Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидасында:
13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"13) кепілдік жарна – сауда-саттық немесе өзге де міндеттемені орындау кезінде шарт жасасу бойынша міндеттемені орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдік жарнаны төлеуші кепілдік жарнаны алушыға беретін ақша сомасы;";
мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:
"14-1) қатысушының ақшалай балансы (бұдан әрі – электрондық әмиян) –екінші деңгейдегі банктегі бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына әлеуетті қатысушы құйған:
екі кезеңді рәсімдер арқылы өтетін конкурсты қоспағанда, аукцион, тендер және жабық тендер нысанындағы сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарналарды қабылдауға;
осы Қағиданың 23-тармағының бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілдік жарналарды қайтаруға байланысты ақша қаражатын есепке алу үшін бірыңғай оператор пайдаланатын тізілімдегі әлеуетті қатысушының жеке шоты;";
24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"24) тізілімнің веб-порталы – www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) сату объектілері жөніндегі электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару Заңда және осы Қағидада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органының ұсынысы бойынша жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 5, 7 және 9-тарауларына сәйкес:
1) жабық тендер нысанындағы сауда-саттықта;
2) екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурста;
3) стратегиялық инвесторға тікелей атаулы сату жолымен иеліктен шығарылады.
Бұл ретте мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар осы Қағиданың 8 тарауына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің (республикалық меншік бойынша) немесе тиісті жергілікті атқарушы органның (коммуналдық меншік бойынша) шешімі бойынша иеліктен шығарылады.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (республикалық меншік бойынша) немесе тиісті жергілікті атқарушы органның (коммуналдық меншік бойынша) шешімі бойынша комиссия шешімінің негізінде жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 4, 5 және 6-тарауларына сәйкес:
1) аукцион немесе тендер нысанындағы сауда-саттықта сату;
2) қор биржасындағы сауда-саттық жолымен иеліктен шығарылады.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Мемлекеттік заңды тұлға мемлекеттік мүлікті сатуға ұсынған кезде осы мемлекеттік заңды тұлғаны басқаратын мемлекеттік органның жазбаша келісімі қажет. Бұл ретте сатушыға жекешелендіру объектісіне құқық белгілейтін құжаттарды, сондай-ақ ауыртпалықтар жоқ екенін растайтын құжатты беру қажет.
Қажет болған жағдайда сатушы жекешелендіру объектісінің техникалық және функционалдық сипаттамаларын айқындауға мүмкіндік беретін құжаттарды сұратады.
Мемлекеттік мүліктің теңгерім ұстаушысы меншік құқықтары сатып алушыға өткенге дейін жекешелендіру объектісінің сақталуына және жекешелендіру объектісі бойынша мәліметтердің дұрыстығына жауап береді.
Хабарлама жарияланғаннан кейін теңгерім ұстаушы жекешелендіру объектісін сатып алуды қалаушылардың жекешелендіру объектісін көруге еркін қатынауын қамтамасыз етеді.";
мынадай мазмұндағы 9-1 тармақшамен толықтырылсын:
"9-1. Жекешелендіру объектісі акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мемлекеттік қатысу үлесі немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын түрінде сатылатын болса, осы жекешелендіру объектісі басқаруында болатын тиісті саланың уәкілетті органы комиссияның қарауына шығару үшін сатушыға оны сату тәсілі мен шарттары бойынша ұсыныс береді.
Қажет болған жағдайда сатушы жекешелендіру объектісінің мүлкінің құрамы және шаруашылық қызметі бойынша құжаттарды сұратады.
Акционерлік қоғамның, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның басшылығы акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесі немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын түрінде жекешелендіру объектісі бойынша мәліметтердің дұрыстығына меншік құқығы сатып алушыға ауысқанға дейін жауапты болады.
Хабарлама жарияланғаннан кейін тиісті саланың уәкілетті органы және акционерлік қоғамның, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның басшылығы жекешелендіру объектісін сатып алуды қалаушылардың жекешелендіру объектісін көруге еркін қатынауын қамтамасыз етеді.";
12-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) жабық тендер, екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату жағдайларын қоспағанда, комиссия шешімінің негізінде әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысанын және шарттарын айқындау;";
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) жабық тендер, екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату жағдайларын қоспағанда, әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысаны мен шарттары туралы шешім қабылдайды;
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
"2-1) жабық тендер және екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс жағдайларын қоспағанда, акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесі немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын түріндегі әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысаны мен шарттары туралы тиісті саланың уәкілетті органының ұсыныстарын қарайды және шешім қабылдайды;";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Сауда-саттыққа қатысу үшін жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізетін кепілдік жарна жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасының он бес пайызын құрайды.
Аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысуға кепілдік жарна мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың (бұдан әрі – бірыңғай оператор) деректемелеріне хабарламада белгіленген нысанда және тәртіппен енгізіледі.
Бірыңғай оператор сауда-саттыққа қатысу үшін меншікті активтер деп танылмайтын арнайы транзиттік шотқа түсетін кепілдік жарналарды пайдаланбайды.
Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарна сатушының деректемелеріне хабарламада белгіленген нысанда және тәртіппен енгізіледі.
Кепілдік жарнаны қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізеді.";
22-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Егер кепілдік жарнаның сомасы сату бағасынан артық болса, онда айырма жеңімпаздың электрондық әмиянында тізілімнің веб-порталында сатып алушы мен сатушы сатып алу-сату шартын жасасқан күні бұғаттан алынады.";
23-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қалған барлық басқа жағдайларда кепілдік жарна сомасына енгізілген ақша қаражаты аукционға, тендерге немесе жабық тендерге қатысушының электрондық әмиянында сауда-саттық күні бұғаттан алынады, ал екі кезеңді рәсімдер жолымен конкурсқа қатысушының кепілдік жарнасын сатушы өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде қайтарады.";
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Сауда-саттық өткізілетіні туралы хабарламаны сатушы ол өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялайды.
Хабарлама қазақ және орыс тiлдерiнде тізілімнің веб-порталында жарияланады.
Тізілімнің веб-порталында сауда-саттықты өткізілетіні туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сатушы өзінің интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілер алаңдарында тізілімнің веб-порталында жарияланған хабарламаға сілтемені көрсетіп, сауда-саттық өткізілетіні туралы ақпараттық хабарламаны қосымша орналастырады.
Монополияға қарсы заңнаманың талаптары қолданылатын акцияларды, ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы үлестерді, мүліктік кешендер ретінде мемлекеттік кәсіпорындарды сату туралы хабарламаны объект (сату кестесі) бойынша ақпарат тізілімге енгізілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күн өткеннен кейін жариялауға жол беріледі.";
25-тармақтың екінші бөлігінің 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) сатушының шешімі бойынша мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сатуға қатысты өзге де мәліметтер.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион, тендер, жабық тендер басталғанға дейін бес минут бұрын және екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады, содан соң қатысушылар берген өтінімдерін кері қайтара алмайды.";
33 және 34-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысуға өтінім тіркелгеннен кейін тізілімнің веб-порталы үш минут ішінде электрондық әмиянда өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілдік жарна сомасына ақша қаражатының бар-жоғын автоматты түрде тексереді.
Қатысушының осы Қағиданың 28 және 29-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ сауда-саттық басталғанға дейін бес минут бұрын электрондық әмиянда сауда-саттық өткізілетіні туралы хабарламада көрсетілген кепілдік жарна сомасына ақша қаражатының болмауы тізілім веб-порталының өтінімді қабылдамауы үшін негіз болып табылады.
Электрондық әмиянда өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілдік жарна сомасына ақша қаражаты болған жағдайда тізілімнің веб-порталы оны сауда-саттық нәтижелері анықталғанға дейін бұғаттайды, өтінімді қабылдауды және қатысушыларды аукционға, тендерге және жабық тендерге жіберуді жүзеге асырады. Электрондық әмиянда кепілдік жарна сомасына ақша қаражаты болмаған кезде тізілімнің веб-порталы қатысушының өтінімін кері қайтарады.
Тізілімнің веб-порталы автоматты тексеру нәтижелері бойынша тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына өтінімді қабылдау не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.
34. Тізілімнің веб-порталы аукционға, тендерге, жабық тендерге қатысу үшін электрондық өтінімін кері қайтарып алған қатысушының аукцион нөмірін сауда-саттықты өткізу басталғанға дейін кемінде бес минут бұрын жояды.";
52-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"52. Бірыңғай оператор тізілім веб-порталының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысушылардың кепілдік жарналарын қабылдайды.
Бірыңғай оператор:
1) сатушы қол қойған кепілдік жарнаны аударуға өтінім негізінде сауда-саттықта жеңген қатысушының электрондық әмиянында бұғатталмаған кепілдік жарнасын тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып бюджет сыныптамасының тиісті кодына аударады;
2) қатысушылар тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдаланып қол қойған, ақша қаражатын қайтаруға арналған өтініштер негізінде сауда-саттыққа қатысушыларға электрондық әмияннан ақша қаражатын бірыңғай операторға өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайтарады;
3) аукцион, тендер және жабық тендер нысанында кейінгі сауда-саттықтарға қатысуға өтінім беру үшін электрондық әмиянда қатысушылардың бұғатталмаған ақшалай қаражатын бірнеше рет пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.";
57-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Жабық тендерге мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде комиссия айқындайтын қатысушылардың шектеулi тобы қатысады. Сатушы жабық тендерге қатысуға арналған шақыруды жабық тендердiң барлық шарттарымен жiбередi. Жабық тендерге қатысуға шақыру жiберiлген және қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғаларды тiркеу жазбаша шақыру жiберiлген күннен бастап тізілімнің веб-порталында жүргiзiледi және жабық тендердiң өткiзiлуiне бес минут қалғанда аяқталады.";
86-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"86. Жекешелендіру объектісін сату кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға немесе мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру бойынша өткізілген тендер нәтижелері бойынша айқындалатын және сатып алу жағдайында индекстеу шартымен сенімгерлік басқару немесе мүліктік жалдау (жалға алу) шартында көрсетілген бағамен сатып алу-сату шартын жасау арқылы жүзеге асырылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізінде сатып алу-сату шарты жасалған күнді қоса алғанда, сол күнге дейін сенімгерлік басқарудың немесе мүліктік жалдаудың (жалға алудың) бүкіл кезеңі үшін кепілдік жарнаны шегергендегі жекешелендіру объектісінің бағасы индекстеледі. Сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысулар осы Қағиданың 89-тармағында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.";
90 және 91-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"90. Аванстық немесе түпкілікті төлемнiң мерзімі өткен жағдайда сатушы сатып алу-сату шартын біржақты тәртіппен бұзып, сатып алушыға кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде iс жүзiндегi шығындарды өтеу туралы талаптар қояды.
Бұл жағдайда жекешелендіру объектісі күші жойылған сауда-саттық шарттарымен сауда-саттыққа қайтадан шығарылады.
91. Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiнен басқа жекешелендіру объектiсiн беру осы Қағиданың 95-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушы сату бағасын толық төлеген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей қабылдап алу-беру актiсi бойынша жүргiзiледi.
Сатып алушының қабылдап алу-беру актісіне қол қоюы туралы мәліметтерді сатушы екі күндік мерзімде тізілімнің веб-порталына енгізеді.
Сатылған жекешелендіру объектісінің меншік иесінің өзгергені туралы мемлекеттік тіркеуді жүргізуге қол қойылған қабылдап алу-беру актісі негіз болып табылады.
Мүліктік кешен ретінде мемлекеттік кәсіпорын сатылатын болса, сатып алушы "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорынның қызметі тоқтатылғанын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырып, сатушыға тіркеудің өткізілгені туралы міндетті түрде хабарлауға тиіс.
Сатып алушы қабылдап алу-беру актісіне белгіленген мерзімде қол қоймаған жағдайда сатушы сатып алу-сату шартын біржақты тәртіппен бұзып, сатып алушыға кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде іс жүзіндегі шығындарды өтеу туралы талаптар қояды және тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды.
Бұл жағдайда жекешелендіру объектісі күші жойылған сауда-саттық шарттарымен сауда-саттыққа қайтадан шығарылады.";
93-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"93. Ықтимал бөліп төлеудің шарттары сауда-саттыққа қатысушылардың назарына алдын ала жеткізілген жағдайда ғана бөліп төлеуге жол беріледі. Бұл ретте бастапқы жарнаның мөлшері сату бағасының он бес пайызынан кем болмауға, ал бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |