Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2023 ж.бастап қолданысқа енгізіледі

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына, 645-бабы 9-тармағының 3) тармақшасына және 654-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.03.2024 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттары айқындалсын.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.03.2024 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Қазақстан қор биржасы" (келісу бойынша) және "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы" (келісу бойынша) акционерлік қоғамдары ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-і күнінен кешіктірмей, өздерінің интернет-ресурстарында осы қаулының 1-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін бағалы қағаздар туралы ақпаратты орналастырып тұрсын. Осы қаулыға қосымшаның 1-тармағының 3) тармақшасында айқындалған өлшемшарт бойынша ақпарат бағалы қағаздар эмитентінен алынған деректер негізінде жарияланады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.12.2024 № 1096 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 17 қарашадағы
№ 911 қаулысына
қосымша

Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттары

      Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 20.03.2024 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Бағалы қағаздардың (инвестициялық пай қорларының пайларын және борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда) сауда-саттығын жүзеге асырған кезде мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздармен орындалған мәміле көлемі күнтізбелік айда кемінде 25 (жиырма бес) миллион теңгені құрайды;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздармен орындалған мәміле саны күнтізбелік айда кемінде 50 (елу) мәмілені құрайды;

      3) бағалы қағаздарды IPO (Initial Public Offering) не SPO (Secondary Public Offering) өткізу жолымен орналастыру немесе еркін айналыстағы бағалы қағаз саны эмитент сатып алғанын шегергенде орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санының кемінде 10 (он) пайызын құрайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.12.2024 № 1096 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда инвестициялық пай қорлары пайларының сауда-саттығын жүзеге асырған кезде бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер бойынша мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:

      1) инвестициялық пай қорларының пайларымен жасалатын мәмілелер көлемі күнтізбелік айда кемінде 20 (жиырма) миллион теңгені құрайды;

      2) инвестициялық пай қорларының пайларымен жасалатын мәмілелер саны күнтізбелік айда кемінде 10 (он) мәмілені құрайды.

      3. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 645-бабы 9-тармағының 3) тармақшасын және 654-бабының 3) тармақшасын қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бір шығарылым шегінде борыштық бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асырған кезде ашық сауда-саттық әдісімен орналастырылған және осы шығарылым айналысындағы борыштық бағалы қағаздардың көлемі бойынша кемінде 1 (бір) миллиард теңгені құрайтын өлшемшарт сақталады.

      Ескертпе: осы өлшемшарттардың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген еркін айналыстағы бағалы қағаз санын есептеу кезінде эмитент сатып алғанын шегергенде орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санынан:

      мемлекеттің;

      эмитенттің лауазымды адамдары мен олардың жақын туыстарының;

      эмитенттің лауазымды адамдары мен олардың жақын туыстары ірі акционерлер болып табылатын немесе мүлікте тиісті үлесі бар және (немесе) лауазымды адамдар болып табылатын заңды тұлғалардың;

      эмитенттің ірі акционерлері мен олардың жақын туыстары ірі акционерлер болып табылатын немесе мүлікте тиісті үлесі бар және (немесе) лауазымды адамдар болып табылатын заңды тұлғалардың;

      эмитенттің еншілес ұйымдарының және эмитенттің ірі акционерінің еншілес ұйымдарының;

      әрқайсысына осы бағалы қағаздар эмитент сатып алғанын шегергенде осы эмитенттің орналастырылған бағалы қағаздарының жалпы санының 10 (он) және одан көп пайызын құрайтын көлемде тиесілі тұлғалардың меншігіндегі бағалы қағаздар алып тасталады.

      Ескерту. Өлшемшарттар ескертпемен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 21.12.2024 № 1096 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады