік массаны банкроттықты басқарушы Заңның 96-бабында көзделген тәртіппен қалыптастырады.

      Банкроттықты басқарушының міндеттеріне, оның ішінде Заңның 7-бабында көрсетілген жағдайларда борышкер жасаған мәмілелерді анықтау және борышкердің мүлкін қайтаруға шаралар қабылдау жатады.

      Банкроттық басқарушы банкроттық (оңалту) туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен жасалған және активтерді заңсыз шығаруға алып келген борышкер-заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.

      Оңалту рәсімінде мүліктік массаның құрамын қалыптастыру банкроттық рәсімдегі сияқты тәртіппен жүзеге асырылады.

      24. Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мәмілелер, егер оларды борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және Заңда көзделген негiздер болған кезде оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасасқан болса, жарамсыз деп танылады.

      Заңның 7-бабының 2-тармағында АК-де көзделгеннен басқа мәмілелердің жарамсыздығының арнайы негіздері санамаланған.

      Соттар мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы банкроттықты және оңалтуды басқарушылардың талап қоюы бойынша мұндай талаптарға негіздер болып Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген арнайы негіздер де, АК-нің 158, 159, 160-баптарында көзделген жалпы негіздер де келтірілуі мүмкін екенін ескергені жөн.

      Заңның 7-бабының 1-тармағында белгіленген үш жылдық мерзім АК-нің 158, 159, 160-баптарында көзделген негіздер бойынша қойылған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талаптарға да қолданылады.

      25. Заңның 7-бабының 3-тармағына байланысты Заңның 7-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде жасалған мәмілелер анықталған кезде әкімші анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті (оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша).

      Талап қоюмен сотқа жүгіну үшін он күндік мерзім түпкілікті болып табылмайды және оның аяқталуы талап қоюдан бас тартуға алып келмейді, сондай-ақ әкімшіні кредиторлардың мүдделері үшін бұзылған немесе даулы заңды құқықтарды қорғау үшін үш жылдық талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде сотқа жүгіну құқығынан айырмайды.

      26. АК-нің 44-бабының 3-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша заңды тұлғада қаражат жеткіліксіз болған кезде кредиторлар алдында субсидиарлық жауаптылықта болады.

      Заңның 6-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам кредиторлар алдында осы Заңның 96-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде өздеріне тиесілі мүлікпен субсидиарлық жауаптылықта болады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп екі және одан көп адам танылған жағдайда, мұндай адамдар ортақ жауаптылықта болады.

      Сонымен қатар, Заңның 6-бабының 2-тармағына сәйкес банкроттықты басқарушы құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) лауазымды адамды қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай тұлғаға қатысты оны субсидиарлық жауаптылыққа тарту және осы Заңның 96-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде сомаларды өндіріп алу туралы талап қойып, сотқа жүгінуге міндетті.

      Бұл ретте әкімші барлық кредиторлардың мүддесі үшін әрекет етуге тиіс. Жекелеген кредиторлардың өз мүдделері үшін талаптар қоюына жол берілмейді. Кредитор банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін талап қойып, сотқа жүгінуге құқылы.

      Егер борышкердің жалғыз кредиторы мемлекеттік кірістер органы болып табылса, онда құрылтайшының (қатысушының) және (немесе) лауазымды адамның кінәлі әрекеттерімен келтірілген залалды өндіріп алу құқығына банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша банкрот мүлкінің жетіспеуіне байланысты талаптары қанағаттандырылмаған мемлекеттік кірістер органы да ие болатыны соттарға түсіндірілсін.

      Заңның 6-бабының 2-тармағында көзделген он күндік мерзім құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) борышкердің лауазымды адамын субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы талап қоюмен сотқа жүгіну үшін бұлтартпау болып табылмайды және оның аяқталуы талап қоюдан бас тартуға алып келмейді, сондай-ақ әкімшіні субсидиарлық жауаптылыққа тарту және кредиторлар талаптарының сомаларын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгіну құқығынан айырмайды.

      Әкімшінің (және кредиторлардың – банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін) құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) борышкердің лауазымды адамын субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы талап қою арыздары да сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының ақталмайтын негіз бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысының негізінде қаралуға жататынына соттардың назары аударылсын.

      Соттар құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) борышкердің лауазымды адамын субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы және Заңның 6-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша кредиторлар талаптарының сомаларын өндіріп алу туралы талап қоюлар заңды күшіне енген сот үкімдері, қылмыстық қудалау органының немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың тиісті қаулылары болған кезде АПК-нің 76-бабының үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген талаптарды сақтай отырып қаралуға жататынын ескергені жөн.

      27. АК-нің 44-бабының 2-тармағына сәйкес заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған АК-де, өзге заң актiлерiнде не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды.

      Заңнама заңды тұлға құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкінің меншік иесінің жауаптылығы үшін негіздердің өзге де заңнамалық актілердің нормаларында болу жағдайларын жоққа шығармайды.

      Соттар осы санаттағы істерді қараған кезде борышкердің құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнің әдейі банкроттығы үшін жауаптылығынан басқа, төлем қабілетсіздігі басталған кезде Заңның 11-бабының 2-тармағында көзделген талаптарды да орындамағаны үшін банкроттың лауазымды адамдарының жауаптылығы көзделгенін негізге алуға тиіс.

      Борышкердің мүлкі барлық кредитордың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда Заңның 11-бабы 2-тармағының 1), 2), 7) және 8) тармақшаларында көзделген талаптарды бұзған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша орындалмай қалған, банкроттың кредиторлар алдындағы міндеттемелері мөлшерінде ортақ субсидиарлық жауаптылықта болады.

      28. АК-нің 357-бабының 1-тармағында субсидиарлық жауаптылыққа тарту үшін шарт көзделген, оған сәйкес заңдарға немесе мiндеттеменiң шарттарына сәйкес негiзгi борышкер болып табылатын (субсидиарлық жауаптылық) басқа адамның жауаптылығына қосымша жауапты болатын адамға талап қойғанға дейiн кепiл берушi талапты негiзгi борышкерге қоюға тиiс.

      Егер негiзгi борышкер кредитордың талабын қанағаттандырудан бас тартса, не оны толық орындамаса немесе кредитор одан қойылған талапқа ақылға қонымды мерзiмде жауап алмаса, бұл талаптың орындалмаған бөлiгi субсидиарлық жауаптылығы бар адамға қойылуы мүмкiн.

      Осы санаттағы істерді қараған кезде соттар Заңның 72, 90-баптарының ережелеріне сәйкес оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізу барысында кредиторлар өздерінің берешек сомаларын енгізу туралы қойған талаптарының негізінде әкімші борышкердің кредиторлары талаптарының тізілімін қалыптастыратынын негізге алуы қажет.

      АК-нің 357-бабының 1-тармағында көзделген талапты кредиторлар әкімшінің борышкер кредиторларының талаптары тізілімін қалыптастыруы барысында орындауға тиіс екендігіне соттардың назары аударылсын. Тиісінше, банкроттықты басқарушы құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) борышкердің лауазымды адамын субсидиарлық жауаптылыққа тарту және залал сомасын өндіріп алу туралы талап қою барысында оны қайталап орындау талап етілмейді.

      29. Заңның 110-бабының 1-тармағына сәйкес, кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн банкроттықты басқарушы сотқа тарату балансын және кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiкті пайдалану туралы есептi қоса бере отырып, өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.

      Әдейі банкроттық туралы қорытынды бойынша қылмыстық қудалау органының түпкілікті процестік шешімінің болмауы қорытынды есепті бекітуден бас тарту үшін дербес негіз болып табылмайды.

      Банкроттық рәсімін жүргізудің бес жылдық мерзімінің өтуі әкімшіні қорытынды есепті бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгіну міндетінен босатпайды.

      Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі кредиторлар жиналысының келісімі болмаған кезде сотқа бекітуге ұсынылады. Қорытынды есепті келісуден бас тартудың негізділігі есепті бекіту туралы өтінішті соттың қарауы шеңберінде бағалануға жатады.

      30. Банкроттық (оңалту) ісін жүргізудегі әкімшілік шығыстар Заңның 1 және 100-баптарының ережелеріне сай банкроттық (оңалту) рәсімдеріне бастамашы болу және оларды жүргізу жөніндегі барлық шығыстарды, оның ішінде әкімші сыйақысының сомаларын да қамтиды. Әкімшілік шығыстар банкрот мүлкінің есебінен кезектен тыс жабылады.

      АК-нің 20-бабына сай азамат өз мiндеттемелерi бойынша, заңнамалық актілерге сәйкес ақы өндiрiп алуды қолдануға болмайтын мүлiктерді қоспағанда, өзiне тиесiлi бүкiл мүлiкпен жауап беретініне соттардың назары аударылсын.

      Банкрот-дара кәспкердің мүлкі деп дара кәсіпкердің жеке мүлкін, оның ішінде жеке тұлғаның банктік шоттарындағы ақшалай қаражатты түсінген жөн.

      Әкімшілік шығыстарды жабуға арналған қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды кредиторлар комитеті жүзеге асырады.

      Әкімшілік шығыстарға арналған қаражатты нысаналы пайдаланбау, сондай-ақ лимиттен артық жұмсау банкроттықты (оңалтуды) басқарушыны борышкердің мүлкі мен істерін басқарудан шеттету үшін, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылады.

      31. Заңның 84-бабының 1-тармағында банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі тоғыз айды құрайтындығы және оны кредиторлар жиналысы екі жылға дейін ұзартуы мүмкін екендігі көзделген.

      Іс бойынша Заңның 84-бабының 2-тармағында көзделген банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін ұзарту үшін бір немесе бірнеше негіздер болған жағдайларда банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін қайта ұзартуға жол беріледі, оны ескере отырып, мұндай рәсімді жүргізудің жалпы мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.

      32. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы № 5 нормативтік қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 22-тармағы;

      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулысының 13-тармағы.

      33. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
А. Мерғалиев
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады