Қазақстан Республикасында өндірілетін, оған әкелінетін және (немесе) өткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең төмен көтерме сауда бағасын белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 272 қаулысы.

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 14-5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында өндірілетін, әкелінетін және (немесе) өткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең төмен көтерме сауда бағасын белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2023 жылғы 28 наурыздағы
№ 272 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасында өндірілетін, оған әкелінетін және (немесе) өткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең төмен көтерме сауда бағасын белгілеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында өндірілетін, оған әкелінетін және (немесе) өткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең төмен көтерме сауда бағасын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 14-5) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында өндірілетін, оған әкелінетін және (немесе) өткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең төмен көтерме сауда бағасын (бұдан әрі – ЕТКБ) белгілеу тәртібін айқындайды.

      2. Сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгілі бір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бойынша бір жыл ішінде күнтізбелік тоқсан күнге дейінгі мерзімге ЕТКБ белгілейді.

      Бұл ретте сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның ЕТКБ бекіту туралы шешімінде Қазақстан Республикасының аумағына өнеркәсіптік қайта өңдеу мақсатында әкелінген, өндірісте пайдалануға ғана арналған, оның ішінде "еркін қойма" рәсімі бойынша әкелінген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары үшін ерекше жағдай көзделуі мүмкін.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) өтініш беруші – Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын өндіруді, әкелуді және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      2) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – тізбесін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітетін адамның физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандырылатын азық-түлік тауарлары (бұдан әрі – ӘМАТ);

      3) өндіруші – Қазақстан Республикасының аумағында өндірісті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      4) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган – сауда саясатын қалыптастыратын және басшылықты, сондай-ақ сауда қызметі саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрі – уәкілетті орган).

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.07.2023 № 599 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Ең төменгі көтерме бағаны белгілеу тәртібі

      4. ЕТКБ уәкілетті орган жүргізетін бағаларды салыстырмалы талдау нәтижелері ескеріле отырып, оның ішінде өтініш беруші жүгінген жағдайда және мүдделі мемлекеттік органдардың ұсынысы бойынша белгіленеді.

      5. Өтініште мынадай ақпарат қамтылады:

      1) өтініш беруші, өтініш берілген күннен бұрынғы тікелей бір жыл ішінде экономика саласындағы ӘМАТ-тың сандық және құндық көрінісіндегі өндіріс көлемі, сондай-ақ өтінішті қолдаған өндірушілердің ӘМАТ-тың сандық және құндық көрінісіндегі өндіріс көлемі және олардың Қазақстан Республикасындағы өндірістің жалпы көлеміндегі үлесі туралы мәліметтер;

      2) ЕТКБ белгілеу ұсынылатын, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін, әкелінетін және (немесе) өткізілетін ӘМАТ-тың сипаты мен көлемі;

      3) Қазақстан Республикасында ӘМАТ өндірісінің елеулі бөлігін, бірақ жалпы көлемінің кемінде елу пайызын өндіретін ӘМАТ өндірушілерінің өтінішке қосылуы туралы құжаттар (өндірушілерден өтініш берушіге қосылу туралы куәландырылған хат);

      4) импортталатын ұқсас немесе тікелей бәсекелес ӘМАТ бағасы және оның құны туралы мәліметтер, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін және өткізілетін ұқсас немесе тікелей бәсекелес ӘМАТ салдарынан экономика саласына материалдық залалдың немесе оның келтірілу қаупінің болуының негіздемесі, сондай-ақ ЕТКБ мөлшері мен қолданылу мерзімін көрсете отырып, оны енгізу туралы ұсыныс.

      Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін және (немесе) өткізілетін ұқсас немесе тікелей бәсекелес ӘМАТ салдарынан экономика саласына материалдық залалдың немесе оның келтірілу қаупінің болуының негіздемесі экономика саласының экономикалық жағдайын сипаттайтын объективті фактілерге негізделуге тиіс және статистикалық деректерге (оның ішінде ӘМАТ өндірісінің көлемі және оны өткізу, Қазақстан Республикасының нарығындағы үлесі, өндірістің өзіндік құны, бағасы, өндірістік қуаттардың жүктелу дәрежесі, еңбек өнімділігінің қамтылуы, пайда мөлшері, өндірістің рентабельділігі, экономика саласына инвестициялар көлемі туралы деректер) сәйкес өтініш берілген күннен бұрынғы тікелей жылдық кезең үшін сандық және (немесе) құндық көрсеткіштерде көрсетілуге тиіс.

      6. Өтініште қамтылған көрсеткіштер салыстыру мақсатында бірыңғай ақшалай (теңге) және сандық бірліктерде пайдаланылуға тиіс.

      7. Өтініште қамтылған ақпарат өтініш берушінің қолымен және мөрімен (бар болса) куәландырылуға тиіс.

      8. Уәкілетті орган мынадай:

      1) осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген ақпарат ұсынылмаған;

      2) ақпараттың мазмұнын біржақты түсіндіруге мүмкіндік бермейтін жазу сызылған немесе өзге де түзетулері бар ақпаратты ұсынылған жағдайларда ЕТКБ белгілеу туралы өтінішті қарамай қалдырады.

      9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген негіздер болған жағдайда уәкілетті орган өтініш келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оны пысықтауға қайтарады.

      10. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін өтініш келіп түскен сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде бағаларға салыстырмалы талдау жүргізеді.

      Уәкілетті орган бағаларға салыстырмалы талдау жүргізген кезде өтініште қамтылған ақпараттың жеткіліктілігі мен сенімділігін зерделейді.

      Бағаларға салыстырмалы талдау жүргізу үшін қажетті қосымша құжаттар талап етілген кезде өтінішті қарау мерзімі бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      11. Мүдделі мемлекеттік органдардан ұсыныс түскен кезде уәкілетті орган ұсыныс түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік кірістер органынан Қазақстан Республикасына, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелінген тауарлардың құны мен көлемі туралы қажетті ақпаратты сұратады.

      Мемлекеттік кірістер органынан қажетті ақпарат алынғаннан кейін осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген мерзімдерде бағаларға салыстырмалы талдау жүргізеді.

      12. Бағаларға салыстырмалы талдау жүргізу қорытындылары бойынша уәкілетті орган ЕТКБ белгілеу немесе ЕТКБ белгілеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды, ол туралы үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіні немесе мүдделі мемлекеттік органды хабардар етеді.

      13. ЕТКБ мөлшері мына формула бойынша есептеледі:



      мұнда:

      Ө – ӘМАТ өндірушілер;

      СБәлмат – ӘМАТ босату бағасы;

      Өжс – өндірушілердің жалпы саны.

      Бұл ретте ӘМАТ өндірушілердің жалпы саны кемінде үшеу болуы керек.

      14. ЕТКБ белгілеу туралы шешім уәкілетті органның бұйрығымен ресімделеді.

      15. ЕТКБ белгіленген кезде Қазақстан Республикасының аумағында ӘМАТ әкелу және (немесе) өткізу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасында көзделген тәртіппен тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады