Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Кәрімжанұлы Қарабаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 4 қазандағы № 823 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы
келісім
Бұдан әрі бірлесіп Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Түрікменстан Үкіметі
екіжақты қатынастарды дамытуды және екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуды қолдай отырып,
теміржол, теңіз және автомобиль көлігі саласындағы екіжақты қатынастарды нығайтудың маңыздылығын мойындай отырып,
теміржол, теңіз және автомобиль тасымалдарының жақсаруы Тараптар арасындағы тығыз ынтымақтастыққа ықпал етуі мүмкін екенін пайымдай отырып,
Тараптардың ортақ мүдделерін білдіретін теміржол, теңіз және автокөлік логистикалық ұйымдарына қолдау көрсете отырып,
Тараптардың көлік, логистика және транзит мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық пен өзара көмектің маңыздылығын негізге ала отырып,
тең құқықтылық және өзара пайда қағидаттарына сәйкес достық консультациялар арқылы
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісім Тараптар үшін теміржол, теңіз және автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту құралы болып табылады.
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес қосарланған және әскери мақсаттағы өнімдерге жататын тауарларды тасымалдауға қолданылмайды.
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар арасындағы ынтымақтастықты мынадай салаларда:
1) үкіметаралық диалогты дамытуға жәрдемдесу;
2) қолайлы тарифтік жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамытуды үйлестіру, алдын ала және өзге де ақпарат алмасу үшін цифрлық шешімдерді ендіру бойынша бірлескен шаралар қабылдауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан аумақтары арқылы тасымалдау көлемін тарту;
3) көлік және логистика жөніндегі қолданыстағы жұмыс тобы шеңберінде жұмысты жалғастыру;
4) жүктерді тиімді және қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында теміржол, теңіз және автомобиль көлігі саласында ынтымақтастық орнату және дамыту;
5) "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін, "Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран" бағыты бойынша контейнерлік тасымалдарды қоса алғанда, "Қытай – Иран" және "Қытай – Түркия" бағыттарын дамыту бойынша жұмысты жалғастыру;
6) "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағытындағы Бірыңғай логистикалық оператор" жобасын іске асыру;
7) Тараптардың экспорттаушылары үшін жеңілдікті теміржол транзиттік тарифтерін, оның ішінде Тараптардың аумақтары арқылы Серахс, Ақяйла, Серхетабат, Имамназар бағытына транзитпен белгілеу, Ауғанстан мен Иранға экспорттау мен транзит үшін тең, кедергісіз жағдайлар жасау;
8) Тараптардың теңіз порттарын тиімді басқаруды және дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың теңіз саласындағы өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі дамыту және тереңдету;
9) теміржол және теңіз инфрақұрылымын дамытуға, техникалық үйлесімділікке, "Болашақ – Ақтау", "Серхетяк – Берекет" шекаралық өткелдері мен іргелес учаскелерінің дамуын үйлестіруге, сондай-ақ осы саладағы бірлескен жобаларға жәрдемдесу кезінде ынталандыру болып табылады.
1. Осы Келісімді іске асыруды үйлестіретін Тараптардың құзыретті органдары:
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі;
Түрікмен тарапынан – Түрікменстан Министрлер Кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген Тараптардың құзыретті органдары атауларының өзгеруі, сондай-ақ аталған мәселелерді басқа органдардың құзыретіне жатқызу туралы Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етеді.
Тараптар Келісімді іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлейді және қабылдайды.
Келісімді іске асыру Іс-қимыл жоспарының орындалу барысын талқылау үшін тұрақты консультациялар мен кездесулер арқылы жүзеге асырылады.
Тараптар процестерді оңтайландыру және көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру үшін инновациялық технологияларды ендіруге жәрдемдеседі.
Тараптар осы Келісімді іске асыру шеңберінде шешімдердің ашықтығы мен жедел қабылдануын қамтамасыз ету үшін деректермен тұрақты түрде алмасуды жүзеге асырады.
Тараптар көлік инфрақұрылымына және бірлескен жобаларға инвестициялар тартуда өз күш-жігерлерін біріктіреді.
Тараптар өз елдерінде теміржол, теңіз және автожол инфрақұрылымын дамытуға және жаңғыртуға жәрдемдеседі және инвестициялық жобаларды бірлесіп қарайды.
Тараптар теміржол, теңіз және автомобиль көлігін стандарттау, олардың қауіпсіздігі мен экологиялық орнықтылығы мәселелерінде ынтымақтасады.
Тараптар тарифтік шарттарды, инфрақұрылымдық объектілерді техникалық қамтамасыз етуді және кедендік рәсімдерді қоса алғанда, теміржол, теңіз және автомобиль тасымалдарын реттеу бойынша бірлесіп жұмыс істейді.
Тараптар теміржол, теңіз және автомобиль көлігі саласындағы үздік практикалар туралы ақпаратпен және басқарудағы тәжірибемен алмасады.
Тараптар осы Келісім шеңберінде туындауы мүмкін шығыстарды, егер Тараптар жекелеген халықаралық шартта өзгеше айқындамаса, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасында туындайтын кез келген даулар немесе келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы реттелуге жатады.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы Тараптардың бірі осындай хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.
2024 жылғы "__" _____ ______ қаласында әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды әрi барлық мәтiннің күші бірдей.
Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Түрікменстан Үкіметіүшін |