Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 94-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру қағидалары (бұдан әрі – Кепілдік беру қағидалары) бекітілсін.
2. Осы қаулы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Кепілдік беру қағидаларының 3-тармағының 3) тармақшасын және 3-тарауының 2-параграфын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 2 шілдедегі № 528 қаулысымен бекітілген |
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша кепілдік беру қағидалары (бұдан әрі – Кепілдік беру қағидалары) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, "Қазақстанның Даму Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және инвестициялық жобалар (оның ішінде синдикатталған қаржыландыру және қоса қаржыландыру шеңберінде) мен экспорттық операцияларды қаржыландыру кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру тәртібін айқындайды.
Кепілдік беру қағидалары кредитті қайтару, есептелген сыйақыны төлеу және екінші деңгейдегі банкпен жасалған кредиттік шарт бойынша басқа да төлемдерді төлеу бойынша өзіне міндеттеме қабылдаған, сондай-ақ "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамының кепілдігін алған заңды тұлғаларға (бұдан әрі – кәсіпкерлік субъектісі) қолданылады.
2. Осы Кепілдік беру қағидаларында мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы шот – "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамында (бұдан әрі – Даму банкі) республикалық бюджет қаражатын есепке жатқызу және кәсіпкерлік субъектісіне тәуекелдер үшін комиссияны субсидиялай отырып кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеу мақсаттарына пайдалану үшін ашылған шот;
2) банктік кепілдік беру туралы шарт – Даму банкі, екінші деңгейдегі банк (бұдан әрі – банк) пен кәсіпкерлік субъектісі арасында Даму банкінің шешімімен бекітілген және оның ресми сайтында орналастырылған нысан бойынша кепілдік беру туралы жасалатын үшжақты жазбаша келісім;
3) банкаралық кредит беру шарты – банкке жеңілдікті қорландыруды ұсынған кездегі Даму банкі мен банк арасындағы құқықтық қатынастарды белгілейтін келісім;
4) мәміле бойынша кепілгер – банктің кредиттік шарты, Даму банкінің банктік кепілдігін беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету ретінде кепілдік берген немесе беруді жоспарлайтын жеке немесе заңды тұлға;
5) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі;
6) экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуші (бұдан әрі – ЭҚЖЖ) – экономикалық қызмет түрлерін жіктеу және кодтау тәртібін белгілейтін ұлттық жіктеуіш.
3. Осы Кепілдік беру қағидалары кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша кепілдік берудің мынадай тетіктерін регламенттейді:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша Даму банкінің нарықтық шарттармен кепілдік беру тетігі.
Осы тетік шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша кепілдік беру Даму банкінің кредиттік саясаты туралы меморандумға (бұдан әрі – Меморандум) сәйкес жүзеге асырылады.
Меморандумдағы осы тетік шеңберінде көзделген кепілдіктің ең төмен мөлшері туралы талап бір инвестициялық жобада кепілдік берудің екі немесе одан да көп тетіктері бір мезгілде пайдаланылған жағдайда қолданылмайды;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша Даму банкінің тәуекелдер үшін комиссияны субсидиялай отырып кепілдік беру тетігі;
3) кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша Даму банкінің банкке жеңілдікті қорландыруды ұсына отырып кепілдік беру тетігі.
Ескерту. 3) тармақша 01.01.2025 дейін қолданылады – осы қаулының 2-тармағымен.
4. Осы Кепілдік беру қағидаларында көзделген барлық тетіктерді бір мезгілде қолдануға рұқсат етіледі. Бұл ретте осы Кепілдік беру қағидаларының 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген тетіктер бойынша кәсіпкерлік субъектісіне және онымен үлестес (байланысты) тұлғаларға берілген кепілдіктердің жалпы сомасы 35 (отыз бес) миллиард теңгеден аспауға тиіс.
2-тарау. Кәсіпкерлік субъектілеріне кепілдік беру шарттары мен тәртібі
1-параграф. Кепілдік беру шарттары
5. Кепілдік беру кәсіпкерлік субъектілерінің мынадай мақсаттарға бағытталған кредиттері бойынша жүзеге асырылады:
1) кредиттерге немесе лизинг шарттарына қызмет көрсету бойынша ағымдағы төлемдерді және инвестициялық жобаны іске асырумен байланысы жоқ өзге мақсаттарға арналған төлемдерді төлеу бойынша есеп айырысуларды және жүргізуді қоспағанда, өндірістердің жаңаларын құруға, қолданыстағыларын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға бағытталған инвестиция, бұған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістер де кіреді. Бұл ретте инвестициялық жобадағы айналым қаражатының мөлшері кредиттік шарт сомасының 40 (қырық) %-ынан аспайды;
2) осы Кепілдік беру қағидаларының 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген тетік бойынша кепілдік беруді қоспағанда, экспорттық операция шеңберінде айналым қаражатын жаңартылатын негізде толықтыру.
6. Инвестициялық жоба және (немесе) экспорттық операция бойынша:
1) шектеулер болмаса, осы Кепілдік беру қағидаларында көзделмеген өзге мемлекеттік қаржылай қолдау шараларын алатын кәсіпкерлік субъектілерінің;
2) банк мақұлдаған не олар бойынша кредиттік шарттар жасалып, олардың жасалғанына ерте дегенде Даму банкіне жазбаша өтініш берілген күнге дейін алты ай болған;
3) олар бойынша ерте дегенде 2024 жылғы 1 қаңтарда Даму банкінің кепілдіктері мақұлданған, шығарылған (бұл ретте осы кепілдіктер бойынша тәуекелдер үшін комиссия банктік кепілдік беру туралы шартқа жасалған қосымша келісімдер негізінде есептеледі);
4) кепілдік беру үшін Даму банкіне жазбаша өтініш берілген күнге дейін банк бергеніне 1 (бір) жылдан асқан, жобаның алдыңғы кезегі бойынша (бұдан әрі – жобаның алдыңғы кезегі) кәсіпкерлік субъектісінің қолданыстағы өндірісті кеңейтуге, жаңартуға арналған жаңа инвестициялық жобаны іске асыруы шартымен осы Кепілдік беру қағидаларының 7-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келетін инвестициялық жобаны іске асыруға бағытталған;
5) сыйақы мөлшерлемесі мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары шеңберінде субсидияланатын кредиттері де кепілдендіруге жатады.
7. Инвестициялық жоба және (немесе) экспорттық операция іріктеудің негізгі өлшемшарттарына сәйкес келуге тиіс:
1) рентабельділік;
2) аяқталуы (инвестициялық жобалар үшін);
3) кәсіпкерлік субъектісінің инвестициялық жобаның жалпы құнының кемінде 20 % (жиырма) пайызы мөлшерінде өз қаражатымен қатысуын қамтамасыз ету;
4) экологиялық талаптардың сақталуы;
5) Даму банкінің кепілдігі бойынша қамтамасыз етудің болуы;
6) кәсіпкерлік субъектісіне қойылатын талаптардың орындалуы (кредит қабілеттілігі, төлем қабілеттілігі, қаржылық тұрақтылық);
7) инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде пайдалануға беру актісін алған күннен басталатын кезеңге көзделгендей (бұдан әрі – инвестициялық жобаны пайдалану фазасы) немесе экспорттық операцияны іске асыру барысында өндірістік персоналдың орташа жалақысын Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамында белгіленген бір жұмыскердің орташа айлық жалақысының өсімі көрсеткішінен төмен болмайтын деңгейге жоспарлы түрде жыл сайын көтеру;
8) инвестициялық жобаны пайдалану фазасында көзделген ақшалай мәнде өткізілетін өнім көлемін жыл сайын жоспарлы ұлғайту.
8. Даму банкі шығаратын кепілдік толық көлемде қамтамасыз етілуге тиіс.
Қамтамасыз етуді толық емес көлемде, бірақ банктік кепілдік беру туралы шарт сомасының кемінде 50 (елу) %-ы мөлшерінде қабылдау инвестициялық жоба мынадай төрт өлшемшарттың екеуіне сәйкес келген кезде жүзеге асырылады:
1) кәсіпкерлік субъектісінің өзінің қатысу мөлшері инвестициялық жоба сметасы сомасының кемінде 30 (отыз) %-ын құрайды;
2) инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде халықаралық нарықта тәжірибесі бар мердігермен не кәсіпкерлік субъектісінің білікті (ұқсас инвестициялық жобаларды іске асыру тәжірибесі бар) жобалау командасымен объектіні жобалауға, сатып алуға, салуға және оны пайдалануға беруге келісімшарттың болуы және Даму банкінің қарыз қаражатының есебінен қаржыландырылатын шарттарға қойылатын Даму банкінің барлық талаптарының орындалуы;
3) Даму банкінің ұсынымдарына сәйкес келетін офтейк келісімшарттың болуы;
4) мәміле бойынша кепілгердің "Standard & Poor 's" рейтингтік агенттігінің шәкіліне сәйкес Даму банкі өлшеген "B+" кем болмайтын кредиттік рейтингі не "Fitch" немесе "Moody's" рейтингтік агенттігінің шәкілі бойынша сыртқы рейтингтің ұқсас деңгейі бар.
9. Даму банкі қабылдайтын қамтамасыз ету түрлері және оған қойылатын талаптар:
1) мүліктің, оның ішінде болашақта түсетін мүліктің, күтілетін жүйелі ақшалай түсімдердің, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүліктің кепілі, тиісті мүлікке (мүліктік құқықтарға) талап ету құқығы, жарғылық капиталға қатысу үлесі;
2) мәміле бойынша кепілгерлердің жеке және корпоративтік кепілдіктері, оның ішінде кәсіпкерлік субъектісінің үлестес (байланысты) тұлғаларының кепілдіктері;
3) сақтандыру және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің басқа да тәсілдері.
Қамтамасыз ету ретінде қабылданған мүлікті Даму банкінің банктік кепілдігін беру туралы шарт қолданылатын мерзім ішінде кәсіпкерлік субъектісінің және (немесе) үшінші тұлғалардың басқа міндеттемелері бойынша қамтамасыз ету ретінде пайдалануға болмайды, ол үшінші тұлғалардың ауыртпалықтарынан, құқықтары мен талаптарынан (Даму банкімен жазбаша келісілген жағдайларды қоспағанда) бос болуға тиіс.
Өндірісі алдағы уақытқа жоспарланған тауарларды кепілді сатып алу бойынша тапсырыс беруші мен әлеуетті өнім беруші арасында жасалған офтейк келісімшарт кепілін қоспағанда, мемлекеттік мүлік, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың мүлкі қамтамасыз ету ретінде қабылданбайды.
Қамтамасыз ету құрылымындағы қолда бар тауарлық-материалдық құндылықтар, активтер мен болашақта түсетін талап ету құқықтары Даму банкінің талаптарын қажетті жабудың жалпы сомасында 70 (жетпіс) %-дан аспайды.
10. Осы Кепілдік беру қағидаларының 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген тетіктер бойынша Даму банкінің кепілдігі мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін жүйе түзуші ірі кәсіпорын болып табылатын кәсіпкерлік субъектісіне берілмейді:
өнім өткізуден (қызметтер көрсетуден) түсетін түсім соңғы екі жылда жыл сайын кемінде 50 (елу) миллиард теңгені құрады;
корпоративтік табыс салығы бойынша есептелген сома есептік соңғы екі кезеңде жыл сайын кемінде 3 (үш) миллиард теңгені құрайды.
11. Осы Кепілдік беру қағидалары шеңберінде алынған кредиттер бойынша кәсіпкерлік субъектісінің өнім берушілермен, мердігерлермен, өзге де контрагенттермен есеп айырысуы қолма-қол ақшасыз төлем нысанында жүзеге асырылады.
12. Мынадай салаларда іске асырылатын инвестициялық жобаларға және (немесе) экспорттық операцияларға кепілдік берілмейді:
қару-жарақ пен оқ-дәрі өндірісі (ЭҚТЖЖ 25.4);
спирттік сусындарды дистилляциялау, ректификациялау және араластыру (ЭҚТЖЖ 11.01);
жүзімнен шарап жасау (ЭҚТЖЖ 11.02);
сидр және басқа да жеміс шараптарының өндірісі (ЭҚТЖЖ 11.03);
ашытылған материалдан өзге де дистилляцияланбаған сусындар өндірісі (ЭҚТЖЖ 11.04);
сыра өндірісі (ЭҚТЖЖ 11.05);
уыт өндірісі (ЭҚТЖЖ 11.06);
темекі өнімдерінің өндірісі (ЭҚЖЖ 12);
тұрғын және тұрғын емес ғимараттар салу (ЭҚТЖЖ 41);
автомобильдер мен мотоциклдердің көтерме және бөлшек саудасы және оларды жөндеу (ЭҚЖЖ 45);
автомобильдер мен мотоциклдер саудасын қоспағанда, көтерме сауда (ЭҚТЖЖ 46);
автомобильдер мен мотоциклдер саудасынан басқа бөлшек сауда (ЭҚТЖЖ 47);
шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласындағы қызмет (ЭҚТЖЖ 90);
кітапханалардың, архивтердің, музейлердің қызметі және мәдениет саласындағы өзге де қызмет (ЭҚТЖЖ 91);
құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу жөніндегі қызмет (ЭҚТЖЖ 92);
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі және (немесе) Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша басым туристік аумақта салынатын көпфункционалды туристік кешендерді қоспағанда, спорт, демалысты және ойын-сауықты ұйымдастыру саласындағы қызмет (ЭҚТЖЖ 93).
Құрамында есірткі және психотроптық заттар бар тауарларды өндіруге бағытталған инвестициялық жобаларға және (немесе) экспорттық операцияларға да кепілдік берілмейді.
Инвестициялық жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп іске асыру кезінде осы халықаралық қаржы ұйымдары тыйым салған салаларға кепілдік берілмейді, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу кезеңіндегі инвестициялық жобаларға да кепілдік берілмейді.
13. Банк мына талаптарға сай болуға тиіс:
1) "Standard & Poor's" рейтингтік агенттігінің шәкілі бойынша "В-" төмен емес сыртқы рейтингтің не "Fitch" немесе "Moody's" рейтингтік агенттіктерінің шәкілі бойынша соған ұқсас рейтинг деңгейінің болуы (бірнеше агенттік берген рейтингтері болса, кезде талап әрбір рейтингке қолданылады);
2) жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейі (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректеріне сәйкес төлем мерзімінің өтіп кетуі тоқсан күннен асатын кредиттер) банктің кредиттік портфелінің 10 (он) %-ына тең шекті мәннен кем болуға тиіс.
14. Кепілдік беру кезіндегі тәуекелдер үшін комиссия мөлшері Даму банкінің операциялық шығыстарына тең, ол кепілдік құралын ұсыну шеңберінде Даму банкі қабылдайтын тіркелген шығыстар мен тәуекел үшін маржаны қамтиды.
Кепілдік беру кезінде тәуекелдер үшін комиссияны есептеу мақсаттары үшін кредит деп жаңартылмайтын кредит желісі бойынша негізгі борыш қалдығының сомасы және (немесе) жаңартылатын кредит желісі бойынша кредиттік шарт сомасы түсініледі.
15. Банк:
1) кредит беру шарттарының кәсіпкерлік субъектісінің бастамасымен өзгеруіне байланыстылардан;
2) кәсіпкерлік субъектісінің кредит бойынша міндеттемелерін бұзуы себебінен алынатындардан басқа кәсіпкерлік субъектісінің кредитіне байланысты комиссиялар, алымдар және (немесе) өзге де төлемдер алмайды.
2-параграф. Кепілдік беру тәртібі
16. Даму банкінің кәсіпкерлік субъектісіне кепілдік беруі мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) кәсіпкерлік субъектісі Даму банкіне кепілдік алуға өтінішпен және (немесе) банкке Даму банкінің кепілдігін тарта отырып кредит алуға өтінішпен жүгініп, тиісті құжаттар топтамасын қоса береді;
2) Даму банкі кәсіпкерлік субъектісінен құжаттарды алғаннан кейін оларды жеті жұмыс күні ішінде осы Кепілдік беру қағидаларының шарттарына сәйкестігі тұрғысынан тексереді. Ескертулер болған жағдайда Даму банкі кәсіпкерлік субъектісін оларды жою қажеттігі туралы жазбаша хабардар етеді не дәлелді бас тартуды жібереді;
3) банк кредит беру туралы оң шешім қабылдаған жағдайда банк және (немесе) кәсіпкерлік субъектісі сұралып отырған кепілдік сомасын көрсетіп, инвестициялық жобаға және (немесе) экспорттық операцияға сараптама жүргізуге қажетті құжаттар топтамасын қоса беріп, қабылданған шешім туралы Даму банкін жазбаша хабардар етеді;
4) ескертулер болмаған жағдайда Даму банкі алынған құжаттарға талдау жүргізеді және:
инвестициялық жоба бойынша – кепілдік берудің алдын ала шарттары туралы жиырма жұмыс күні ішінде;
экспорттық операция бойынша – кепілдік берудің түпкілікті шарттарын бекіту не дәлелді бас тарту туралы қырық жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.
Қабылданған шешім туралы Даму банкі банк пен кәсіпкерлік субъектісін жазбаша хабардар етеді;
5) Даму банкі он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 4) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген қабылданған шешімді ескере отырып, кәсіпкерлік субъектісі ұсынған құжаттар топтамасын тексереді.
Құжаттар бойынша ескертулер болған жағдайда Даму банкі кәсіпкерлік субъектісін оларды жою қажеттігі туралы жазбаша хабардар етеді;
6) құжаттар топтамасына ескертулер болмаған жағдайда Даму банкі қырық жұмыс күні ішінде инвестициялық жобаға сараптама жүргізеді, кепілдік берудің түпкілікті шарттарын бекіту туралы шешім қабылдайды және кәсіпкерлік субъектісінің қарсы міндеттемелерін көрсете отырып, қабылданған шешім туралы банк пен кәсіпкерлік субъектісін жазбаша хабардар етеді.
17. Кепілдік беру туралы шешімді Даму банкі кәсіпкерлік субъектісін қаржыландыру туралы банктің оң шешімі болған кезде қабылдайды.
18. Егер банк бекіткен қаржыландыру шарттары кәсіпкерлік субъектісінің өтінішінде көрсетілген қаржыландырудың негізгі шарттарынан өзгеше болған жағдайда, Даму банкі осы Кепілдік беру қағидаларының 16-тармағының 4) тармақшасының екінші абзацына және 6) тармақшасына сәйкес қайтадан сараптама жүргізуге бастама жасауға құқылы.
19. Даму банкі берген кепілдік шарттарына өзгерістер енгізу осы Кепілдік беру қағидаларының 16-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
20. Даму банкі мына жағдайларда кепілдік бермейді:
1) кәсіпкерлік субъектісінің, инвестициялық жобаның, экспорттық операцияның осы Кепілдік беру қағидаларының және Меморандумның ережелері мен шарттарына сәйкес келмеуі;
2) дәйексіз ақпарат немесе құжаттар ұсыну;
3) кәсіпкерлік субъектісінің қаржыландырудың негізгі шарттарын, инвестициялық жоба, экспорттық операция бойынша жалпы ақпаратты және кәсіпкерлік субъектісі акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) түпкілікті меншік иелеріне дейін кәсіпкерлік субъектісі акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) барлық меншік иелері туралы ақпаратты қамтитын мәліметтерді үшінші тұлғаларға ашуға жазбаша келісім бермеуі;
4) банк шешімінде және (немесе) кредиттік шартта кредит бойынша тәуекелдерді төмендету үшін жеткілікті шарттардың болмауы, кредит бойынша тәуекелдерді төмендету үшін Даму банкі ұсынатын шарттарды банктің қабылдамауы;
5) кәсіпкерлік субъектісінде, бірлесіп қарыз алушыда, мәміле бойынша кепілгерде төлеу мерзімі өтіп кеткен несие берешегінің: ағымдағы – тоқсан күннен астам және (немесе) тарихи – соңғы үш жыл ішінде жиынтығында жүз сексен күннен астам берешегінің, Даму банкінің кепілдігін алуға өтініш берген сәтте үшінші тұлғалардан тартылған қарыздар немесе бюджетке төленетін төлемдер бойынша өтелмеген берешегінің, банк кредитінің болуы;
6) кәсіпкерлік субъектісіне және (немесе) оған қатысушыларға, акционерлеріне, бенефициарлық меншік иелеріне қатысты қозғалған қылмыстық істің, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, мемлекеттік органдардың шектеу және тыйым салу шараларын бұзу фактілерінің болуы;
7) кәсіпкерлік субъектісіне қатысты оңалту, банкроттық рәсіміне бастама жасалуы және (немесе) тарату рәсімінің басталуы;
8) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында белгіленген жағдайлар.
3-тарау. Кәсіпкерлік субъектілеріне кепілдік беру тетіктері
1-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамының тәуекелдер үшін комиссияны субсидиялай отырып кепілдік беруі тетігін іске асыру шарттары мен тәртібі
21. Кепілдік беру мынадай шарттармен жүзеге асырылады:
1) инвестициялық жоба бойынша кепілдіктің ең жоғары мөлшері кредит бойынша негізгі борыш сомасының 90 (тоқсан) %-ынан, бірақ 20 (жиырма) миллиард теңгеден аспайды;
2) инвестициялық жоба бойынша кепілдіктің ең төменгі сомасы – 3,5 (үш бүтін оннан бес) миллиард теңге;
3) экспорттық операция бойынша кепілдіктің ең жоғары мөлшері кредит сомасының 90 (тоқсан) %-ынан, бірақ 7 (жеті) миллиард теңгеден аспайды;
4) экспорттық операция бойынша кепілдіктің ең төменгі сомасы – 1 (бір) миллиард теңге;
5) инвестиция мақсаттарына берілген кредит бойынша негізгі борыш өтелген кезде кепілдік сомасы банктік кепілдік беру туралы шарттың талаптарына сәйкес кредиттік шарт бойынша негізгі борыштың өтелген сомасына барабар азаяды;
6) инвестициялық жоба шеңберінде инвестиция мақсаттарына кепілдік мерзімі он жылдан, бірақ кредиттік шарттың қолданылу мерзімінен аспайды. Инвестициялық жоба шеңберінде айналым қаражатын толықтыру мақсаттарына кепілдік мерзімі үш жылдан, бірақ кредиттік шарттың қолданылу мерзімінен аспайды;
7) экспорттық операция бойынша кепілдік мерзімі үш жылдан, бірақ кредиттік шарттың қолданылу мерзімінен аспайды;
8) кепілдік валютасы теңге.
22. Кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссияны есептеу және төлеу тәртібі:
1) арнайы шотқа жіберілетін республикалық бюджет қаражаты кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеу көзі болып табылады. Кепілдік беру кезіндегі тәуекелдер үшін комиссия жобалар бойынша кепілдік берудің бүкіл мерзіміне есептеледі және республикалық бюджеттен үш жылдық кезең ішінде немесе жыл сайынғы негізде төленеді әрі республикалық бюджеттен қаражат алуға арналған бюджеттік өтінім негізінде жүзеге асырылады;
2) жоба бойынша кәсіпкерлік субъектісіне кепілдік берген кезде Даму банкі тәуекелдер үшін комиссия сомасын республикалық бюджеттен қаражат алуға арналған бюджеттік өтінімнің шарттарын негізге ала отырып, арнайы шоттан жоба бойынша Даму банкінің алдағы кезеңдерінің кірістерін есепке алу шотына аудару арқылы үш жылдық кезең үшін немесе жыл сайынғы негізде ұстап қалуға құқылы.
Одан кейінгі жылдары берілген кепілдіктер бойынша тәуекелдер үшін комиссияның республикалық бюджеттен арнайы шотқа түсетін сомасын да бюджеттік өтінімнің шарттарына сәйкес кепілдік берілген мерзімнің соңына дейін жыл сайынғы негізде не үш жылдық кезең үшін және соңғы кезеңде қалған кезең үшін ұстап қалуға болады.
Кепілдік сомасы азайған кезде тәуекелдер үшін комиссия қайта есептеледі және жаңа жобалар бойынша пайдалану үшін арнайы шотқа қайтарылады;
3) есепті жылы арнайы шотқа түскен тәуекелдер үшін комиссия сомасы банктік кепілдік беру туралы жасалған барлық шарттар бойынша бөлінеді;
4) инвестициялар мақсаттарына арналған кредит бойынша кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссияны есептеу банктен игеру күнінен кешіктірмей алынған, өтеу кестесі мен кредиттік шарт қоса берілген жазбаша ақпарат негізінде кредитті игеру басталған күннен бастап кредит бойынша негізгі борыш сомасына сәйкес келетін кепілдік сомасынан жүргізіледі;
5) инвестициялық жоба шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға арналған кредит бойынша, сондай-ақ экспорттық операция бойынша кепілдік беру кезінде тәуекелдер үшін комиссияны есептеу банктен кредит бойынша игеру басталған күн туралы игерілген күннен кешіктірмей алынған жазбаша ақпарат негізінде айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттің, экспорттық операцияның кепілдік берілетін сомасына сәйкес келетін кепілдік сомасынан кредитті игеру басталған күннен бастап жүргізіледі;
6) тәуекелдер үшін комиссия сомасы кепілдік сомасы өзгерген кезде банктен жазбаша ақпарат алынған күні қайта есептеледі;
7) инвестиция мақсаттарына арналған кредит бойынша өтеу кестесі және инвестициялық жоба шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға арналған кредит бойынша немесе экспорттық операция бойынша лимит өзгерген жағдайда банк Даму банкіне өзгерген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде кредиттік шартты және кредитті өтеу кестесімен қоса жазбаша ақпарат береді (кредит бойынша өтеу кестесі айдың соңғы жұмыс күнінде өзгерген жағдайда банк Даму банкін сол күні хабардар етеді);
8) банктік кепілдік беру туралы шарттың талаптарына сәйкес кепілдік беру кезінде тәуекелдер үшін комиссия төлеу Даму банкінің соманы осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген тәртіппен арнайы шоттан есептен шығаруы жолымен жүргізеді;
9) банктік кепілдік беру туралы қолданыстағы шарттар бойынша тәуекелдер үшін комиссия төлеу үшін арнайы шотта бюджет қаражаты болмаған кезде кәсіпкерлік субъектісі бұл комиссияны өз қаражаты есебінен төлейді (кәсіпкерлік субъектісіне тәуекелдер үшін төленген комиссия қаражатын өтеу республикалық бюджеттен қаражат түскен кезде жүзеге асырылады);
10) кепілдік беру мерзімі ішінде кредит сомасы немесе кредит бойынша негізгі борышты өтеу кестесі өзгеріп, берілген кепілдік бойынша тәуекелдер үшін комиссияны төлеу сомасының кепілдік берілген қалған мерзімге ұлғаюына әкеп соқса, тәуекелдер үшін комиссияны төлеу осы тармақтың 8) және 9) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте келесі кезеңдерде Даму банкі кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеу үшін республикалық бюджеттен қаражат алуға арналған бюджеттік өтінімді Даму банкі комиссия сомасының ұлғаюын ескере отырып қалыптастырады.
23. Даму банкі кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеу мақсаттары үшін республикалық бюджет қаражатын алуға мыналар негіз болады:
1) Даму банкі кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеу үшін республикалық бюджеттен қаражат алуға осы Кепілдік беру қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес дайындалған, сондай-ақ банк Даму Банкінің кепілдігін пайдалана отырып қаржыландыруды жоспарлап отырған инвестициялық жобалар мен экспорттық операциялардың, сондай-ақ Даму банкінің қарауындағы және банктің қатысуымен қаржыландырылуы мүмкін инвестициялық жобалар мен экспорттық операциялардың тізбесін қамтитын бюджеттік өтінім;
2) Даму банкі кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеу үшін республикалық бюджеттен қаражат алуға осы Кепілдік беру қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес дайындалған, банктік кепілдік беру туралы жасалған шарттардың тізбесін (уәкілетті органға өтінім бергенде бар болса) қамтитын бюджеттік өтінім.
24. Даму банкі кепілдік берген кездегі тәуекелдер үшін комиссия төлеуге көзделген қаражатты уәкілетті орган Кепілдік беру қағидаларының 22-тармағына сәйкес республикалық бюджет қаражатынан үш жылдық кезең ішінде берілген және кепілдік беру жоспарланатын инвестициялық жобалар мен экспорттық операциялар бойынша тәуекелдер үшін комиссия сомасын жабу есебінен жыл сайын арнайы шотқа аударады.
Даму банкі кепілдік берген кездегі тәуекелдер үшін комиссия төлеуге қаражат аударуды уәкілетті орган Даму Банкінің арнайы шотына тиісті кезеңнің қаржыландыру жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
25. Даму банкі алынған қаражатты арнайы шотқа орналастырады. Қаржы жылы аяқталғаннан кейін, есептік жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей, Даму банкі уәкілетті органға бюджет қаражатының игерілуі жөнінде салыстыру актісін ұсынады.
26. Жаңа инвестициялық жобалар мен экспорттық операциялар шеңберінде кредиттер бойынша кепілдік берген кезде қаражатты тәуекелдер үшін комиссия төлеуге бөлуді Даму банкі өзі жүзеге асырады.
27. Банктік кепілдік беру туралы шарттың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда комиссия сомасының пайдаланылмаған қалдығы осы Кепілдік беру қағидаларына сәйкес кейіннен пайдалану үшін арнайы шотқа жіберіледі.
28. Кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеуге бюджет қаражаты болмаған жағдайда Даму банкі республикалық бюджеттен қосымша қаражат алынғанға дейін жаңа инвестициялық жобалар мен экспорттық операцияларды қарауды және оларға кепілдік беруді тоқтата тұруға құқылы.
2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамының банкке жеңілдікті қорландыруды ұсына отырып кепілдік беруі тетігін іске асырудың шарттары мен тәртібі
Ескерту. 2-параграф 01.01.2025 дейін қолданылады –осы қаулының 2-тармағымен.
29. Кепілдік беру мынадай шарттармен жүзеге асырылады:
1) инвестициялық жоба бойынша кепілдіктің ең жоғары мөлшері кредит бойынша негізгі борыш сомасының 50 (елу) %-ынан, бірақ 15 (он бес) миллиард теңгеден аспайды;
2) инвестициялық жоба бойынша кепілдіктің ең төменгі сомасы – 3,5 (үш бүтін оннан бес) миллиард теңге;
3) инвестиция мақсаттарына берілген кредит бойынша негізгі борыш өтелгенде банктік кепілдік беру туралы шарт талаптарына сәйкес кепілдік сомасы кредиттік шарт бойынша негізгі борышты өтеу сомасына барабар азаяды;
4) инвестициялық жоба шеңберінде инвестициялардың мақсаттарына кепілдік мерзімі он жылдан, бірақ кредиттік шарттың қолданылу мерзімінен аспайды. Инвестициялық жоба шеңберінде айналым қаражатын толықтыру мақсаттарына жаңартылмайтын негізде кепілдік беру мерзімі үш жылдан, бірақ кредиттік шарттың қолданылу мерзімінен аспайды;
5) кепілдік валютасы – теңге;
6) инвестиция мақсаттарына және инвестициялық жоба шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссияны есептеу кредитті игеру басталған күннен бастап ол игерілген күннен кешіктірмей банктен алынған, өтеу кестесі мен кредиттік шарт қоса берілген жазбаша ақпарат негізінде кредит бойынша негізгі борыш сомасына сәйкес келетін кепілдік сомасынан жүргізіледі;
7) Даму банкі кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеуді банк кәсіпкерлік субъектісіне берілген кредит бойынша сыйақы есебінен жүзеге асырады.
Даму банкі кепілдік берген кездегі тәуекелдер үшін комиссия жылдық 4 (төрт) %-дан аспауға тиіс. Көрсетілген деңгейден асып кеткен жағдайда Даму банкі кәсіпкерлік субъектісінің кредиті бойынша кепілдік беруден бас тартады.
30. Кепілдік беру кезіндегі тәуекелдер үшін комиссияны банк банктік кепілдік беру туралы шартқа сәйкес күнтізбелік бір жылда бір реттен сиретпей Даму банкінің шотына банктен қаражат аудару арқылы Даму банкінің пайдасына төлейді.
31. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ бюджеттік кредиттерді Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған шарттарға және өлшемшарттарға сәйкес тартады.
32. Осы Кепілдік беру қағидаларының 31-тармағында көзделген ережелер орындалғаннан кейін Даму банкі өз лимиттері шегінде бюджет қаражатын бөлу және кепілдік беру мақсатында банктердің тізбесін айқындайды. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Даму банкінің жеке банктік шотына "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ мен Даму банкі арасында жасалған қарыз шартының талаптарына сәйкес қаражат сомасын орналастырады.
33. Даму банкі қарыз шартына сәйкес "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-дан бюджеттік кредит алуына қарай не банк бюджеттік кредитті мерзімінен бұрын өтегенде Даму банкі бюджет қаражатын банкаралық кредит беру шартын жасасу арқылы банктерге мынадай шарттармен бөледі:
1) нысаналы мақсаты – банктердің кәсіпкерлік субъектілерінің инвестициялық жобаларын қаржыландыруы;
2) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 (екі бүтін оннан бес) %-дан аспайды;
3) кредит беру мерзімі – жиырма жылға дейін;
4) банктің кредиттік қаражатты игеру мерзімі – банкаралық кредиттеу шарты жасалған күннен бастап он сегіз ай;
5) кредит беру валютасы – теңге;
6) кәсіпкерлік субъектісі банк алдындағы кредитті өтеген кезде банктің осы Кепілдік беру қағидаларында айқындалған шарттарда кәсіпкерлік субъектілерін қайтарылған қаражат есебінен қайта қаржыландыруына рұқсат етіледі;
7) кәсіпкерлік субъектісі үшін банктегі кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі – Даму банкі кепілдік берген кездегі тәуекелдер үшін комиссияны ескергенде жылдық 11,5 (он бір бүтін оннан бес) %-дан аспайды.
34. Кәсіпкерлік субъектісінің банктегі кредиті бойынша қаржыландыру көздері:
70 (жетпіс) % республикалық бюджет қаражаты;
30 (отыз) % банктің меншікті (тартылған) қаражаты.
35. Банк республикалық бюджеттен алынып орналастырылған қаражатты нысаналы пайдалану және игеру жөніндегі есепті, сондай-ақ осы тетік шеңберінде ашылған есеп айырысу шоттарынан үзінді көшірмелерді жібереді.
Банктің есеп беру тәртібі, нысаны және кезеңділігі, сондай-ақ банктердің кредит беруінің өзге талаптары тиісті банкаралық кредит беру шартында белгіленеді.
36. Банктің бөлінген қаражатты мына мақсаттарға жіберуіне тыйым салынады:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің инвестициялық жобаларын осы тетікті пайдаланбай қаржыландыру;
2) Кепілдік беру қағидаларының 12-тармағында көзделген инвестициялық жобаларды қаржыландыру;
3) қаржы құралдарына және (немесе) олармен жасалатын операцияларға, оның ішінде шетел валютасын сатып алу үшін және валюта нарығындағы өзге де операцияларға инвестициялау.
37. Банк кәсіпкерлік субъектілерінің бұған дейін берілген кредиттерін өтеу есебінен босаған қаражатты ай сайынғы негізде бюджет қаражатын есепке жатқызу мақсаттары үшін арнайы ашылған өзінің жеке банктік шоттарына есепке жатқызуды жүзеге асырады.
Банк он екі ай бойы оларды Даму банкімен келісу бойынша мерзімін ұзарту мүмкіндігімен осы тетік шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне одан әрі кредит беруге жібереді не Даму банкіне мерзімінен бұрын қайтарады.
38. Орналастырылатын қаражат нысаналы пайдаланылмаған, толық немесе ішінара игерілмеген жағдайларда, сондай-ақ банкаралық кредит беру шартында көзделген өзге жағдайлар туындаған кезде Даму банкі банкке қатысты банкаралық кредит беру шартының талаптарына сәйкес шараларды қолданады, оның ішінде банкаралық кредит беру шартын мерзімінен бұрын бұзу және (немесе) орналастырылған қаражатты кері қайтарып алып, оны кейіннен басқа банктер арасында қайта бөлу туралы шешім қабылдайды. Кері қайтарып алынған, банк мерзімінен бұрын өтеген қаражатты қайта бөлу Даму банкінің тиісті шешімі негізінде жүзеге асырылады.
Банкті қорландыру үшін бюджет қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда Даму банкі қажетті қаражат сомасы қалыптасқанға дейін жаңа инвестициялық жобаларды қарауды және оларға кепілдік беруді тоқтата тұруға құқылы.
4-тарау. Қарсы міндеттемелер, инвестициялық жобалар мен экспорттық операциялардың іске асырылуын мониторингтеу, кепілдіктерді кері қайтарып алу, жою
39. Кәсіпкерлік субъектісі кредиттік шарт бойынша қаржыландыру барысында қабылдайтын қарсы міндеттемелер:
1) инвестициялық жобаны пайдалану фазасында, сондай-ақ экспорттық операцияны іске асыру барысында өндірістік персоналдың орташа жалақысын жыл сайын Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамында белгіленген бір жұмыскердің орташа айлық жалақысы өсімінің көрсеткішінен төмен болмайтын деңгейге көтеру;
2) инвестициялық жобаны қаржыландыруға бекіткен кездегі инвестициялық жобаның (ұйымның) қаржы-экономикалық моделіне сәйкес өткізілетін өнімнің ақшалай мәндегі көлемін инвестициялық жобаны пайдалану фазасының үшінші жылының қорытындысы бойынша және кейіннен жыл сайынғы негізде ұлғайту;
3) экспорттық операциялар бойынша өнімнің ұсынылған қолдау көлемінен кем болмайтын сомадағы ақшалай мәнде жыл сайынғы негіздегі экспорты.
40. Даму банкі инвестициялық жобалар мен экспорттық операциялардың іске асырылуын мониторингтеудің мына түрлерін жүргізеді:
1) осы Кепілдік беру қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша растайтын құжаттармен бірге кредиттің нысаналы пайдаланылуы туралы банктің есебінің негізінде кредиттік шарт бойынша нысаналы пайдалануды мониторингтеу;
2) банктің ішкі қағидаларына сәйкес банктің ағымдағы кешенді мониторингтік есептерінің негізінде кредиттік шарт, банктік кепілдік беру туралы шарт бойынша қарсы міндеттемелерді кәсіпкерлік субъектісінің орындауын қоса алғанда, инвестициялық жобаның, экспорттық операцияның іске асырылуын мониторингтеу;
3) көшпелі, камералдық мониторингтеуді қамтамасыз ету – жылына 1 (бір) реттен сиретпей.
41. Кредит нысаналы пайдаланылмаған кезде Даму банкінің кепілдігі жойылады, кредит ішінара нысаналы пайдаланылмағанда Даму банкінің кепілдік сомасы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған кредит сомасына барабар төмендетіледі.
42. Кәсіпкерлік субъектісі кредиттік шарттың негізгі борышы бойынша төлемдердің мерзімін күнтізбелік жүз жиырма күннен асатын мерзімге өткізіп алса, банк Даму банкіне міндеттемелерді орындау туралы талап қоя алады. Даму банкі кредиттер бойынша кепілдіктерді талапты алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде төлейді.
5-тарау. Қорытынды ережелер
43. Даму банкі мен банк инвестициялық жобаны және экспорттық операцияларды Даму банкінің кепілдігімен қаржыландыруға кредит беру үшін кәсіпкерлік субъектісінің өтінішін қарау, уәкілетті органдардың шешімдер қабылдау, тиісті шарттар жасасу, жобаларды мониторингтеу рәсімдерін Даму банкінің корпоративтік интернет-ресурстарында жариялануға тиіс осы Кепілдік беру қағидаларына сәйкес Даму банкі мен банктің өзара іс-қимыл регламентімен реттелетін тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру қағидаларына |
|
1-қосымша |
Нысан
"Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамы кепілдік берген кезде тәуекелдер үшін комиссия төлеуге республикалық бюджеттен қаражат алуға өтінім
Р/с № | Кәсіпкерлік субъектісінің – инвестициялық жобаға/экспорттық операцияға бастама жасаушының атауы | Инвестициялық жобаның/экспорттық операцияның атауы | Инвестициялық жобаның/экспорттық операцияның ЭҚЖЖ | Инвестициялық жобаның/экспорттық операцияның құны, теңге | Кредит валютасы | Сұратылған кредит сомасы, теңге | Болжалды кредит мерзімі, ай | Инвестициялық жобаны/ экспорттық операцияны қаржыландыруды жоспарлайтын банк | Кепілдік сомасы, теңге | Даму банкі кепілдігінің тәуекелдері үшін комиссия құны, жылдық % | Даму банкі кепілдігінің тәуекелдері үшін комиссияның сомасы, теңге | |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | |
I. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру қағидаларына сәйкес кепілдік беруге ұсынылатын кәсіпкерлік субъектілерінің инвестициялық жобаларының, экспорттық операцияларының тізбесі | ||||||||||||
… | ||||||||||||
… | ||||||||||||
Жиыны: | ||||||||||||
II. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру қағидаларына сәйкес кепілдік берілетін кәсіпкерлік субъектілеріне банктік кепілдіктер беру туралы жасалған шарттардың тізбесі | ||||||||||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
Р/с № | Кәсіпкерлік субъектісінің атауы | Инвестициялық жобаның/ экспорттық операцияның атауы | Банктік кепілдік беру туралы шарттың деректемелері | Инвестициялық жобаның/ экспорттық операцияның ЭҚЖЖ | Инвестициялық жобаның, экспорттық операцияның құны, теңге | Кредит валютасы | Кредит сомасы, теңге | Кредит мерзімі, ай | Банк-кредитор | Кепілдік сомасы, теңге | Даму банкі кепілдігінің тәуекелдері үшін комиссия құны, жылдық % | Даму банкі кепілдігінің тәуекелдері үшін комиссия сомасы, теңге |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
… | ||||||||||||
… | ||||||||||||
Жиыны: | ||||||||||||
Барлығы: |
"Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамының кепілдігін беру кезінде комиссияны субсидиялауға өтінім беруге жауапты басшының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
Қолы
Мөр орны (бар болса)
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
Банк – екінші деңгейдегі банк
Даму банкі – "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамы
ЭҚЖЖ – экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру қағидаларына |
|
2-қосымша |
Кәсіпкерлік субъектісінің кредиттік шарт бойынша нысаналы пайдалануын мониторингтеу жөніндегі екінші деңгейдегі банктің есебі
20__ жылғы "___"________
Кәсіпкерлік субъектісі:
Инвестициялық жобаның/экспорттық операцияның атауы:
Инвестициялық жобаның/экспорттық операцияның мақсаты:
"Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамының банктік кепілдігін беру туралы шарттың деректемелері:
Екінші деңгейдегі банк:
Кредиттік шарттың нөмірі және күні:
Кредит сомасы:
Кредит мерзімі:
Кредит валютасы:
Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі:
Р/с № | Кредиттік шарт (№ және күні) | Жоба бойынша шығыстар сметасы бойынша шығыстар бабы (кредиттік шартқа сәйкес | Сомасы | Шарттың нысаны * | Төлем туралы ақпарат | Нысаналы пайдаланылғанын тексеру | |||||
Кредиттік шарт валютасындағы төлем сомасы | Келісімшарт валютасындағы төлем сомасы | Төлемді жүзеге асыруға негіз болатын құжаттардың атауы, күні және деректемелері | Төлемнің мақсаты | Нысаналы пайдаланылғанын растайтын құжаттардың атауы, күні және деректемелері (қабылдау-беру актілері, шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актілері, объектіні пайдалануға қабылдау актісі) | Растайтын құжаттар бойынша сома | Қарыз қаражатының нысаналы пайдалануға сәйкес келуі/сәйкес келмеуі туралы белгі | |||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
1 | Кредиттік желіні ашу туралы ____ жылғы №____ келісімнің шеңберінде _____ жылғы №_____ банктік қарыз шарты | Кредиттік шарт бойынша бекітілген шығыстар сметасына сәйкес баптың атауы | Қарыз валютасындағы баптың жалпы мөлшері |
Сәйкес келеді/ | |||||||
2 | |||||||||||
Жиыны: |
* Екінші деңгейдегі банктің кредиттік қаражаты есебінен қаржыландырылатын шарт
Екінші деңгейдегі банк басшысының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), атауы __________________
мөр орны (бар болса)
"Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамы басшысының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), атауы __________________
мөр орны (бар болса)
Кәсіпкерлік субъектісінің атауы, басшысының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) __________________
мөр орны (бар болса)