Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен оның жергiлiктi жерлердегi органдары туралы Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1992 жылғы 2 қазандағы
N 819 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасының Жер қатынастары
және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк
комитетi мен оның жергiлiктi
жерлердегi органдары туралы
ЕРЕЖЕ
1. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары
және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi
1. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi (Мемжерком) жер ресурстарын басқару саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзудi және жер реформасы жөнiндегi жұмыстарды тiкелей орындауды ұйымдастыру ісін қамтамасыз ететiн, өз қызметiнде тiкелей Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне бағынатын республикалық мемлекеттiк басқару органы болып табылады.
2. Мемжерком, облыстардағы, аудандардағы, Алматы және Ленинск қалаларындағы жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитеттер, Мемлекеттiк ауыл шаруашылық аэрогеодезиялық iздестiру институты (МАШАГІИ), Жерге орналастыру жөнiндегi Қазақ мемлекеттiк жобалау институты (ҚазМЖОЖИ), Жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк Тың жобалау институты (ТыңМЖОЖИ) және олардың облыстардағы бөлiмшелерi Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң бiрыңғай жүйесiн құрайды.
Облыстардағы, аудандардағы, Алматы және Ленинск қалаларындағы жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитеттер Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң аумақтық органдары болып табылады.
Мемжеркомның орталық аппаратының және оның жергiлiктi жерлердегi органдарының қызметi республикалық бюджеттен оларды ұстауға арналған шығындарды орталықтандырылған қаржыландыру есебiнен жүзеге асырылады.
3. Мемжерком облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен, Қазақстан Республикасының министрлiктерiмен және ведомстволарымен қатар Қазақстан Республикасының жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау үшiн жауапты болады.
4. Мемжерком өз құзыретi шегiнде:
облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен, Қазақстан Республикасының министрлiктерiмен және ведомстволарымен, қоғамдық ұйымдарымен, хұқық қорғау органдарымен жердi пайдалануды және қорғауды реттеу, жер реформасын жүргiзу мәселелерi бойынша өзара iс-әрекет жасайды;
жер жөнiндегi заңдарды қолдану практикасын жинақтап, қорытады, оны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi және оларды Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қарауына енгiзедi.
5. Мемжеркомның және оның жергiлiктi жерлердегi органдарымен өз құзыретi шегiнде қабылдайтын шешiмдерiн ведомстволық бағыныстылығына және меншiк түрлерiне қарамастан барлық министрлiктер, ведомстволар, ассоциациялар, бiрлестiктер, жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылар орындауға мiндеттi.
6. Мемжерком, оның құрылымдық бөлiмшелерi және жергiлiктi органдары өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерiн, осы Ереженi басшылыққа алады.
7. Мемжеркомның негiзгi мiндеттерi:
жер реформасын жүргiзу, жерде шаруашылық жүргiзудiң әртүрлi нысандарын тең хұқықта дамытудың экономикалық ынталандыру шараларын әзiрлеу;
жердi ұтымды пайдалану, топырақтың құнарлылығын сақтау және ұдайы жақсарту үшiн әлеуметтiк=экономикалық және ұйымдық=шаруашылық жағдай жасау;
жердi пайдалану мен қорғауға, жер мониторингiнiң, жерге орналастырудың, мемлекеттiк жер кадастрының жүргiзiлуiне мемлекеттiк бақылау жасау;
жер реформасы және жер ресурстарын пайдалану мәселелерi жөнiндегi заңдар мен басқа да нормативтiк актiлердi әзiрлеу;
жер реформасын жүзеге асыруға байланысты кәсiпкерлiк қызметке жәрдемдесу болып табылады.
8. Мемжерком өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес:
жер реформасын жүргiзу жөнiндегi жұмысты үйлестiредi, оның ғылыми, кадр және әдiстеме жағынан қамтамасыз етiлуiн жүзеге асырады, жер реформасын жүргiзудiң республикалық және аймақтық бағдарламасын әзiрлейдi және жүзеге асыруды қамтамасыз етедi;
өзiне қарасты жобалау ұйымдарының күшiмен мемлекеттiк жерге орналастыру, сондай=ақ топографиялық=геодезиялық, картографиялық, топырақ, агрохимиялық, геоботаникалық және басқа тексеру және iздестiру жұмыстарын ұйымдастырады және жүргiзедi;
пайдаланылмай және тиiмсiз пайдаланылып жүрген жерлердi үнемi анықтап отыруды және кейiн бөлу үшiн арнаулы жер қорын жасауды қамтамасыз етедi;
жердi пайдалану және қорғау, жер реформасы мәселелерi жөнiнде ғылыми=техникалық ақпаратты ұйымдастырады;
жер үшiн төлем белгiлеу және жердi ұтымды пайдалануды экономикалық ынталандыру шаралары жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейдi;
өзiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша жердi пайдалану және қорғау iсiне мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
өнеркәсiптiк және өзге мақсаттағы объектiлердi орналастыру, салу, қайта құру немесе кеңейту кезiнде, соның iшiнде шаруашылық iшiндегi құрылыс, геологиялық барлау, iздестiру және басқа жұмыстар жүргiзу кезiнде жер заңдарының бұзылуын жоюға шара қолданады;
мемлекеттiк жер кадастрын және жер мониторингiн жүргiзудi қамтамасыз етедi, жер кадастр карталарының мемлекеттiк қорын және мониторингiнiң басқа да материалдарын жасайды;
жер ресурстарының жайы мен пайдаланылуы жайындағы тақырыптық карталар мен атластарды құрастыру және басып шығару жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;
жер ресурстарының жай-күйi туралы республика үшiн бiрыңғай деректер банкiн құрады;
бағдарламалардың, сызбалардың және жобалардың жер иеленудi, жер пайдалануды,жерге орналастыруды және жердi ұтымды пайдалану бөлiгiндегi сараптамасын жүзеге асырады;
жер реформасын жүргiзу мақсатында республикалық маңызы бар ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық, жобалау-iздестiру жұмыстарына тапсырыс берушi және оларды қаржыландырушы қызметiн атқарады;
барлық әкiмшiлiк-аумақтық және аумақтық-өндiрiстiк шекараларды техникалық жағынан ресiмдеу жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
жыл сайын: қолда бар жер және оларды категориялары, жарамдылығы, жер иеленушiлер және жер пайдаланушылар бойынша бөлу туралы, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылау туралы, бұзылған жерлердi рекультивациялау, топырақтың құнарлы қабатын алу және пайдалану туралы есептер әзiрлейдi;
жердi пайдалану және қорғауды ұйымдастыру саласында және өзiнiң құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша мемлекеттiк басқару органдарымен, ғылыми ұйымдармен және шет ел фирмаларымен сыртқы экономикалық байланысты, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
9. Мемжеркомның:
министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардан, жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылардан, бағыныстылығына және меншiк түрлерiне қарамастан, жердi пайдалану және қорғау мәселелерi жөнiнде ақпарат алуға;
жер реформасын жүргiзудiң Республикалық бағдарламасын жүзеге асыру барысы, халық шаруашылығы саласындағы және республика аймақтарындағы талдамалар жасау нәтижелерi және жер реформасы шараларын жүзеге асыру туралы өз мәжiлiстерiндегi республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының хабарламаларын тыңдауға;
мемлекеттiк басқару органдары мен жергiлiктi органдардың жер реформасы және жер ресурстарын пайдалану мәселелерi жөнiнде қолданылып жүрген заңдарға қайшы келетiн нормативтiк актiлерiнiң күшiн жою туралы белгiленген тәртiппен ұсыныс жасауға;
тиiстi халық депутаттары Кеңестерi мен әкiмдерiнiң қарауына Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 24-бабында көзделген негiздер бойынша жер учаскелерiн иелену мен пайдалану және олардың жалға беру хұқығын тоқтату туралы, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын тоқтату, қорғалатын аумақтар құру, жердi игеру мен жақсарту жөнiндегi шарларды жүргiзу, тиiстi жобаларсыз немесе олардан ауытқып жүзеге асырылатын аумақтар құруға байланысты басқа да шаралар туралы ұсыныс енгiзуге;
сот органдарында қуынушы болуға;
жер реформасын жүзеге асыру, өздерiне қарасты кәсiпорындар мен ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату мақсатында белгiленген тәртiппен дербес немесе басқа құрылтайшылармен бiрлесiп қорлар, ассоциациялар бекiтуге хұқығы бар.
10. Мемжерком Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң шешiмдерi негiзiнде және оларды орындау үшiн бұйрықтар, нұсқамалар және басқа нормативтiк актiлер шығарады, тапсырмалар бередi, олардың орындалуын ұйымдастырады және тексередi. Комитет қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының басқа министрлiктерiмен және ведомстволарымен бiрлесiп актiлер шығарады.
11. Мемжеркомды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тағайындалған Төраға басқарады.
12. Төраға:
Мемжеркомның және оған бағынышты ұйымдар мен мекемелердiң қызметiн басқарады, оларға мiндеттi болатын бұйрықтар шығарып, нұсқаулар бередi;
Мемжеркомға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және олардың өз қызметiн жүзеге асыруына жеке жауапты болады, Төраға орынбасарларының арасындағы мiндеттердi бөледi, Төраға орынбасарларының және Мемжеркомның құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының жауапкершiлiк дәрежесiн белгiлейдi;
белгiленген саны және еңбекке ақы төлеу қоры шегiнде Комитеттiң орталық аппаратының, штат кестесiн, оның бөлiмшелерi туралы ереженi, сондай-ақ Комитеттiң тiкелей бағынысындағы немесе Комитет жанындағы мекемелер мен ұйымдар туралы құрылым мен ереженi бекiтедi;<*>
Комитеттiң орталық аппаратының қызметкерлерiн, жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi облыстық комитеттер төрағаларының орынбасарлары мен бас бухгалтерлерiн, өзiне бағынышты институттардың, олардың филиалдарының, бөлiмшелерi мен экспедицияларының басшыларын қызметке тағайындайды және оларды қызметтен босатады, сондай-ақ облыстардың, Алматы және Ленинск қалалары әкiмдерiнiң келiсiмiмен - тиiсiнше облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитеттерiнiң төрағаларын қызметке тағайындайды және оларды қызметтен босатады;
әкiмшiлiк хұқық бұзушылық туралы iстi қарайды және жер заңдарын бұзғаны үшiн белгiленген әкiмшiлiк жаза қолданады.
Ескерту. 12 тармақтың төртiншi абзацынан сөз алынып
тасталған - ҚРМК-нiң 1995.02.06. N 115 қаулысымен.
13. Төрағаның 4 орынбасары, соның iшiнде бiр бiрiншi орынбасары болады.
Төрағаның орынбасарларын белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi тағайындайды.
14. Мемжеркомда алқа құрылады. Алқа құрамына Комитет төрағасы (алқаның төрағасы), қызметi бойынша оның орынбасарлары және Комитеттiң жетекшi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары кiредi. Алқаның құрамына басқа органдар мен ұйымдардың өкiлдерi де кiруi мүмкiн. Алқаның адам құрамын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
15. Мемжерком алқасы өзiнiң мәжiлiстерiнде жер реформасын жүргiзудiң, жер ресурстарын пайдаланудың, оларды қорғаудың, топырақты сақтау мен оның құнарлылығын ұдайы жақсартудың, жер реформасын жүргiзудiң Республикалық бағдарламасын жүзеге асырудың негiзгi мәселелерiн қарайды.
Алқаның шешiмi Комитет төрағасының бұйрықтарымен және өкiмдерiмен iс жүзiне асырылады.
16. Жер реформасын жүзеге асырудың, жер ресурстарын пайдалану мен қорғаудың ғылыми-техникалық мәселелерiн қарау үшiн Мемжеркомның ғылыми-техникалық кеңесi құрылады.
Ғылыми-техникалық кеңес және оның құрамы туралы ереженi Комитет төрағасы бекiтедi.
17. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасауды Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 178-бабына сәйкес халық депутаттары Кеңестерi, Мемжеркомның жерге орналастыру қызметi, табиғат қорғау органдары және осыған арнаулы уәкiлдiк берiлген органдар жүзеге асырады.
18. Мемжерком жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдарының мiндеттерi, құрамы, олардың мiндеттерi мен хұқықтары осы Ереженiң IV бөлiмiнде белгiленедi.
19. Мемжерком заңды ұйым болып табылады, оның банк мекемелерiнде есептiк және өзге шоттары, оқшауланған мүлкi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және қазақ, орыс тiлдерiнде өзiнiң атауы жазылған мөрi болады.
II. Облыстың, Алматы және Ленинск қалаларының
жер қатынастары және жерге орналастыру
жөнiндегi комитетi
20. Облыстың, Алматы және Ленинск қалаларының жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитетi жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын ұдайы арттыру, табиғи ортаны сақтау және жақсарту, жерде шаруашылық жүргiзудiң барлық түрлерiн тең хұқықпен дамыту үшiн қажеттi жағдайлар жасау мақсатында жергiлiктi жерлерде жер саясатын жүзеге асыру жөнiндегi аймақтық мемлекеттiк басқару органы болып табылады және өз қызметiнде тiкелей Қазақстан Республкасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне бағынады.
21. Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
облыс, Алматы және Ленинск қалалары аумақтарында жер реформасын жүзеге асыру;
жердi пайдалануды ұйымдастырудың тиiмдiлiгi жоғары нысанын дамыту және нығайту үшiн жағдай жасау мақсатында жер пайдалану жүйесiн қайта құру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
жердi пайдалануға және қорғауға мемлекеттiк бақылау жасау жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру, жер мониторингiн, жерге орналастыру мен мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу;
жердi ұтымды пайдаланудың экономикалық механизмiн жасауға қатысу болып табылады.
22. Өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн комитет:
жер реформасын жүргiзу бағдарламасын әзiрлеуге қатысады және оларды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi;
жер реформасын жүргiзу жөнiндегi жұмысты үйлестiредi;
жер ресурстарын пайдалануды ұйымдастырудың тиiмдiлiгi жоғары нысандарын дамытуға және нығайтуға бағытталған қажеттi әлеуметтiк- экономикалық және ұйымдық-шаруашылық жағдайлар жасау жөнiндегi ұсынысты әзiрлейдi;
жерге баға беру жөнiндегi жұмысты жүргiзуге қатысады;
жер үшiн төлемдi, жердi ұтымды пайдалануды экономикалық ынталандыру шараларын белгiлеу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге қатысады;
пайдаланылмай жатқан және тиiмсiз пайдаланып жүрген жерлердi үнемi анықтап отыруды және кейiн қайта бөлу үшiн арнаулы жер қорын құруды қамтамасыз етедi;
жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
жергiлiктi мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарының жер реформасы және жер ресурстарын пайдалану мәселелерi жөнiнде белгiленген тәртiппен қолданылып жүрген заңдарға қайшы келетiн шешiмдерiнiң күшiн жою туралы ұсыныс енгiзедi;
тиiстi жергiлiктi әкiмдердiң немесе халық депутаттары Кеңестерi қарауына Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 24-бабында көзделген негiздер бойынша жер учаскелерiн иелену мен пайдалану және олардың жалға беру хұқығын тоқтату, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын тоқтату, қорғалатын аумақтар құру, жердi игеру мен жақсарту жөнiндегi шараларды жүргiзу, тиiстi жобаларсыз немесе олардан ауытқып жүзеге асырылатын аумақтарды құруға байланысты басқа да шаралар туралы ұсыныс енгiзедi;
мемлекеттiк жер кадастрын және жер мониторингiн жүргiзедi;
жобалау ұйымдарының күшiмен мемлекеттiк жерге орналастыру, сондай-ақ топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақ, геоботаникалық, басқа да тексеру және iздестiру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзедi;
жер ресурстарының сандық және сапалық жай-күйi туралы деректердiң бiрыңғай банкiн құрады және республика үшiн бiрыңғай банк құруға қатысады;
облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда жерге орналастыру қызметiн жердi есепке алу, жер иеленушiлердi, жер пайдаланушыларды тiркеу және жер иеленуге, пайдалануға және жалға беруге хұқық беретiн актiлер беру, жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастыру, жер үшiн төлем жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу бөлiгiнде үйлестiрiп, бағыт берiп отырады;
қолда бар жер және оларды категориялары, жарамдылығы бойынша, жер иеленушiлер мен жер пайдаланушыларға бөлу туралы, жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасау, бұзылған жердi рекультивациялау, топырақтың құнарлы қабатын алу және пайдалану туралы жыл сайын есеп әзiрлейдi.
23. Комитеттi облыстық, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен келiсiп Мемжерком тағайындаған төраға басқарады.
Комитет төрағасы:
өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады, нұсқау бередi, ұйымдастырады және олардың орындалуын тексередi;
комитет аппаратының қызметкерлерiн (төрағаның орынбасары мен бас бухгалтерден басқасын), аудан әкiмiнiң келiсiмiмен аудандардың жерге қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитеттерiнiң төрағаларын тағайындайды және қызметтен босатады;
әкiмшiлiк хұқық бұзушылық туралы iстердi қарайды және жер заңдарын бұзғаны үшiн белгiленген әкiмшiлiк жаза қолданады.
24. Комитет аппаратының құрылымы мен штаттық кестесiн Мемжерком бекiтедi.
25. Комитет заңды ұйым болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және қазақ, орыс тiлдерiнде өзiнiң атауы жазылған мөрi болады.
III. Аудандық жер қатынастары және жерге
орналастыру жөнiндегi комитет
26. Аудандағы жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитет жер реформасы және жергiлiктi жерлерде жер саясатын жүзеге асыру жөнiндегi аумақтық мемлекеттiк басқару органы болып табылады.
27. Аудандық комитет өз қызметiнде тiкелей облыстық жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитетiне бағынады.
28. Комитеттiң негiзгi мiндетi:
аудан аумағында жер реформасын жүргiзу;
жердi пайдалануды ұйымдастырудың тиiмдiлiгi жоғары нысандарын дамыту және нығайту үшiн жағдай жасау мақсатында жер пайдалану жүйесiн қайта құру жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асыру;
кейiн қайта бөлу үшiн жер қорын және арнаулы жер қорын жасау болып табылады.
29. Өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн комитет:
жер реформасын жүргiзу бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз етедi;
жер қорын түгендеу iсiн жүргiзуге қатысады;
жер реформасын жүргiзу, жер ресурстарын пайдалануды ұйымдастырудың тиiмдiлiгi жоғары нысандарын дамыту мен нығайтуға бағытталған қажеттi әлеуметтiк-экономикалық және ұйымдық-шаруашылық жағдай жасау жөнiнде ұсыныс енгiзедi;
жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
жерге баға беру iсiн жүргiзедi;
жер-кадастр құжаттамасы мен жер мониторингiн ұйымдастырады және жүргiзедi;
жер үшiн төлем белгiлеу жөнiнде ұсыныс енгiзедi;
өнеркәсiптiк және өзге мақсатқа арналған объектiлердi орналастыру, салу, қайта құру немесе кеңейту, оның iшiнде шаруашылықтың iшкi құрылыстарын салу, геологиялық барлау, iздестiру және басқа жұмыстарды жүргiзу кезiнде жер заңдарының бұзылуын жоюға шара қолданады;
нақты пайдаланып отырған жер учаскесiн ескере отырып, барлық жер учаскелерiн қайта тiркеудi жүзеге асырады;
Аудан әкiмiнiң қарауына Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 24-бабында көзделген негiздер бойынша жер учаскелерiн иелену және пайдалану және олардың жалға беру құқығын тоқтату туралы, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын тоқтату, қорғалатын аумақтар құру, жердi игеру мен жақсарту жөнiндегi шараларды жүргiзу, тиiстi жобаларсыз немесе олардан ауытқып жүзеге асырылатын аумақтарды құруға байланысты басқа да шаралар туралы ұсыныс енгiзедi;
мемлекеттiк жерге орналастыру, топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақ, агротехникалық, геоботаникалық, зерттеу және басқа iздестiрулер жөнiндегi жұмыстарды бақылайды және қабылдайды;
жер ресурстарының сандық және сапалық жай-күйi туралы деректердiң бiрыңғай банкiн құру жөнiнде шара қолданады;
қолда бар жерлердi және олардың категориялары, құнарлылығы бойынша және жер иеленушiлер мен жер пайдаланушыларға бөлу туралы, жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасау, бұзылған жердi рекультивациялау, топырақтың құнарлы қабатын алу және пайдалану туралы жыл сайын есеп әзiрлейдi.
30.Аудандық комитеттi төраға басқарады.
Аудандық комитеттiң төрағасын аудан әкiмiнiң келiсiмiмен облыстық жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитетi тағайындайды.
31. Комитет төрағасы:
өз құзыретi шегiнде нұсқаулар бередi, олардың орындалуын тексередi;
әкiмшiлiк хұқық бұзушылық туралы iстердi қарайды және жер заңдарын бұзғаны үшiн белгiленген әкiмшiлiк жаза қолданады.
32. Комитет заңды ұйым болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және қазақ, орыс тiлдерiнде өзiнiң атауы жазылған мөрi болады.
IY. Жердi пайдалану мен қорғауға
мемлекеттi бақылау жасау
33. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасаудың мiндетi - жердi ұтымды пайдалану мен қорғау мақсатында барлық мемлекеттiк және қоғамдық органдардың, мемлекеттiк, кооперативтiк және өзге қоғамдық кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, азаматтардың, жер заңдарын, жер пайдалану тәртiбiн, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiн жүргiзуiнiң дұрыстығын сақтауды қамтамасыз ету.
34. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын Мемжерком жүйесi органдарының құрамында:
Комитеттiң орталық аппаратының жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау бөлiмi;
облыстардағы, аудандардағы, Алматы және Ленинск қалаларындағы жер қатынастары және жерге орналастыру комитеттерi кiредi.
35. Қазақстан Республикасында жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауға басшылықты қызметi бойынша сонымен бiр мезгiлде Мемжерком төрағасының бiрiншi орынбасары болып табылатын, Қазақстан Республикасының жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi Бас мемлекеттiк инспекторы жүзеге асырады.
Комитеттiң жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау бөлiмiнiң бастығы сонымен бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi Бас мемлекеттiк инспекторының орынбасары болып табылады.
Облыста, ауданда, Алматы және Ленинск қалаларында жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауға басшылықты сонымен бiр мезгiлде қызметi бойынша облыстық, аудандық, Алматы және Ленинск қалалық жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитеттерiнiң төрағалары болып табылатын облыстың, ауданның, Алматы және Ленинск қалаларының бас мемлекеттiк инспекторлары жүзеге асырады.
36. Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар хұқығы Мемжерком жүйесiнiң басқа қызметкерлерiне де берiледi, Комитет бекiткен тiзбеге сәйкес оларға жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру жүктеледi.
37. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылаудың мiндеттерiне сәйкес Мемжерком органдары:
а) бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, азаматтардың, шетелдiк адамдар мен заңды ұйымдардың жер заңдары, жергiлiктi әкiмдер шешiмдерiн, Мемжеркомның жердi ұтымды пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi бұйрықтарының нұсқамалары мен нұсқауларының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
жер иеленушiлердiң, жер пайдаланушылар мен азаматтардың жер учаскелерiн берiлген мақсаттарға сай пайдалануына бақылауды жүзеге асырады;
кейiн қайта бөлу үшiн халық депутаттары Кеңестерiнiң арнаулы жер қорын жасау мақсатында пайдаланылмай жатқан және тиiмсiз пайдаланылып жүрген жерлердi анықтайды;
жердiң дұрыс пайдаланылуына және барлық жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және оны сақтау, жердi ластану мен бұзылудан, эрозиядан, дефляциядан, шөлге айналудан және басқа зиянды ықпалдар мен процестерден қорғау, аумақты экологиялық жағынан ұтымды ұйымдастыру жөнiндегi шаралар кешенiн орындауына бақылауды жүзеге асырады;
жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзу жөнiнде белгiленген ереженiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
жердi пайдалануға байланысты, жердi қорғау жөнiндегi талаптарды сақтау бөлiгiнде, жерге орналастыру жобаларын және басқа жобаларды жүзеге асыруды бақылайды;
ауыл шаруашылығына емес мұқтажға алып қою үшiн белгiленген жер учаскелерiнiң орналасқан жерi және шамамен алғанда мөлшерi туралы келiсуге берiлген материалдарды қарайды;
топырақ қабатын бұзуға байланысты жұмыс жүргiзетiн кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың топырақтың құнарлы қабатын алуы мен сақтауына, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндiру және басқа мақсаттар үшiн уақытша пайдалануға бөлiнген жер учаскелерiн дер кезiнде, лайықты дәрежеде рекультивациялануына және ауыл, орман немесе балық шаруашылығына пайдалануға жарамды жағдайға келтiрiлуiне бақылауды жүзеге асырады;
мердiгер ұйымдар, сондай-ақ жер иеленушiлер және жер пайдаланушылар күшiмен орындалған эрозияға қарсы жұмыстың сапасын тексерудi ұйымдастырады;
жер пайдалануға байланысты бағдарламалар мен жобалардың сараптамасын жүргiзедi;
жер иеленушiлер мен жер пайдаланушыларға жердi дұрыс пайдалануды ұйымдастыруда, жердi қорғау жөнiнде эрозияға қарсы және басқа шараларды жүргiзуде көмек көрсетедi;
жер заңдарын насихаттауға қатысады.
38. Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспектордың:
жер заңдары талаптарының сақталуын тексеру үшiн белгiленген үлгiдегi қызметтiк куәлiгiн көрсетiп, бағыныстылығы мен меншiк түрлерiне қарамастан, кәсiпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға және өзге объектiлерге, оның iшiнде әскери-өнеркәсiп кешенiнiң объектiлерiне, қорықтарға және басқа ерекше қорғалатын аумақтарға кедергiсiз кiруге;
белгiленген тәртiппен жердi қорғау мен пайдалану жөнiндегi ақпараттар мен есеп алуға;
жер иеленушiлердiң және жер пайдаланушылардың қатысуымен жердi тексеруге, жердiң кiмге берiлу мақсатына сәйкес жердi қорғау мен жер учаскелерiн пайдалану мәселелерi жөнiнде оларға орындау үшiн нұсқау беруге, қажет болған жағдайда тексерудiң нәтижесi бойынша акт (хаттама) жасауға;
агротехникалық және орман мелиорациялық жұмыстарын тоқтата тұруға, егер одан әрi жүргiзе берсе топырақ құнарлылығын төмендететiн эрозияның, тұзданудың, батпақтанудың және басқа процестердiң күшеюiне, сондай-ақ жердiң құнарлы қабатының бұзылуына соқтыратын жол құрылысын, гидротехникалық және өзге де құрылыс түрлерiн, пайдалы қазбаларды өңдеудi, iздестiру және басқа жұмыстар жүргiзудi тоқтата тұру туралы тиiстi органдарға ұсыныс енгiзуге;
егер:
а) жер өзi арналған мақсатқа пайдаланылмаса;
б) жер тиiмсiз пайдаланып, ауыл шаруашылығына арналған жайылым үшiн үш жыл бойы қатарынан кадастрлық баға беру бойынша нормативтен төмен шығымдылық деңгейiнде көрiнсе;
в) жер учаскесi топырақ құнарлылығын төмендететiн, оны химиялық және радиоактивтi ластануға, экологиялық жағдайды нашарлатуға алып келетiн әдiстермен пайдаланылса;
г) атыздарға зиянды және тиым салынған арамшөптер өсiп кетсе;
д) суармалы жерлер батпақтануға, қайталап тұздануға және ирригациялық эрозия ошақтарын туғызуға алып келетiн әдiстермен пайдаланылса;
е) ауыл шаруашылығы үшiн берiлген жер учаскесi (шаруа қожалығына берiлген жер бұған кiрмейдi) бiр жыл iшiнде және ауыл шаруашылық емес мақсатқа берiлген жер учаскесi екi жыл iшiнде пайдаланылмаса халық депутаттарының жергiлiктi Кеңестерiне, жергiлiктi әкiмдерге жер иеленушiлерден және жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қою туралы ұсыныс енгiзуге;
жердi қорғау топырақ құнарлылығын арттыру және пайдаланылмай жатқан жердi ауыл шаруашылық айналымына тарту жөнiндегi шараларды орындауда ерекше көзге түскен қызметкерлердi көтермелеу туралы белгiленген тәртiппен ұсыныс жасауға;
құрылыс объектiлерiнiң, жердi мелиорациялау жобаларын және жерлердi ауыл шаруашылық айналымынан шығаруды көздейтiн басқа да жобалар мен сызбаларды сараптауға қатысуға;
мелиорацияланған және рекультивацияланған жерлердi, қорғаныш екпе ағаштарды, эрозияға қарсы құрылыстар мен басқа да объектiлердi және жердiң құнарлылығын арттыру мен қорғау мақсатында салынған құрылыстарды пайдалануға қабылдауға қатысуға;
барлық жер пайдаланушылар мен жер иеленушiлерден жерге орналастыру қызметiнiң құзыретiне жататын мәселелердi шешу үшiн қажеттi мәлiметтер мен құжаттар берудi талап етуге;
жер заңдарының бұзылғандығы туралы анықталған жайларды Қазақстан Республикасының жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылаудың тиiстi актiсiмен ресiмдеп, жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi республикалық, облыстық, аудандық, Алматы және Ленинск қалалық органдарының басшыларына тапсыруға хұқығы бар.
39. Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi республикалық, облыстық, аудандық, Алматы және Ленинск қалалық комитеттердiң төрағалары әкiмшiлiк хұқық бұзушылық жөнiндегi материалдарды 15 күн мерзiм iшiнде қарайды және белгiленген әкiмшiлiк жаза қолданады.
40. Тиiстi жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитет төрағасының әкiмшiлiк жаза қолдану туралы шешiмiне 10 күн мерзiм iшiнде бағыныстылығы бойынша оның жоғары тұрған ұйымына шағым берiлуi мүмкiн.
V. Мемжерком органдарының халық депутаттары
жергiлiктi Кеңестерiмен, жергiлiктi әкiмдермен
және басқа ұйымдармен өзара iс-әрекетi
41. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң органдары жер қатынастары мен жерге орналастыруды реттеу мәселесiнде тиiстi халық депутаттары Кеңестерiмен, жергiлiктi әкiмдермен өзара iс-әрекет жасайды.
Мемжерком органдарының мамандары осы мақсатта:
жер учаскелерiн алып қою, беру және ауыстырып беру, иелену, пайдалану немесе жалға беру туралы ұсыныс әзiрлейдi;
колхоздардан, совхоздардан және басқа жер иеленушiлер мен жер пайдаланушылардан заңдарда белгiленген жағдайларға орай алынған жерлерден тиiстi халық депутаттары Кеңестерiнiң арнаулы жер қорын жасау жөнiндегi материалдарды әзiрлейдi;
жер учаскелерiн иеленуге және пайдалануға хұқық беретiн мемлекеттiк актi беруге материалдар дайындайды;
жайылымды пайдаланудың бiр түрiнен екiншi түрiне аудару туралы ұсыныс енгiзедi;
қолда бар жерлер және оларды категориялары, құнарлылығы бойынша жер иеленушiлер мен жер пайдаланушыларға бөлу, жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасау, бұзылған жердi рекультивациялау, құнарлы қабатын алу және пайдалану туралы есеп берiп отырады.
42. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң органдары:
а) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен және оның жергiлiктi жерлердегi органдарымен:
жер реформасын жүргiзу және жер ресурстарын пайдалану бағдарламаларын әзiрлеу мен жүзеге асыру;
ауыл шаруашылық кәсiпорындарының өтiнiмдерi бойынша жобалау-iздестiру және жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзудi қамтамасыз ету;
Ауыл шаруашылығы министрлiгi жүйесiнiң ауыл шаруашылық кәсiпорындарында пайдаланылмай жатқан және тиiмсiз пайдаланып жүрген жерлердi анықтау жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу;
ауыл шаруашылық кәсiпорындарына қатысты жер қатынастарын реттеу;
топырақ құнарлылығын сақтау және арттыру;
жердiң сапалық жайының жойылуы және нашарлауы арқылы келген нұқсанды анықтау;
ауыл шаруашылығы өндiрiсiнде жер ресурстарын пайдалану бағдарламаларын, сызбаларын және жобаларын сараптан өткiзу;
жер үшiн төлемдi анықтау үшiн негiзге алынатын деректердi әзiрлеу бөлiгiнде;
б) Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгiмен және оның жергiлiктi жерлердегi органдарымен;
жердi қорғауға мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыру;
жердi қорғау мәселелерi жөнiндегi заң және басқа нормативтiк актiлер жобаларын әзiрлеу;
жердiң құнарлылығын сақтау мен оны ұдайы арттыру және табиғи ортаны жақсарту;
жердiң сапасын жою немесе оның жай-күйiн нашарлату арқылы келтiрiлген залалды анықтау;
жер реформасын жүргiзу және орман қорының жер ресурстарын пайдалану бағдарламаларын әзiрлеу және жүзеге асыру;
табиғат қорғау талаптарын сақтауға байланысты мәселелер бойынша жер реформасын жүргiзу, жер ресурстарын пайдалану бағдарламаларын әзiрлеу және жүзеге асыру;
табиғат қорғау талаптарын сақтау мәселелерiнде жер ресурстарын пайдалану бағдарламаларының сызбалары мен жобаларының сараптамаларын жүргiзу;
ластанған және тозған жерлердi қорғау жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу бөлiгiнде iс-әрекет етедi;
в) Қазақстан Республикасының Архитектура және құрылыс жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен жер қатынастарына байланысты қала құрылысы қызметiн жүзеге асыру бөлiгiнде iс-әрекет етедi.