Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 5 желтоқсандағы № 1029 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 5 желтоқсандағы
№ 1029 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері үшін кадрлар даярлау туралы келісім

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Үкіметтері, бұдан әрі Тараптар деп аталатын,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесін құру туралы 2015 жылғы 16 қазандағы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері үшін қазіргі әлемнің сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлеріне жауап беретін кадрлар даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету қажеттігін негізге ала отырып, осы салада өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін құруға ұмтылысын білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

      құзыретті органдар – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаларды орындау саласындағы бақылау және қадағалау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер берілген мемлекеттік билік органдары;

      жіберуші мемлекет – осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің білім беру ұйымдарында даярлау үшін пенитенциарлық қызмет қызметкерлерін жіберетін осы Келісімге қатысушы мемлекет;

      білім беру ұйымы – жоғары білім беру ұйымы немесе кадрлар даярлау жүзеге асырылатын қосымша кәсіптік білім беру ұйымы;

      білім алушылар – жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын немесе қосымша кәсіптік бағдарламаларды меңгерген курсанттар мен тыңдаушылар;

      кадрларды даярлау – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінің қызметкерлерін жоғары білімнің білім беру бағдарламалары – бакалавриат бағдарламалары, мамандық бағдарламалары, магистратура бағдарламалары, адъюнктурада ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау бағдарламалары немесе қосымша кәсіптік бағдарламалар бойынша оқыту процесі;

      қабылдаушы мемлекет – өзінің білім беру ұйымдарында осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінің қызметкерлерін даярлау үшін қабылдайтын осы Келісімге қатысушы мемлекет.

2-бап

      Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасы мен халықаралық шарттары сақталған кезде осы Келісімге сәйкес құзыретті органдар арқылы кадрлар даярлауда ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарлама жіберілген кезде осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдардың тізбесі туралы депозитарийді хабардар етеді.

      Тарап құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы депозитарийді дипломатиялық арналар арқылы мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабардар етеді.

3-бап

      Кадрларды даярлау қабылдаушы мемлекеттің білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламалары бойынша қабылдаушы мемлекеттің құпиялылық режимін, таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратының және құпия ақпаратының сақталуын қамтамасыз етуге байланысты шектеулер сақталған кезде жүзеге асырылады.

      Білім беру процесі орыс тілінде:

      а) қабылдаушы мемлекеттің білім алушыларымен бірлесіп;

      б) бөлек (арнайы факультеттерде, курстарда, топтарда) ұйымдастырылады.

      Қабылдаушы мемлекет жіберуші мемлекеттің өтініші бойынша білім беру процесін қабылдаушы мемлекеттің мемлекеттік тілінде ұйымдастыра алады.

4-бап

      Кадрларды даярлау ақылы негізде немесе қабылдаушы мемлекет белгілейтін квоталар бойынша жеңілдікті немесе өтеусіз негізде, кадрларды даярлауды қамтамасыз етудің қаржылық және басқа да түрлері айқындалатын келісімшарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте жіберуші мемлекеттің білім алушыларының ақшалай үлесі (стипендиясы) қабылдаушы мемлекеттің білім алушыларының ақшалай үлесінен (стипендиясынан) төмен болмауы тиіс.

      Кадрларды жеңілдікті негізде даярлау кезінде жіберуші мемлекеттің білім алушыларын оқытуға арналған шығыстарды қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы жіберуші мемлекеттің білім алушыларын ұстауға арналған шығыстарды жіберуші мемлекеттің құзыретті органы жүзеге асырады.

      Кадрларды өтеусіз негізде даярлау кезінде жіберуші мемлекеттің білім алушыларын оқытуға және ұстауға арналған шығыстарды қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы жүзеге асырады.

      Жіберуші мемлекеттің білім алушыларының тұруын қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен ұйымдастырады.

      Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарына олардың функцияларын орындауға ұлттық бюджеттерде көзделетін қаражат есебінен және шегінде, сондай-ақ Тараптар (олардың шаруашылық жүргізуші субъектілері) ұлттық заңнамада белгіленген тәртіппен тартатын бюджеттен тыс көздер есебінен жүзеге асырылады.

5-бап

      Жіберуші мемлекеттің құзыретті органы оқуға өтінімдерді қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органына оқу басталатын жылдың 1 қаңтарына дейін береді.

      Қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы оқу басталатын жылдың 1 мамырына дейін жіберуші мемлекеттің құзыретті органын білім беру ұйымдарын, білім беру бағдарламаларын және әрбір білім беру бағдарламасы бойынша берілетін орындардың санын көрсете отырып, оқуға арналған квоталар, оның ішінде жеңілдікті және өтеусіз негіздегі туралы хабардар етеді.

      Қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы қажеттілігіне қарай оқуға кандидаттарды іріктеу жөніндегі ұсынымдарды (талаптарды) нақтылайды.

6-бап

      Оқуға кандидаттарды іріктеуді, оларды медициналық куәландыруды және түсу сынақтарын жіберуші мемлекет білім беру ұйымдарына қабылдау шарттары мен қабылдаушы мемлекеттің ұсынымдарын негізге ала отырып жүргізеді.

      Жіберуші мемлекет түсу сынақтарын, әдетте, жіберуші мемлекеттің аумағында қабылдаушы мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткізеді. Бұл ретте қабылдаушы мемлекет өкілдерін іссапарға жіберуге байланысты барлық шығыстар жіберуші мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

      Жіберуші және қабылдаушы мемлекеттердің уағдаластығы бойынша оқуға кандидаттар үшін қабылдаушы мемлекеттің білім беру ұйымдарында дайындық курстары ұйымдастырылады.

7-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті хабарламаларды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

8-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

9-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

10-бап

      Осы Келісімді қолдану немесе түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа рәсім арқылы шешіледі.

11-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және осы Келісімнің қолданылу уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      ______________ қаласында _____ жылы орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін
      Армения Республикасының
Үкіметі үшін
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін
Түрікменстан Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін
      Молдова Республикасының
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады