Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан дәйектесін, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 4 желтоқсандағы № 1024 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН АУСТРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ФЕДЕРАЛДЫ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ПАСПОРТТАРДЫҢ ИЕЛЕРІН ВИЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРДАН БОСАТУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын) дипломатиялық паспорттар иелерінің сапарларын жеңілдетуге ниет білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:
(1) Қазақстан Республикасының азаматтары, қолданыстағы Дипломатиялық паспорттардың иелері Аустрия Республикасының аумағына визасыз кіре алады және онда 180 (жүз сексен) күн мерзімі ішінде 90 (тоқсан) күнге дейін бола алады. Болу мерзімі 1985 жылғы 14 маусымдағы жалпы шекараларда тексерулерді біртіндеп алып тастау туралы 1990 жылғы 19 маусымдағы Шенген келісімін қолдану туралы Конвенцияға қол қойған кез келген елдің немесе Аустрия Республикасының аумағына алғашқы кірген күнінен бастап есептеледі.
(2) Аустрия Республикасының азаматтары, қолданыстағы Дипломатиялық паспорттардың иелері Қазақстан Республикасының аумағына визасыз кіре алады және кірген күннен бастап 180 (жүз сексен) күн мерзімі ішінде 90 (тоқсан) күнге дейін бола алады.
Қазақстан Республикасының мен Аустрия Республикасының қолданыстағы дипломатиялық паспорттарының иелері жауапты иммиграциялық билік орындары айқындаған өткізу пункттері арқылы екінші Тараптың аумағына кіре алады және шыға алады. Сонымен қатар оларға қауіпсіздік иммиграциялық, кедендік, медициналық және басқа да құқықтық нормалармен байланысты және осындай қолданыстағы паспорттардың иелеріне заңды түрде қолданылатын шектеулерден өзге қандай да бір шектеулер қойылмайды.
Ұзақ мерзімді болу, жұмысқа орналасу
Осы Келісімнің 1-бабының ережелері 1-бапта көрсетілгеннен асатын кезең ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуды жоспарлайтын немесе жұмысқа орналасуға ниет білдірген адамдарға қолданылмайды.
Артықшылықтары мен иммунитеттері бар азаматтар
Халықаралық құқыққа сәйкес артықшылықтары мен иммунитеттері бар және қабылдаушы ел берген тиісті сәйкестендіру картасының иелері болып табылатын кез келген Тарап мемлекеттерінің азаматтарына осы сәйкестендіру картасы жарамды болған және кірген кезде Қазақстан Республикасының немесе Аустрия Республикасының жарамды дипломатиялық паспортымен бірге ұсынылған жағдайда, осы Тарап мемлекетінің аумағында болу немесе аумағына қайта кіру үшін виза немесе тұруға ықтиярхат талап етілмейді.
Ақпарат алмасу бойынша міндеттемелер
(1) Тараптар осы Келісімге қол қойылған сәттен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 1-бабына сәйкес, тиісті Тарап пайдаланатын паспорттардың үлгілерімен алмасады; әрбір Тарап екінші Тарапқа жаңадан қолданысқа енген немесе өзгертілген дипломатиялық паспорттың үлгілерін олар күшіне енгенге дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын ұсынуға міндетті.
(2) Тараптар өздерінің паспорттарды беруге қатысты ұлттық заңдары мен қаулыларындағы өзгерістер туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы лайықты түрде хабардар ететін болады.
(3) Егер Тараптардың бірінің азаматы екінші Тараптың аумағында осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген өзінің қолданыстағы дипломатиялық паспортын жоғалтса, бұл туралы қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдарына хабарлайды. Құзыретті дипломатиялық немесе консулдық орган жоғарыда аталған азамат үшін жаңа паспорт немесе жаңа жол жүру құжатын береді және ол туралы орналасқан елінің құзыретті органдарын хабардар етеді.
(1) Осы Келісім Тараптардың кез келгені мемлекеттерінің азаматтарын шетелдіктердің келуіне, болуына және кетуіне қатысты екінші Тараптың заңдары мен ережелерін сақтау міндетінен босатпайды.
(2) Тараптар қоғамдық тыныштық, тәртіп пен денсаулықты немесе ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі ықтимал деп саналатын адамдардың кіруінен бас тарту немесе олардың болу мерзімін қысқарту құқығын өзіне қалдырады.
Осы Келісімді немесе оның ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы тікелей консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
(1) Тараптардың әрқайсысы қоғамдық тәртіп, ұлттық қауіпсіздік, халық денсаулығы, екінші Тарап мемлекетінің аумағынан заңсыз көші-қонның едәуір өсуі немесе екінші Тараптың өз азаматтарының реадмиссиясына қатысты ынтымақтастығының болмауы себептері бойынша осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұра алады.
(2) Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешім қабылдайтын Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етеді. Осы шешімнің күші екінші Тараптың ресми хабарламасын алғаннан кейін 14 (он төрт) күннен кейін күшіне енеді. Шұғыл жағдайларда осы Келісімді қолдану дереу күшіне енуімен тоқтатыла тұрады. Бұл туралы дереу, бірақ тоқтата тұру туралы шешімнен кейін үш күннен кешіктірмей, тоқтата тұру үшін негіздер көрсетіле отырып, екінші Тарапқа хабарланады.
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін.
Күшіне енуі, қолданылуын тоқтатуы
(1) Осы Келісім екінші айдың бірінші күнінде күшіне енеді, одан кейін Тараптар өздерінің тиісті ұлттық заңнамасында көзделген осы Келісімнің күшіне енуі үшін барлық талаптардың орындалғаны туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етті. Соңғы хабарлама алынған күн түпкілікті болып табылады.
(2) 1-тармақшаға қарамастан, осы Келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы болуға құқығы жоқ адамдардың реадмиссиясы және транзиті туралы келісім (реадмиссия туралы Келісім) күшіне енгеннен кейін ғана күшіне енеді.
(3) Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады. Мұндай жағдайда Келісім осындай хабарлама алынған күннен бастап үш айдан кейін қолданысын тоқтатады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім 20__ ж. "___"__________ қазақ, неміс, ағылшын және орыс тілдерінде, екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Аустрия Республикасының ФедералдыҮкіметі үшін |