"Азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1357 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 наурыздағы № 214 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1357 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 31) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану тәртібін айқындайды.";

      2-тармақтың 4), 5) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) қосалқы басқару пункті (қалалық, қала сыртындағы) – соғыс жағдайы кезеңінде немесе соғыс уақытында азаматтық қорғаудың басқару органының пайдалануы үшін арнайы жабдықталған, байланыс құралдарымен және арналарымен жарақтандырылған құрылысжай, стационарлық басқару пункті;

      5) көмекші басқару пункті – күштер мен құралдарды азаматтық қорғаныстың басқару пункттерінен басқару қиындағанда немесе мүмкін болмағанда соғыс жағдайы кезеңінде немесе соғыс уақытында құрылатын арнайы жабдықталған құрылысжай, қосалқы басқару пункті;

      6) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысжайы – халықты қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен қорғау үшін арнайы жабдықталған және соған арналған инженерлік құрылысжай;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган, орталық атқарушы органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар азаматтық қорғау күштері мен құралдарын жедел басқару үшін қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз етеді.

      Қосалқы басқару пункттерінде орналастырылатын азаматтық қорғаудың басқару органдарының құрамы мен санын ықтимал жағдайға байланысты тиісті азаматтық қорғаныс бастықтары айқындайды.";

      3-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-1. Орталық атқарушы органдарды салалық белгісі бойынша бір қосалқы (қалалық, қала сыртындағы) басқару пунктінде бірге орналастыруға жол беріледі.

      Қосалқы басқару пункттерінің негізгі элементі басқару орталығы бар жедел зал, басшылыққа, жедел құрамға, жедел-кезекші қызмет және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшелеріне арналған үй-жайлар болып табылады.

      Қосалқы басқару пункттерінің құрамына қорғалған және қорғалмаған байланыс тораптары, қабылдаушы-таратушы орталық, орталықтандырылған құлақтандыру аппаратурасына арналған үй-жайлар, радио хабарларын тарату және спутниктік байланыс құралдары, ақпаратты қабылдау және тарату пункттері де кіреді.

      Жедел зал техникалық байланыс құралдарымен, жағдайды бейнелеу құралдарымен (оның ішінде бейнеқабырғалар), ұйымдастыру техникасымен және жұмыс құжаттамасымен жарақтандырылады.";

      3-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-2. Жылжымалы басқару пункттері республикалық азаматтық қорғау қызметтерін қамтамасыз етуге және олардың жұмыс істеуіне жауапты орталық атқарушы органдарда, облыстардың жергілікті атқарушы органдарында, сондай-ақ азаматтық қорғаныс бойынша топтарға жатқызылған қалаларда құрылады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Азаматтық қорғаныс объектілері Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен қағидаларының талаптарын, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жобалау бойынша ұсынымдарын ескере отырып құрылады.

      Азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдардың ең көп жұмыс істейтін ауысымын қорғау, сондай-ақ одан әрі эвакуациялануы хал-жағдайын нашарлатуы немесе өміріне қауіп төндіретін асқыну туғызуы мүмкін тасымалдауға болмайтын науқастарды, сондай-ақ медициналық ұйымдардың медициналық және қызмет көрсетуші персоналын қорғау үшін паналайтын жерлер, радиацияға қарсы жасырын паналар, азаматтық қорғаныстың мобильді қорғаныш құрылысжайлары құрылады.

      Ең көп жұмыс ауысымы жұмылдыру тапсырмаларын (тапсырыстарын) орындауға және соғыс жағдайы кезеңінде немесе соғыс уақытында өз қызметін жалғастыратын ұйымның азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз етуге арналған.

      Соғыс жағдайы кезеңінде немесе соғыс уақытында халықты қарапайым зақымдаушы құралдардың, соның ішінде зымырандық, авиациялық және атыс қаруының зақымдаушы факторларынан қорғау үшін ең қарапайым жасырын паналар қолданылады.

      Ең қарапайым жасырын паналарға құрылысжайлардың жерасты кеңістігі (жертөле, іргеқабат үй-жайы, жерасты паркингі, жерасты өткелі, метрополитен) және халықты паналатуға пайдаланылатын, жерге тереңдете орнатылған басқа да үй-жайлар жатады.";

      5-тармақтың 3) тармақшасындағы "пайдалану арқылы жүзеге асырылады." деген сөздер "пайдалану;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) азаматтық қорғаныстың мобильді қорғаныш құрылыстарын сатып алу арқылы жүзеге асырылады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Азаматтық қорғаныс бойынша топтарға жатқызылған қалаларда жасырын паналар немесе азаматтық қорғаныстың мобильді қорғаныш құрылыстары құрылады.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Жасырын паналарда негізгі және көмекші үй-жайлар көзделеді.

      Негізгі үй-жайларға: паналаушыларға арналған үй-жайлар, басқару пункті, медициналық пункт, ал медициналық ұйымдардың жасырын паналарында операциялық-таңу, операция алды зарарсыздандыру үй-жайы да жатады.

      Көмекші үй-жайларға: сүзгілік-желдету бөлмесі, санитариялық торап, қорғалған дизельді электр станциясы, электрқалқан, азық-түлік сақтауға арналған үй-жай, айдау станциясы, баллон бөлмесі, тамбур-шлюз, тамбур жатады.";

      мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:

      "7-1. Радиацияға қарсы жасырын панада паналаушыларды (негізгі), санитариялық торапты, желдету бөлмесін орналастыруға және ластанған сыртқы киімді сақтауға арналған үй-жайлар (қосалқы) көзделеді.";

      мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылсын:

      "14-1. Жүріп өту мүмкіндігі жоғары автомобильдер базасындағы жылжымалы басқару пункттері 1034-2021 "Азаматтық қорғаудың жылжымалы басқару пункті" Қазақстан Республикасы Ұлттық әскери стандартының талаптарын ескере отырып құрылады.";

      19-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын;

      26-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысжайы (паналайтын жер, радиацияға қарсы жасырын пана, азаматтық қорғаныстың мобильді қорғаныш құрылысы) паспортының;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) жылжымайтын мүлік объектісі кадастрлық паспортының;";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысжайларының үй-жайларының көрнектi жерлерінде жеке қорғану құралдарын пайдалану қағидалары, кiретiн және шығатын жерлерді, дизельдi электр станциясы мен сүзгiлік-желдеткiш үй-жайларды, санитариялық тораптардың, су тарату пункттерінің, санитариялық бекеттердің орналасқан орындарын нұсқағыштар iлiнедi. Өртке қарсы құралдар орнатылған жерлерге белгi қойылып, жарықтандырылады.";

      мынадай мазмұндағы 45-1-тармақпен толықтырылсын:

      "45-1. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысжайларында паналаушылардың үздіксіз болу ұзақтығы 48 сағатты құрайды.";

      51-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) құрылыс ауданындағы радиациялық, химиялық және биологиялық жағдай нақтыланған соң;".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады