Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 1142 қаулысы

      "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 1-тармағына және 25-бабына, "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 86-бабының 1-тармағына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасына, "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 24-32-14.279-3 тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" жоғары ғылыми ұйымына (бұдан әрі – Академия) қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Академияға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық жасау жөніндегі уәкілетті орган болып айқындалсын.

      3. Мыналар Академия қызметінің негізгі түрлері болып айқындалсын:

      1) әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау;

      2) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңеске уәкілетті орган ұсынған ғылым мен технологияларды дамытудың стратегиялық басым бағыттарына талдау жүргізу;

      3) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үшін Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қарауына ұсынылған ғылыми-техникалық тапсырмаларға сараптама жүргізу;

      4) ғылымды дамыту бойынша форсайттық (болжамдық) зерттеулер дайындауды және жүргізуді жүзеге асыру;

      5) ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізу;

      6) ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу;

      7) ғылыми журналдар шығару;

      8) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысу;

      9) ғылымды танымал етуге қатысу.

      4. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1142 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Алматы қаласы" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 123-162-жол алып тасталсын.

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 406-32-1-жол алып тасталсын.

      3. "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысында:

      Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестерін иелену және пайдалану құқығы берілген заңды тұлғалардың тізбесінде:

      реттік нөмірі 32-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" жоғары ғылыми ұйымы".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады