Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Вьетнам Социалистiк Республикасы Үкiметiнiң арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келiсiмдi бекiтуге енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 1995 жылғы 30 қаңтардағы N 104


     Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
     1994 жылы 1 ақпанда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан
Республикасының Үкiметi мен Вьетнам Социалистiк Республикасы
Үкiметiнiң арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы
Келiсiм Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң бекiтуiне 
енгiзiлсiн.
  
     Қазақстан Республикасының 
        Премьер-министрi

                                                             Жоба

          Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Вьетнам  
          Социалистiк Республикасы Үкiметiнiң арасындағы
          сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 
          Келiсiмдi бекiту туралы

     Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi қаулы етедi:
     1994 жылы 1 ақпанда Алматы қаласында қол қойылған
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Вьетнам Социалистiк 
Республикасы Үкiметiнiң арасындағы сауда-экономикалық
ынтымақтастық туралы Келiсiм бекiтiлсiн.

     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Кеңесiнiң
     Төрағасы

     Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Вьетнам Социалистiк
       Республикасы Үкiметiнiң арасындағы сауда-экономикалық
                       ынтымақтастық туралы
                             Келiсiм                    



      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Вьетнам Социалистiк Республикасының Үкiметi,
      Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистiк Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және дамыту мақсатында,
      өзара сауда-экономикалық байланыстарды жүзеге асыру кезiнде тең құқылық, өзара пайдалылық принциптерi мен халықаралық құқық нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегiлер жайында келiстi:

                              1-бап

      1. Тараптар елдердiң әрқайсысында қолданылатын заңдар мен ережелер шеңберiнде Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистiк Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және тереңдете түсу үшiн қажеттi шараларды қолданады және осы мақсаттарды тиiстi қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
      2. Тараптар әрбiр елде қолданылатын заңдарға және осы Келiсiм ережелерiне сәйкес бұдан әрi "субъектiлер" деп аталатын екi елдiң сыртқы экономикалық қызметiне қатысушылар арасындағы өзара мүдделiлiктi бiлдiретiн барлық саладағы өзара экономикалық және сауда байланыстарының дамуына жәрдемдесетiн болады.

                              2-бап

      Тараптар кедендiк салықтар мен басқа да алымдарға, сондай-ақ товарлар әкелгенде және әкеткенде осындай кедендiк салықтар мен басқа да алымдардың алыну тәсiлiне қатысты бiр-бiрiне барынша қолайлы жағдай жасайды.
      Тараптар өзара саудада экспорттық және импорттық товарлардың мөлшерiне шектеу қоюға және лицензия беруге қатысты бiр-бiрiне қысымшылық көрсетпейтiндей жағдай жасайды.
      Алайда жоғарыда аталған ережелер мыналарға қатысты емес:
      а/ Тараптардың әрқайсысы шекара бойындағы сауданы жеңiлдету үшiн көршi елдерге берген немесе беруi мүмкiн артықшылықтарға;
      б/ Тараптардың кез-келгенiнiң еркiн сауда аймағына, кедендiк одаққа немесе басқа да аймақтық келiсiмдерге қатысуы нәтижесiнде берiлген немесе берiлуi мүмкiн артықшылықтарға.

                              3-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптардың әрқайсысының мыналарға

бағытталған товарларды экспорттауға, импорттауға және тасымалдауға
тыйым салу немесе шектеу жөнiнде шаралар қабылдау құқығын 
шектемейдi:
     - ұлттық қауiпсiздiктi қорғау;
     - адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтау, жануарлар мен
өсiмдiктер ауруларының алдын алу;
     - ұлттық көркем, тарихи және археологиялық мұрағаттарды
қорғау.
     Мұндай тыйым салулар мен шектеулер, алайда, екi ел арасындағы
сауданы себепсiз қысым көрсету немесе жасырын шектеу құралдарына
айналдырмауы тиiс.
     
                             4-бап



      Товарлар жеткiзiлiмi мен қызмет көрсетулер әрбiр елдiң заңдары мен осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасының субъектiлерi мен Вьетнам Социалистiк Республикасының субъектiлерi арасында жасалған контрактiлер негiзiнде жүзеге асырылатын болады.

                              5-бап

      Сауда-экономикалық байланыстарда товарлар мен қызмет көрсетулердiң бағалары халықаралық сауда және қаржы практикасында қабылданған күнделiктi әлемдiк баға мен шарттар негiзiнде екi елдiң субъектiлерi арасындағы контрактiлерде келiсiлетiн болады.

                              6-бап

      Егер де Тараптар басқа жағдайларда келiсiмге келмесе, Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистiк Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарда товарлар мен көрсетiлетiн қызметтер үшiн есеп айырысулар мен төлемдер халықаралық банк операцияларын жасауға құқығы бар банкiлер

арқылы еркiн қолданылатын валютамен және елдердiң әрқайсысының
заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

                             7-бап

     Осы Келiсiмнiң орындалу барысын қарау үшiн Тараптардың 
өкiлеттi өкiлдерi алма кезек Алматы мен Ханойда кездесетiн және
қажет болған жағдайда тиiстi шаралар қабылдайтын болады.

                             8-бап

     Екi елдiң субъектiлерi арасындағы даулар контрактiлерге қол
қойған Тараптар арасындағы контрактiлерде немесе жекелеген жазбаша
келiсiмдерде көрсетiлген уағдаластықтарға сәйкес шешiлетiн болады.

                             9-бап

     Осы Келiсiмге Тараптардың келiсуi бойынша жазбаша түрде 
өзгертулер немесе толықтырулар енгiзiле алады. 

                             10-бап



      Осы Келiсiм оның күшiне енуiне қажеттi талаптардың жүзеге асырылғаны туралы Тараптар бiр-бiрiне әрбiр елдiң заңдарына сәйкес жазбаша түрде хабардар еткен күнi күшiне енедi және Тараптардың бiрi екiншi Тарапқа осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтатқысы келетiнi жөнiнде кемiнде алты айдан кешiктiрмей жазбаша түрде хабарлағанша қолданыста бола бередi.
      Осы Келiсiмнiң қолданысы тоқтатылғаннан кейiн оның ережелерi осы Келiсiмнiң қолданыс кезеңiнде қабылданған мiндеттемелердiң барлығына да, олар толық орындалғанға дейiн қолданылатын болады.
      Алматы қаласында 1994 жылы 1 ақпанда екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ және вьетнам тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ екi текстiң де күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң әрбiр данасына оның жекелеген ережелерiн түсiнуге байланысты пiкiр алшақтықтары туған жағдайда басшылыққа алынатын орыс тiлiндегi ресми аудармасы қоса тiркелiп отыр.
     Қазақстан Республикасының         Вьетнам Социалистiк
           Үкiметi үшiн            Республикасының Үкiметi үшiн


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады