Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 1088 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлы Жақсылықовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 1088 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі

      екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты растай отырып,

      әскери саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын анықтамалардың мынадай мағынасы бар:

      1) жіберуші Тарап – осы Келісімді іске асыру мақсатында әскери қызметшілерді қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына жіберетін Тарап;

      2) қабылдаушы Тарап – осы Келісімді іске асыру мақсатында өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тараптың әскери қызметшілерін қабылдайтын Тарап.

2-бап

Ынтымақтастық салалары

      1. Осы Келісім шеңберінде Тараптар мынадай салаларда ынтымақтастықты жүзеге асырады:

      1) әскери білім және әскери қызметшілерді даярлау;

      2) әскери медицина;

      3) әскери ғылым;

      4) әскери саладағы мәдени және спорттық іс-шаралар;

      5) бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға байланысты мәселелер бойынша консультациялар;

      6) жауынгерлік даярлық;

      7) Тараптар өзара келіскен ынтымақтастықтың өзге де салалары.

      2. Ынтымақтастықтың нақты салаларын іске асыру үшін Тараптар жекелеген халықаралық шарттар жасасуы мүмкін.

3-бап

Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар мынадай нысандарда:

      1) Тараптардың уәкілетті органдары басшыларының ресми сапарлары;

      2) ынтымақтастық салалары бойынша жұмыс кездесулері мен консультациялар;

      3) ынтымақтастық салалары бойынша тәжірибе алмасу және консультациялар;

      4) оқу жобаларына, тағылымдамаларға және біліктілікті арттыру курстарына қатысу;

      5) Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын шарттар немесе келісімшарттар негізінде білім беру мекемелерінде Тараптардың әскери қызметшілерін тілдік даярлау;

      6) әскери қызметшілерді даярлау;

      7) бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу;

      8) әскери-спорттық іс-шаралар;

      9) Тараптар өзара келіскен ынтымақтастықтың өзге де нысандарында ынтымақтастықты жүзеге асырады.

4-бап

Уәкілетті органдар

      Мыналар:

      Қазақстан Республикасының Үкіметінен – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Қатар Мемлекетінің Үкіметінен – Қатар Мемлекетінің Қорғаныс министрлігі осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар болып табылады.

      Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арна арқылы дереу хабардар етеді.

5-бап

Әуе кеңістігін және әскери полигондарды пайдалану

      Жауынгерлік даярлық іс-шараларын жүргізу кезінде Тараптар өзара келісілген мерзімде Тараптар мемлекеттерінің әуе кеңістігін және әскери полигондарын бірлесіп пайдалана алады.

6-бап

Бірлескен жұмыс тобы

      Осы Келісім шеңберінде Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісім шеңберінде қызметті айқындауға, ұйымдастыруға және үйлестіруге өкілеттік берілген өкілдерінен тұратын бірлескен жұмыс тобын құрады.

      Бірлескен жұмыс тобы қажеттілігіне қарай Тараптардың уәкілетті органдарының келісуі бойынша Тарап мемлекеттерінің аумағында кезекпен отырыс өткізеді.

7-бап

Қаржы мәселелері

      Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығысты, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

8-бап

Тілдік даярлау

      Тараптар арасындағы келісім бойынша әскери қызметшілерді тілдік даярлау:

      1) оқытуды;

      2) тұруды және тамақтануды;

      3) тасымалдауды;

      4) қабылдаушы Тараптың әскери-медициналық мекемелерінде алғашқы медициналық көмек пен кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді қамтиды.

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, тілдік даярлауға байланысты шығысты жіберуші Тарап көтереді.

9-бап

Ақпаратты қорғау

      Әрбір Тарап екінші Тараптан алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етеді және оны берген Тараптың жазбаша келісімінсіз кез келген үшінші тарапқа беруге жол бермейді.

      Тараптардың құпия ақпаратты қорғау және оны жария етпеу бойынша жауапкершілігі, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Келісімнің қолданыс мерзімі аяқталғаннан кейін сақталады.

      Тараптардың бірі әскери ынтымақтастық барысында алған ақпаратты екінші Тараптың мүддесіне нұқсан келтіріп пайдалануға болмайды.

10-бап

Кедендік рәсім

      Тараптар бірлескен қызметті, жобаларды жүргізу, сондай-ақ жауынгерлік даярлық іс-шараларына қатысу шеңберіндегі қажетті рұқсат ету құжаттарын алуға жәрдем көрсетеді.

      Тараптардың жабдығы мен мүлкін осы Келісім шеңберінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелген (аумағынан әкеткен) кезде олар баждан, төлемнен, алымнан және салықтан босатылады.

11-бап

Заң мәселелері

      Жіберуші Тараптың әскери қызметшілері қабылдаушы Тарап мемлекетінің әдет-ғұрпын, дәстүрін құрметтеуге және заңнамасын сақтауға міндетті.

      Әскери қызметшілері осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын қызмет кезінде немесе онымен байланысты залал келтірген Тарап қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес келтірілген залал үшін шығысты көтереді.

12-бап

Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе іске асыруға байланысты кез келген дау Тараптар арасында келіссөз мен консультация арқылы шешіледі және ұлттық немесе халықаралық трибуналдың немесе кез келген басқа да органның немесе үшінші тараптың қарауына берілмейді.

13-бап

Түзетулер

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және олар осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.

14-бап

Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтатылуы

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арна арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде-бірі ағымдағы бес жылдық кезең аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей дипломатиялық арна арқылы екінші Тарапты өзінің оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабардар етпесе, келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.

      3. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданылу барысында басталған іс-шараларды олар аяқталғанға дейін орындауға ықпал етпейді.

      20__ жылғы "_" ______ _______ қаласында әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей.

      Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қатар МемлекетініңҮкіметі үшін



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады