Орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының үлгілік регламентін бекіту, "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының үлгілік регламенті мен Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аппараттарының өтініштерді қарауды бақылау бөлімдері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 560 қаулысына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 15 наурыздағы № 214 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының үлгілік регламенті бекітілсін.

      2. "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының үлгілік регламенті мен Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аппараттарының өтініштерді қарауды бақылау бөлімдері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 560 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынандай редакцияда жазылсын:

      "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аппараттарының жолданымдарды қарауды бақылау бөлімдері туралы үлгілік ережені бекіту туралы";

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аппараттарының жолданымдарды қарауды бақылау бөлімдері туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) бекітілсін.

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары осы қаулы қабылданғаннан кейін бір ай ішінде:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әкімдер аппараттарының жолданымдарды қарауды бақылау бөлімдері туралы ережелерін Үлгілік ережеге сәйкес келтірсін;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.";

      көрсетілген қаулыға 1-қосымша алып тасталсын.

      3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар осы қаулы қабылданғаннан кейін бір ай ішінде жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар өкілдерінің жеке қабылдауын регламенттейтін ішкі актілерді әзірлесін және бекітсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 15 наурыздағы
№ 214 қаулысымен
бекітілген

Орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының үлгілік регламенті 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының үлгілік регламенті (бұдан әрі – Үлгілік регламент) Бас прокуратураны қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауының тәртібін регламенттейді.

      2. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды (бұдан әрі – қабылдау) орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде (бұдан әрі – қоғамдық қабылдау бөлмелері), сондай-ақ азаматтарды қабылдау орталықтарында мына лауазымды және өзге де адамдар:

      1) орталық мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары және олардың орынбасарлары;

      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері (бұдан әрі – әкімдер) және олардың орынбасарлары;

      3) орталық мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары (олар болған жағдайда);

      4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының басшылары және олардың орынбасарлары;

      5) орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының басшылары;

      6) орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті өзге де қызметкерлері жүзеге асырады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2-1. Азаматтарды қабылдау орталықтарында мемлекеттік органдардың регламенттерінде белгіленген тәртіппен орталық мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдері орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті басшыларының қабылдауына келіскен жағдайда оларды көрсетілген лауазымды адамдар олар жүгінген күні қабылдауды жүргізеді.

2-тарау. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда, сондай-ақ азаматтарды қабылдау орталықтарында жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Қабылдауды ұйымдастыруға жауапты қызметкерлер күн сайын жұмыс күндері, түскі үзілісі бар жұмыс уақытында "электрондық үкімет" веб-порталындағы немесе "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесiндегі электрондық құжат, қағаз форматтағы, оның ішінде қолма-қол келіп түсетін не қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкеріне ауызша нысанда айтылған жолданымдар, сондай-ақ қоғамдық қабылдау бөлмелерінің сall-орталықтарына келіп түскен өтінімдер негізінде қабылдауға жазылуды жүргізеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Мәселенің мәні баяндалмаған жеке қабылдау туралы жолданым қаралмайды, бұл туралы арыз иесіне хабарланады.

      6. Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

      Егер жеке қабылдау туралы өтініші бар жолданым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, ол туралы арыз иесіне көрсетіледі және оны Кодекстің талаптарымен сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзім белгіленеді.

      Белгіленген мерзімде Кодекстің талаптарына сәйкес келтірілмеген жеке қабылдау туралы өтініші бар жолданым қайтарылуға жатады.

      7. Осы Үлгілік регламенттің 2-тармағында көрсетілген тұлғалар бекітілген кестеге сәйкес айына кемінде бір рет қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылдауды жүргізеді.

      Орталық атқарушы органдардың басшылары азаматтарды жеке қабылдауды "Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № 863 Жарлығына сәйкес халықпен кездесулер өткізу шеңберінде де жүргізеді.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері азаматтарды жеке қабылдауды "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығына сәйкес халықпен кездесулер өткізгеннен кейін де жүргізеді.

      7-1. Осы Үлгілік регламенттің 2-тармағында көрсетілген адамдардың азаматтарды қабылдау орталықтарында қабылдауы Үлгілік регламентке қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының Басшысы бекіткен кестеге сәйкес айына бір реттен сиретпей жүргізіледі.

      Ескерту. 7-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Лауазымды адамның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), қабылдау күндері көрсетілген қабылдау кестелері мемлекеттік және орыс тілдерінде қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, азаматтарды қабылдау орталықтарының үй-жайларында көпшілікке көрінетін жерлерге ілінеді, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің ресми сайттарында орналастырылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасарларының, сондай-ақ облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің орынбасарларының қабылдауы бірінші басшының немесе әкімнің тиісті тапсырмасы бойынша бекітілген кестеден тыс қабылдауды өткізу күні көрсетіле отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

      10. Қабылдаудың алдында жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі (бұдан әрі – арыз иесі) өзінің жеке басын куәландыратын құжатты, ал басқа тұлғалардың атынан жүгінген кезде – олардың мүдделерін білдіру өкілеттігін растайтын құжаттарды көрсетеді.

      11. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі.

      Қажет болған жағдайда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау аудармашының қатысуымен жүргізіледі.

      Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдауда берген жолданымдары, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда оларды қараудың өзгеше қағидалары көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Қабылдау жүгіну кезегі тәртібімен жүргізіледі. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, еңбек ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер, "Алтын Қыран", "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" ордендерімен марапатталған адамдар кезектен тыс қабылданады.

      13. Арыз иесінің келісімімен орталық мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің және олардың орынбасарларының қабылдауы бейнеконференцбайланыс арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      14. Пандемиямен немесе жеке тұлғалардың және заңды тұлғалар өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты басқа да жағдайларға орай шектеу шаралары енгізілген жағдайда қабылдау бейнеконференцбайланыс арқылы ғана жүзеге асырылады.

      15. Қабылдауға жазылу мына жағдайларда:

      1) орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерінің құзыретіне кірмейтін мәселелер болса;

      2) әкімшілік органның, лауазымды адамның жолданымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты әкімшілік іс бойынша шешімі бар болса;

      3) сол нысана туралы және сол негіздер бойынша сол адамға қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот актісі бар болса;

      4) әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымды қайтарса;

      5) әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесінен жолданымды кері қайтарып алуды қабылдаса, жүзеге асырылмайды.

      16. Уақытша еңбекке жарамсыздық, қызметтік іссапар және басқа да жағдайлардың себебі бойынша қабылдау жүргізу мүмкін болмаған жағдайда қабылдаушы адам қабылдауға жауапты қызметкерді жеке қабылдау өткізілгенге дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей немесе қабылдау өткізілетін күні хабардар етеді.

      17. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде және азаматтарды қабылдау орталықтарында қабылдау күні қосымша жолданымдар мен басқа да ілеспе құжаттарды ресімдеуге (қажет болған жағдайда) көмектесетін заң консультанттары, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер (волонтерлерді қабылдау күндері ғана тартуға болады) тартылуы мүмкін.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. Орталық мемлекеттік органдардың, азаматтарды қабылдау орталықтарының және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының тиісті қызметкерлері қабылдау өткізген кезде басқа да мүдделі органдар өкілдерінің қатысуы, егер көтерілетін мәселе олардың құзыретіне қатысты болса, қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Басқа мүдделі органдар өкілдерінің қабылдауға қатысуы туралы сұрау салу жіберілгеннен кейін, арыз иесі 2 (екі) жұмыс күні ішінде жіберілген сұрау салу туралы және қажет болған жағдайда қабылдауға жазылу туралы жолданымды қараудың ұзартылғаны туралы хабардар етіледі.

      20. Басқа мүдделі органдардың бірлесіп қабылдауға қатысудан бас тарту фактілері туралы ақпарат 2 (екі) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына жіберіледі.

      21. Қабылдау арыз иесінің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.

      22. Қабылдау барысында қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлері қабылдауға қатысу үшін орталық мемлекеттік органның, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратының қызметкерлерін қабылдауға қатысуға шақыра алады немесе тиісті лауазымды адамдармен қабылдау уақыты мен орнын келісе алады.

      23. Қабылдау нәтижелері жолданым немесе тапсырмалар бойынша қабылдау барысында қабылданған шешімді көрсете отырып, оларды орындаудың нақты мерзімдері көрсетіліп хаттамаланады. Хаттамалық тапсырмалар жолданымдарға қоса тіркеледі.

      24. Азаматтарды қабылдау дербес деректер мен мемлекеттік құпияларды не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қорғау туралы талаптарды сақтай отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

3-тарау. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау мәселелері жөніндегі жолданымдарды тіркеу және қарау тәртібі

      25. Қабылдауға жазылу туралы келіп түскен барлық жолданымдарды қоғамдық қабылдау бөлмесінің және азаматтарды қабылдау орталығының қызметкерлері электрондық құжат айналымы жүйесінде не "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесінде олар келіп түскен күні тіркейді және жолданымдардың қаралуына бақылауды жүзеге асыратын жауапты қызметкерге (бұдан әрі – жауапты қызметкер) алдын ала қарау үшін жібереді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      26. Жауапты қызметкер орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің, азаматтарды қабылдау орталықтарының және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының қатысуымен материалдарды жинап, талдағаннан кейін орталық мемлекеттік орган басшысының немесе облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің атына қабылдау күнін белгілеу немесе бас тарту туралы ұсыныспен анықтамалық ақпаратты қабылдау басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын дайындайды.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      27. Қабылданған шешімнің қорытындысы бойынша жауапты қызметкер лауазымды адамдар мен олардың орынбасарлары қабылдайтын адамдардың тізімін қалыптастырады және оны қабылдау кестесіне енгізу үшін қоғамдық қабылдау бөлмесіне жібереді.

      28. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің және азаматтарды қабылдау орталықтарының жауапты қызметкері бекітілген қабылдау кестесіне тізімдерді кезектілік тәртібімен бөледі.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің және азаматтарды қабылдау орталықтарының жауапты қызметкері жолданым тіркелген кезден бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде арыз иесіне қабылдау уақыты мен күні көрсетілген жауапты жолдайды.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30. Мәні бойынша барынша пысықтауды талап ететін күрделі мәселе болған жағдайда, арыз иесіне жолданымды қарау мерзімін жолданым тіркелген кезден бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге ұзарту туралы хат жіберіледі.

      Жолданымды қарау мерзімі орталық мемлекеттік орган басшысының немесе облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің немесе олардың орынбасарларының уәжді шешімімен ақылға қонымды мерзімге, бірақ арызды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттілігіне байланысты екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы арыз иесі жолданымды қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      31. Қоғамдық қабылдау бөлмесі және азаматтарды қабылдау орталығы уәкілетті қызметкерлерінің лауазымды адамдар мен олардың орынбасарларының қабылдауды ұйымдастыруы үшін қажетті материалдарды ұсыну, қабылдауды өткізу практикасын талдау және жинақтап қорыту туралы талаптары орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдері аппараттарының орындауы үшін міндетті болып табылады.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      32. Қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей арыз иесіне тыңдау рәсімін жүргізу үшін бас тарту туралы алдын ала шешім жобасы жіберіледі.

      Қабылдаудан бас тартылған жағдайда тыңдау рәсімі Кодекстің 73-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін.

      33. Тыңдау рәсімін ұйымдастыру және өткізу тәртібі Кодекстің 66, 73 және 74-баптарының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

4-тарау. Қабылдау қорытындысы бойынша тапсырмалардың орындалуына бақылауды жүзеге асыру

      34. Қабылдау қорытындысы бойынша дайындалған хаттамалық тапсырмаларды бақылауды жолданымдардың орындалуына бақылауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше жүзеге асырады.

      35. Арыз иесіне түпкілікті уәжді жауап қабылдаудан келіп түскен жолданымды бақылаудан алу үшін негіз болып табылады.

      36. Қабылдау барысында арыз иесі берген жолданымдар "жеке қабылдаудан" деген белгі қойылып, электрондық құжат айналымы жүйесінде немесе "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесiнде тіркеледі.

      37. Қабылдаудан түскен жолданымды бұған дейін қараған қызметкерге тапсыруға жол берілмейді.

      38. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің және азаматтарды қабылдау орталығының қызметкерлері тұрақты негізде арыз иелерінің қанағаттану деңгейіне мониторинг жүргізіп, консультация алған және жеке қабылдауға жазылудан бас тартқан арыз иелеріне телефон байланысы арқылы іріктеп сауалнама жүргізуі тиіс.

      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      39. Жолданымдардың орындалуына бақылауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше басқа мүдделі құрылымдық бөлімшелермен бірлесіп, мыналарды:

      1) өткізілетін қабылдаулар шеңберінде орталық мемлекеттік органның, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі мен оның орынбасарларының жұмысын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді;

      2) қабылдауға тартылған жауапты лауазымды адамдардың, оның ішінде басқа да мүдделі органдардың жауапты лауазымды адамдарының қатысуын;

      3) арыз иесімен кері байланысты (қажеттілікке қарай);

      4) қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, азаматтарды қабылдау орталықтарының шеңберінде жұмыс істейтін сall-орталықтардың, оның ішінде төтенше жағдай, төтенше ахуал режимдерін, эпидемиологиялық сипаттағы карантиндік шараларды енгізумен, техногендік авариялармен және халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де апаттармен байланысты шектеу шаралары қабылданған жағдайда үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 39-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      40. Қоғамдық қабылдау бөлмелері және азаматтарды қабылдау орталықтары жұмысының нәтижелері туралы тұрақты негізде (тоқсанына бір реттен сиретпей) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратын хабардар ету қажет.

      Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмысының нәтижелері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне тоқсанына кемінде бір рет ұсынылады.

      Ескерту. 40-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Орталық мемлекеттік
органдардың және облыстардың,
республикалық маңызы бар
қалалардың, астананың әкімдері
аппараттарының лауазымды
адамдарының жеке тұлғаларды
және заңды тұлғалардың
өкілдерін жеке қабылдауының
үлгілік регламентіне
қосымша
Бекітемін
  ______________________
  Қазақстан Республикасының
  Үкіметі Аппаратының Басшысы

Мемлекеттік органдар басшылығының азаматтарды қабылдау кестесі

      Ескерту. Үлгілік регламенті қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 20.06.2023 № 490 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Мемлекеттік органның атауы

Азаматтарды қабылдауды жүргізетін тұлғаның Т.А.Ә.

Азаматтарды қабылдауды жүргізетін тұлғаның лауазымы

Азаматтарды қабылдау күні мен уақыты

Мемлекеттік органның, ұйымның орналасқан жері

Байланыс телефоны, электрондық мекенжайы

























  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 15 наурыздағы
№ 214 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасының орталық және жергілiктi атқарушы органдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауын ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 4 қыркүйектегі № 974 қаулысы.

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 14 мамырдағы № 382 қаулысы.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбір шешiмдерiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 26 қазандағы № 850 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 33-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады