"Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 518 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларында және олардың мөлшерлерінде:

      16-тармақтың екінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "әкімшісі ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті орган болып табылатын тиісті бюджеттік бағдарламалардың қаражаты шеңберінде;";

      17, 18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Мемлекеттік стипендияларды төлеу айдың 10-шы күніндегі жағдай бойынша оператор алушылардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін толық ай үшін бөлшектемей жүзеге асырылады, бұл бірінші курстың бірінші семестрінде оқитын білім алушыларға қолданылмайды, олардың сәйкестігін тексеру қыркүйекте 30 қыркүйектегі жағдай бойынша, ал келесі айларда осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген фактілерді анықтау үшін айдың 10-шы күніндегі жағдай бойынша жүргізіледі.

      18. Мемлекеттік стипендияларды төлеу шеңберінде оператордың жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылы "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары "Жоғары білімнің бірыңғай платформасы" ақпараттық жүйесі арқылы ағымдағы айдың 12-ші күнінен кешіктірмей операторға өздерінде оқып жатқан алушылар туралы, олардың аралық аттестаттау нәтижелері (емтихан сессиясы), осы Қағидаларға сәйкес алушылардың санаттары, сондай-ақ алушылардың таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банкте не Ұлттық пошта операторында ашылған олардың ағымдағы шоттарының деректемелері туралы дұрыс деректерді ұсынады. Егер 12-ші күн жұмыс істемейтін күнге келетін болса, одан кейінгі ең жақын жұмыс күні мерзім аяқталатын күн болып есептеледі.

      Оператор жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ұсынған мәліметтерді қарайды және қаржыландыруға өтінімдерді ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға, тиісті саланың өзге де уәкілетті органдарына мәліметтерді алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.

      Ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті орган, тиісті саланың өзге де уәкілетті органдары алушылардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін оператордан қаржыландыруға өтінімдерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік стипендия төлеу үшін операторға қаражат аударуды жүзеге асырады.

      19. Мына:

      1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары операторға ұсынған мәліметтерде алушылардың деректемелері дұрыс көрсетілмегендіктен, аударылған мемлекеттік стипендия сомалары екінші деңгейдегі банктерден қайтарылған (бұл жағдайда мемлекеттік стипендияны алушылардың есебіне жатқызу екінші деңгейдегі банктер төлемді жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ұсынған алушылардың ағымдағы шоттарының дұрыс деректемелерін ескере отырып толық өткізгенге дейін жүргізіледі);

      2) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары операторға алушылардың деректері дұрыс толтырылмаған мәліметтерді ұсынған (бұл жағдайда мемлекеттік стипендияны алушылардың есебіне жатқызу жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мәліметтерді түзеткеннен кейін және ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органнан, тиісті саладағы өзге де уәкілетті органдардан операторға мемлекеттік стипендия төлеу үшін қаражат түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі);

      3) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мәліметтерді операторға техникалық себептер бойынша осы Қағидалардың 18-тармағында көзделген мерзімнен кешіктіріп ұсынған (бұл жағдайда мемлекеттік стипендияны алушылардың есебіне жатқызу ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органнан, тиісті саладағы өзге де уәкілетті органдардан операторға мемлекеттік стипендия төлеу үшін қаражат түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі) жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік стипендия төлеу оның сомасын алушылардың таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банкте не Ұлттық пошта операторында ашылған алушылардың ағымдағы шоттарына ағымдағы айдың соңына дейін аудару жолымен жүзеге асырылады.

      Алушыларға мемлекеттік стипендия аударуға негіз болған мәліметтерді жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түзетуі себебінен оператордың тиісті ағымдағы шотында мемлекеттік стипендиялардың артық сомасы қалыптасқан жағдайда ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті орган, тиісті саладағы өзге де уәкілетті органдар мемлекеттік стипендия төлеу үшін аударған қаражатты қайтаруды оператор:

      1) қаржы жылы ішінде – ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органның, тиісті саладағы өзге де уәкілетті органның ағымдағы шотына;

      2) қаржы жылының қорытындысы бойынша – республикалық бюджеттің кірісіне жүргізеді.";

      мынадай мазмұндағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:

      "19-1. "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" ақпараттық жүйесіндегі алушылар жөніндегі деректердің анықтығын және дұрыстығын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы қамтамасыз етеді. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының дұрыс емес мәліметтер ұсынуына байланысты мемлекеттік стипендия алушылардың есебіне қате жатқызылған жағдайда жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы қате есепке жатқызылған мемлекеттік стипендия сомаларын алушылардың операторға қайтаруын қамтамасыз етеді.

      "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" ақпараттық жүйесінің іркіліссіз жұмыс істеуін және ондағы алушылар жөніндегі деректердің сақталуын ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті орган қамтамасыз етеді.

      Операторға мемлекеттік стипендия төлеу үшін қаражаттың уақтылы аударылуын ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті орган, тиісті саладағы өзге де уәкілетті органдар қамтамасыз етеді.

      Алушылардың ағымдағы шоттарына мемлекеттік стипендия сомаларының уақтылы аударылуын және мемлекеттік стипендия төлеу бойынша есеп-қисаптарды жүзеге асыруды оператор қамтамасыз етеді.";

      21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқып жүрген адамдарға мемлекеттік стипендия растайтын құжаттар тапсырылған күннен бастап және емтихан сессиясының нәтижелері бойынша академиялық берешегі болмаса, ұлғайту ескеріле отырып төленеді.

      22. Мемлекеттік стипендияға ұсынылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидент-дәрігерлерге, докторанттарға мемлекеттік стипендия жазғы каникул кезеңіне екі ай (шілде, тамыз) үшін жиынтықтап төленеді.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Медициналық қорытындының (дәрiгерлiк-консультациялық комиссияның қорытындысы) негізінде берілген академиялық демалыстарды қоспағанда, студенттер, интерндер, магистранттар, резидент-дәрігерлер, докторанттар академиялық демалыста болған кезеңде мемлекеттік стипендия төленбейді.

      Медициналық қорытындының (дәрiгерлiк-консультациялық комиссияның қорытындысы) негізінде академиялық демалыста жүрген студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидент-дәрігерлерге, докторанттарға, мемлекеттік стипендия осы Қағидалардың 32-тармағында көзделген мөлшерде белгіленеді.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендия осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мөлшерде белгіленеді.";

      27 және 28-тармақтар алып тасталсын.

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген адамдардың, сондай-ақ аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша тек "үздік" деген бағалары бар студенттер мен магистранттардың білім беру ұйымдарында оқу кезеңінде жоғарылатылған мемлекеттік стипендия алуға құқығы бар.

      Мемлекеттік стипендияның мөлшерлерін жоғарылату осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес белгіленеді.";

      көрсетілген Қағидалар осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес 1-қосымшамен толықтырылсын;

      көрсетілген Қағидаларға қосымша осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 28 маусымдағы
№ 518 қаулысына
1-қосымша
Мемлекеттік стипендияларды
тағайындау, төлеу қағидаларына
және олардың мөлшеріне
1-қосымша

Ай сайынғы мемлекеттік стипендияның мөлшері

Р/с

Алушылардың санаты

Мемлекеттік стипендияның мөлшері, айына (теңге)

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап

1

2

3

4

1

Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттер

43 574

43 574

2

Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттер

41 896

41 896

3

Даярлаудың педагогикалық бағыттары және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша оқитын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттер

47 135

52 372

4

Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттары және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша оқитын студенттер

75 600

84 000

5

Интерндер

85 376

94 862

6

Магистранттар, оның ішінде оқуға мемлекеттік органдар жібермеген Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Сот төрелігі академиясының магистранттары

107 061

117 098

7

Мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Сот төрелігі академиясының магистранттары
(оқуға түскен кезде соңғы жұмыс орнында белгіленген лауазымдық айлықақысы мөлшерінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендия мөлшерінен төмен емес)

-

-

8

"Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымында білім алатын магистранттар

200 000

218 750

9

Даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлер және магистранттар

123 122

134 664

10

Докторанттар, оның ішінде даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша докторанттар

240 000

262 500

11

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары (ай сайынғы мемлекеттік стипендия мөлшерінің сексен бес пайызы деңгейінде)

40 065

44 516

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 28 маусымдағы
№ 518 қаулысына
2-қосымша
  Мемлекеттік стипендияларды
  тағайындау, төлеу қағидаларына
  және олардың мөлшеріне
  2-қосымша

      Мемлекеттік стипендиялардың мөлшерлерін жоғарылату

Р/с №

Стипендиаттар тізбесі

Мемлекеттік стипендияның белгіленген мөлшеріне қатысты мөлшерлерді пайызбен жоғарылату

1

2

3

1

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға және есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға

75

2

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген студенттерге, магистранттарға және интерндерге

50

3

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қамқорлығындағы (қорғаншылығындағы) балалар қатарындағы студенттерге, магистранттарға және интерндерге

30

4

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын, емтихан сессиясының нәтижелері бойынша тек "үздік" деген бағалары бар студенттерге, магистранттарға

15

      ____________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады