"2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 11 қазандағы № 843 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер

      Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тануға өзара мүдделілікті негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1. Конвенцияның 6-бабының бірінші абзацы "азаматтық істер бойынша атқарушы жазбаларды, сот шешімдерін" деген сөздерден кейін ", кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын (сот бұйрығы туралы ұйғарымдарды) (бұдан әрі – сот бұйрықтары)" деген сөздермен толықтырылсын.

      2. Конвенцияның 54-бабы 1-тармағының "а" тармақшасы "(бұдан әрі – шешім)" деген сөздерден кейін ", сот бұйрықтарын" деген сөздермен толықтырылсын.

      3. Конвенцияның 56-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

      "56-бап. Шешімді, сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхат

      1. Шешімді, сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхатты пайдасына шешім, сот бұйрығы шығарылған тарап шешім, сот бұйрығы орындалуға жататын Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотына береді. Оны іс бойынша шешім, сот бұйрығын шығарған бірінші сатыдағы сотқа да беруге болады. Бұл сот өтінішхат бойынша шешім шығаруға құзыретті сотқа өзінің шешімін, сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхат жібереді.

      2. Өтінішхатқа:

      а) шешім, сот бұйрығы немесе олардың куәландырылған көшірмелері, сондай-ақ шешімнің, сот бұйрығының заңды күшіне енгені және орындалуға жататыны туралы немесе, егер бұл шешімнің, сот бұйрығының өзінен туындамаса, олар заңды күшіне енгенге дейін орындалуға жататыны туралы ресми құжат;

      б) процеске қатыспаған, оған қарсы шешім шығарылған тараптың тиісті тәртіппен және уақтылы сотқа шақырылғаны, ал ол процестік әрекетке қабілетсіз болған жағдайда тиісті түрде өкілінің болғаны жөніндегі құжат; сот бұйрығы шығарылған жағдайда – аумағында сот бұйрығы шығарылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот бұйрығы (оның көшірмесі) борышкерге тапсырылғанын немесе жіберілгенін растайтын құжат (оның көшірмесі);

      в) шешім, сот бұйрығы жөнелтілген кезде олардың ішінара орындалғанын растайтын құжат;

      г) шарттық соттылық істері бойынша тараптардың келісімін растайтын құжат қоса беріледі.

      3. Шешімді, сот бұйрығын тану және орындау туралы өтінішхатқа және оған қоса берілген құжаттарға сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тіліне немесе орыс тіліне куәландырылған аудармасы қоса беріледі".

      4. Конвенцияның 59-бабының "в" тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "сот бұйрығы шығарылған жағдайда – аумағында сот бұйрығы шығарылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес борышкерге сот бұйрығы (оның көшірмесі) тапсырылмаса немесе жіберілмесе;".

2-бап

      Осы Хаттама ратификациялауға жатады және Конвенцияның 120-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін оған басқа мемлекеттер депозитарийге қосылу туралы құжаттарды беру арқылы барлық Уағдаласушы Тараптың келісімімен қосыла алады. Депозитарий осындай қосылуға келісім туралы соңғы хабарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң қосылу күшіне енді деп саналады.

      ______________қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
      Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
      Беларусь Республикасы Үшін Түрікменстан үшін
      Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
      Молдова Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады