Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 479 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі туралы ережеде:
15-тармақ мынадай мазмұндағы 533-1), 533-2), 533-3), 533-4), 533-5), 533-6) 533-7), 533-8) және 533-9) тармақшалармен толықтырылсын:
"533-1) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер құрады;
533-2) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
533-3) салалық біліктілік шеңберлерін әзірлейді және (немесе) жаңартады;
533-4) кәсіптік стандарттарды әзірлейді және (немесе) жаңартады;
533-5) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен және кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша кәсіптік стандарттарды бекітеді;
533-6) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға кәсіптік біліктілікті тану шарттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
533-7) кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға жібереді;
533-8) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті танудағы қажеттілігін қалыптастырады;
533-9) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға кәсіптер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |