Қазақстан Республикасының Жер мониторингi туралы Ережесiн бекiту жайында

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1993 жылғы 30 қыркүйек N 979. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997.09.17. N 1347 қаулысымен. ~P971347

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Жер мониторингi туралы қоса берiлiп отырған Ережесi бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi 1993-1995 жылдар iшiнде:
      жер моноторингiн және мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу үшiн жерге орналастыру қызметiнiң құрылымдық бөлiмшелерi, сондай-ақ республиканың басқа да министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi мен ведомстволары атқарған аэрокосмостық суретке түсiру, топографиялық топырақ геоботаникалық және басқа картографиялық материалдардың, iздестiрулер мен тексерулердiң жарамдылық дәрежесiн айқындау жөнiндегi қажеттi жұмыстарды жүзеге асырсын;
      мүдделi министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың қатысуымен стационарлық учаскелердiң, полигондардың, топырақ құнарлылығын және жердiң ластануын зерттеу жөнiндегi станцияларының қазiргi ведомстволық желiлерiн түгендеудi жүргiзсiн және оның нәтижесiн ескере отырып жер моноторингiн жүргiзу үшiн желiнi одан әрi дамытуды айқындасын;
      жер моноторингiнiң нәтижелерiн қорыту мен талдаудың бiрыңғай автоматтандырылған жүйесiн ұйымдастыру жөнiндегi республикалық бағдарламаны әзiрлеп, өндiрiске енгiзетiн болсын.
      3. өздерiнде жер қорының жай-күйi туралы, оның iшiнде жердiң қауiптi уытты заттармен ластануы туралы материалдары бар министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволар олардың көшiрмесiн жыл сайынғы есептерге және Жер мониторингi мен мемлекеттiк жер кадастры жөнiндегi мемлекеттiк /ұлттық/ баяндамаға енгiзу үшiн Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне тегiн табыс етедi деп белгiленсiн.
      4. Топырақты зерттеу iсiн жүргiзуде, жер мониторингi мен жер қыртысының сапасын бағалап көрсету мәлiметтерiнiң дұрыстығын қамтамасыз етуде қосарластыққа жол бермеу мақсатында:
      Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитетiне топырақ, топырақ-тұз құрамын топырақ-эрозиялық, топырақ-агрохимиялық, топырақ-геохимиялық, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық iздестiрулер мен тексерулердiң бiрыңғай мемлекеттiк есебiн жүргiзу, сондай-ақ республикада олардың жүргiзiлуiне бақылау жасау жүктелсiн;
      мүдделi министрлiктерге, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволарға Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiн табиғи орта мониторингтерiн жүргiзу жөнiндегi жұмыстардың жай-күйi туралы қажеттi хабарламалармен қамтамасыз ету және онымен топырақ, топырақ-тұз, топырақ-эрозиялық, топырақ-агрохимиялық, топырақ-геохимиялық, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық iздестiрулер мен тексерулердi келiсу жүктелсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Қазақ ауыл шаруашылық ғылым академиясы, мүдделi министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволарға жер мониторингiн ұйымдастыру мен жүргiзуде Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне ғылыми-әдiстемелiк және практикалық көмек көрсету ұсынылсын.
      6. Жер мониторингi желiсiн қарау және бекiту, оны жүргiзудiң құралдары мен әдiстерiн жетiлдiру, жер құнарлылығының динамикасы жөнiндегi мәлiметтердiң хабарлама банкiн жасау сондай-ақ бiрқатар министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволар жүргiзетiн жер мониторингi жөнiндегi ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестiру үшiн Қазақстан Республикасының жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi жанынан Қазақстан Республикасының жер мониторингi жөнiндегi Ведомствоаралық үйлестiру кеңесi құрылсын.
      Кеңестiң адам құрамын және ол туралы Ереженi мүдделi министрлiктермен, мемлекеттiк комитеттермен және ведомстволармен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бекiтедi.
 

     Қазақстан Республикасының 

       Премьер-министрi



                                      Қазақстан Республикасы



                                      Министрлер Кабинетiнiң

                                      1993 жылғы 30 қыркүйектегi   

                                       N 979 қаулысымен

                                             Бекiтiлген



 
 
               Қазақстан Республикасының жер мониторингi туралы
                               ЕРЕЖЕ
                  I. Жалпы ережелер
      1. Жер мониторингi жерде болып жатқан өзгерiстердi дер кезiнде анықтау, оларға баға беру, табиғи келеңсiз және антропогендiк процестердiң немесе төтенше ахуалдың алдын алу және оларды жою үшiн жер қорының сапалық және сандық жай-күйiн жедел, ұдайы, болжамды және базалық /негiз болатын/ бақылау жүйесi болып табылады.
      2. Жер мониторингi -айналадағы табиғи орта жай-күйiнiң мониторингi және сонымен бiр мезгiлде басқа да табиғи ортаның мониторингтерiн жүргiзудiң базасы болып табылады.
      3. Құқылық режимге, ведомстволық бағыныстылығына, пайдалану мерзiмiне, мақсатты арналуына және пайдалану сипатына қарамастан Қазақстан Республикасының барлық жерi жер мониторингiнiң объектiсi болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасы халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларға сәйкес ғалымдық жер мониторингiнiң жұмысына қатыса алады.
      5. Жер мониторингiн жүргiзген кезде жердiң сапалық жай-күйiне ықпал ететiн мынадай процестер айқындалады.
      - эволюциялық /дамудың табиғи-тарихи процестерiне байланысты/;
      - циклдiк /табиғи сипаттың тәулiктiк, маусымдық, жылдық және өзге уақыт кезеңдерiнiң өзгерiстерiне байланысты/;
      - антропогендiк /адам қызметiне байланысты/;
      - төтенше жағдай /аварияға, апатқа, стихиялық және экологиялық қасiретке және басқаларға байланысты/.
      6. Бақылаулардың, iздестiрулердiң, түсiрiлiмдердiң, тексерулердiң, түгендеулердiң нәтижелерi, жердi пайдалану мен сақтауға мемлекеттiк бақылаудың материалдары, архив мәлiметтерi, жердiң сапалық жай-күйi туралы басқа да мәлiметтер жер мониторингi үшiн ақпарат көзi болып табылады.
 
         II. Жер мониторингiнiң мiндеттерi
 
      7. Қазақстан Республикасы жер мониторингiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар:
      - жер қоры жай-күйiнiң өзгерiстерiн дер кезiнде анықтау, өзгерiстердiң бағыты мен интенсивтiлiгiне баға беру, сондай-ақ олардың одан әрi дамуының болжамы;
      - келеңсiз процестердiң алдын алу және оларды жою жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу;
      - мемлекеттiк жер кадастрын, басқа да табиғи орта кадастрлары мен мониторингтерiн, жердi ұтымды иелену мен пайдалануды, жердi пайдалану мен қорғауға бақылауды ақпаратпен қамтамасыз ету.
 
           III. Жер мониторингiнiң құрылымы
      8. Жер мониторингiнiң құрылымы жердiң негiзгi мақсатты арналуымен және аумақты қамтуымен айқындалады.
      9. Мониторинг жердiң мақсатты арналуының ерекшелiктерi ескерiле

 

отырып жүргiзiледi және жер категорияларына сай келетiн шағын

жүйелерге бөлiнедi:

     ауыл шаруашылық мақсаттағы жер мониторингi;

     елдi мекендердiң /қалалардың, жұмысшы поселкелерi мен

селолық елдi мекендердiң/ жер мониторингi;

     өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс және өзге мақсатқа

арналған жерлер мониторингi;

     табиғат қорғау, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени

мақсатқа арналған жер мониторингi;

     орман қорының жер мониторингi;

     су қорының жер мониторингi;

     қорға арналған жер мониторингi;

     10. Аумақтық қамтуға қарай республикалық, аймақтық және

жергiлiктi жер мониторингi жүзеге асырылады.

     Республикалық мониторинг Қазақстан Республикасының бүкiл

аумағын қамтиды.

     Аймақтық мониторинг физика-географиялық, әкiмшiлiк, экономикалық

және өзге шекаралармен шектелген аумақты қамтиды.

     Жергiлiктi  мониторинг аймақтық деңгейден төмен аумақтық


объектiлерде, жеке жер иелену және жер пайдалану, стационарлық негiзгi учаскелерi және ландшафтық-экологиялық кешендердiң қарапайым құрылымдары аумағына дейiн жүргiзiледi.
 
           IV. Жер мониторингiнiң мазмұны
 
      11. Жер қорының жай-күйiн жүйелi түрде бақылау /түсiрiлiм, iздестiру, тексеру/, өзгерiстердi анықтау, баға беру және болжау жер мониторингiнiң мазмұнын құрайды:
      жер иеленудiң, жер пайдаланудың, жер алаптарының, алқаптардың, учаскелердiң, топырақ және геоботаникалық нұсқалар мен олардың шекараларының жай-күйi;
      топырақ құнарлылығының өзгеруiне /жердiң қуаңдануы, су және жел эрозиясының күшеюi, қарашiрiк құрамының және қоректiк элементтердiң жоғалуы немесе ұлғаюы, топырақ құрылымының бүлiнуi немесе жақсаруы, тұздануы, кебiртектенуi, батпақтануы, шектен тыс дымқылдануы және су жайылуы немесе бұл факторларды жою/, топырақтың пестицидтермен, ауыр металдармен, радионуклидтермен және басқа уытты заттармен, өнеркәсiптiк, тұрмыстық және өзге қалдықтармен ластануына, топырақтың басқа қасиеттерiнiң нашарлауына немесе жақсаруына байланысты процестер;
      малға табиғи азықтық алқаптың өсiмдiк шығымы жай-күйiнiң /түрлер құрамының, құрылымы мен түсiмдiлiгiнiң, өсiмдiк сапасының, өндiрiстiк потенциалының, химизмi мен жұғымдылығының өзгеруi нашарлау мен қалпына келу жылдамдығының, уытты химиялық элементтер мен радионуклидтердiң жинақталу деңгейiнiң, сондай-ақ олардың антропогендiк ауыртпалыққа төтеп беру дәрежесiнiң өзгеруiне байланысты процестер;
      өзендер, теңiздер, көлдер, бұғаздар, су қоймалары, жайылмалар, гидротехникалық құрылыстар жағалауының жай-күйi;
      жыралардың, көшкiндердiң, көл тасқынының, жер сiлкiнiсiнiң, тау жыныстарының бұзылуы, криогендiк және басқа құбылыстардың пайда болуынан туындаған процестер;
      елдi мекендер жерiнiң, мұнай-газ өндiру орындарының, тазартқыш құрылыстарының, қи сақтайтын, қоқыс жинайтын жерлердiң, жанар-жағар май, тыңайтқыш қоймаларының, автокөлiк тұрақтарының, уытты өнеркәсiп қалдықтары мен радиоактивтiк материалдарды көметiн орынның, сондай-ақ басқа да өнеркәсiп, объектiлерiнiң жай-күйi.
      12. Жер мониторингi:
      бақылауды, iздестiрулердi, түсiрiлiмдердi, тексерулердi /қайта тексеру мен түзетулер/ орындау;
      жердiң жай-күйiне талдау жасау мен баға беру iсiн жүргiзу;
      жердiң құнарлылығына антропогендiк ықпал етудi реттеу жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу;
      белгiлi бiр кезеңде жердiң сапалық жағдайын болжамдаудың жай-күйi жөнiндегi жұмыстарды қамтиды.
      13. Жердiң жай-күйiне баға беру бiрқатар дәйектi /ұдайы маусымдық, тәулiктiк/ бақылауларға, өзгерiстердiң бағыты мен интенсивтiлiгiне талдау жасау және алынған көрсеткiштердi қалыптық көрсеткiштермен салыстыру жолымен орындалады.
      Жердiң жай-күйiнiң көрсеткiштерi белгiлi бiр кезеңде немесе мерзiмге жатқызылатын абсолюттi де, салыстырмалы да маңызынан көрiнедi.
      14. Жердiң жай-күйiн бағалау нәтижелерi бойынша әсiресе келеңсiз сипаттағы өзгерiстердiң динамикасын, бағыты мен интенсивтiлiгiн сипаттайтын тақырыптық карталар, диаграммалар мен кестелер қоса тiркелiп, жедел мәлiметтер, баяндамалар, ұсыныстар мен ғылыми болжамдар жасалады.
 
             V. Жер мониторингiн ұйымдастыру және жүзеге
                              асыру тәртiбi
 
      15. Аудандарда, республикалық бағыныстағы қалаларда және облыстарда жер мониторингiн ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 14 және 15-бабында көрсетiлген тиiстi атқарушы органдарға жүктелген.
      16. Жер мониторингiн жүргiзудi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң мәселелерi" 1992 жылғы 22 сәуiрдегi N 368 /Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1992ж., N 16, 261-бап/ және "Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi және оның жергiлiктi органдары туралы Ереженi бекiту жайында" 1992 жылғы 2 қазандағы N 819 /Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1992 ж., N 38, 572-бап/ қаулыларына сәйкес Қазақстан Республикасы Экология және биологиялық ресурстар министрлiгiнiң, Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң, Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгiнiң, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу жөнiндегi министрлiгiнiң, Су ресурстары жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Гидрометеорология жөнiндегi Бас басқармасы, басқа да мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi жүзеге асырады.
      Аталған министрлiктер мен ведомстволардың қызметiн ұйымдастыру мен үйлестiрудi, жер мониторингiнiң мәлiметтерiн қорытуды Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi жүзеге асырады.
      17. Жер мониторингi мүдделi министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi әзiрлеген бiрыңғай әдiстеме және бағдарлама бойынша жүргiзiледi, олар жердiң жай-күйiн жедел және жүйелi бақылау, iздестiрулер, тексерулер немесе картаға түсiру жөнiндегi жұмыстармен байланыстылардың бәрi үшiн мiндеттi болып табылады.
      18. Бағыныстылығына және меншiк нысандарына қарамастан жердi тақырыптық картаға түсiрудi және оның жай-күйiн бақылауды жүзеге асыратын кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар, кооперативтер мен азаматтар аталған жұмыстар бойынша материалдардың көшiрмесiн осы Ереженiң 27 және 28-тармағына сәйкес жердiң сандық және сапалық жай-күйi туралы мәлiметтi жер мониторингi мен мемлекеттiк жер кадастры жөнiндегi баяндамаға /есепке/ енгiзу үшiн тиiстi жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитетке тегiн бередi.
      19. Жер мониторингi бiрыңғай классификаторларды, кодтарды, бiрлiктер жүйесiн, мәлiметтердiң стандартты форматын және қалыптық-техникалық базаны, координаттар мен биiктiктердiң мемлекеттiк жүйесiн қолдануға негiзделген әр алуан мәлiметтердiң сыйысу принципiн сақтау арқылы жүргiзiледi.
      20. Жер мониторингiн техникалық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң жергiлiктi органдарындағы ақпаратты жинақтау, қорыту, талдау және сақтау қосындары бар және Қазақстан Республикасы табиғи орта мониторингiнiң басқа да автоматтандырылған жүйелерiмен бiрлесетiн автоматтандырылған ақпарат жүйесi жүзеге асырылады.
      21. Қажеттi ақпарат алу үшiн жер мониторингiнде:
      аралық арқылы барлап бiлу /әуедегi де, жердегi де тiрекке орналастырған осы заманғы фототехникалық, радиоэлектрондық құралдар көмегiмен ғарыштан суретке түсiру және бақылау/;
      жерден бақылау, iздестiру, зерттеу, тексеру /қайта тексеру немесе түзету/ және суретке түсiру;
      архив /қор/ мәлiметтерi қолданылады.
      22. Ғарыштық тiректен суретке түсiру мен бақылау республикалық және аймақтық деңгейде жер жағдайының сипаттамасын алу үшiн жасалады.
      Әуедегi тiрекке орнатылған аппаратураның көмегiмен суретке түсiру және бақылау жер мониторингiнiң жергiлiктi деңгейi үшiн жүргiзiледi.
      Жерден бақылау, iздестiру, тексеру және суретке түсiру стационарлық /үлгi етiп алынатын/ жер учаскелерiн, полигондарды, маршруттарды, профильдердi, стационарлық және көшпелi лабораторияларды пайдалану арқылы жердiң барлық категориялары бойынша жүргiзiледi.
      23. Бұл жұмыстарды жүргiзудiң мерзiмiне және кезеңдерiне байланысты жердiң жай-күйiн бақылаудың мынадай:
      базалық /жер мониторингiн жүргiзу басталған кезде бақылау объектiсiнiң жай-күйiн негiзге алатын, белгiлейтiн/;
      жедел /ағымдағы өзгерiстердi белгiлейтiн/;
      кезеңдiк /бiр жыл және одан да көп аралықта/ топтары жүзеге асырылады.
      24. Жер алаптарының, алқаптардың, учаскелердiң жай-күйiн тiкелей бақылау кезiнде алынған алғашқы мәлiметтер аудандар, қалалар, облыстар бойынша және тұтас алғанда Қазақстан Республикасы бойынша, сондай-ақ жекелеген табиғи кешендер бойынша қорытылады.
      25. Жер қорының жай-күйiне берiлген бағаның нәтижесi бойынша облыстардың және республикалық бағыныстағы қалалардың жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитеттерi белгiлi бiр кезеңге жер мониторингi жөнiндегi ұсыныстарды жинақтап, қорытады және Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне жiбередi.
      Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мүдделi министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың қатысуымен алынған ұсыныстарды қорытып, әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне белгiлi кезеңге жер мониторингiнiң республикалық бағдарламасын табыс етедi және жыл сайын, 1 қыркүйектен кешiктiрмей, келiп түскен ұсыныстарды ескере отырып, оны нақтылайды.
      26. Базалық және кезеңдiк жер мониторингiн облыстарда және республикалық бағыныстағы қалаларда тиiстi жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитет жүргiзедi.
      Жедел /кезектегi/ жер мониторингiн аудандық және қалалық жер қатынастары және орналастыру жөнiндегi комитеттер базалық және кезеңдiк мониторингтер мәлiметтерiн пайдалана отырып жүргiзедi.
      Жер мониторингi жөнiнде алынған нәтижелер архивтерде /қорларда/ және автоматтандырылған ақпарат жүйесi мәлiметтерiнiң банкiсiнде жинақталады.
      27. Облыстардың және республикалық бағыныстағы қалалардың жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi комитеттерi жыл сайын, 20 ақпаннан кешiктiрмей, тиiстi атқарушы органдарға және Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне аймақтағы жердiң жай-күйi туралы баяндаманы /есептi/ табыс етедi, ал ерекше қауiптi процестер анықталған жағдайда жедел мәлiметтер бередi.
      28. Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi алынған аймақтық жер мониторингi мен мемлекеттiк жер кадастрының материалдарын қорытып, оған талдау жасайды және жыл сайын, 20 наурыздан кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне, Экономика министрлiгiне, Ауыл шаруашылығы министрлiгiне, Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне Қазақстан Республикасындағы жердiң жай-күйi және оны пайдалану туралы мемлекеттiк /ұлттық/ баяндаманы табыс етедi.
      29. Мемлекеттiк басқару органдары, кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар, азаматтар, халықаралық ұйымдар мен шетелдiк заңды ұйымдар және адамдар жер мониторингi туралы мәлiметтердi белгiленген тәртiппен пайдаланады.
      30. Жер мониторингiн жүргiзу жөнiндегi жұмыстар республика бюджетi есебiнен жүзеге асырылады.
      Жер мониторингi жөнiндегi мемлекетаралық және халықаралық бағдарламаларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен жасасқан келiсiмдер, шарттар белгiлеген тәртiпте және жағдайларда жүзеге асырылады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады