Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 754 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Инженерлік инфрақұрылым жүргізу қағидаларында:
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Бөлінген қаражат су бұру, сумен жабдықтау (сумен жабдықтау үшін ұңғыма бұрғылау), газдандыру, су таратқыштар, бу құбырлары, жылумен жабдықтау, су құбырлары, теміржол тұйықтары, кірме теміржолдар, телефон желілері, қосалқы электр станциялары, электр беру желілері, септиктер, бу-газ қондырғылары инфрақұрылымын салуға (реконструкциялауға) бағытталады.
Қызметін ЭҚЖЖ 55.10 "Қонақүйлердің және тұруға арналған соған ұқсас орындардың қызметтер көрсетуі", ЭҚЖЖ 55.20 "Демалыс күндерінде және қысқа мерзімді тұрудың өзге де кезеңдеріне баспана беру", ЭҚЖЖ 55.30 "Кемпингтердің, автофургондарға арналған тұрақтардың және тұруға арналған автотіркемелердің қызметтер көрсетуі", ЭҚЖЖ 86.10.3 "Санаторий-курорттық ұйымдардың қызметі" шеңберінде жүзеге асыратын кәсіпкерлердің жобалары үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салуға қаражат бөлуге жол беріледі.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |