Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтық кеме жасауды және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіруді дамытудағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтық кеме жасауды және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіруді дамытудағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 10 желтоқсандағы № 1047 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтық кеме жасауды және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіруді дамытудағы ынтымақтастығы туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
2020 жылғы 18 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын одан әрі дамыту тұжырымдамасының ережелерін негізге ала отырып,
кеме жасаудағы және кеме жиынтықтаушы жабдық өндірудегі проблемалық мәселелерді бірлесіп шешуге мүдделілігін ескере отырып және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ерікті және өзара тиімді кооперациялық байланыстар мен мемлекетаралық мамандану қағидаттарына негізделген кеме жасау кәсіпорындарын дамытуды қамтамасыз етудің маңыздылығын тани отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеме жасау салаларының өнімдерін үшінші елдердің нарықтарында өзара тиімді ілгерілету мақсатында,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
верфь – мынадай жұмыс түрлерін: корпустар дайындауды, кеме жиынтықтаушы жабдықты монтаждауды, сынақтар жүргізуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, кемелер жасау бойынша жұмыстар кешенін жүзеге асыратын өнеркәсіптік кәсіпорын;
азаматтық кеме жасау – осы Келісімге қатысушы мемлекеттің әскери емес мақсаттағы кемелерді, жүзу объектілерін және теңіздегі мұнай-газ кәсіпшілігі құрылысжайларын салумен айналысатын кеме жасау өнеркәсібінің сегменті;
кеме жиынтықтаушы жабдық – кемелерге, жүзу объектілеріне және теңіздегі мұнай-газ құрылысжайларын монтаждауға арналған жабдық пен жиынтықтауыштар;
уәкілетті (құзыретті) органдар – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтық кеме жасауды және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіруді дамытуға жауапты мемлекеттік билік органдары (олар уәкілеттік берген ұйымдар).
Әлемдік нарықта осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтық кеме жасау өндірушілерінің үлесін арттыру мүддесінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикасы мен ұлттық стратегиялық салалық бағдарламаларын жаңғыртудың басым бағыттарын ескере отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтық кеме жасауды дамытуына жәрдемдесу осы Келісімнің мақсаты болып табылады.
Азаматтық кеме жасау және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіру саласында үйлестірілген саясатты жүргізу мақсатында Тараптар ынтымақтастықты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:
осы Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін кеме жасауды дамытудың ұлттық стратегиялары негізінде азаматтық кеме жасау және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіру саласындағы басым өнім туралы ақпарат алмасу;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтық кеме жасау және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіру саласындағы ынтымақтастығын дамытудың негізгі бағыттарын келісу;
бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыруды қоса алғанда, осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде азаматтық кеме жасауды және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіруді дамыту бойынша бірлескен іс-қимылды үйлестіру;
жоғары технологиялық өнімді бірлесіп өндіру мақсатында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің азаматтық кеме жасау өнімін және кеме жиынтықтаушы жабдық өндірушілердің технологиялық операцияларының кооперациялық тізбектерін құру жөніндегі өзара келісілген шешімдерді әзірлеуге жәрдемдесу;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің жоғары оқу орындарының кеме жасау және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіру саласында мамандар даярлау бағдарламаларын әзірлеу бойынша өзара іс-қимылына жәрдемдесу;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеме жасау саласын дамыту мақсатында оның ғылыми орталықтарының, азаматтық кеме жасау кәсіпорындары мен ұйымдарының өзара іс-қимылына жәрдемдесу;
мынадай:
азаматтық кеме жасауды және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіруді мемлекеттік қолдау шараларын ынталандыру;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердегі верфьтерде азаматтық кеме жасау өніміне тапсырыстарды басымдықпен орналастыру;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде бар азаматтық кеме жасаудың өндірістік базасын жеделдетіп жаңғырту және оның техникалық деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің азаматтық кеме жасау және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіру саласындағы бірлескен өндірістер, консорциумдар мен біріккен ғылыми орталықтар құруы үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу.
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттары мен заңнамалары сақталған кезде осы Келісімге сәйкес өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдары арқылы өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны тапсырған кезде депозитарийге берілетін өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдарының тізбесін айқындайды. Уәкілетті (құзыретті) органдар тізбесінің өзгергені туралы Тараптардың әрқайсысы осындай шешім қабылданған күннен бастап 30 күн ішінде депозитарийге хабарлайды, ол қалған Тараптарды бұл туралы хабардар етеді.
Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары өзара келісілген шешімдер мен іс-шараларды әзірлеу үшін осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде азаматтық кеме жасауды дамыту және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіру мәселелері бойынша консультациялар жүргізу және ақпарат алмасу арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Уәкілетті (құзыретті) органдар азаматтық кеме жасауды және кеме жиынтықтаушы жабдық өндіруді дамытудағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің осы Келісімде реттелетін қызмет саласында қажетті тәжірибесі мен құзыреті бар кәсіпорындары мен ұйымдарын тарта алады.
Келісімді іске асыруды уәкілетті (құзыретті) органдар өз қаражаты және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен өздері тартқан қаражат, сондай-ақ осы Келісімнің 7-бабына сәйкес тартылатын кәсіпорындар мен ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Тараптар арасында осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа рәсім арқылы шешіледі.
Осы Келісім депозитарий оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы кез келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламаны жібере және осы Келісімнің қолданылу уақытында туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2024 жылғы _______ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
Армения Республикасының Үкіметі үшін |
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін |
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін |
Түрікменстан Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін |
Украина Үкіметі үшін |
Молдова Республикасының Үкіметі үшін |