Жеке қорғаныстың тиiмдi құралы болып табылатын газ қаруына деген республика халқының сұранысының артуына және оны жасау, өткiзу, сатып алу, ұстау, сақтау мен қолдану мәселелерiн реттеудiң нормативтiк базасының болмауына байланысты Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiмен және Денсаулық сақтау министрлiгiмен бiрлесiп, өздерiнiң өмiрiне, денсаулығына, абыройы мен мүлкiне қылмысты қол сұғушылықтардан жеке барын қорғау мақсатында азаматтардың газ қаруын сатып алуы, ұстауы, сақтауы мен қолдануы жөнiндегi мәселелердiң хұқықтық жақтарын зерделейтiн болсын.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Ұлттық хауiпсiздiк комитетiмен келiсiп, қолданылып жүрген заң актiлерiне тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заңның жобасын бiр ай мерзiм iшiнде әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне тапсырсын.
2. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi:
тегiс оқпанды аңшы қаруына бақылау жасау шаралары тәрiздi газ қаруына бақылау жасау шараларын көздей отырып, рұқсат беру жүйесi туралы Ереженiң жобасын әзiрлеп, мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен келiсiп, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қарауына ұсынсын;
осы мәселе бойынша шешiм қабылданғанға дейiн кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар газ қаруын сатып алуға, сақтауға, тасымалдау мен өткiзуге рұқсат сұраған барлық жағдайларда рұқсат беру жүйесiн реттейтiн ведомстволық бұйрықтар мен нұсқамаларды басшылыққа алсын;
алдын-ала есепке және кейiннен газ қаруын ұстау мен сақтауға хұқық беретiн құжаттарын ресiмдеп алуы үшiн газ тапаншалары бар азаматтарды анықтау жөнiндегi шараларды ұйымдастырсын;
газ қаруын сақтау мен қолданудың уақытша ережелерiн әзiрлеп, бекiтсiн, сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттарының оны сатып алуына хұқық беретiн уақытша рұқсат ету тәртiбiн белгiлесiн.
3. Қазақ республикалық "Динамо" дене мәдениетi-спорт қоғамына шетелден әкелiнген сериялап шығарылатын газ қаруын, iшкi iстер органдарынан тиiстi рұқсаттары бар мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарының, барлық меншiк нысандарындағы кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың лауазымды адамдарына тәжiрибе ретiнде сатуына рұқсат етiлсiн.
Қазақ республикалық "Динамо" дене мәдениетi-спорт қоғамы өзiнiң арнайы дене шынықтыру орталықтары арқылы газ қаруын сатып алған адамдарды оны меңгеру дағдысына, сақтау мен қолдану ережелерiне мiндеттi түрде үйретудi қамтамасыз етсiн.
Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi газ қаруын сатудың аталған шарттарының сақталуына бақылау орнатсын.
4. Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетпен, Қаржы министрлiгiмен, Материалдық ресурстар министрлiгiмен және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң жанындағы Стандарттау және метрология жөнiндегi Бас басқармамен бiрлесiп, республика кәсiпорындарында, оның iшiнде Шығыс Қазақстан облыстық әкiмшiлiгiнiң ұсынысын ескерiп, Үлбi металлургия зауытында, отандық өндiрiстiң газ тапаншасының конструкторлық әзiрлемесiн жасау мен өнеркәсiпте шығару мәселелерiн қарайтын болсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi