Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы № 5 нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы № 2 Нормативтік қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Жоғарғы Сотының 02.11.2023 № 2 Нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің" деген сөз "АПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Соттардың оңалту және банкроттық рәсімдері туралы заңнаманы қолдану практикасын зерделеп және оңалту және банкроттық туралы қолданыстағы заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық рәсімдер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі — АК), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінен (бұдан әрі — АПК), Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінен (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі), "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V Заңынан (бұдан әрі — "Оңалту және банкроттық туралы" Заң), жекелеген шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты оңалту мен банкроттық рәсімдерді қолдану ерекшеліктерін белгілейтін өзге де заңдар мен нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 2-бабының 2-тармағы бойынша, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Заңда көзделгендегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидасы қолданылады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Банкроттық туралы, оңалту, жеделдетілген оңалту және төлем қабілетсіздігін реттеу туралы туралы істер, сондай-ақ лауазымды адамдарды (борышкерді) субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы істер "Оңалту және банкроттық туралы" Заңда белгіленген ерекшеліктерімен бірге азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қаралады.

      Көрсетілген санаттағы істерді облыстардың, Алматы мен Астана қалаларының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттары қарайды және сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 3-бабына сай, шаруашылық жүргізуші жекелеген субъектілерге қатысты банкроттық рәсімдерді қолданудың ерекшеліктері олардың құқықтық мәртебесі мен қызметінің бағытына қарай Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалуы мүмкін.

      Банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру мен таратудың ерекшеліктері банкілік заңнамамен және сақтандыру және сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметі туралы заңнамамен анықталады.

      Астық қабылдау кәсіпорындарын және мақтаны қайта өңдеу кәсіпорындарын мәжбүрлеп таратудың негіздері, мүліктік массаны сатудың ерекшеліктері және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігі "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы № 143-II және "Мақта саласын дамыту туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі № 298-III Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген.

      Оңалту және банкроттық рәсімдерінің жекелеген ерекшеліктері жинақтаушы зейнетақы қорларына, ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге қатысты да заңнамалық актілермен белгіленген.

      Шаруашылық қызметінің субъектісі — жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтарының құқықтық жағдайын ескере отырып банкроттық рәсімдерді қолдану АК-нің 21-бабымен және Кәсіпкерлік Кодексінің 39-бабымен реттеледі.

      Оңалту (жеделдетілген оңалту) рәсімі жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтарына қатысты қолданылмайды.

      Табиғи монополия субъектiлерi немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын немесе республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдар мен кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, оның ішінде акцияларының пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттiң бастамасы бойынша банкрот деп танылған ұйымдар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi азаматтар мен мемлекеттiң мүдделерiн қорғау мақсатында мүліктік массаны өткiзудiң ерекше шарттары мен тәртiбiн және мүліктік масса объектiлерiн сатып алушыларға қосымша талаптарды белгiлеуге, сондай-ақ акцияларының пакеттерi (қатысу үлестерi) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектiлерге жатқызылған ұйымдар немесе республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар ұйымдар банкрот болған кезде мүліктік массаны ұлттық басқарушы холдингтiң сатып алуы туралы шешiм қабылдауға құқылы.

      Шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық тұрғыдан қауiптi түрлерiн жүзеге асыратын заңды тұлғалар банкрот болған кезде олардың қызметiне Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы № 212-III Экологиялық кодексiне сәйкес мiндеттi экологиялық аудит жүргiзiледi.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішті ақшалай міндеттеменің сомасына және оны орындау мерзіміне қарамастан прокурор немесе борышкердің кез келген кредиторы беруі мүмкін.

      Егер ақшалай міндеттемелер бойынша кредиторлық берешек сомасы заңмен белгіленгендегіден кем болса, сот "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 43-бабы 1-тармағының және 44-бабы 4-тармағының негізінде өтінішті қарамай кері қайтарады.

      5. Борышкердiң немесе кредитордың борышкерді банкрот деп тану не оңалту рәсімін қолдану туралы өтініштерін қарауға қабылдау кезінде өтінішке арызданушының құрылтайшылық құжаттары негізінде тиiстi адамның (органның) қол қойған-қоймағанын соттың тексергені жөн.

      Егер борышкердің немесе кредитордың борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішін қарауға қабылдау не оңалту рәсімін қолдану кезінде сот өтінішке өкілеттігі жоқ адам қол қойғанын не осы адамның өкілеттігін растайтын құжаттар мен "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 41 және 42-баптарында көзделген құжаттар қоса берілмегенін анықтаса, онда сот мұндай өтінішті "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 43-бабының 1-тармағына сәйкес қарамай кері қайтарады.

      Борышкердің сотқа жүгiнуі "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 43-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша мiндеттi болып табылған жағдайларда, сот өтінішті өз іс жүргізуіне қабылдауға міндетті, ал қажетті құжаттарды iстi сот талқылауына дайындау тәртiбiмен өтініш иесінен сұратып алуға құқылы.

      Кредитордың өтінішіне оның өкiлi де қол қоюы мүмкiн. Мұндай жағдайда АПК-нің 60 және 61-баптарына сай, өкілдің сотқа жүгінуге өкiлеттілiгiн растайтын кредитордың сенiмхаты өтінішке қоса тiркеледi.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 46-бабына сай, кредитор борышкерге қойылатын бірнеше талаптарды бір өтініште көрсетуге құқылы немесе бірнеше кредиторлардың талаптары бір өтінішке біріктірілуі мүмкін.

      Егер борышкердi банкрот деп тану туралы кредитордың өтініші сотқа басқа кредитордың өтінішінің негізiнде борышкерге қатысты iс қозғалғаннан кейiн, бірақ іс бойынша шешім шығарылғанға дейін келiп түссе, сот өтінішті бiр мезгілде қарау үшiн қозғалған іске қосу туралы ұйғарым шығарады.

      Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық іс жүргізуді қозғау туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін өтініш түскен кезде сот АПК-нің 151-бабына сілтеме жасап, өтінішті қабылдаудан бас тартады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6-1. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 28-1-бабына сәйкес сот борышкердің төлем қабілетсіздігін реттеу туралы арызын қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мына шешімдердің бірін шығарады:

      төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы;

      төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолданудан бас тарту туралы.

      Борышкердің төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы арызын қарау қорытындысы бойынша сот, егер борышкер "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 5-бабында белгіленген төлем қабілетсіздігі белгілерінің борышкерде бар болу дәлелдемелерін ұсынбаған жағдайда ғана бұл рәсімді қолданудан бас тартуға құқылы.

      Сотқа борышкердің дәрменсіздігі емес, оның төлем қабілетсіздігінің болуын анықтау қажет. Осыған байланысты, соттарға борышкерден соңғы 3 жылдың қаржы есептілігін міндетті түрде сұрату қажет емес.

      Сот осы санаттағы істерді сот отырысында борышкердің қатысуымен қарайды.

      Осы санаттағы істерді қарау қорытындысы бойынша шешім түрінде сот актісі шығарылады. Борышкердің арызы қанағаттандырылған кезде шешімнің қарар бөлігінде "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 28-2-бабында көзделген орындалуға міндетті болып табылатын осындай шешімді қабылдау салдарлары көрсетілуге тиіс.

      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      7. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттық туралы өтініштері ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатынын соттардың назарда ұстағандары жөн, сондықтан борышкерді төлем қабілеті жоқ деп тану үшін негіздердің болуы не болмауы сотқа жүгіну сәтінде анықталады.

      Соттың борышкердi банкрот деп танудан (оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімін қолданудан) бас тартуы не заңда көрсетiлген негiздер бойынша (борышкердi таратумен байланысты iс бойынша іс жүргізуді қысқартудан басқа) банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізудi (оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімін) қысқартуы сол борышкердi банкрот деп тану не оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы кейін келіп түскен өтініштерді қабылдаудан бас тартуға негіз болмайды.

      Кез келген кредитор, оның iшiнде борышкердi банкрот деп тану (оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану) туралы өтініші қанағаттандырылмаған кредитор, жағдайлардың өзгеруiне (борышкердiң даусыз мiндеттерi көлемiнiң елеулі ұлғаюы, оның қаржы-шаруашылық жағдайының айтарлықтай өзгеруi және т.б.) байланысты борышкердi банкрот деп тану не оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті сотқа қайта беруге құқылы.

      8. Сот банкроттық (оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану) туралы іс қозғаған кезде "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 32 және 50-баптарында борышкер үшін ықтимал салдар тізбесі белгіленген – бұл мүлiк иесiне және оның барлық органдарына кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мүлiктi билеуіне тыйым салу, кредиторлардың бiрiне басқа кредиторларға қарағанда артықшылық жасап, талаптарын қанағаттандыруға тыйым салу (заңда тiкелей көрсетiлген тұлғалардан басқа), бұрын қабылданған сот шешiмдерiн орындауды тоқтата тұру және т.б.

      Кредиторлардың "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 51-бабында көрсетілген талаптарын қанағаттандыру бойынша шара қолдану немесе қолданбау туралы мәселені шешкен кезде сот осындай шараларды қабылдау және борышкердің құқықтарын шектеу туралы ұйғарым шығару кредиторлар мен іске қатысушы өзге де тұлғалардың арыздарының негізінде ғана мүмкін болатынын назарда ұстауы керек.

      Сот қолданған қамтамасыз ету шаралары ақылға қонымды болуға, кредиторлардың мүдделерiн, мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсатына сәйкес келуге және азаматтардың өмiр сүруін және денсаулығын қамтамасыз етуге байланысты үздіксіз немесе маусымдық циклды өндірістерде жұмыстардың жалғасуына, қоршаған ортаны қорғауға, ұлттық қауiпсiздiкке кедергi жасамауға тиiс. Осыған байланысты, сот "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 51-бабында көзделген шаралардың бәрін қабылдамауы мүмкін.

      9. Борышкердің банкроттығы (оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану) туралы іс бойынша іс қозғау борышкер жауапкер болып табылатын істер бойынша іс жүргізуді қысқарту үшін негіз болып табылмайды. Осы шешімдерді орындау туралы мәселе, борышкерді банкрот деп тану (оңалту рәсімін немесе жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану) туралы шешім қабылданғанға дейін соттың заңды күшіне енген басқа да шешімдерімен қатар "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 32 және 50-баптарымен белгіленген тәртіппен шешіледі.

      Борышкерге қатысты оңалту рәсімін немесе жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешiмi борышкер жауапкер ретiнде қатысқан бұрын қозғалған iстер бойынша іс жүргізуді қысқартуға негiз болып табылмайды. Оңалту рәсімін немесе жеделдетілген оңалту рәсімін енгізгенге дейін де, енгізгеннен кейін де өздерінің алдында ақшалай міндеттемелер туындаған кредиторлардың талаптарын соттар жалпы тәртiп бойынша қарайды.

      Банкроттықты (оңалту рәсімін немесе жеделдетілген оңалту рәсімін) жүргізген кезеңде шығарылған сот шешiмдерiн борышкердiң орындау ерекшеліктерi "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 36, 68 және 87-баптарында белгіленген.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 32, 36, 50, 68 және 87-баптарында белгіленген банкроттық (оңалту рәсімі немесе жеделдетілген оңалту рәсімі) туралы іс қозғау салдарының сипаты мiндеттi болады.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 36-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және 50-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін, сондай-ақ жеделдетілген оңалту рәсімі қолданылғанға дейін борышкердің мүлкіне қатысты қабылданған соттардың, аралық соттардың, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер мүлкінің меншiк иелерiнiң (олар уәкілеттік берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 68-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында оңалту рәсімі кезеңінде борышкердің мүлкіне қатысты қабылданған соттардың, аралық соттардың, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер мүлкінің меншік иелерінің (олар уәкілеттік берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешімдерін орындауды тоқтата тұрудың ұқсас жағдайлары көзделген.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. Сот борышкерді банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап, сотта қаралып жатқан, борышкер жауапкер ретiнде қатысқан мүлiктiк сипаттағы істердің барлығы қысқартылады. Кредиторлардың мүліктiк талаптары банкроттық іс жүргiзу шеңберiнде ғана борышкерге қойылуы мүмкiн және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған сот қарайды.

      Банкроттық басқарушы борышкерге қойылатын мүлiктiк талаптарды қарау жөнiндегі іс жүргізуінде жатқан барлық соттарды жауапкердi банкрот деп тану туралы хабардар етуге және iстер бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы өтініш жіберуге міндетті.

      Борышкер талапкер ретiнде қатысып жатқан iстер азаматтық сот ісін жүргізу ережелерi бойынша ешбiр шектеусiз қаралады.

      11. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 5-бабына сай, кредитордың борышкердi банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгiнуi үшін оның төлем қабiлетсiздiгi негiз болып табылады, ол борышкер міндеттемені орындамаған жағдайда оның орындалу мерзімі туған сәттен бастап жоғарыда аталған Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген мерзімдер ішінде туындайды.

      Борышкердiң дәрменсіздігі оны сот тәртiбiмен банкрот деп жариялау үшiн негiз болып табылады. Дәрменсіздік фактісін анықтау кезінде борышкердің орындау мерзімі келген, сондай-ақ қабылданған және (немесе) орындауда тұрған ақшалай міндеттемелері ескерілуге тиіс.

      Соттар қолданыстағы оңалту және банкроттық туралы заңнама дәрменсіздіктің әр түрлі ұғымдарын және әр түрлі шаруашылық жүргізуші субъектiлерге қатысты банкрот деп тану үшін негіздерді қамтитынын назарда ұстағандары жөн.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 1-бабында заңды тұлғаның дәрменсiздiгі кредиторлардың ақшалай мiндеттемелер бойынша талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбекақы төлеу бойынша есеп айырысуды жүргiзуге, салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды, сондай-ақ мiндеттi зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеудi қамтамасыз етуге борышкердiң сот белгiлеген қабiлетсiздiгi ретінде айқындалған.

      Борышкер — заңды тұлғаның дәрменсіздігін анықтау критериі оның төлем қабілетсіздігі болып табылады.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банктiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы № 2444 Заңының 71-бабына сай, екінші деңгейдегі банктi банкрот деп тану үшiн төлем қабiлетсiздiгі белгісі болуы қажет. Осы ретте борышкер — банктiң төлем қабiлеттiлiгi пруденциалды қалыптарды және нормалар мен лимиттерді, банк капиталының мөлшерiн сақтау үшiн қажет өзге де міндеттемелерді есептеу тәсiлі ескеріле отырып жасалған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қорытындысымен ғана айқындалады, яғни кешендi бағалау жұмыстарын заң бойынша уәкілеттiк берілген тұлға жүргiзедi.

      Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің дәрменсіздігі деп борышкердің кредиторлардың ақшалай міндеттемелер бойынша талаптарын маусымның кезекті циклы ішінде оған тиесілі мүлік есебінен қанағаттандыра алмауын түсіну керек.

      Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің дәрменсіздігін анықтау кезінде өткен жылға дейін орындау мерзімі туындаған міндеттемелер ескеріледі.

      12. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 4 және 5-баптарында соттың борышкерді банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы шешім шығаруы үшін негіз болып табылатын түпкілікті тізбе белгіленген. Сот заңда белгіленбеген өзге негіздер бойынша борышкерді банкрот деп жариялауға немесе оңалту рәсімін қолдануға құқылы емес.

      Прокурордың, кредитордың (кредиторлардың) өтініштерін, "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 82-бабында көзделген негіздер бойынша өтініш беру жағдайларын қоспағанда, өтініш берушілер борышкерді банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы шешім шығарылғанға дейін кері қайтарып алуы мүмкін, мұндай жағдайларда сот іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым шығарады.

      13. Уақытша басқарушы борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша мынадай: оның төлемге қабілеттілігі немесе қабілетсіздігі туралы; борышкерді банкрот деп тану үшін негіздердің бар екені туралы; оңалту рәсімін қолдану үшін негіздердің бар екені туралы; борышкерді банкрот деп тану туралы өтініште көрсетілген мекенжай бойынша борышкердің жоқ екені туралы; өтініш берушіден басқа кредиторлардың жоқ екені туралы; уақытша басқарушыға борышкердің есептік құжаттамасын қарауға рұқсат берілмегені, мұның қорытынды жасауға кедергі болғаны туралы тұжырымдарды қамтитын талдамалық сипаттағы қорытынды жасайды.

      Борышкер уақытша басқарушыға есептік құжаттамасын қарауға рұқсат бермесе, мұның өзі борышкердің қаржылық жағдайы туралы қорытынды әзірлеуге кедергі болса, сот іс құжаттарындағы дәлелдемелердің негізінде дауды шешуге тиіс.

      Борышкердің төлем қабілетсіздігі немесе төлем қабілеттілігі туралы мәселені анықтаған кезде соттар уақытша басқарушының қорытындысы іс бойынша дәлелдемелердің бірі болып табылатынын ескергендері жөн, сондықтан АПК-нің 64, 65 және 67-баптарының негізінде осы қорытынды олардың қатыстылығы, жарамдылығы мен нанымдылығы ескеріле отырып іс бойынша басқа дәлелдемелер жиынтығымен бірге бағалануға тиіс. Мұндай қорытындының сот үшін басқа дәлелдемелерден артықшылығы болмайды.

      Борышкердiң өзiнiң төлем қабылетсіздігін мойындауына негiзделген, оны банкрот деп тану туралы соттың шешiмi борышкердiң қаржы-шаруашылық жағдайы туралы толық мәліметтердi, сондай-ақ мәнісі бойынша борышкердiң төлем қабілетсіздігін бағалауды қамтуы тиiс.

      Борышкердің арызының негізінде банкроттық туралы істі қозғау барысында уақтыша басқарушының міндеттеріне кредитордың талаптарының тізілімін жасау кіреді.

      Егер банкроттық туралы іс кредитордың немесе прокурордың арызы бойынша қозғалса, уақытша басқарушы кредиторлардың талаптарының тізілімін жасаудан басқа борышкердің қаржы жағдайы туралы қорытындыны да жасауға міндетті. Соттардың уақытша басқарушыны тағайындау туралы ұйғарымды шығарған кезде мұны ескергендері жөн.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13-1. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 58-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес сот борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешімді уақытша басқарушының борышкерде арыз берушіден басқа кредиторлардың жоқ екендігі туралы тұжырымын ескере отырып шығарады.

      Аталған норма арыз беруші салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор болып табылатын жағдайға қолданылмайды.

      Егер жалғыз кредитор өзге тұлға (салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор емес) болған жағдайда, берешекті өндіріп алу жөніндегі талаптар банкроттық рәсімі қолданылмай жалпы белгіленген сот тәртібімен шешілуге тиіс.

      Жалғыз кредитор болған кезде борышкердің мүліктік массасын заңнамада белгіленген тәртіппен кезектілкке сәйкес кредиторлардың арасында әділ бөлу қажеттілігі жоқ.

      Ескерту. 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      14. Борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа арызбен жүгіну үшін оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік болмаған кездегі төлем қабілетсіздігі негіз болып табылады, ал борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі болған кезде міндеттемелерді таяудағы он екі айда орындау мерзімі туғанда ақшалай міндеттемелерді орындауға қабілеті болмағанда оның төлем қабілетсіздігі немесе төлем қабілетсіздігі қаупінің тууы оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен жүгіну үшін негіз болып табылады.

      Борышкердің кредиторлардың ақшалай міндеттемелер бойынша талаптарын жақын арада толық көлемде қанағаттандыруға қабілеті болмайтын төлем қабілеттілігі жағдайын төлем қабілетсіздігі қаупінің тууы деп түсінген жөн.

      Борышкердің қаржылық қызметін сауықтыруға бағытталған және борышкер мен кредиторлар, біртектес кредиторлар тобы арасындағы өзара келісім негізінде жүзеге асырылатын өзара байланысты нақтылы іс-шаралар кешенінің болуын борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі деп түсінген жөн.

      Оңалту рәсімін қолдану үшін екі белгінің: борышкердің төлем қабілетсіздігі немесе төлем қабілетсіздігі қаупінің тууы; оның төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің шынайы мүмкіндігінің бір мезгілде болуын соттар назарда ұстағандары жөн.

      Оңалту рәсімі борышкерді банкрот деп тану туралы қозғалған іс бойынша да қолданылуы мүмкін. Осы ретте борышкер оңалту рәсімінің жоспарын кредиторлармен бірге әзірлеуге тиіс және оны оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енгеннен кейін үш ай ішінде сот бекітуге тиіс.

      Кредиторлардың талаптарын орындауды кейінге қалдыру мақсатымен оңалту рәсімдерін борышкердің мүдделері үшін пайдалану "Оңалту және банкроттық туралы" Заңға қайшы келеді, сондықтан сот өздерінің төлем қабілетсіздігін немесе төлем қабілетсіздігі қаупінің тууын жалпы тәртіппен дәлелдемеген шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы емес.

      Сот уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылған және осы уәкілетті органда тіркелген адамдардың ішінен уақытша әкімшіні тағайындау туралы ұйғарымды оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап екі жұмыс күн ішінде шығарады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      15. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңда оңалту рәсімдерін қолданудың мынадай тәртібі: жеделдетілген оңалту рәсімі және оңалту рәсімі белгіленген.

      Жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен тек борышкер ғана жүгіне алатынын соттардың ескергендері жөн. Жеделдетiлген оңалту рәсiмi бір мезгілде мынадай шарттар болғанда қолданылады: борышкерге қатысты оңалту туралы немесе банкроттық туралы iс қозғалмаған; борышкер коммерциялық ұйым болып табылған; борышкер төлемге қабiлетсiз болып табылған не таяу он екi айда ақшалай мiндеттемелердi орындау мерзiмi келген кезде оларды орындауға қабiлетсiз болады.

      Жеделдетілген оңалту рәсімі өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиян үшін борышкер өздерінің алдында жауапкершілік көтеретін азаматтардың талаптары бойынша, еңбек шартымен жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу мен өтемақыларды төлеу талаптары бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жөніндегі берешектерді өндіру, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, авторлық шарттар жөніндегі сыйақыларды, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді өндіру талаптары бойынша қолданылмайды.

      Жеделдетілген оңалту рәсімі кезінде оңалту рәсімінің жоспарын өтініш беруші (борышкер) жасайды және оны жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен бірге сотқа ұсынады, сот бұл жоспарды жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы шешімді шығару кезінде бекітеді. Жеделдетілген оңалту рәсімін жүргізу барысында кредиторлар талаптарының тізілімі қалыптастырылмайды.

      16. Сот борышкер мүлкi меншiк иесiнiң (ол уәкiлеттiк берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың) өтiнiшi бойынша кредиторлар жиналысының шешімі негізінде оңалту жоспары бекiтiлген сәттен бастап борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару құқығын борышкер мүлкiнiң меншiк иесiнде, ол уәкілеттік берген органда, құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақтап қалуға құқылы.

      Кредиторлар жиналысы борышкер мүлкi меншiк иесiнiң, құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкердің мүлкi мен iстерiн басқару құқығының күшiн жою туралы шешiм қабылдаған жағдайда, кредиторлар жиналысы уәкiлеттi органда тiркелген адамдар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын ұсынуға мiндеттi. Кредиторлар жиналысының борышкер мүлкi мен iстерiн басқару құқығының күшiн жою туралы шешiмi оңалту жоспарымен бірге сотқа жiберiледi. Уәкілетті орган кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны оңалту жоспарын бекіту туралы ұйғарым немесе борышкер мүлкiнiң меншiк иесiн, құрылтайшыларды (қатысушыларды) борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқарудан шеттету туралы ұйғарым заңды күшіне енген күннен бастап бес жұмыс күн ішінде оңалтуды басқарушы етiп тағайындауға мiндеттi. Уәкілетті орган ұсынылған кандидатураны тағайындаудан бас тартқан жағдайда кредиторлар жиналысы оңалтуды басқарушы етіп тағайындау үшін басқа кандидатура ұсынуға міндетті.

      Кредиторлық берешектi өтеу кестесi үш айдан астам мерзiм бойы орындалмаған және (немесе) уәкiлеттi орган анықтағандарды қоса алғанда "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның нормаларын бұзу анықталған жағдайларда, борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару құқығы сақталған борышкер мүлкiнiң меншiк иесiн, құрылтайшыларды (қатысушыларды) сот кредиторлар жиналысы уәкiлеттiк берген адамның өтiнiшi бойынша өтiнiш келiп түскен күннен бастап он бес күнтізбелік күн iшiнде басқарудан шеттетедi.

      17. Оңалту және банкроттық туралы заңнамамен уақытша әкімшінің (уақытша басқарушының) кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру бойынша міндеті белгіленген.

      Кредиторлар борышкерге талаптарын кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабар жарияланған сәттен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей мәлімдеуге тиіс.

      Кредиторлардың бір ай мерзім ішінде мәлімделген талаптарын уақытша әкімші (уақытша басқарушы) оларды алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс және танылған талаптар тізілімге енгізіледі. Кредитордың бір ай мерзімнен кешіктіріп мәлімдеген талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор кредиторлардың бір ай мерзім ішінде мәлімдеген талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлардың жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.

      Тізілімге кредиторлардың "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 72-бабы 2-тармағының және 90-бабы 3-тармағының талаптарын сақтай отырып бұрын сотқа мәлімдеген талаптары да енгізілуі мүмкін.

      Кредиторлардың талаптарын қараудың нәтижелері туралы (танымау себептерін көрсете отырып, талаптарды толық көлемде немесе бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) уақытша әкімші (уақытша басқарушы) шешім қабылданған күннен кейінгі келесі күні әрбір кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті.

      Уақытша әкімшінің (уақытша басқарушының) шешіміне кредитор, құрылтайшы (қатысушы), борышкер оңалту немесе банкроттық туралы істі қарап жатқан сотқа он жұмыс күні ішінде шағым беруі мүмкін. Осы мерзім алдын алатын мерзім болып табылады, оны өткізіп алу шағымды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

      Кредитордың, құрылтайшының (қатысушының) шағымы негізді деп танылған жағдайда сот кредитордың, құрылтайшының (қатысушының) талаптары енгізілуге тиіс кредиторлар талаптарының тізіліміндегі тиісті кезекті анықтауға міндетті.

      Соттар "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 101-бабы 3-тармағының талаптарын ескергендері жөн, соған сай "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 90-бабының 3-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін, бірақ тарату балансы бекітілгенге дейін мәлімделген кредиторлардың (соның ішінде кепілдігі бар кредиторлардың) талаптары белгіленген мерзімде мәлімделген кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған банкрот мүлкінен қанағаттандырылады.

      Уақытша әкімші (уақытша басқарушы) кредиторлар талаптарының тiзiлімiн борышкер балансына несиелiк берешектердi ашып көрсету негiзiнде қалыптастыруға құқылы емес, өйткені бұл азаматтарға және заңды тұлғаларға өздерiне тиесілі құқықтарын, оның iшiнде қорғалу құқығын өз қалауы бойынша қолдану құқығын беретiн "Оңалту және банкроттық туралы" Заңға және АК-нiң 8-бабына қайшы келедi. Сондықтан, кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру кезінде уақытша әкімші (уақытша басқарушы) талаптың (кредиторлар мәлімдемелері, заңды күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің қарызды мойындауы және т.б.) негізі мен сомасын растайтын құжаттардың бар-жоғын тексеруі қажет.

      18. Өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша; алименттерді өндіріп алу бойынша; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектерді төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы төлеу мен өтемақыларды төлеу бойынша; авторлық шарттар жөніндегі сыйақыларды төлеу бойынша талаптар бірінші кезекте қанағаттандырылады.

      Талаптарды өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған жағдайда мүлік осы тармақта көрсетілген кезектілік сақтала отырып, талаптар сомаларына барабар түрде бөлінеді.

      19. Кепілдігі бар кредиторлардың талаптары тиісті түрде ресімделген және кепіл мүлкі тіркелген кепіл мүлкі мүліктік массада болған кезде және кепілмен қамтамасыз етілген бөлікте ғана екінші кезектегі кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілуге жатады. Кепілдігі бар кредиторлардың талаптары, егер осы талаптар кепілмен қамтамасыз етілген және екінші кезектегі кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізуге жатқызылған жағдайда, негізгі қарыз сомасын, сыйақыны, өсімпұлды (айыппұлды) қамтиды.

      Кепілдігі бар кредиторлардың тиісті түрде ресімделмеген кепіл шартына негізделген, сондай-ақ кепілмен қамтамасыз етілмеген бөліктегі талаптары төртінші кезекте ескеріледі.

      Кредиторлар жиналысы кепіл мүлкін кепілдігі бар кредиторға беруге келісу туралы шешім қабылдаған жағдайда, кепілдігі бар кредитор кредиторлар жиналысының құзыретіне кіретін қалған мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.

      Кепіл мүлкін кепілдігі бар кредиторға беру ол бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын және кепіл мүлкін сақтауға және ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды өтегеннен кейін ғана берілетінін соттардың ескергендері жөн.

      Кредиторлар жиналысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған кепілдігі бар кредиторлардың кредиторлар жиналысына келмеуі кепіл мүлкін қабылдаудан бас тартуға теңестіріледі.

      20. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 100-бабының 4-тармағымен салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек үшінші кезекте өтеледі деп белгіленген. Үшінші кезектің тізілімін қалыптастырудың дұрыстығын тексеру кезінде соттар Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" кодексінің 1-бабы 1-тармағы 61) тармақшасының нормаларын қолдануға тиіс, соған сай салық берешегі бересі сомасынан, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың төленбеген сомаларынан тұрады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Төртінші кезек тiзiлімінің дұрыс қалыптасуын тексерген кезде соттар "Оңалту және банкроттық туралы" Заңда белгiленген борышкердiң кредитор алдындағы мiндеттемелерiнің сомаларын және мiндеттемелердi орындамағаны үшiн санкцияларды, шығындардың сомаларын жеке есепке алудың тәртiбiне назар аударғандары жөн. Оның себебi санкцияны орындамағаны үшін тағайындалған санкцияларды төлеу және шығындарды өтеу жөнiндегi талаптар заң бойынша бесінші кезектің құрамында қанағаттандыруға жатады.

      22. Мүліктік масса кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді, сондықтан банкроттық басқарушының мүліктік массаны қалыптастыру бойынша әрекеті заңға сай кредиторлар жиналысының бақылауында болады.

      Банкроттық басқарушы мүлікті бағалау мен сату тәртібін кредиторлар жиналысының шешімінсіз өз бетімен белгілеуге құқылы емес.

      Банкроттық басқарушы мүліктік массаны "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 96-бабында белгіленген тәртіппен қалыптастырады.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 7-бабында көрсетілген мән-жайлар кезінде борышкер жасаған мәмілелерді анықтау және мүлікті борышкерге қайтару жөнінде шара қабылдау банкроттық басқарушының өкілеттігіне жатқызылған.

      Банкроттық басқарушы банкроттық (оңалту) туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде заңды тұлға – борышкерді қосу, бөлу немесе бөліп шығару жолымен жасалған және активтерді заңсыз бөліп шығаруға әкеп соққан қайта ұйымдастыруды жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      Оңалту рәсімінде мүліктік масса банкроттық рәсім кезіндегідей тәртіппен қалыптастырылады.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      22-1. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мәмілелер, егер оларды борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және осы Заңда көзделген негiздер болған кезде банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасасқан болса, жарамсыз деп танылады.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 7-бабының 2-тармағында АК-да көзделгендерден өзге мәмілелердің жарамсыздығының арнайы негіздері көрсетілген.

      Соттардың мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы банкроттық және оңалту басқарушыларының талап қоюлары бойынша мұндай талаптарға негіздер болып "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген арнайы негіздер де, АК-нің 157, 158, 159-баптарында көзделген жалпы негіздер де келтірілуі мүмкін екенін ескергені жөн.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 7-бабының 1-тармағында көзделген үш жылдық мерзім АК-нің 157, 158, 159-баптарында көзделген негіздер бойынша қойылған мәмілелерді жарамсыз деп тануға да қолданылады.

      Ескерту. 22-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      23. Банкроттық (оңалту) ісін жүргізудегі әкімшілік шығыстар "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 1, 100-баптарына сай, банкроттық (оңалту) рәсімін өткізу жөніндегі барлық шығыстардан, оның ішінде әкімші сыйақысының сомаларынан тұрады. Әкімшілік шығыстар борышкер мүлкінің есебінен кезектен тыс жабылады.

      Кредиторлар комитеті әкімшілік шығыстарды жабуға арналған қаражаттардың мақсатты пайдаланылуына бақылау жүргізеді.

      Әкімшілік шығыстарына арналған қаражатты мақсатсыз пайдалану, сондай-ақ лимитті артық жұмсау банкроттық (оңалту) басқарушыны борышкердің мүлкі мен істерін басқарудан шеттету үшін және оны Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылады.

      24. АК-нің 44-бабының 3-тармағына сәйкес, егер заңды тұлғаның банкроттығы оның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкінің меншік иесінің іс-әрекеттерінен туындаған болса, онда заңды тұлғада қаражат жеткіліксіз болған кезде, құрылтайшы (қатысушы) немесе, тиісінше, оның мүлкінің меншік иесі кредиторлар алдында субсидиарлық жауаптылықта болмайды.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 6-бабының 1-тармағына сәйкес борышкердiң құрылтайшысы (қатысушысы) және (немесе) лауазымды адамдары әдейi банкроттық үшiн дәрменсiз борышкердің кредиторлары алдында өзiне тиесiлi мүлiкпен субсидиарлық жауаптылықта болады.

      Сонымен қатар, "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 6-бабының 3-тармағына байланысты банкроттық рәсімі барысында әдейі банкроттық фактілері анықталған жағдайда, банкроттықты басқарушы бір ай мерзімде банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша банкрот мүлкінің жеткіліксіз болуына қарай қанағаттандырылмай қалған кредиторлар талаптарының сомаларын өндіріп алу туралы осындай тұлғаға қатысты талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті, ал кредиторлар осылай етуге құқылы.

      Бұл ретте банкроттық рәсімнің нәтижелері бойынша банкрот мүлкінің жеткіліксіздігінен талаптары қанағаттандырылмай қалған мемлекеттік кіріс органдары да құрылтайшының (қатысушының) және (немесе) борышкердің лауазымды адамының кінәлі әрекетімен келтірілген залалды өндіріп алудың осындай құқығын иеленеді.

      Соттардың назары банкроттық басқарушының кредиторлардың банкроттық нәтижелері бойынша банкроттың мүлкі жеткіліксіздігіне байланысты қанағаттандырылмай қалған талаптарының сомасын өндіріп алу бойынша субсидиарлық жауапкершілікке тарту туралы талап қоюмен жүгінуінің бір ай мерзімі алдын ала мерзім болып табылатынына, оны өткізіп алу талап қоюды қанағаттандыру үшін негіз болатынына аударылсын.

      Соттар "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 6-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) борышкердің лауазымды адамын субсидиарлық жауапкершілікке тарту туралы және кредиторлар талаптарының сомасын өндіріп алу туралы талап қоюлар АПК-нің 76-бабының үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген талаптарды сақтай отырып қаралуға тиіс екенін және қылмыстық қудалау органының немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың тиісті қаулысының бар екенін ескергені жөн.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24-1. АК-нің 44-бабының 2-тармағына сәйкес заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы Кодексте, өзге заң актілерінде не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды.

      Жоғарыда көрсетілген норманың мағынасына байланысты заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнің жауапкершілігі үшін негіздердің өзге заң актілерінің нормаларында болу жағдайларын заңнама алып тастамайды.

      Соттар осы санаттағы істерді қараған кезде борышкердің құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнің әдейі банкроттығы үшін жауапкершілігінен басқа, төлем қабілетсіздігі басталған кезде "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабының 2-тармағында көзделген талаптарды да орындамағаны үшін банкроттың лауазымды адамдарының жауапкершілігі көзделгенін негізге алуға тиіс.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабы 5-тармағының талаптарына орай, жоғарыда аталған Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) тармақшасынан бастап 6) тармақшаны қоса алғанда көзделген талаптарды орындау міндеттеріне кіретін борышкердің лауазымды адамдары борышкердің мүлкі барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда, "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның жоғарыда көрсетілген талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ортақ субсидиарлық жауапкершілікте болады.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабы 4-тармағына сәйкес борышкердің құрылтайшысы (қатысушысы), борышкер мүлкінің меншік иесі немесе лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда өздерінің іс-әрекеттері нәтижесінде келтірілген залалды өтей отырып, тиісті жауапкершілікке тартылады.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабы 5-тармағында көзделген борышкердің міндеттемелері бойынша оның лауазымды адамының жауапкершілігі субсидиарлық жауапкершіліктің жеке түрі болып табылатынын, осыған байланысты АК-нің 44-бабының 3-тармағында көзделген норманың мағынасы бойынша ол оның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкінің меншік иесінің әрекеттері борышкерді банкроттыққа алып келген-келмегеніне қарамастан басталатыны, сондай-ақ шығындарды өндіріп алу туралы мәселені шешу үшін қажетті мән-жайлардың, атап айтқанда: зиянның болуын, зиян келтірілген әрекетті (әрекетсіздіктің), әрекеттің (әрекетсіздіктің) және басталған нәтиженің (зиянның) арасындағы себептік байланыстың, зиян келтірушінің кінәсінің бар болуын анықтау талап етілмейтіні соттарға түсіндірілсін.

      Соттардың назары "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабы 5-тармағында көзделген жауапкершілік борышкердің лауазымды адамдарының "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) тармақшасынан бастап 6) тармақшаны қоса алғанда анықталған міндеттерді тиісінше орындауын қамтамасыз етуге, оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталғаны аударылсын.

      Ескерту. 24-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24-2. АК-нің 357-бабының 1-тармағында субсидиарлық жауапкершілкке тарту шарты көзделген, оған сәйкес заңнамаға немесе мiндеттеменiң шарттарына сай негiзгi борышкер болып табылатын (субсидиялық жауаптылық) басқа адамның жауапкершілігіне қосымша жауапты болатын адамға талап қойғанға дейiн кредитор талапты негiзгi борышқорға қоюға тиiс.

      Егер негізгі борышкер кредитордың талабын қанағаттандырудан бас тартса не оны толық орындамаса немесе кредитор одан қойылған талапқа ақылға қонымды мерзімде жауап алмаса, бұл талаптың орындалмаған бөлігі субсидиарлық жауапкершілікте болатын адамға қойылуы мүмкін.

      Соттардың осы санаттағы істерді қараған кезде "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 72, 90-баптарының талаптарына сәйкес оңалту және банкроттық рәсімдерді өткізу барысында әкімшілерге кредиторлардың олардың берешек сомаларын енгізу туралы қойылған талаптарының негізінде борышкердің кредиторлары талаптарының тізілімі құрылатынын негізге алуы қажет.

      Соттардың назары АК-нің 357-бабының 1-тармағында көзделген талапты кредиторлар әкімшінің борышкер кредиторларының талаптары тізілімін қалыптастыруы барысында орындайтынына, тиісінше, банкроттық басқарушы борышкердің құрылтайшысын (қатысушысын) және (немесе) лауазымды адамын субсидиарлық жауапкершілікке тарту және залал сомасын өндіру туралы талап қою барысында оны қайталап орындау талап етілмейтініне аударылсын.

      Ескерту. 24-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24-3. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 96-бабының 3-тармағының негізінде Қазақстан Республикасының заңдарында борышкерді банкроттыққа жеткізгені үшін өзге тұлғалардың субсидиарлық жауапкершілігі көзделген жағдайларда бұл жауапкершіліктің мөлшері кредиторлар талаптарының жалпы сомасы мен банкроттың мүліктік массасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Осыған байланысты, соттар өндіріп алынатын залалдың сомасы туралы мәселені қараған кезде мүліктік массаның бар болу, оны өткізу мен кредиторлар талаптарының өтелу фактісін анықтауы тиіс.

      Ескерту. 24-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24-4. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 6-бабының 3-тармағына, 96-бабының 3-тармағына сәйкес субсидиарлық жауапкершілікке тарту және залал сомасын өндіру туралы арызбен барлық кредиторлардың мүдделері үшін әкімші (банкроттық басқарушы) жүгінуге тиіс. Мұндай талаптарды өздерінің мүдделері үшін жекелеген кредиторлардың қоюына жол берілмейді.

      Егер борышкердің жалғыз кредиторы мемлекеттік кірістер органдары болса, онда борышкер құрылтайшысының (қатысушысының) және (немесе) лауазымды адамының кінәлі әрекеттерімен келтірілген залал сомасын өндіру құқығына банкроттық рәсімінің нәтижесі бойынша банкрот мүлкінің жетіспеушілігінен талаптары қанағаттандырылмаған мемлекеттік кірістер органдары да ие болады.

      Ескерту. 24-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24-5. Соттарға борышкердің қорытынды есебін және тарату балансын бекіту туралы әкімшілердің өтініштерін қарау барысында "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 6-бабының 1-тармағында, 11-бабының 5-тармағында көзделген талаптарды бұзуға жол берген борышкердің адамдарын анықтау жөнінде әкімші қабылдаған шаралардың болуын анықтау қажет.

      Соттардың назарын әкімшінің қорытынды есебін бекіту туралы сот актілерін шығару АПК-да және "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-ІV Заңында көзделген қағидалар бойынша борышкердің құрылтайшысынан (қатысушысынан) және (немесе) лауазымды адамынан оларды субсидиарлық жауапкершілікке тарту не оны тиісті кезекпен кредиторларға беру нәтижесі бойынша залал сомасын өндіріп алу туралы атқарушылық істің аяқталуын ескере отырып, жүзеге асырылатынына аудару қажет.

      Ескерту. 24-5-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      25. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 1-бабының 3) тармақшасына сай, әкімші – сотта істерді қарау және оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде белгіленген тәртіппен тағайындалатын уақытша әкімші, оңалтуды, банкроттықты және уақытша басқарушылар. Әкімші борышкердiң жалғыз басқарушы органы ретiнде әрекет етедi және өз өкiлеттiктерiн борышкердiң орналасқан жерi бойынша жүзеге асыруға мiндеттi. Уәкiлеттi органда тiркелген адам әкімші болып тағайындалады.

      Әкімші борышкердің істері мен мүлкін басқарудан осы көрсетілген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін тағайындалғандағыдай тәртіппен шеттетілуі мүмкін.

      26. "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Заң 2014 жылғы 26 наурызда қолданысқа енгізілген, сондықтан АК-нің 4-бабының, АПК-нің 3-бабының және "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Заңының 43-бабының негізінде оның нормалары ол заңды күшіне енгеннен кейін сотқа түскен істерге қолданылады.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның нормалары ол заңды күшіне енгенге дейін сотқа түскен істер бойынша да қолданылады, – бұл оңалтуды (банкроттықты) басқарушы мен уәкілетті органның оңалту және банкрот рәсімдері процесінде жасаған әрекеттеріне (мерзімдерді ұзарту, қорытынды есептерді әзірлеу мен келісу және т.б.) қатысты.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заң қолданысқа енгенге дейін уәкілетті орган шығарған конкурстық (оңалту) басқарушыларды тағайындау туралы; кредиторлар комитеттерінің құрамдарын және кредиторлар талаптарының тізілімдерін бекіту туралы; конкурс (оңалту) ісін жүргізу мерзімдерін белгілеу немесе ұзарту туралы шешімдер, егер олар "Оңалту және банкроттық туралы" Заңға қайшы келмесе, заңды күшін сақтайды.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      27. "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 84-бабының 1-тармағында банкроттық рәсімін өткізу мерзімі көзделген, ол сот шешімімен айқындалады және тоғыз ай мерзімнен артық болмауы керек. Сотпен бұл мерзім кредиторлар жиналысының келісімімен банкроттық басқарушының өтінішхаты бойынша үш айдан аспайтын мерзімге, ал ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер үшін – бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 84-бабының 2-тармағында көзделген банкроттық рәсімін өткізу мерзімін ұзарту үшін іс бойынша бір немесе бірнеше негіз болған жағдайларда сот банкроттық рәсімінің мерзімін "Оңалту және банкроттық туралы" Заңның 84-бабының 1-тармағы 1-абзацының талаптарын сақтай отырып, яғни әр ұзарту кезінде кредиторлар жиналысының келісімімен банкроттық басқарушының өтінішхаты бойынша үш айдан аспайтын мерзімге, ал ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер үшін – бір жылдан аспайтын мерзімге бірнеше рет ұзартуы мүмкін.

      28. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасы соттарының банкроттық туралы заңды қолданудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Қазақстан Республикасы соттарының банкроттық туралы заңды қолданудың кейбiр мәселелерi туралы" 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 3 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 28 маусымдағы № 14 нормативтік қаулысы;

      3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының "Қазақстан Республикасы соттарының банкроттық туралы заңды қолданудың кейбiр мәселелерi туралы" 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 3 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 11 нормативтік қаулысы.

      29. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ. Мәми
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы Қ. Шаухаров

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады