"Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 17 қазандағы № 772 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 12 қыркүйектегі № 746 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 17 қазандағы № 772 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданылатын) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімдерге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге (бұдан әрі – қорғаныстық тапсырыс өнімі) баға белгілеу тәртібін айқындайды.";

      3-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) комиссиялық сыйақы – өткізілетін әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің импорты (бұдан әрі – қорғаныстық тапсырыс өнімінің импорты) бағасында монополияға қарсы орган ескеретін, шығыстарды жабу үшін уәкілетті ұйым пайыздық қатынаста бөлетін шығыстар жиынтығы;";

      мынадай мазмұндағы 13-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "13-1) қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;";

      мынадай мазмұндағы 20-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "20-1) уәкілетті ұйым – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді импорттауды, оқ-дәрілерді қоспағанда, пайдаланылмайтын мүлікті өткізуді (оның ішінде экспорттауды), құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жоюды және қайта өңдеуді, пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру жөнінде қызметтер көрсетуді, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы халықаралық көрмелерге қатысуды және оларды Қазақстан Республикасының аумағында ұйымдастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Орындаушы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 14 қазандағы № 759 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларында көзделген тәртіппен осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес өнім құнының жоспарлы калькуляциясына түсіндірме жазбамен қорғаныстық тапсырыс өнімі құнының жоспарлы калькуляциясын қағаз және электрондық түрде ұсынады.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жоспарлы калькуляцияға мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес тікелей және жанама шығыстар толық жазылған түсіндірме жазба;

      2) өндірушілерден, өнім берушілерден сатып алынатын шикізатқа, материалдарға, жиынтықтаушы бұйымдарға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге баға ұсыныстары және (немесе) өнім берушілермен жасалған шарттарға ерекшеліктер;

      3) уәкілетті орган жіберген бекітілген тактикалық-техникалық тапсырмалардың (техникалық ерекшеліктердің, тактикалық-техникалық сипаттамалардың) (бұдан әрі – техникалық тапсырма) көшірмелері.";

      11 және 12-тармақтар алып тасталсын;

      14 және 15-тармақтар алып тасталсын;

      34-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 5-1-тараумен, 34-1, 34-2, 34-3, 34-4 және 34-5-тармақтармен толықтырылсын:

      "5-1-тарау. Уәкілетті ұйымның қорғаныстық тапсырыс өнімі импортының жоспарлы калькуляциясындағы шығындар құрамын айқындау тәртібі

      34-1. Қорғаныстық тапсырыс өнімі импортының жоспарлы калькуляциясының құрамына:

      1) қорғаныстық тапсырыс өнімі импортының сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға уәкілеттік берілген шетелдік өндірушілер мен арнайы ұйымдардың баға ұсыныстары негізіндегі құны;

      2) кедендік төлемдер;

      3) қосылған құн салығы;

      4) көліктік шығыстар;

      5) жүкті күзету;

      6) жүкті сақтандыру;

      7) кәдеге жарату алымы;

      8) лицензиялық алым;

      9) уақытша сақтау қоймаларының көрсететін қызметтері;

      10) кеден өкілдері көрсететін қызметтер;

      11) техникалық құжаттаманы аудару қызметтері;

      12) комиссиялық сыйақы кіреді.

      Кедендік төлемдер "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес есептеледі.

      Қазақстан Республикасының аумағында төленуге жататын салықтар "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес есептеледі.

      34-2. Уәкілетті ұйым комиссиялық сыйақыны сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға уәкілеттік берілген шетелдік өндірушілер мен арнайы ұйымдардың баға ұсыныстары негізінде қорғаныстық тапсырыс өнімі импортының құнынан монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган белгілеген мөлшерде есептейді.

      34-3. Комиссиялық сыйақы есебінен уәкілетті ұйымның мынадай шығыстары жабылады:

      1) әкімшілік шығыстар және өткізу шығыстары;

      2) комиссиялық сыйақыдан түскен қосылған құн салығы.

      34-4. Әкімшілік шығыстар және өткізу шығыстары:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылатын әлеуметтік салықтар мен аударымдарды, міндетті сақтандыру түрлеріне арналған шығыстарды қоса алғанда, жалақы қорын;

      2) банктік көрсетілетін қызметтерді, кассалық қызмет көрсетуді;

      3) коммуналдық көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстарды (түрлері бойынша толық жазылып);

      4) іссапар шығыстарын;

      5) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациясын;

      6) нотариаттық көрсетілетін қызметтерді;

      7) алымдарды, салықтық аударымдарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті аударымдарды;

      8) спутниктік байланысты қоспағанда, байланыс қызметтерін;

      9) тауар-материалдық қорлармен, баспаханалық көрсетілетін қызметтермен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуді;

      10) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге қызмет көрсетуді;

      11) көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуді;

      12) жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан және көлік құралдарын міндетті сақтандыруды;

      13) біліктілікті арттыруды;

      14) үй-жайларды жалға алуды;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшердегі өкілдік шығыстарды;

      16) валюталарды айырбастау бойынша шығыстарды;

      17) тиеу-түсіру жұмыстарын;

      18) ғимараттарды, инженерлік желілерді, құрылыстарды, мүкәммалды ұстау мен ағымдағы жөндеуді, жабдықтарды пайдалануды, оларға сервистік қызмет көрсету мен ағымдағы жөндеуді;

      19) логистикаға арналған шығыстарды;

      20) объектіні күзетуді қамтиды.

      34-5. Қорғаныстық тапсырыс өнімінің импортына баға ұсыныстары уәкілетті органға немесе мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде бюджет қаражаты алушының бюджетінде көзделген кезде алушыға осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес бағалардың негіздемесін ұсына отырып жіберіледі.";

      38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Іс жүзіндегі шығыстарды тексеру нәтижелері бойынша әскери өкілдік орындаушы қорғаныстық тапсырыс өніміне іс жүзіндегі шығыстарды растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей әскери өкілдіктің мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс өніміне іс жүзіндегі шығыстар бойынша қорытындысын (бұдан әрі – қорытынды) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үш данада шығарады.

      Бірінші данасы уәкілетті органға және (немесе) алушыға, екінші данасы орындаушыға жіберіледі, үшінші данасы әскери өкілдікте қалады.

      Орындаушы осы Қағидалардың 36 және 37-тармақтарында көрсетілген мерзімде қорғаныстық тапсырыс өніміне іс жүзіндегі шығыстарды растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайда әскери өкілдік мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс өніміне іс жүзіндегі шығыстардың жоқ екендігі туралы қорытынды шығарады.

      Қорытынды уәкілетті органға немесе алушыға, орындаушыға қорытынды шыққан күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.";

      көрсетілген Қағидаларға 2-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 12 қыркүйектегі
№ 746 қаулысына
қосымша
Мемлекеттік қорғаныстық
тапсырыс шеңберінде әскери
мақсаттағы тауарларға
(өнімдерге), қосарланған
мақсаттағы (қолданыстағы)
тауарларға (өнімдерге), әскери
мақсаттағы жұмыстар мен
әскери мақсаттағы көрсетілетін
қызметтерге баға белгілеу
қағидаларына
2-қосымша

_________________________ бойынша 20___жылға арналған қорғаныстық тапсырыс өнімінің импортына жоспарлы калькуляция

      Жасалған күні: 20 __ жылғы " ___" ____________

Р/с

Мүліктің атауы

Саны

Бір бірлігі үшін бағасы (импорт)

Кедендік төлемдер

валюта

*бағам

теңге

1

2

3

4

5

6

7








      кестенің жалғасы

Көліктік шығыстар

Жүкті күзету

Жүкті сақтандыру

Кәдеге жарату алымы

Лицензиялық алым

Уақытша сақтау қоймалары көрсететін қызметтері

Кеден өкілдері көрсететін қызметтер



8

9

10

11

12

13

14








      кестенің жалғасы

Техникалық құжаттаманы аудару қызметтері

Қосымша құн салығы, теңгемен

Комиссиялық сыйақы

Бірлігі үшін бағасы комиссиялық сыйақыны ескергенде, теңгемен

Жалпы сомасы, теңгемен

%

теңге

15

16

17

18

19

20







      * Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты (МҚТ) қалыптастырған кезде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес инфляцияны ескере отырып, екінші деңгейдегі банктердегі валютаның болжамды курсы қолданылады.

      Қосымшалар:

      Өнім берушілердің/өндірушілердің баға ұсыныстары.

      Бекітілген тактикалық-техникалық тапсырмалардың көшірмелері.

      Бірінші басшы _______________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Мөр орны (бар болса)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады