"Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 21 желтоқсандағы № 1096 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. "Қазақстан қор биржасы" (келісу бойынша) және "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы" (келісу бойынша) акционерлік қоғамдары ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-і күнінен кешіктірмей, өздерінің интернет-ресурстарында осы қаулының 1-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін бағалы қағаздар туралы ақпаратты орналастырып тұрсын. Осы қаулыға қосымшаның 1-тармағының 3) тармақшасында айқындалған өлшемшарт бойынша ақпарат бағалы қағаздар эмитентінен алынған деректер негізінде жарияланады.";

      көрсетілген қаулымен айқындалған биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Бағалы қағаздардың (инвестициялық пай қорларының пайларын және борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда) сауда-саттығын жүзеге асырған кезде мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздармен орындалған мәміле көлемі күнтізбелік айда кемінде 25 (жиырма бес) миллион теңгені құрайды;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздармен орындалған мәміле саны күнтізбелік айда кемінде 50 (елу) мәмілені құрайды;

      3) бағалы қағаздарды IPO (Initial Public Offering) не SPO (Secondary Public Offering) өткізу жолымен орналастыру немесе еркін айналыстағы бағалы қағаз саны эмитент сатып алғанын шегергенде орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санының кемінде 10 (он) пайызын құрайды;

      мынадай мазмұндағы ескертпемен толықтырылсын:

      "Ескертпе: осы өлшемшарттардың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген еркін айналыстағы бағалы қағаз санын есептеу кезінде эмитент сатып алғанын шегергенде орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санынан:

      мемлекеттің;

      эмитенттің лауазымды адамдары мен олардың жақын туыстарының;

      эмитенттің лауазымды адамдары мен олардың жақын туыстары ірі акционерлер болып табылатын немесе мүлікте тиісті үлесі бар және (немесе) лауазымды адамдар болып табылатын заңды тұлғалардың;

      эмитенттің ірі акционерлері мен олардың жақын туыстары ірі акционерлер болып табылатын немесе мүлікте тиісті үлесі бар және (немесе) лауазымды адамдар болып табылатын заңды тұлғалардың;

      эмитенттің еншілес ұйымдарының және эмитенттің ірі акционерінің еншілес ұйымдарының;

      әрқайсысына осы бағалы қағаздар эмитент сатып алғанын шегергенде осы эмитенттің орналастырылған бағалы қағаздарының жалпы санының 10 (он) және одан көп пайызын құрайтын көлемде тиесілі тұлғалардың меншігіндегі бағалы қағаздар алып тасталады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады