"Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 270 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 шілдедегі № 539 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 270 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамада:

      "2. Ағымдағы жағдайды талдау" деген бөлімде:

      жетінші бөліктен кейін мынадай мазмұндағы сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Бұдан басқа, шекара маңындағы аумақтарға қатысты жекелеген бағдарламалық құжаттар іске асырылды. 2014 – 2020 жылдары Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аудандарын дамыту бойынша 2014 – 2020 жылдарға арналған шаралар кешені іске асырылды.

      2017 жылдан бері Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының шекара маңындағы аумақтарын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда.

      Осы құжаттар шеңберіндегі шаралар экономиканы, инфрақұрылымды, туризмді, шекара маңындағы сауданы дамыту, жұмыс орындарын құру, мемлекеттік шекарадан өту орындарын жайластыру мәселелері мен басқа да мәселелерді шешуге бағытталған.

      Сонымен қатар ағымдағы жағдайға жүргізілген талдау шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселелері өзектілігін жоғалтпағанын көрсетті. Автомобиль жолдарының жай-күйі, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілерінің тозуы бойынша мәселелер толық шешілмеген. Шекара маңындағы аумақтардағы тұрғындарды, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу талап етіледі.";

      он бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:

      "9) стратегиялық ауылдық елді мекен – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан 25 км дейінгі қашықтықта орналасқан ауылдық елді мекен.";

      мынадай мазмұндағы "2.6-1. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту" деген кіші бөліммен толықтырылсын:

      "2.6-1. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту

      Қазіргі уақытта 14 облыс Ресей Федерациясы (бұдан әрі – РФ), Қытай Халық Республикасы (бұдан әрі – ҚХР), Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан аумақтарымен шектеседі.

      Шекара маңындағы аумақтарда 65 аудан орналасқан, олардағы халық саны – 3,4 млн адам.

      Тікелей шекара маңындағы белдеуде мемлекеттік шекарадан 50 км дейінгі қашықтықта 1,7 млн адам тұратын 1283 шекара маңындағы АЕМ орналасқан.

      Шекара маңындағы 1283 АЕМ-нің 213-і – тірек, 518-і – спутниктік, 216-сы –стратегиялық және 336-сы – өзге АЕМ болып табылады.

      Бұдан басқа, шекара маңындағы аймақтарда 220,7 мың халқы бар 9 шағын қала (Жаркент, Зайсан, Сарыағаш, Шардара, Шемонаиха, Мамлютка, Булаев, Жетісай, Жітіқара) орналасқан.

      Шекара маңындағы аумақтардағы кейбір ауылдық елді мекендердің өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз етілу деңгейі 50 %-дан аспайды.

      Географиялық орналасуы мен экономикалық әлеуеті ескеріле отырып, шекара маңындағы аумақтар шартты түрде үш түрге бөлінген:

      1) солтүстік шекара маңындағы аумақтар – РФ-мен шектесетін аудандар (Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы аудандар);

      2) шығыс шекара маңындағы аумақтар – ҚХР-мен шектесетін аудандар (Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарындағы аудандар);

      3) оңтүстік және оңтүстік-батыс шекара маңындағы аумақтар – Қырғызстанмен және Өзбекстанмен (Жамбыл және Түркістан облыстарындағы аудандар), Өзбекстанмен және Түрікменстанмен (Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы аудандар) шектесетін өңірлер.

      Тұтастай алғанда, соңғы 3 жылда Қазақстанның шекара маңындағы 65 (69 %) ауданының 45-інде халық санының қысқаруы байқалады. Негізгі себептер – халық табысының төмендігі, адамдардың тұрмыс сапасының қанағаттанарлықсыз деңгейі, көлік қатынасының нашарлығы (жекелеген аудандарда), сондай-ақ әлеуметтік және инженерлік-жол инфрақұрылымымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеуі.

      Солтүстік шекара маңындағы аумақтардың соңғы 3 жылдағы демографиялық жағдайы халық санының азаюымен, оның ішінде көші-қон бойынша теріс көрсеткіштердің сақталуы есебінен (35,8 мың адамға) азаюымен сипатталады.

      Бұл өңірлердегі халықтың тығыздығы орта есеппен бір шаршы км-ге 3,3 адам және орташа республикалық көрсеткіштен (ҚР бойынша орташа көрсеткіш – бір шаршы км-ге 7 адам) 2 еседен астам төмен, бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер аумақтарының үлкен болуына байланысты.

      Шығыс шекара маңындағы аудандардағы демографиялық жағдай басқа қалалар мен аудандарға ішкі көші-қон есебінен соңғы 3 жылда халық санының 20,4 мың адамға қысқаруымен сипатталады.

      ҚХР-мен шекаралас аудандардағы халықтың тығыздығы ел бойынша орташа деңгейден төмен және бір шаршы км-ге орта есеппен 5,5 адамды құрайды (ҚР бойынша орташа көрсеткіш – бір шаршы км-ге – 7 адам). Шекара маңындағы кейбір шалғай аудандарда бұл көрсеткіш бір шаршы км-ге 0,6 адамды құрайды.

      ҚХР-мен шекаралас аудандар аумағы депопуляциясының басты себептерінің бірі 1997 жылы шекара маңындағы жекелеген аудандардың (Нарынқол, Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы және т.б.) таратылуы және аудан орталықтарын ел аумағының ішкі жағына қарай көшіру болып табылады.

      Соңғы 3 жылда оңтүстік және оңтүстік-батыс шекара маңындағы аумақтардың демографиялық жағдайы халық санының 21,7 мың адамға, оның ішінде бала туудың жоғары көрсеткіштері есебінен ұлғаюымен сипатталады. Халықтың тығыздығы орта есеппен бір шаршы км-ге 34,5 адамды құрайды.

      Шекара маңындағы аумақтардың экономикасы табиғи-ресурстық және туристік әлеуеттің жеткілікті деңгейде пайдаланылмауымен, құрылымның көпбейінділігімен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің трансшекаралық факторларды пайдаланудағы белсенділігінің төмен болуымен, жалпы халықаралық экономикалық жүйемен әлсіз интеграциялануымен сипатталады.

      Шекара маңындағы аумақтар экономикасының негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығы болып табылады, оның экономика құрылымындағы үлесі 31,6 %-ды (республика бойынша – 5,1 %-ды) құрайды. Шекара маңындағы аумақтардың ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы 41,1 млн га құрайды, мал саны (ІҚМ, жылқы, түйе, құс және т.б.) – 20,1 млн бас.

      2020 – 2022 жылдары шекара маңындағы аудандардың өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,2 трлн теңгені құрады (жалпы республикалық көлемдегі үлесі – 31,4 %). Бұл ретте 2022 жылы шекара маңындағы 65 ауданның 19-ында осы көрсеткіштің теріс динамикасы байқалады (республика бойынша өсу– 1,1 %).

      Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1475,8 млрд теңгеден 2048,3 млрд теңгеге дейін немесе 39 %-ға ұлғайды (республика бойынша – 23 %-ға ұлғайды). Сонымен қатар шекара маңындағы 65 ауданның 11-і бойынша инвестициялардың 78 млрд теңге сомаға төмендеуі тіркелді.

      Орташа айлық жалақының мөлшері 229,3 мың теңгені құрайды, бұл республикалық көрсеткіштен 1,3 есеге төмен (309,8 мың теңге). Жұмыссыздық деңгейі орта есеппен – 4,6 % (республика бойынша – 4,9 %).

      Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамыту бойынша көліктік және логистикалық шығыстар жоғары, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жалпы жағдай жасауды қамтамасыз ететін жол, инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымның дамымауы сияқты проблемалар бар.

      Шекара маңындағы аудандарда қолданылып жатқан мемлекеттік шараларға қарамастан, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп орындарын дамыту үшін толыққанды жағдай жасалмаған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 264,5 мың бірлікті немесе ел бойынша жалпы көрсеткіштің шамамен 14 %-ын құрады, бұл ретте шекара маңындағы 3 аудан бойынша төмендеу байқалады (республика бойынша – 27 %-ға ұлғайды).

      Шекаралас облыстардың барлығы дерлік туризмді дамыту әлеуетіне ие. Дегенмен шекара маңындағы аумақтардағы туристік қызмет туристік бағыттар мен туристік инфрақұрылымның дамымауына байланысты негізінен ішкі туризмге бағдарланған күйінде қалып отыр. Туристік саладан түсетін кірістер шекара маңындағы аумақтар экономикасының жалпы құрылымында 3 %-дан аспайды.

      Шекара маңындағы бірқатар аудандардың шалғай орналасуы және жол инфрақұрылымының қанағаттанарлықсыз жағдайы олардың экономикалық өсу орталықтарымен арадағы көлік байланысының нашар болуының басты себебі болып табылады.

      Мәселен, шекара маңындағы аудандарда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлықсыз жағдайдағы үлесі 2022 жылы 6 мыңнан астам шақырымды құрады.

      Шекара маңындағы 9 ауданда облыстардың әкімшілік орталықтарына жыл бойы қатынайтын автобус жоқ.

      Соңғы үш жыл ішінде шекара маңындағы АЕМ-де тұрғын үй кезегіндегі адамдар 50 мың адам деңгейінде сақталуда.

      Елдің шекара маңындағы аудандарындағы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым көрсеткіштерін жақсарту талап етіледі. Бірқатар аудандарда сумен жабдықтау желілерінің тозуы 70 %-дан, электрмен жабдықтау желілерінің тозуы 60 %-дан асады.

      Бүгінде шекара маңындағы 1283 АЕМ-нің 1157-і немесе 90 % АЕМ сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізіп отыр.

      Шекара маңындағы газ берілген АЕМ саны 617 бірлікті немесе 48,1 %-ды құрайды.

      Шекара маңындағы көптеген АЕМ-де ұялы байланыс, Интернет желісі және пошта қызметтерінің сапасы төмен. Сонымен қатар шекара маңындағы бірқатар АЕМ халқы үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі аудан орталықтарынан шалғайда орналасуына байланысты күрделене түсуде.

      Шекаралық өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Шекара маңындағы аудандарда барлығы 52 автомобиль өткізу пункті ұйымдастырылған. Өткізу пункттері мен олармен шектес автомобиль жолдарының заманауи инфрақұрылымының болмауы шекара маңындағы көптеген аумақтардың транзиттік және туристік әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді.

      Білім беру және денсаулық сақтау салаларында білікті кадрлардың тапшы болу проблемасы, материалдық-техникалық базаның және көрсетілетін қызметтер сапасының төмен деңгейі сақталып отыр. 2022 жылғы деректер бойынша тиісінше 374 және шекара маңындағы 256 АЕМ білім беру және денсаулық сақтау объектілерімен қамтамасыз етілмеген. 31 объект авариялық жағдайда.

      Мәдениет және спорт саласында да жағдай осыған ұқсас. Қазіргі уақытта 671 АЕМ спорт объектілерімен, 715 АЕМ мәдениет объектілермен қамтамасыз етілмеген, 33 мәдениет және спорт объектісі авариялық жағдайда.";

      "3. Халықаралық тәжірибеге шолу" деген бөлім мынадай мазмұндағы отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші, отыз тоғызыншы, қырқыншы, қырық бірінші, қырық екінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші, қырық алтыншы, қырық жетінші, қырық сегізінші, қырық тоғызыншы, елуінші, елу бірінші және елу екінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Көптеген елдер шекара маңындағы аумақтардың географиялық әлеуетін дамытуға және іске асыруға бағытталған стратегиялық және бағдарламалық құжаттар қабылдауда. Шекара маңындағы аумақтардың шекара маңында орналасуы мен өзіндік ерекшеліктері белгілі бір жағдайларда тіпті келешегі жоқ өңірлердің дамуында серпін бере алады. Еуропалық Одақ (ЕО), Мексика, Қытай, РФ елдері және басқа да елдер осы бағытта біршама жетістікке қол жеткізді.

      ЕО елдерінің шекара маңындағы шеткі аумақтарды дамытудағы тәжірибесі зерделеу үшін үлкен қызығушылық тудырады. Interreg еуропалық трансшекаралық ынтымақтастық бағдарламасы қолданылады. Шекара маңындағы аудандар тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға инновацияларға, денсаулық сақтау, білім беру жүйесіне инвестиция салу, жұмыс орындарын құру және халықтың ұтқырлығын арттыру арқылы қол жеткізіледі.

      Халықтың ұтқырлығын арттыру үшін трансшекаралық маршруттарды дамыту бөлігінде Солтүстік Рейн-Вестфалия (Германия) және Маастрихт (Нидерланды) провинцияларының өзара іс-қимыл тәжірибесі іс жүзінде қызығушылық тудырады. Өңірлер арасындағы интеграцияны дамыту мақсатында бірқатар бастамалар, оның ішінде теміржол, автомобиль көлігін, трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту, цифрландыру және ақылды технологияларды енгізу бойынша бастамалар қабылданған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде аймақ тоқыраған перифериядан Еуропалық Одақтың гүлденген аудандарының біріне айналды.

      Чехия Республикасы мен Польшада Interreg ынтымақтастық бағдарламасы жұмыспен қамтуды қолдауға және туристік саланың әлеуетін іске асыруға бағытталған. Бағдарлама шеңберінде тәуекелдерді бірлесіп басқару, жұмыспен қамтуды қолдау үшін табиғи-ресурстық және туристік әлеуетті пайдалану, білім беру жүйесін дамыту және ауыл тұрғындарының біліктілігін арттыру және мекемелер мен қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі жобалар басым тәртіппен қаржыландырылады.

      Мексика мен АҚШ-та шекара маңындағы аумақтардың экологиялық проблемаларын шешу үшін "Шекара 2025" бірлескен бағдарламасы қолданылады.

      Бағдарламаның негізгі мақсаттары: ауаның ластануын азайту, судың сапасын жақсарту, материалдар мен қалдықтарды орнықты басқаруға, сондай-ақ аумақтарды тазартуға жәрдемдесу, қауіпті экологиялық және төтенше жағдайларға бірлескен дайындықты жақсарту және ден қою.

      Ауаның ластануын азайту шараларына ауаны мониторингтеу желілерін құру, сапаны жақсарту және шығарындылар туралы деректермен алмасу, көлік құралдарының шығарындыларын азайту, ластаушы заттардың шығарындыларын азайту үшін стратегиялар мен технологияларды өрістету, сондай-ақ климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі бірлескен шаралар кіреді.

      Қазақстанда Су сапасын жақсарту бағдарламасының шараларын қолданған орынды. Атап айтқанда, шекаралық суларды басқару мәселелерін шешуге Тихуана өзені бассейнінде тазарту қондырғыларын салу, ауыз су инфрақұрылымын жақсарту және сарқынды суларды тазарту, сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын пайдалану мен техникалық қызмет көрсетуді жақсарту іс-шаралары кіреді.

      Материалдар мен қалдықтарды орнықты басқаруға, сондай-ақ аумақтарды тазартуға жәрдемдесу саласындағы ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, қалдықтарды басқару әдістерін әзірлеуге, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жұмысы бойынша білімді дамытуға, сондай-ақ теңіз ортасының ластануын азайтуға бағытталған.

      Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шаралар бірлескен жоспарларды жаңартуды, авариялық-құтқару қызметтерінің персоналын даярлауды және бақаларын қамтиды.

      ҚХР-да 2000 жылдан бері шекара маңындағы аудандарды жандандыру және ондағы тұрғындардың өмірін жақсарту саясаты іске асырылуда (RBAERL – RevitalizeBorderAreasandEnrichResidents' LivesPolicy). Бастама халықтың әл-ауқатын арттыруға, шекара маңындағы аумақтарды дамытуға, басқа елдермен татуластықты нығайтуға бағытталған.

      Іске асыру басталғаннан бері RBAERL саясаты елдің шекара маңындағы аумақтарында орналасқан шекара маңындағы 136 округті қамтыды. Көзделген шаралар инфрақұрылымға инвестициялар тартуды, кәсіпкерлікті қолдауды, білім берудің және көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды қамтыды.

      Үндістанда халықаралық шекараға таяу орналасқан шалғайдағы және жету қиын аудандарда тұратын адамдардың ерекше дамуға қатысты сұранысын қанағаттандыруға және әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Шекара маңындағы аумақтарды дамыту бағдарламасы (BorderAreaDevelopmentProgramme) қолданылады. Бағдарлама қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы шекара маңындағы шалғай аумақтарды ішкі аудандармен интеграциялауға да бағытталған. Базалық инфрақұрылымды, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және су ресурстары инфрақұрылымын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету және дағдыларды дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруға баса назар аударылады.

      Бағдарламада 16 штат пен одақтас 2 аумақтағы шекара маңындағы 111 округтің 396 орамы қамтылған. Сонымен қатар бағдарламаға халықаралық шекарадан 10 км шекте орналасқан ауылдар, кенттер мен қалалық аудандар кіреді.

      РФ-да Қиыр Шығыс федералды округінің құрамына кіретін РФ субъектілерінің шекара маңындағы аумақтарын дамыту тұжырымдамасы қолданылады.

      Құжатта мынадай бағыттарға баса назар аударылған:

      шекара маңындағы муниципалды құрылымдардың ерекше мәртебесін айқындау;

      халықты тұрақтандыру және тарту үшін жағдай жасау;

      шекара маңындағы елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту үшін жағдай жасау және әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру;

      шекара маңындағы елді мекендердің төтенше жағдайлардан қорғау жүйесін дамыту;

      экономиканы дамыту үшін жағдай жасау;

      ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту;

      туристік әлеуетті іске асыру;

      шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту;

      шекаралық инфрақұрылымды, сондай-ақ көлік дәліздерін дамыту.

      Тұжырымдама шеңберінде Қиыр Шығыстың шекара маңындағы аумақтарының халқы үшін қолжетімді баспана беру, жас мамандарға біржолғы жәрдемақы және көлік шығыстарын жабу, 3-ші және одан кейінгі балалар туған (асырап алған) кезде ана (отбасы) капиталы, тұрғын үй салу немесе жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелерін тегін беру сияқты және басқа да қолдау шаралары көзделген.";

      "4. Қазақстан Республикасындағы ауылдық аумақтарды дамыту пайымы" деген бөлімде:

      мынадай мазмұндағы он үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Оны іске асыру шеңберінде шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша халықтың кетуін азайтуға, өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға, олардың экономикалық дамуына жаңа серпін беруге, оның ішінде тұрғын үй бағасының қолжетімділігін арттыруды қоса алғанда, тұрғын үй-тұрмыс мәселелерін шешуге бағытталған шаралар да қабылданатын болады.";

      "Ауылдық аумақтарды дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері" деген кіші бөлім мынадай мазмұндағы он сегізінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Шекара маңындағы аумақтарды дамыту саясатын іске асыру да осы қағидаттарға негізделген.";

      "1-тәсіл. Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту есебінен көрсетілетін базалық қызметтерді ұсынудағы тепе-теңсіздіктерді қысқарту" деген кіші бөлімде он төртінші және он бесінші бөліктер алып тасталсын;

      "3-тәсіл. Ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету" деген кіші бөлімде:

      үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші бөліктер алып тасталсын;

      сегізінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық дербестігін кеңейту шеңберінде бюджеттің IV деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша түрлері (су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы; жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым; жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы (алкоголь өнімін сақтау және өткізу бойынша) берілетін болады.";

      жиырма екінші бөлік алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы тоғызыншы бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұдан басқа, ауылдық округтердің әкімдеріне қосымша функциялар мен өкілеттіктер беру мәселесі қаралатын болады.";

      мынадай мазмұндағы "4-тәсіл. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту" деген кіші бөліммен толықтырылсын:

      "4-тәсіл. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту

      Тұтастай алғанда, шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі шаралар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туристік және көлік-логистикалық әлеуетті іске асыру, шағын және орта кәсіпкерлікті, жол, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, демографиялық ахуалды жақсарту және адами капиталды дамыту салаларындағы бәсекелік артықшылықтарды дамыту үшін жағдай жасауға бағытталатын болады.

      Шекара маңындағы аумақтарды дамытудың ерекшеліктері мен әлеуетін ескере отырып, мемлекеттік қолдау шаралары мыналарға:

      солтүстік шекара маңындағы аумақтардағы өңірлер бойынша елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс жұмыс күші көп өңірлерінен халықтың көші-қонын ынталандыруға, қолжетімді тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылым салуға, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға, еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауға және тағы басқаларға;

      шығыс шекара маңындағы аумақтардағы өңірлер бойынша әкімшілік-аумақтық құрылымды одан әрі дамытуға, туристік және көліктік-логистикалық әлеуетті іске асыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шағын индустриялық аймақтарды құруға, еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауға және тағы басқаларға;

      оңтүстік және оңтүстік-батыс шекара маңындағы аумақтардағы өңірлер бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті, оның ішінде шаруа (фермер) қожалықтары мен ауыл шаруашылығы (тұтыну) кооперативтерін дамытуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту арқылы адами капиталды дамытуға бағытталатын болады.

      Шекара маңындағы аумақтардың тартымдылығын арттыру үшін экономика саласын дамытуды қамтамасыз ету және жаңа жұмыс орындарын құру өте маңызды.

      Бұған ауыл шаруашылығы өндірісін, жаңа өндірістерді, халықаралық туризмді, трансшекаралық көлік дәліздерін дамытуды ынталандыру мен қолдау және шекара маңы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі іс-шаралар кіреді.

      Шекара маңындағы аумақтарда тіркелген және өз қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін қосымша мемлекеттік қолдау шаралары әзірленетін болады.

      Атап айтқанда, шекара маңындағы АЕМ-де іске асырылатын жобаларды басымдықпен қолдау мүмкіндігі қарастырылады. Кәсіпкерлікті дамытуды қолдау құралдары шеңберінде бюджет қаражатын микрокредит беруге және жобаларға кепілдік беруге бөлу кезінде бекітілген квоталар көзделетін болады.

      Бұдан басқа, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге шекара маңындағы аудандардың экономикасын кластерлеуге (аралас секторлар мен кіші секторларда – туризм, ауыл шаруашылығы және т.б. өзара байланысты кәсіпорындар желісін құруға) ықпал ететін жобаларды іске асыруға гранттық қаржыландыру бөлінетін болады.

      Кәсіпкерлер үшін кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыру мақсатында шекара маңындағы аудандарда даму институттары мен қаржы институттарының қатысуын кеңейту жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленетін болады.

      Индустриялық және өнеркәсіптік аймақтардың инфрақұрылымын құру мен дамытуды мемлекеттік қолдау инвестициялық жобаларды қаржыландырудың перспективалы құралы болып табылады.

      Жұмыс күшіне, өткізу нарықтарына, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қолжетімділік бар шекара маңындағы шағын қалалар мұндай жобалар үшін қолайлы аумақ болмақ. Осындай аймақтар үшін көлік және логистика, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және тағы басқалары қызметтің перспективалы бағыттары болып табылады.

      Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде шекара маңындағы аумақтардың агроөнеркәсіптік секторын жаңғыртуға және дамытуға бағытталған қосымша мемлекеттік қолдау шаралары көзделетін болады.

      Шекара маңындағы АЕМ инфрақұрылымын дамыту бойынша "Ауыл – Ел бесігі" жобасын іске асыру жалғасатын болады, бұл шекара маңындағы аумақтардағы тұрмыс сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде әлеуметтік сала объектілерін (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру), инженерлік және жол инфрақұрылымын салу мен реконструкциялауды қаржыландыру жөніндегі іс-шаралар көзделеді.

      Шекара маңындағы АЕМ тұрғындарының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қажеттілігін қамтамасыз ету басымдықтарды инфрақұрылымды дамыту және шекара маңындағы АЕМ-де мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру саласындағы салалық бағдарламалық құжаттарда көзделген шығыстарды ұлғайту жағына ығыстыру есебінен жүзеге асырылатын болады.

      Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөнінде шаралар қабылданады. Атап айтқанда, сумен, электрмен, жылумен және газбен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау жөніндегі жұмыс жалғасады, соның нәтижесінде желілердің тозу көрсеткіштерін жыл сайын 3-5 %-ға төмендету жоспарланып отыр.

      Сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі жоқ шекара маңындағы 126 АЕМ сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралармен қамтылатын болады. Бұған қоса, шекаралық 52 автомобиль өткізу пунктін дамыту және жайластыру, сондай-ақ республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу іс-шаралары жүргізілетін болады.

      Бұл ретте табиғи-климаттық жағдайы күрделі шекара маңындағы елді мекендерде тұратын адамдарға электр энергиясы бойынша шығыстарды азайту үшін атаулы көмек белгілеу мәселесі қаралатын болады.

      Көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылады. Шекара маңындағы АЕМ-нің көліктік қолжетімділігін арттыру мақсатында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жөніндегі жобаларды іске асыру жалғасады.

      Индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкілетті орган шекара маңындағы АЕМ-нің облыстардың аудан және облыс орталықтарымен инфрақұрылымдық байланысын жақсарту жөніндегі шаралар кешенін қабылдайтын болады.

      Шекара маңындағы АЕМ-де тұрақты тұратын халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өз жұмыскерлері үшін тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың жеке құрылыс салушылардан жалға берілетін тұрғын үй сатып алу тетігі пайдаланылады.

      Шекара маңындағы АЕМ-де жеке тұрғын үй құрылысына арналған игерілмеген жаңа жер учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жөніндегі жұмыс жалғасады.

      Индустриялық-инновациялық даму саласындағы уәкілетті орган "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-мен бірлесіп, елдің шекара маңындағы аудандарында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бойынша жаңа тетіктерді әзірлеп енгізеді.

      Халықтың көші-қон ағынын азайту және жұмыс күші көп өңірлерден еңбекші мигранттарды тарту мақсатында жұмыс күші жетіспейтін облыстардың шекара маңындағы елді мекендерінде жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға беру, оларды кейіннен және меншікке беру мүмкіндігі қаралатын болады.

      Бұл ретте жұмыс күші жетіспейтін облыстардың шекара маңындағы аумақтарындағы демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында қандастар қоныстандырылатын өңірлердің тізбесін (тізбеден Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарын алып тастай отырып) және қоныс аударушылар келетін өңірлер тізбесін (шекара маңы болып табылмайтын облыстарды тізбеден алып тастай отырып) қысқарту жағына қарай қайта қарау жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

      Жұмыс күші тапшы облыстардың шалғайдағы солтүстік және шығыс шекара маңындағы ауылдық округтерінде жұмыс істеу үшін бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша жалақыға 50 % ауылдық үстемеақы енгізу мәселесі пысықталатын болады.

      Табиғи-климаттық жағдайлары ерекше шекара маңындағы шалғай ауылдық округтердегі бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша еңбек қызметін жүзеге асыратын тұрғындар үшін (жылыту маусымы 9 ай) оларды әлеуметтік және еңбекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі қаралатын болады.

      Шекара маңындағы АЕМ-нің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту білім беру объектілерінің, медициналық мекемелердің, спорт объектілері мен мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға бағытталады.

      Шекара маңындағы АЕМ-де білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласында 1,4 мыңнан астам объект салынады.

      Шекара маңындағы АЕМ отандық цифрлық эфирлік теле- және радиохабарларын тарататын телеарналармен, сондай-ақ Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілетін болады.

      Шекара маңындағы шағын ауылдық елді мекендерде қолданыстағы инфрақұрылым мен базалық көрсетілетін қызметтерді қолдау қамтамасыз етіледі.

      Шекара маңындағы аудандардың әкімшілік-аумақтық маңыздылығын арттыруға ерекше назар аударылады. Бұл негізінен ҚХР-мен шектесетін бұрынғы ауылдық аудандардың (Катонқарағай, Үлкен Нарын, Күршім, Марқакөл, Мақаншы және басқалары) мәртебесін қалпына келтіру мәселелеріне қатысты болады.

      Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023– 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде туризм, логистика инфрақұрылымын құру және дамыту жөніндегі шаралар іске асырылады. Туристік объектілердің көліктік қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар республикалық автомобиль жолдары реконструкцияланып, теміржол вагондарының паркі ұлғайтылатын болады.

      Шекара маңындағы өңірлерде туризмді дамытудың жол карталары әзірленеді.

      Бұдан басқа, қолайлы ахуалды қамтамасыз етуге, сервис сапасын арттыруға және цифрландыруды дамытуға бағытталған шаралар іске асырылатын болады.";

      "5. Нысаналы индикаторлар және 2027 жылға қарай күтілетін нәтижелер" деген бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нысаналы индикаторлар:

      1. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі – 5,8 % (2022 жылғы 3 тоқсан – 7,3 %);

      2. Ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгей – 4,2 % (2022 жылғы 4-тоқсан – 4,9 %).

      3. Ауылдық елді мекендердің сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілуі – 100 % (2022 жылы – 94,5 %).

      4. Ауылдық жерлерде Интернет желісін пайдаланушылардың үлесі – 97 % (2022 жылы – 91,7 %).

      5. Жергілікті жолдардың (облыстық және аудандық маңызы бар) үлесін нормативтік жай-күйге дейін жеткізу – 95 % (2022 жылы – 86 %);

      6. Шекара маңындағы аудандардың халық саны – 4,0 млн адам (2022 жылы – 3,4 млн.).

      7. Шекара маңындағы аудандардың негізгі капиталына инвестициялардың өсуі – 80 % (2022 жыл – 27 %);

      8. Шекара маңындағы аудандарда тұрақты жұмыс орындарын құру – 54 мың адам (2022 жылы – 44,5 мың адам).

      Ауылдық аумақтардың орнықты дамуының белгіленген индикаторларына қол жеткізу жобалық басқару жүйесі шеңберінде жергілікті атқарушы органдар басшыларының дербес жауапкершілігін үнемі мониторингтеу және бекіту арқылы қамтамасыз етілетін болады.

      2027 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін нәтижелер:

      даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылдық елді мекеннің инфрақұрылымын жаңғырту (еліміздегі ауыл халқының 90 %);

      ауылдық аумақтарды қолдау мен дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүйелеу;

      күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 73,5 жас (2021 жылы – 70,8 жас).

      Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау объектісі, 183 мектеп және 100 спорт құрылысы іске қосылады.

      650 мәдениет объектісі салынып, жөнделеді.

      Шекара маңындағы аудандарда халықтың көші-қон ағыны азаяды, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі қамтамасыз етіледі, шекара маңындағы аумақтардың туристік әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасалады.

      Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар осы Тұжырымдамаға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.";

      Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында:

      11, 12 және 47-тармақтар алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы жаңа 4-бөліммен толықтырылсын:

      "4. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту

4.Шекара маңындағы аумақтарды дамыту

Нысаналы индикаторлар
Шекара маңындағы аудандардың тұрғындар саны 2027 жылға қарай – 4,0 млн адам (2023 жылы – 3,45 млн адам, 2024 жылы – 3,56 млн адам, 2025 жылы – 3,65 млн адам,
2026 жылы – 3,79 млн адам).
Шекара маңындағы аумақтардың негізгі капиталына инвестициялардың ұлғаюы 2027 жылға қарай – 80 % (2023 жылы – 37 %, 2024 жылы – 48 %, 2025 жылы – 59 %,
2026 жылы – 70 %).

50.

Шекара маңындағы аудандарда әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым салу, реконструкциялау және жөндеу, сондай-ақ тұрғын үймен және жер учаскелерімен қамтамасыз ету

пайдалануға беру актілері,
ҰЭМ-ге есеп

2023 –2027 жылдардағы желтоқсан

облыстардың әкімдіктері, ИИДМ

51.

Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу

пайдалануға беру актілері,
ҰЭМ-ге есеп

2023 – 2027 жылдардағы желтоқсан

ИИДМ, шекара маңындағы облыстардың әкімдіктері

52.

Шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарына бизнес бастамаларды, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды қолдауға гранттар беру

ҰЭМ-ге есеп

2023 – 2027 жылдардағы желтоқсан

ҰЭМ, "Атамекен" ҚР ҰКП
(келісу бойынша), шекара маңындағы облыстардың әкімдіктері

53.

Туризмді және трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі шаралар кешенін қабылдау

Жол картасы

2023 жылғы
тамыз

МСМ, ҰЭМ, шекара маңындағы облыстардың әкімдіктері

54.

Шалғай орналасқан шекара маңындағы ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы және төтенше табиғи-климаттық жағдайы бар шалғай орналасқан шекара маңындағы аудандардың тұрғындары үшін арнайы еңбек өтілін есептеу нормаларын енгізу мәселесін әзірлеу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне есеп

2023 жылғы тамыз

Еңбекмині, ҰЭМ, Қаржымині, облыстардың әкімдіктері
 

55.

Шекара маңындағы елді мекендерде сапалы Интернет пен ұялы байланысты қамтамасыз ету

пайдалануға беру актілері

2023 – 2027 жылдардағы желтоқсан

ЦДИАӨМ, облыстардың әкімдіктері

56.

Өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту және жайластыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру

пайдалануға беру актілері,
ҰЭМ-ге есеп

2023 – 2027 жылдардағы желтоқсан

облыстардың әкімдіктері

57.

Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Өзбекстан және Қазақстан-Түрікменстан шекараларында автомобиль өткізу пункттерінде жаңғырту мен техникалық жарақтандыруды жүргізу

ҰЭМ-ге есеп

2024 – 2027 жылдардағы ақпан
 

Қаржымині, ИИДМ, ҰҚК ШҚ (келісу бойынша), Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері

58.

Бюджет қаражатын бөлу кезінде шекара маңындағы елді мекендер үшін тіркелген квоталарды белгілеу және шекара маңындағы аудандарда даму институттары мен қаржы институттарының қатысуын кеңейту мәселесін пысықтау

ҰЭМ-ге есеп

2023 – 2027 жылдардағы желтоқсан

ҰЭМ, "Атамекен" ҚР ҰКП  (келісу бойынша), шекара маңындағы облыстардың әкімдіктері

59.

Қандастарды қоныстандыру өңірлерінің тізбесін қайта қарау ұсынысымен тұрғындарды жұмыс күші көп өңірлерден шекара маңындағы елді мекендерге көшіру мәселесін пысықтау

Қазақстан Республикасының Үкіметіне есеп
 

2023 жылғы тамыз

Еңбекмині, ҰЭМ, Қаржымині, облыстардың әкімдіктері
 

      ";

      "Ескертпе" мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

      ААТДҚ – Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры

      АҚДМ – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі

      "Атамекен" ҚР ҰКП – "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

      АШМ – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "Даму" КДҚ" АҚ – "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы

      Еңбекмині – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      ЖАО – жергілікті атқарушы органдар

      ИИДМ – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

      "Қазпошта" АҚ – "Қазпошта" акционерлік қоғамы

      Қаржымині – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

      МСМ – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі

      ОМ – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

      СИМ – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі

      ТЖМ – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі

      ҰҚК ШҚ – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі

      ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

      ЦДИАӨМ – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      ІІМ – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі

      "ЭЗИ" АҚ – "Экономикалық зерттеулер институты" акционерлік қоғамы".

      ЭМ – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі

      ЭТРМ – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады