Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Алматы қаласында 1992 жылғы 23 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тунис Республикасы Үкiметiнiң арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы осыған қосылған хаттама бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi осы Хаттаманың бекiтiлгенi туралы Тунис Республикасының Үкiметiн хабардар ететiн болсын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тунис
Республикасының Үкiметi арасындағы экономикалық,
ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы
Хаттама
(1993 жылғы 24 қыркүйекте күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрi "Келiсушi Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тунис Республикасының Үкiметi
екi ел халықтарының арасында достық қарым-қатынастар бар екендiгiн мойындай отырып,
экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы екi жақты ынтымақтастықты нығайту ниетiмен ынталана отырып,
екi мемлекет арасындағы қатынастарда халықаралық хұқықтың жалпыға бiрдей нормаларын басшылыққа ала отырып,
екi жақты ынтымақтастықта жаңа экономикалық жағдаяттарға сәйкес келтiрудi тiлей отырып,
төмендегi жайында келiстi:
1-бап
Келiсушi Тараптар өз елдерiнiң мүмкiндiктерi мен сұраныстарын ескере отырып, теңдiк пен тиiмдiлiк негiзiнде экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени дамуға жәрдемдесу мақсатында ынтымақтасуға және бiр-бiрiне көмектесуге мiндеттенедi.
2-бап
Жоғарыда көрсетiлген бапта алға қойылған мiндеттердi жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық өзгелерден тыс мына салаларда да өрбитiн болады:
а) ауыл шаруашылығы, балық аулау мен кеме жасау, құрылыс және туризм;
б) өнеркәсiп және сауда аралас кәсiпорындарын құру және басқару;
в) экономикалық, ғылыми және техникалық ақпарат алмасу;
г) техника мен ғылым салаларында сарапшылар, мамандар және кеңесшiлер алмасу;
д) бiлiм мен кәсiптiк оқу салаларында стипендия беру, сынақтан өткiзу мен семинарлар ұйымдастыру.
Ынтымақтастықтың кез келген өзге нысаны жөнiнде Келiсушi екi Тарап келiсетiн болады.
3-бап
2-бапта қарастырылған және қоғамдық ұйымдар жүзеге асыратын негiзгi жобаларды iске асыруда экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты өмiрге енгiзу ерекше келiсiмдердiң, хаттамалардың және келiсiм-шарттардың тақырыбы болып табылады.
4-бап
Келiсушi Тараптар өздерiнiң мүмкiндiктерiне сәйкес екi мемлекеттiң заңды ұйымдары мен азаматтарына осы Хаттаманың ауқымында олардың қызметiне қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында қажеттi жеңiлдiктер беретiн болады.
5-бап
Келiсушi Тараптардың бiреуiнiң территориясында екi Тарап қол қойған хаттамаларды, келiсiм-шарттарды, шарттар мен келiсiмдердi орындау мақсатында жүрген кез келген тұлға сол мемлекеттiң заңдары мен ережелерiн сақтауға мiндеттi.
6-бап
Осы Хаттама бес жыл мерзiмге жасалады және егер Келiсушi Тараптардың бiреуi оның қолданыста болу мерзiмi бiткенге дейiн алты ай бұрын оны бұзғысы келетiнi туралы жазбаша мәлiмдемесе, әрбiр келесi бес жыл мерзiмге ұзартылуға жатады.
Хаттама Келiсушi Тараптардың iшкi мемлекеттiк заңдарына сәйкес күшiне енедi.
7-бап
Осы Хаттамаға кез келген өзгерiс пен толықтыру Келiсушi Тараптардың арасындағы жазбаша келiсiмнен кейiн енгiзiледi.
1992 жылы 23 қарашада Алматы қаласында екi дана болып араб және қазақ тiлдерiнде жасалды және екi текстiң күшi бiрдей.
Әрбiр Келiсушi Тарапқа осы Хаттаманың данасымен бiрге орыс тiлiндегi ресми аударманың тексi қалдырылады.
Қазақстан Республикасының Тунис Республикасының
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн