Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 7 қарашадағы № 989 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназароваға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.09.2024 № 805 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 7 қарашадағы
№ 989 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында екі мемлекет арасындағы достық қатынастарға сүйене отырып,

      жалпыға бірдей танылған қағидаттар мен халықаралық құқықтың нормаларын, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,

      денсаулық сақтау және медицина ғылымы саласындағы дәстүрлі байланыстарды қолдау мен дамытуға ұмтылысты назарға ала отырып,

      екі Тарап мемлекеттерінің ұзақ мерзімді және тұрақты негізде өзара тиімділік пен тең құқықты ынтымақтастыққа мүдделілігін ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар осы Келісімде көзделген ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай бағыттарда жүзеге асырады:

      1) өзара мүдделілікті білдіретін бағыттар бойынша денсаулық сақтау саласында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу;

      2) ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасу, медициналық технологияларды беру;

      3) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер мәселелері бойынша білім беру және ғылыми ұйымдар арасында байланыс орнату және нығайту;

      4) денсаулық сақтау саласындағы медицина және фармацевтика жұмыскерлерін кәсіптік даярлау, қайта даярлау, және олардың біліктілігін арттыру;

      5) өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық ұйымдарда денсаулық сақтау мәселелері бойынша ұстанымдарды қажеттілігіне қарай үйлестіру;

      6) аурулардың профилактикасы мен оларды емдеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық;

      7) Тараптар мемлекеттері халқының денсаулығын сақтау саласындағы саясат пен стратегияларды, ұлттық бағдарламаларды әзірлеу кезінде алған сабақтарымен, озық тәжірибемен алмасу;

      8) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 20.11.2024 № 973 қаулысымен;

      9) медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл;

      10) денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер мен цифрлық технологияларды қолдану бөлігінде тәжірибе алмасу;

      11) фармацияны қоса алғанда, денсаулық сақтау саласында бірлескен жобалар құру, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту;

      12) Тараптардың уағдаластығы бойынша денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың басқа бағыттары.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 20.11.2024 № 973 қаулысымен.

2-бап

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық мынадай негізгі нысандарда жүзеге асырылады:

      денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-әдістемелік құжаттарды және медициналық көмек сапасын жақсарту бөлігінде бірлескен әзірлеме;

      денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-техникалық құжаттармен және ақпаратпен алмасу;

      зерттеу және оқыту мақсаттарында, консультациялар, тағылымдамалар өткізу және тәжірибе алмасу үшін ғылыми-педагогикалық жұмыскерлермен алмасу;

      бірлескен зерттеулер мен эксперименттік жұмыстарды жүргізу, зерттеулер мен тәжірибелердің нәтижелерімен, сараптамалық қорытындылармен алмасу;

      симпозиумдарды, конференцияларды, көрмелерді, оқыту курстарын ұйымдастыру және өткізу;

      бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру;

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарымен келісілген ынтымақтастықтың басқа нысандары.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар зияткерлік қызмет нәтижелерін құқықтық қорғауды және (немесе) зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ зияткерлік қызмет және (немесе) зияткерлік меншік нәтижелерін құқыққа қайшы пайдалануға жол бермеу жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.

      Осы Келісімді іске асыру барысында жасалатын және/немесе берілетін зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды бөлу, оларды құқықтық қорғау және пайдалану тәртібі, сондай-ақ осы Келісімді іске асыру барысында алынған, пайдаланылатын немесе берілетін зияткерлік меншікті қорғау және пайдалану тәртібі жекелеген екіжақты келісімдердің нысанасы болып табылады.

4-бап

      Тараптар ұлттық және ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары, білім беру ұйымдары, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласындағы басқа ұйымдары арасындағы тікелей байланыс пен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

      Көрсетілген ұйымдар арасындағы өзара қатынастар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес тиісті шарттар жасасу жолымен белгіленеді.

5-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар құзыретті органдарды тағайындайды:

      қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі;

      ресей Тарапынан – Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігі.

      Тараптар құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етеді.

6-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

      Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасындағы және Ресей Федерациясының заңнамасындағы осы Келісімнің орындалуына әсер етуі мүмкін өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етеді.

7-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Тараптар арасында осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану бойынша даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жүргізу жолымен шешетін болады.

9-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      202__ жылғы ___________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТІ АТЫНАН
РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢҮКІМЕТІ АТЫНАН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады