Ескерту.(қараңыз) Шағын бизнес орталықтарының республикалық желiсiн құру мен дамыту бағдарламасы - ҚРМК-нiң 1995.06.20. N 849 қаулысымен.
Қазақстан Республикасында шағын және орта бизнестi дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Шағын бизнес орталықтарын құру тәртiбi туралы Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
2. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп, бiр ай мерзiмде республиканың облыстарында шағын бизнес орталықтарын құру жөнiндегi шаралардың жоспарын әзiрлесiн, объектiлердi анықтап, оларды шағын бизнес орталықтары үшiн жекешелендiру жөнiнде конкурс ұйымдастырсын.
3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi республикада шағын бизнес орталықтарын қалыптастыру жөнiндегi бағдарламаны жүзеге асыру үшiн қаржыландыру көздерiн анықтасын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1993 жылғы 15 қыркүйектегi
N 884 қаулысымен
Бекiтiлген
"Шағын бизнес орталықтарын құру тәртiбi туралы"
Ереже
I. Жалпы ережелер
1. Ереже материалдық өндiрiс саласында шағын бизнестi дамыту мақсатымен шағын бизнес орталықтарын (бұдан әрi Орталықтар) құруда Экономика министрлiгiнiң, Еңбек министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң, Қазақстан Республикасының Монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң, Қазақстан Республикасының Жастар iстерi жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң, жергiлiктi әкiмдердiң, басқа да мемлекеттiк органдар мен кәсiпкерлiк құрылымдардың қызметiн үйлестiру үшiн негiз болып табылады.<*>
Ескерту. 1-тармақтан сөздер алынып тасталды - ҚРМК-нiң
1995.06.09. N 809 қаулысымен.
2. Орталықтар құрудың мақсаты:
- көбiнесе басым бағыттарда өндiрiс көлемiн ұлғайту: ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру және ұқсату, халық тұтынатын тауарлар өндiру, өндiрiстiк және тұрғын үй объектiлерiн салу, инновациялық қызмет;
- кәсiпкерлiктiң инфрақұрылымдарын дамыту;
- бұрын игерiлген күрделi қаржыларды ұтымды пайдалану;
- дамудың бiрыңғай стратегиясын жүргiзу және Қазақстанның шағын және орта бизнесiне шетелдiк инвесторларды тартудың тиiмдi тетiгiн құру;
- материалдық өндiрiс саласында озық технологияны енгiзуге, әлемдiк нарықта бәсекелестiкке қабiлеттi өнiмдер шығаруға негiзделген аса басым бизнес-жобаларды анықтау және оларға барынша қолдау жасау;
- өндiрiстi монополиясыздандыруға және жекешелендiруге жәрдемдесу, осы процестердiң нәтижесiнде пайда болатын шағын шаруашылық құрылымдарды қолдау;
- өзiнiң негiзiнде жеке кәсiпкерлiкке сүйенген шағын және орта бизнес саласындағы жұмыс орындарын ұлғайту есебiнен халықты жұмыспен қамту, кәсiпкерлердiң кәсiптiк даярлығын қамтамасыз ету, олардың жеке iсiнiң қалыптасуына атсалысу болып табылады.
3. Орталықтар қызметiнiң негiзгi бағыттары:
- қалыптастыру кезiнде кәсiпкерлердi өндiрiстiк үй-жайлармен, материалдық ресурстармен қамтамасыз ету және жәрдемдесу, ұйымдастырушылық-әдiстемелiк сипаттағы қызметтер көрсету;
- шағын және орта бизнес кәсiпорындарының қызметiн құқықтық қолдау;
- өндiрiстiк үй-жайлар мен офистер, жабдықтар мен техника беру;
- кәсiпкерлерге қаржылай көмек көрсету;
- жобаларды инженерлiк қолдау және өндiрiстi ұйымдастыруда көмектесу;
- дербес түрде шаруашылық жүргiзуге баулу және ақыл-кеңес беру;
- кәсiпкерлiк жобаларға белгiленген тәртiппен, құқықтық, экономикалық және техникалық-технологиялық сараптау жүргiзудi қамтамасыз ету;<*>
- ақпаратпен қамтамасыз ету, маркетингтiк және консультациялық қызмет көрсету;
- есеп жүргiзуге контрактылар мен шарттар жасауға, нормативтi құжаттарды және шаруа жүргiзушi құрылымдарды дайындауға көмектесу;
- кәсiпкерлердiң сыртқы экономикалық байланыстарды ұйымдастыруына жәрдемдесу болып табылады.
Ескерту. 3-тармақтың 8-абзацына өзгерiстер енгiзiлген - ҚРМК-нiң 1994 ж. 8 желтоқсан N 1395 қаулысымен.
4. Орталықтар акционерлiк қоғамдар түрiнде құрылады және оларды:
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi;
- әр түрлi меншiк нысандарындағы шаруашылық жүргiзушi
субъектiлер;
- қоғамдық ұйымдар;
- шетелдiк инвесторлар құра алады.
Акционерлiк капиталға қатысу нысандары:
- үйлер мен ғимараттардан;
- техникалар мен жабдықтардан;
- қаржы көздерiнен;
- өнертапқыштық пен "ноу-хаудан" тұруы мүмкiн.
Орталықтар заңды ұйым болып табылады және өз қызметiн жарғының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарының негiзiнде жүзеге асырады.
Ескерту. 4-тармақтың 3-шi абзацы алынып тасталды - ҚРМК-нiң 1995.06.09. N 809 қаулысымен.
II. Орталықтар құру жөнiндегi ұйымдастыру
шаралары
5. Орталықтарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, жергiлiктi әкiмшiлiктердiң қатысуымен заңды ұйымдар, Экономика министрлiгiнiң аумақтық органдары, Еңбек министрлiгi, Қазақстан Республикасының Монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының Жастар iстерi жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттiк органдары республиканың қалаларында және селолық аудандарында құрады.<*>
Ескерту. 5-тармақтан сөздер алынып тасталған - ҚРМК-нiң
1995.06.09. N 809 қаулысымен.
6. Орталықтарды құру және дамыту жөнiндегi нақты жобаларды жүзеге асыру үшiн жергiлiктi әкiмшiлiктердiң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң органдары жер учаскелерiн, салынып бiтпеген мемлекеттiк объектiлердi, тоқтап тұрған құрылыстарды және жекешелендiруге жататын кәсiпорындарды iздестiредi.
7. Облыстардың әкiмдерi Экономика министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң, мүдделi ұйымдардың, кәсiпкерлiк құрылымдардың аумақтық органдарымен, өкiлдерiмен бiрге iс-шаралардың жоспарын жасайды, онда:
- Орталықтар құру жөнiндегi бизнес-жобалар конкурсын өткiзу;
- жер бөлу туралы мәселенi шешу;
- Орталықтар құру үшiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң объектiлердi жекешелендiруге конкурс өткiзуi;
- Орталықтар құру жөнiндегi инициативалық топты анықтау, акционерлердiң қаражатын тарту жөнiндегi науқанды өрiстету;
- Кәсiпкерлiктi қолдау және бәсекелестiктi дамыту қорының қатысуымен Орталықтар құрудың бағдарламаларын жасау, құрылтайшы құжаттарын әзiрлеу көзделедi.
8. Орталықтар құруда құқықтық, әдiстемелiк және консультациялық қолдауды Кәсiпкерлiктi қолдау және бәсекелестiктi дамыту қоры жүзеге асырады.
9. Орталықтар құру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзудi үйлестiру мен бақылауды Экономика министрлiгi мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
III. Бизнес-жобалардың конкурсы
10. Орталықтар құру жөнiндегi таңдаулы бизнес-жобаларды анықтау үшiн олардың конкурсы өткiзiледi. Конкурсты Кәсiпкерлiктi қолдау және бәсекелестiктi дамыту қорының аумақтық бөлiмшелерi ұйымдастырады және өткiзедi.
11. Орталықтардың мақсаттары мен мiндеттерiн жүзеге асыруға қол жеткiзуге мүмкiндiк беретiн, өндiрiстiк қызметтi iске асыратын немесе iске асыруға ниеттенген кез келген жеке адамдар немесе заңды ұйымдар конкурстың қатысушылары бола алады.
12. Орталықтарды құру және олардың қызметi жөнiндегi жобаларға қойылатын талаптар: өндiрiлетiн өнiмдердiң әлеуметтiк маңыздылығы, бәсекелестiк қабiлеттiлiгi, алдыңғы қатарлы және экологиялық таза технологияны қолдану, шикiзатпен, материалдармен және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етiлуi, өндiрiстiң тиiмдiлiгi.
13. Конкурс баспасөзде, теледидарда, радиода кең жариялылық тұрғысында өткiзiледi. Конкурсты екi кезеңде өткiзу ұсынылады: алдын-ала, қатысушылардың анкетасын қарау, ал ақтық кезеңде жеңiмпаздардың өз жобаларын жүзеге асыруына және қаржы-кредит қолдауын алуына құқығын бекiту.