"Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 наурыздағы № 220 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына, 645-бабы 9-тармағының 3) тармақшасына және 654-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттары айқындалсын.";

      көрсетілген қаулы осы қаулыға қосымшаға сәйкес қосымшамен толықтырылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 20 наурыздағы
№ 220 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 17 қарашадағы
№ 911 қаулысына
қосымша

Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттары

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздардың (инвестициялық пай қорларының пайларын және борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда) сауда-саттығын жүзеге асырған кезде бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер бойынша мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:

      1) бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер көлемі күнтізбелік айда кемінде 25 (жиырма бес) миллион теңгені құрайды;

      2) бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер саны күнтізбелік айда кемінде 50 (елу) мәмілені құрайды.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда инвестициялық пай қорлары пайларының сауда-саттығын жүзеге асырған кезде бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер бойынша мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:

      1) инвестициялық пай қорларының пайларымен жасалатын мәмілелер көлемі күнтізбелік айда кемінде 20 (жиырма) миллион теңгені құрайды;

      2) инвестициялық пай қорларының пайларымен жасалатын мәмілелер саны күнтізбелік айда кемінде 10 (он) мәмілені құрайды.

      3. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 645-бабы 9-тармағының 3) тармақшасын және 654-бабының 3) тармақшасын қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бір шығарылым шегінде борыштық бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асырған кезде ашық сауда-саттық әдісімен орналастырылған және осы шығарылым айналысындағы борыштық бағалы қағаздардың көлемі бойынша кемінде 1 (бір) миллиард теңгені құрайтын өлшемшарт сақталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады