"Climate Action Company Limited" акционерлік қоғамының үлесін сыйға тарту шарты бойынша жеке меншіктен республикалық меншікке қабылдау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 520 қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына және 169-бабының 5-тармағына, "Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "ESG ұлттық тұрақты дамыту одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің "Climate Action Company Limited" жеке компаниясының (бұдан әрі – жеке компания) 100 (бір жүз) пайыз акциялар пакетін сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулының 1-тармағынан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын;

      2) жеке компанияның мемлекеттік акциялар пакетіне иелік ету және оларды пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігіне беруді қамтамасыз етсін.

      3. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар бекітілсін.

      4. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 28 маусымдағы
№ 520 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-215-жолмен толықтырылсын:

      "21-215. "Climate Action Company Limited" жеке компаниясы.".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 401-3-жолмен толықтырылсын:

      "401-3. "Climate Action Company Limited" жеке компаниясы.".

      3. "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 479 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі туралы ережеде:

      Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      "1. Министрлік" деген бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Министрлік:

      1. "Жасыл даму" акционерлік қоғамы.

      2. "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

      3. "Қазгидромет" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

      4. "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

      5. "Climate Action Company Limited" жеке компаниясы.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады