"Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 479 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 5 мамырдағы № 359 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 479 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі туралы ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) қоршаған ортаны қорғау, метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг, "жасыл экономиканы" дамыту, қалдықтармен жұмыс істеу (медициналық, биологиялық және радиоактивті қалдықтарды қоспағанда), табиғи ресурстарды қорғау, олардың ұтымды пайдаланылуын бақылау және қадағалау, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту салаларында (бұдан әрі – реттелетін салалар) мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, басқару процестерін үйлестіру салаларында басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.";

      13-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) қоршаған ортаны қорғау, метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг, табиғи ресурстарды қорғауды, пайдалануды және молықтыруды мемлекеттік бақылау, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу (медициналық, биологиялық және радиоактивті қалдықтарды қоспағанда) салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоршаған ортаны қорғау және мемлекеттік экологиялық бақылау, қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық әдістері, "жасыл экономиканы" дамытудың мемлекеттік саясатын бақылау және іске асыру салаларында мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру, өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану салаларында, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту салаларында өз құзыреті шегінде техникалық реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілермен және нормативтік-техникалық құжаттармен қамтамасыз ету;";

      15 тармақта:

      140) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "140) орман мен жануарлар дүниесін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы, сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 140-1), 140-2), 140-3), 140-4) және 140-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "140-1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы, сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      140-2) қазақы ит тұқымдарының стандарттарын бекітеді;

      140-3) қазақы ит тұқымдарының бірыңғай тұқым-тегi кітабын жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      140-4) қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеуді жүзеге асырады;

      140-5) "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізілетін қазақы тұқымды иттерді есепке алуды жүргізу мониторингін жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 162-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "162-1) сулы-батпақты алқаптарды сақтауды қамтамасыз ету жоспарларын бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 167-1), 167-2) және 167-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "167-1) Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізу қағидаларын әзірлейді;

      167-2) ғылыми табиғи объектіге "Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік" мәртебесін беру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      167-3) Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізуді жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 213-1), 213-2), 213-3), 213-4), 213-5), 213-6), 213-7), 213-8), 213-9), 213-10), 213-11), 213-12), 213-13), 213-14) 213-15), 213-16), 213-17) және 213-18) тармақшалармен толықтырылсын:

      "213-1) өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-2) өсімдіктер дүниесіне түгендеу жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-3) Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзудан келтiрiлген зиянның мөлшерiн есептеуге арналған базалық мөлшерлемелерді әзірлейді және бекітеді;

      213-4) ботаникалық коллекцияларды, өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қалыптастыру, сақтау, есепке алу және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-5) жабайы өсетін өсімдіктерді пайдалану құқығына шектеу (тоқтата тұру) белгілеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-6) өсімдіктер дүниесінің гендік қорымен жұмыс істеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-7) өсімдіктер дүниесін пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-8) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша дәрілік өсімдіктердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      213-9) табиғи өсетін өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін жер учаскелерінің меншік иелеріне, жер пайдаланушылар мен су пайдаланушыларға күзетуге беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-10) эндемиялық және реликтік өсімдіктердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      213-11) өсімдік ресурстарының қорларына ресурстық зерттеп-қарауды жүргізу және оларды пайдалану лимиттерін айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      213-12) ресурстық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-13) өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесін әзірлейді;

      213-14) елді мекендердің жасыл екпелерін жасаудың, күтіп-баптаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      213-15) жеке және заңды тұлғалардың өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;

      213-16) жабайы өсетін өсімдіктерді күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      213-17) өсімдіктер дүниесінің шығындарын өтеу нормативтерін әзірлейді және бекітеді;

      213-18) шекаралық аймақта өсетін өсімдіктермен жұмыс істеу ерекшеліктерін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша белгілейді;";

      272) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "272) табиғат қорғау ұйымын басқару жоспарын әзірлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 272-1) және 272-2) тармақшаларымен толықтырылсын:

      "272-1) "Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік" мәртебесін беруге жататын ғылыми табиғи объектілерді айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      272-2) "Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік" мәртебесін куәландыру тәртібін және сертификат нысанын бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 317-1) тармақмен толықтырылсын:

      "317) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз қарамағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері, экологиялық желіні дамыту саласындағы ашық ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз етеді;";

      502) және 503) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "502) өз қарамағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға басшылық ету, табиғи кешендерді күзету, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі қызметті қамтамасыз етеді;

      503) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ғылыми қызметті және ғылыми зерттеулерді ұйымдастырады;".

      2. Осы қаулы:

      2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының он бірінші, он екінші, он үшінші және он төртінші абзацтарын;

      2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының он бесінші абзацын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады