Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 26 желтоқсандағы № 1116 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО)
ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы 2011 жылы өзінің 36-сессиясында (36 С/22 қарар) Қазақстан Республикасында ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығын құруды мақұлдағанын және ЮНЕСКО-ның Бас директорына тиісті Келісімге қол қоюға уәкілеттік бергенін еске сала отырып;
2012 жылғы 29 мамырда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Орталық Азия өңірлік гляциология орталығын құру (2-санатты) туралы келісімді (бұдан әрі – 2012 жылғы 29 мамырдағы Келісім) назарға ала отырып;
Атқарушы кеңес 220 ЕХ/SR.6 шешімінде 2012 жылғы 29 мамырдағы келісімнің 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылуын бекіткенін ескере отырып;
Атқарушы кеңес 219 EX шешімінде/15.1-шешімінде ЮНЕСКО-ның Бас директорына өзінің 220-сессиясында Қазақстан Республикасында ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығын тағайындауды қайта жалғастыру бойынша өз ұсынымдарын беру өтінішімен жүгінгенін еске сала отырып;
Атқарушы кеңес 220 EX шешімінде/16.II шешімінде 2012 жылғы 29 мамырдағы келісімнің 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылуын мақұлдағанын ескере отырып;
ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі өзінің 220-сессиясында 16.II шешімінде ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Қазақстан Республикасындағы Орталық Азия өңірлік гляциология орталығы мәртебесінің қолданылуын ұзарту жөнінде қаулы еткенін және ЮНЕСКО-ның Бас директорына тиісті Келісімге қол қоюға уәкілеттік бергенін ескере отырып;
осы Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыруға қатысты Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың шеңберін реттейтін ережелер мен шарттарды айқындауға ниет білдіре отырып;
ЮНЕСКО мен Қазақстан Республикасындағы Орталық Азия өңірлік гляциология орталығы Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) мен Орталық Азия өңірлік гляциология орталығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын ескере отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
"Үкімет" Қазақстан Республикасының Үкіметін білдіреді;
"ЮНЕСКО" Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымын білдіреді;
"Орталық" Қазақстан Республикасында ЮНЕСКО аясындағы жұмыс істейтін 2-санатты Орталық Азия өңірлік гляциология орталығын білдіреді;
"Тараптар" Қазақстан Республикасының Үкіметін және Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымын білдіреді.
2-бап
Жұмыс істеуі
Осы Келісімде көзделгендей Үкімет 2024 – 2025 жылдар ішінде Орталықтың ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде жұмыс істеуін жалғастыру үшін талап етілуі мүмкін барлық қажетті шараларды қабылдауға келіседі.
3-бап
Келісімнің мақсаты
Орталыққа қатысты Тараптар арасындағы ынтымақтастықты реттейтін ережелер мен шарттарды, сондай-ақ Тараптар үшін осыдан туындайтын құқықтар мен міндеттерді айқындау осы Келісімнің мақсаты болып табылады.
4-бап
Құқықтық мәртебесі
1. Орталық ЮНЕСКО-ға тәуелді емес.
2. Үкімет Орталықтың өз аумағында қызметін жүзеге асыру үшін қажетті дербестікті пайдалануын және:
а) шарттар жасасу;
b) сотқа жүгіну;
c) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу және оған билік ету сияқты құқықтық қабілетке ие болуын қамтамасыз етеді.
5-бап
Жарғы
Үкімет Орталықтың Жарғысына:
a) Орталыққа ұлттық құқықтық жүйе шеңберінде берілген заңдық мәртебені, өз функцияларын орындау мен қаржы қаражатын алу, көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеу және оның жұмыс істеуі үшін қажетті барлық құралды сатып алу үшін қажетті құқықтық қабілетті;
b) өзінің басқарушы органдарында ЮНЕСКО-ның өкілдігін қамтамасыз ететін Орталықты басқару құрылымын нақты сипаттайтын ережелердің енгізілуін қамтамасыз етеді.
6-бап
Функциялары мен мақсаттары
Орталықтың функциялары мен мақсаттары мыналарды білдіреді:
а) Орталық Азия өңірінде ағынның қалыптасу аймағындағы мұздықтар, қар және мәңгілік тоң жай-күйінің мониторингіне қатысатын әртүрлі ұйымдар арасындағы ғылыми үйлестіруге және ақпарат алмасуға ықпал ету;
b) климаттың өзгеруінің мұздықтарға, қар және су ресурстарына салдарын ғылыми тұрғыдан тереңірек түсіну мақсатында ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, сондай-ақ өңірде ғылыми зерттеулер жүргізуге одан әрі қажеттіліктерді қалыптастыру;
с) ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы (бұдан әрі – ҮГБ) шеңберінде гляциология, тау гидрологиясы және климатология проблемаларына баса назар аудара отырып, өңірлік және жаһандық бастамаларға байланысты өңірлік зерттеу бағдарламаларын әзірлеуге жәрдемдесу;
d) озық әдістер мен технологияларды пайдалана отырып, климаттың өзгеруінің қар жамылғысы мен мұздықтарға әсерін бағалау саласында адами және институционалды әлеуетті нығайту үшін білім және әлеуетті дамыту саласында күш-жігер жұмсау және оны үйлестіру;
e) Орталық Азиядағы тау мұздықтарының еруіне байланысты болжамдар мен тәуекелдер мәселелерінде ұлттық және өңірлік деңгейлерде шешім қабылдайтын адамдардың хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған бағдарламаларды ұйымдастыру;
f) жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ғылыми орталарда және ҮГБ желілерінде теориялық және практикалық семинарлар, оқу курстары, конференциялар және мерзімді басылымдар арқылы кеңінен тарату.
7-бап
Басқарушылар кеңесі
1. Орталықты Басқарушылар кеңесі басқарады және бақылайды, оның құрамы әр 5 жыл сайын жаңартылып отырады және оған мыналар кіреді:
а) Үкімет өкілі немесе ол тағайындаған өкіл;
b) осы Келісімнің 10-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес мүшелікке қабылдау туралы Орталыққа хабарлама жіберген және Басқармада өкіл болуға өзінің мүдделілігін мәлімдеген мүше мемлекеттердің және (немесе) қауымдасқан мүше мемлекеттердің өкілдері;
c) ЮНЕСКО Бас директорының өкілі.
Дауыс беру құқығынсыз байқаушы ретінде мынадай өкілдер шақырылатын болады:
d) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің География және су қауіпсіздігі институтының директоры;
е) Орталықтың директоры.
2. Басқарушылар кеңесі:
a) Орталықтың ұзақ мерзімді және орта мерзімді бағдарламаларын бекітеді;
b) штат кестесін қоса алғанда, Орталықтың жыл сайынғы жұмыс жоспары мен бюджетін бекітеді;
c) Орталықтың ЮНЕСКО бекіткен бағдарламасы мен бюджетіне қосқан үлесі туралы есептерді (C/5) қоса алғанда, Орталықтың директоры ұсынатын жыл сайынғы есептер мен бағалау туралы есептерді, жаһандық стратегиялар мен іс-қимыл жоспарларын, сондай-ақ секторалдық бағдарламалардың басымдықтарын зерделейді және осындай үлесті күшейту үшін ден қою стратегияларын әзірлейді;
d) Орталықтың қаржылық есептері туралы тәуелсіз аудиторлардың мерзімді есептерін зерделейді және қаржылық есептерді дайындау үшін қажетті бухгалтерлік жазбалардың берілуін бақылайды;
e) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қағидалар мен ережелерді қабылдайды және Орталықтың қаржылық, әкімшілік және кадрлық басқару рәсімдерін айқындайды;
f) Орталықтың жұмысына өңірлік, үкіметаралық және халықаралық ұйымдардың қатысу мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды.
3. Басқарушылар кеңесі кезекті сессияларды тұрақты негізде күнтізбелік жылда кемінде бір рет өткізеді; кезектен тыс сессияларды Кеңес төрағасы не өзінің бастамасы бойынша шақырады не ЮНЕСКО Бас директорының немесе Басқарушылар кеңесі көпшілік мүшелерінің өтініші бойынша шақырылады.
4. Басқарушылар кеңесі өзінің рәсімдер қағидаларын қабылдайды.
8-бап
Үкіметтің үлесі
1. Үкімет Орталықты басқару және оның тиісінше жұмыс істеуі үшін қажетті қаржылай да, сол сияқты материалдық та барлық ресурстарды ұсынады.
2. Үкімет Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы әрекет ете отырып:
а) операциялық шығыстарды жабу және бағдарламалар мен іс-шараларды қаржыландыру мақсатында 8 (сегіз) жыл бойы Орталықты жылына кемінде 414000000,0 мың теңге (ағымдағы айырбастау бағамы бойынша шамамен 900000,00 АҚШ доллары) мөлшерінде (Орталыққа қаражат береді) қаржыландыруды қамтамасыз етеді;
b) Орталыққа жыл сайынғы қаржыландырудың жоғарыда көрсетілген көлемі шеңберінде тиісті кеңсе үй-жайларын, жабдықтар мен техникалық құралдарды, сондай-ақ кеңсе жиһазын сатып алу құқығын береді;
c) үй-жайларды, коммуникацияларды пайдалану қызметін көрсетуге және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстарды толық жабуды қамтамасыз етеді;
d) Басқарушылар кеңесінің отырыстарын ұйымдастырады және тиісті шығыстарды жабуды қамтамасыз етеді;
e) Орталыққа зерттеулер жүргізуді, кадрларды даярлауды және жарияланымдар шығаруды қамтитын Орталықтың функцияларын орындау үшін қажетті, жарналарға қосымша ретінде басқа көздер есебінен тартылатын әкімшілік персоналға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
9-бап
ЮНЕСКО-ның үлесі
1. ЮНЕСКО қажеттігіне қарай стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін қоса алғанда, ЮНЕСКО-ның (C/5) бекітілген Бағдарламасына және бюджетіне сәйкес келетін Орталықтың бағдарламалық іс-шаралары үшін:
a) Орталық қызметінің мамандандырылған салаларында өз сарапшыларының көмегін ұсыну;
b) қажет болған жағдайда уақытша персоналмен алмасуға қатысу, нәтижесінде тиісті персоналға еңбекақыны жіберуші ұйым төлейтін болады;
c) егер бұл стратегиялық бағдарламаның басым саласы шеңберінде бірлескен қызметті немесе жобаны жүзеге асыру үшін қисынды болса, ЮНЕСКО Бас директорының шешімі бойынша ерекше жағдайда өз персоналының мүшелерін уақытша іссапарға жіберу арқылы техникалық көмек түрінде жәрдем көрсете алады;
2. Жоғарыда аталған барлық жағдайларда мұндай көмек тек ЮНЕСКО Бағдарламасының ережелері мен бюджетінің шеңберінде ғана көрсетілуі мүмкін және ЮНЕСКО өз персоналын пайдалануға және осындай шығыстарға байланысты мүше мемлекеттерге есеп береді.
10-бап
Қатысу
1. Орталықтың мақсаттарына қол жеткізудегі өздерінің ортақ мүдделілігіне қарай Орталықпен ынтымақтастық жасауға ұмтылатын ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер мен оның қауымдастырылған мүшелерінің қатысуын Орталық көтермелейді.
2. Осы Келісімде көзделгендей, Орталықтың қызметіне қатысуға және Басқарушылар кеңесіне мүше ретінде өкіл болуға ниет білдірген ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер мен оның қауымдастырылған мүшелері бұл туралы Орталыққа хабарлама жібереді. Орталық Тараптарға және басқа да қатысушы мүше мемлекеттерге және (немесе) ЮНЕСКО-ға мүше қауымдастырылған мемлекеттерге осындай хабарламаларды алғаны туралы хабарлайды.
11-бап
Жауаптылық
Орталық құқықтық тұрғыдан ЮНЕСКО-дан алшақ болғандықтан, ЮНЕСКО Орталықтың әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін заңды түрде жауапты болмайды, сондай-ақ қандай да бір сот процесінің объектісі болып табылмайды және (немесе) осы Келісімде көзделген жағдайларды қоспағанда, қаржылық немесе өзге де жауапкершілік болса да, кез келген түрдегі жауапкершілікті мойнына алмайды.
12-бап
Бағалау
ЮНЕСКО:
a) жаһандық стратегиялар мен іс-қимыл жоспарларын, сондай-ақ секторалдық бағдарламалық басымдықтарды қоса алғанда, ЮНЕСКО-ның қолданыстағы бекітілген бағдарламасына және жаңартылған кезде бюджетіне (C/5) Орталықтың елеулі үлес қосқанын;
b) Орталықтың нақты қызметі осы Келісімде көзделген қызметке сәйкес келетінін анықтау мақсатында Орталық қаржыландыратын Орталықтың қызметіне кез келген уақытта бағалау жүргізе алады.
2. ЮНЕСКО осы Келісімнің қолданысын жаңарту мақсатында жаһандық стратегиялар мен іс-қимыл жоспарларын, сондай-ақ секторалдық бағдарламалардың басымдықтарын қоса алғанда, ЮНЕСКО-ның қолданыстағы бекітілген Бағдарламасы мен жаңартылған кезде бюджетіне (C/5) Орталықтың қосқан үлесіне бағалау жүргізеді. ЮНЕСКО жүргізетін бұл бағалауды Орталық толықтай қаржыландыратын болады.
3. ЮНЕСКО Үкімет пен Орталыққа мәртебені қайта жалғастыруды бағалау нәтижелері туралы тұжырымдар ұсынады және мәртебені қайта жалғастыруды бағалау туралы есепті тиісті бағдарламалық сектордың веб-сайтына орналастырады.
4. Мәртебенің қайта жалғастырылуын бағалау нәтижелері бойынша Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің мазмұнын қайта қарау немесе осы Келісімнің 17 және 18-баптарында көзделгендей, осы Келісімнің күшін жоюды талап ету мүмкіндігіне ие.
13-бап
ЮНЕСКО-ның атауы мен логотипін пайдалану
1. Орталық өзінің ЮНЕСКО-мен қарым-қатынасына сілтеме жасай алады. Осыған байланысты ол өз атауынан кейін "ЮНЕСКО аясындағы" деген сөздерді пайдалана алады.
2. Орталық ЮНЕСКО эмблемасын немесе оның түрлерін ЮНЕСКО-ның басқарушы органдары белгілеген шарттарға сәйкес өзінің электрондық құжаттары мен веб-парақтарын қоса алғанда, ресми бланкілері мен құжаттарында пайдалануға құқығы бар.
3. ЮНЕСКО-мен қолданыстағы келісім болмаған кезде ЮНЕСКО-ның атауы мен логотипін, оның ішінде атауында, баспа материалдарында және Орталықтың электрондық құжаттары мен веб-парақшаларын қоса алғанда, құжаттарында пайдалануға қатаң тыйым салынады.
14-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттер
Осы Келісімде немесе оған байланысты ешнәрсе де ЮНЕСКО-ның қандай да бір артықшылықтары мен иммунитеттерінен бас тарту ретінде қарастырылмайды.
15-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімнен туындайтын кез келген дау Тараптардың келіссөздер жүргізуі арқылы шешіледі.
16-бап
Түзетулер
Мәртебені қайта жалғастыруды бағалау нәтижелері бойынша алынған ұсынымдарға қосымша ретінде және олар ескеріле отырып, Тараптардың жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Мұндай өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалармен ресімделеді.
17-бап
Күшіне енуі және қолданылу мерзімі
1. Осы Келісім күшіне енген кезден бастап 8 (сегіз) жыл мерзімге жасалады және ЮНЕСКО Бас директорының ұсынымы бойынша Атқарушы кеңестің шешімі негізінде ұзартылады.
2. Осы Келісім ЮНЕСКО-ның дипломатиялық арналары арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті оның ішкі рәсімдерінің аяқталғаны туралы Үкіметтен жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
3. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 2012 жылғы 29 мамырдағы келісім өз қолданысын тоқтатады.
18-бап
Күшін жою
1. Тараптардың әрқайсысының біржақты тәртіппен осы Келісімнің күшін жоюға құқығы бар.
2. Күшін жою Тараптардың біреуі екінші Тараптың тиісті хабарламасын алғаннан кейін 180 күн ішінде күшіне енеді.
3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, ЮНЕСКО мен Орталық арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумның да қолданысы сол күні тоқтатылады.
ЮНЕСКО мен Орталық арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды бұзу рәсімі басталған жағдайда, Орталық осы Келісімнің күшін жою туралы Үкіметті жазбаша нысанда дереу хабардар етеді. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданысы ЮНЕСКО мен Орталық арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумның қолданысы тоқтатылған күні тоқтатылады.
Осыларды растау үшін төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
2025 жылғы "__" _____ Париж қаласында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әрқайсысы екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін |