Өз Еркiмен емделуден жалтарған алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын адамдарды ерiксiз емдеу және оларды медициналық-әлеуметтiк оңалту мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 19 сәуiрдегі N 514 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 маусымдағы № 703 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.06.24 № 703 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 7 сәуiрдегi N 2184  "Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеу туралы" Заң күшi бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
 

      1. Өз еркiмен емделуден жалтарған алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқорлықпен ауыратын адамдары ерiксiз емдеу және оларды медициналық-әлеуметтiк оңалтудың тәртiбi туралы Ереже (1 қосымша); 
      алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдейтiн мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелер туралы Ереже (2 қосымша) бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi: 
      денсаулық сақтау үшiн, 1995 жылғы республика бюджетiн анықталған кезде ауруханалардағы бар төсектер жүйесiнiң ретке келтiрiлуiн ескере отырып, жаңадан ашылатын, алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдейтiн мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiн ұстауға қажет қаражатты қарастырсын; 
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiнiң орталық аппаратында наркология бөлiмiн ұйымдастыруға, оларды ұстауға тиiстi қаражат бөле отырып, 3 қосымша орын бөлу туралы мәселенi қарасын; 
      Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгiмен бiрлесiп денсаулыққа қатерлiгi мен өте ауыр еңбек жағдайларына байланысты мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерi қызметкерлерiнiң лауазымдық жалақыларын көтеру туралы мәселенi қарасын. 

      3. Облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Еңбек министрлiгi: 
      жергiлiктi жағдайларды ескере отырып алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдейтiн мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiн ұйымдастырсын; 
      бұл мекемелерде тиiстi цехтар, шеберханалар және басқаларды ашып, оларды қажет шикiзаттармен және шығарылған өнiмдерiн сатуды қамтамасыз ете отырып, алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды емдеуден өту кезеңiнде еңбекке тартуды көздейтiн болсын; 
      мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнiң медицина қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ету үшiн оларға қызметтiк тұрғын үй бөлудi көздей отырып шаралар қолдансын; 
      жаңадан ашылып жатқан мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелердi қажеттi азық-түлiк тағамдарымен, жұмсақ және қатқыл құрал-саймандармен, санитарлық автокөлiкпен және басқа қажеттi мүлiкпен қамтамасыз етсiн. 

      4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi жаңадан ашылып жатқан мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiн медицина кадрларымен, қажеттi медициналық аппаратуралармен және техникамен, медикаменттермен және алкоголизмдi, нашақорлық пен уытқұмарлықты емдеуге арналған арнайы дәрi-дәрмек препараттарымен қамтамасыз етсiн. 

      5. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi Денсаулық сақтау министрлiгiмен шарт бойынша мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiнiң сыртқы және iшкi күзетiн қамтамасыз етсiн, сондай-ақ медициналық куәландыруға тиiстi адамдарды және ерiксiз емдеуге жiберiлген ауруларды жеткiзудi жүзеге асыратын болсын. 

      6. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Еңбек министрлiгi, Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, жергiлiктi әкiмдер өздерiнiң нормативтiк актiлерiн аталған ережелерге сәйкестендiрсiн. 

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi 

Қазақстан Республикасы  
Министрлер Кабинетiнiң  
1995 жылғы 19 сәуiрдегi  
N 514 қаулысына      
1 қосымша         

Маскүнемдiк, нашақорлық және уытқұмарлық дертiнде
шалдыққан, ерiктi емдеуден бұлтарған адамдарды ерiксiз
емдеуге жiберу және оларды медициналық-әлеуметтiк
сауықтыру тәртiбi туралы
Ереже 

I. Жалпы ережелер 

      1. Осы Ереже денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерi мен iшкi iстер органдарының маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарды анықтау, есепке қою, ерiксiз емдеуге жiберу, медициналық-әлеуметтiк сауықтыру және қайта тәрбиелеу, еңбек ұжымдарына, қоғамдық бiрлестiктерге және отбасыларға осы жұмыста қолғабыс тигiзу жөнiндегi бiрлескен шараларды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi. 
      Денсаулық сақтау және iшкi iстер органдары өз қызметiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар "Маскүнемдiк, және нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан, ерiктi емдеуден бұлтарған адамдарды ерiксiз емдеу және медициналық-әлеуметтiк сауықтыру туралы" Жарлығын, Қазақстан Республикасының басқа заң актiлерiн және осы Ереженi басшылыққа алады.

      2. Маскүнемдiкке және нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа шалдыққан адамдармен сауықтандыру жұмыстарын жүргiзуде нарколог дәрiгерлердiң милиция қызметкерлерiмен өзара iс-қимылын қамтамасыз етудi наркологиялық мекемелердiң бас дәрiгерлерi (наркологиялық бөлiмшелердiң басшылары) мен iшкi iстер органдарының бастықтары жүзеге асырады, оларға сондай-ақ қызмет өкiлеттiктерi шегiнде осы Ереженi орындауды ұйымдастыру, қарамағындағыларға алда тұрған мiндеттердi орындауда әдiстемелiк және практикалық көмек көрсету, аталған санаттағы адамдарды емдеудiң, сауықтырудың және қайта тәрбиелеудiң алдыңғы қатарлы нысандарын енгiзу жөнiндегi мiндеттер жүктеледi. 

II. Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық
дертiнне шалдыққан адамдарды анықтау және денсаулық
сақтау органдарының наркологиялық мекемелерiнде, iшкi
iстер органдарында есепке қою тәртiбi 
 

        3. Денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерiнде (бөлiмшелерiнде) мыналар есепке қойылады: 
      маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққандар, соның iшiнде денсаулық сақтау жүйесiнiң медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерге, қатты сырқат маскүнемдiк дертiне шалдыққандарды ерiксiз емдеуге арналған арнаулы наркологиялық бөлiмшелерге жiберудi қажет ететiн адамдар; 
      ерiктi емдеуден өткен маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққандар.

      4. Iшкi iстер органдарында мыналар есепке қойылады: 
      медициналық айықтырғышқа бiр жыл iшiнде екi рет және одан көп түскен адамдар, спирт iшiмдiктерiн iшкенi немесе қоғамдық орындарда мас күйiнде жүргенi үшiн бiр жыл iшiнде екi рет және одан көп әкiмшiлiк жазаға, немесе қоғамдық ықпал ету шараларына тартылған адамдар; 
      спирт iшiмдiктерiн iшетiн және қоғамдық тәртiп бұзуға жол беретiн, отбасында дау-жанжал шығаратын адамдар; 
      белгiленген тәртiпте маскүнемдiк дертiне шалдыққан, ерiктi емдеуден бұлтарған деп танылған адамдар; 
      денсаулық сақтау жүйесiнiң медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерiнде ерiктi (жасырыннан басқа) немесе ерiксiз емдеуден өткен адамдар; 
      дәрiгердiң белгiлеуiнсiз есiрткi пайдаланатын және денсаулық сақтау органдары жүйесiнде есепте тұрған адамдар; 
      белгiленген тәртiпте нашақорлық дертiне шалдыққан деп танылған, соның iшiнде денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерiнде (бөлiмшелерiнде) ерiктi емдеуден өтушi адамдар; 
      белгiленген тәртiпте уытқұмарлық дертiне шалдыққан деп танылған адамдар.

      5. Спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уытты заттарды пайдаланатын адамдарды дер кезiнде және толығымен анықтау, оларды есепке қоюды қамтамасыз ету мақсатында мынадай ақпарат көздерi пайдаланылады; 
      Денсаулық сақтау органдарының наркологиялық мекемелерiнде (бөлiмшелерiнде); 
      халыққа емдеу-сауықтандыру жәрдемiн көрсету кезiнде алынған мәлiметтер; 
      құқық қорғау органдарынан, мекемелердiң, кәсiпорындар мен оқу орындарының әкiмшілiктерiнен алынған мәлiметтер; 
      қоғамдық бiрлестiктердiң, азаматтардың, спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уытты заттарды пайдаланатын адамдардың туған-туыстарының хабарламасы. 
      Iшкi iстер органдарында: 
      медициналық айықтырғыштардың, iшкi iстер органдары кезекшi бөлiмдерiнiң, кәмелетке толмағандар iсi жөнiндегi инспекциялардың, денсаулық сақтау органдарының медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерiнiң деректерi; 
      iшкi iстер органдарының қызметкерлерi халықпен жұмыс iстеу, жедел-iздестiру шараларын өткiзу және қылмыстарды тергеу процесiнде алынған деректер; 
      азаматтардың мәлiмдемесi, заңды ұйымдар мен жеке адамдардың хабарламасы; 
      еңбек ұжымдарының, сондай-ақ азаматтардың тұратын жерiндегi қоғамдық бiрлестiктердiң ақпараты.
 

  III. Наркологиялық мекемелердiң (бөлiмшелердiң)
iшкi iстер органдарымен, еңбек ұжымдарымен, қоғамдық
бiрлестiктермен және отбасылармен өзара iс-қимыл
жасау тәртiбi
 

      6. Наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер) жүйелi түрде, бiрақ тоқсанына кем дегенде бiр рет медициналық айықтырғыштарға немесе iшкi iстер органдарына түскен адамдарға iрiктеу жүргiзедi, iшкi iстер органдарында сақтандыру есебiнде тұрған спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уытта заттарды пайдаланатын адамдардың қолда бар есебiн салыстырып тексередi.

      7. Наркологиялық мекемелердiң (бөлiмшелердiң) қызметкерлерi iшкi iстер органдарының қызметкерлерiмен бiрлесiп спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн және есiрткi заттарын пайдаланатын адамдарға тәрбиелiк ықпал ету мақсатында: 
      есепте тұрған адамдар туралы ақпарат алмасады, нақты адамдар мен оларды емдеу нәтижелерi туралы деректер бередi; 
      отбасы мүшелерiнiң, туған-туыстарының, қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң қатысуымен жеке сақтандыру әңгiмесiн өткiзедi, бұл ретте әңгiменiң мазмұны мен нысаны тұлғаның және оның мiнез-құлқының және психологиялық ерекшелiктерiн ескере отырып белгiленедi. 
      азаматтардың бас қосуына қатысады, еңбек ұжымдары мен халық тұратын жерлерде әңгiме өткiзедi; 
      спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уытты заттарды пайдаланатын адамдардың отбасы мүшелерiне өздерiнiң құқықтарын және осындай адамдардың әрекет ету қабiлетiн шектеу туралы халық соттарына өтiнiш жасау тәртiбiн түсiндiредi және оларға халық сотына өтiнiш жасау үшiн материалдарды ресiмдеуге көмек көрсетедi.
 

  IV. Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық
дертiне шалдыққан адамдарды арнаулы емдеу-сақтандыру
мекемелерiне емделуге ерiксiз жiберу тәртiбi
 

        8. Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарды ерiксiз емдеуге жiберудi мекемелердiң,өздерiнiң, сырқаттың туған-туысқандарының, еңбек ұжымдарының, қоғамдық бiрлестiктердiң және iшкi iстер органдарының инициативасы бойынша тиiстi медициналық куәландырудан кейiн Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi белгiлеген тәртiпте наркология мекемелерi (бөлiмшелерi) ресiмдейдi.

      9. Тұрақты мекенi жоқ адамдарды ерiксiз емдеуге жiберудi олар жүрген жердегi наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер) мен iшкi iстер органдары ресiмдейдi.

      10. Наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер) iшкi iстер органдарына маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарды ерiксiз емдеу қажеттiгi туралы ұсыныс жасайды.

      11. Iшкi iстер органында наркологиялық мекеменiң (бөлiмшенiң) ерiксiз емдеуге жiберуге арналған өтiнiшi бойынша материалдар әзiрлеу және оны ресiмдеу милицияның учаскелiк инспекторына және медициналық айықтырғыштың қызметкерлерiне жүктеледi, ал олар мынадай шараларды жүзеге асырады; 
      үстiнен өтiнiш түскен адамға медициналық куәландыру үшiн жолдама бередi; 
      Ескерту: Медициналық куәландырудан бұлтарған адамды iшкi iстер органдары наркологиялық мекемеге алып келiп, соңынан ерiксiз тексеруден өткiзедi; 
      қажет болған жағдайда наркологиялық мекемелерге (бөлiмшелерге) қоғамдық тәртiптi бұзатын адамның спирт iшiмдiктерiмен, есiрткi немесе уытты заттармен қиянат ететiнi туралы қосымша материалдар бередi; 
      жиналған материалдар бойынша дәлелдi қорытынды жасайды, онда спирт iшiмдiктерiн құныға iшу немесе есiрткi заттарын пайдалану, емделуден бұлтару фактiлерiн баяндайды. Барлық құжаттар адамды медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеге ерiксiз емдеуге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн наркологиялық мекемеге (бөлiмшеге) жiберiледi.

      12. Наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер) барлық жиналған материалдарды сол адамның тұратын жерiндегi халық сотына тапсырады. Ал ол материалдар келiп түскен күннен 10 күндiк мерзiмнен кешiктiрмей оны ашық мәжiлiсте өтiнiш жасалған адамның және оның өтiнiшi бойынша адвокаттың, сондай-ақ наркологиялық мекеме (бөлiмше) iшкi iстер органы өкiлдерiнiң, туыстарының, еңбек ұжымы, қоғамдық бiрлестiк өкiлдерiнiң қатысуымен қаралады және Жарлықпен белгiленген шеңберде емдеу мерзiмiн белгiлеумен медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерде маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан ерiксiз емдеу туралы тиiстi қаулы шығарады.

      13. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерде болу мерзiмiн сот наркологиялық мекеменiң (бөлiмшенiң) кеңесiн ескере отырып белгiлейдi. 
      Ескерту: медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеге ерiксiз емдеуге жiберу туралы шағым түскен адам сотқа келуден бұлтарған жағдайда, iшкi iстер органдары алып келедi.

      14. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеде ерiксiз емдеу кезеңiне тексеру үшiн ерiксiз госпитальға жатқызылған уақыты кiредi.

      15. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеге жiберу кәмелетке толмағандарға, жүктi әйелдерге, белгiленген тәртiпте ата-ана құқынан айырылмаған 8 жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, 60 жастан асқан ерлерге және 55 жастан асқан әйелдерге, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, сондай-ақ тiзбесiн Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi бекiткен ақыл-есi бұзылған және соматикалық аурумен ауыратындарға қолданылмайды. 
 

  V. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған маскүнемдiк,
нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан
адамдарға емдеудi және медициналық-әлеуметтiк
сауықтыруды қолдану тәртiбi 
 

        16. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарға халық соты әкiмшiлiк жазамен қатар денсаулық сақтау жүйесiнiң медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемесiнде ерiксiз емдеудi белгiлеуi мүмкiн.

      17. Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн халық соты әкiмшiлiк қамау түрiнде жаза белгiлеген адамдарды медициналық куәландырудан өткiзу және оларға материалдар дайындау наркологиялық мекемелерге (бөлiмшелерге) жүктеледi. Мұндай адамдардың материалдары халық сотына жаза мерзiмi аяқталғанға дейiн ұсынылуы керек.

VI. Ерiксiз емдеудi тоқтату негiзi мен тәртiбi
және медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын
наркологиялық мекемеден шығару

      18. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеде жатқан адамдар одан мынадай жағдайда шығарылады:
      емдеу ықпалы табысты болуына байланысты соттың қаулысы бойынша мерзiмiнен бұрын, бiрақ кем дегенде 6 айдан соң;
      сот белгiлеген ерiксiз емдеу мерзiмi аяқталуы бойынша,ерiктi емделудi жалғастыру үшiн;
      ерiксiз емдеуге бөгет жасайтын ауыр сырқаттың анықталуына байланысты соттың қаулысы бойынша.

      19. Мекемеде жатқан адамдар емдеуден бұлтарған жағдайда, тиiстi медициналық тұжырымдама негiзiнде әкiмшiлiктiң ұсынумен мекеме орналасқан жердегi аудандық (қалалық) халық соты онда болу мерзiмi ұзартуы мүмкiн. Бұл ретте, мекемеде болу мерзiмi үш жылдан аспауы керек.

      20. Арнаулы емдеу-сақтандыру мекемесiнде немесе ол жерге бара жатқанда жасаған қылмысы үшiн сотталған адамдар жазасын өтеу орнында емделедi.

VII. Ерiксiз емдеуден өткен адамдарды емдеудi,
медициналық-әлеуметтiк сауықтыруды жалғастыру

      21. Маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан ерiксiз емдеуден өткен адамдар осы мекемелерден шыққан соң тұратын жерiндегi наркологиялық мекемелерде (бөлiмшелерде) есепке тұруға және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi белгiлеген тәртiпте оларда үзбей емдеуден өтуге мiндеттi.

      22. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемеден шыққан адамдарды жұмысқа және тұрмыста орналастыру тұратын жерi бойынша жүргiзiледi және ол жергiлiктi әкiмдер белгiлейтiн аумақтық мемлекеттiк басқару органдарына жүктеледi.

      23. Медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекемелерде заңдылықтың сақталуын Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынышты прокурорлар қадағалайды. 
 

  VIII. Iшкiлiкке салынуға, маскүнемдiкке, нашақорлыққа
немесе уытқұмарлыққа мүмкiндiк туғызатын себептер мен
жағдайларды жою жөнiндегi шаралар.
Жұмысқа баға беру 
 

        24. Наркологиялық мекемелер (бөлiмшелер), iшкi iстер органдары маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарды емдеу және қайта тәрбиелеу жөнiндегi жұмыстың күйiн тоқсан сайын қорытып, талдауға мiндеттi. Статистикалық есеп жүргiзу мен бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледi.

      25. Маскүнемдiк дертiне шалдыққан және есiрткi немесе уыттық заттар пайдаланатын адамдарға қатысты сақтандыру шараларын өткiзудi жақсарту, осы бағытта еңбек ұжымдарына, қоғамдық бiрлестiктер мен отбасыларына ықпалды көмек көрсетудi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар дайындап, қабылдау.

      26. Қажет болған жағдайда барлық меншiк түрiндегi кәсiпорындар мен мекемелерде iшкiлiктiң таралғаны, тұратын жерi бойынша қоғамдық бiрлестiктердiң жұмысындағы және iшкiлiкке салынудан әрi маскүнемдiктен сақтау жөнiндегi азаматтардың жұмысындағы кемшiлiктер, өнеркәсiптiк кәсiпорын жанынан наркологиялық мекеме (бөлiмше), арнаулы наркологиялық мекеме құру туралы және басқа медициналық-әлеуметтiк сауықтыратын наркологиялық мекеменiң жұмысын жақсарту мәселелерiмен және маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан адамдарға көмек көрсету туралы мемлекеттiк өкiмет және басқарудың атқарушы және өкiлеттi органдарына ұсыныс жасау.

      27. Спирттiк iшiмдiктер және есiрткi заттарын iшетiн адамдарды емдеу мен қайта тәрбиелеу жөнiндегi жұмысқа баға беру кезiнде мыналар ескерiледi: 
      наркологиялық мекемелерде (бөлiмшелерде). 
      Жұмыс жүргiзiлетiн аудан (қала) халқы арасында маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық дертiне шалдыққан (әсiресе аурудың бастапқы кезiндегi) ауруларды анықтау мен жүргiзу күйi; оларды емдеу тиiмдiлiгi, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын ауруларды емдеуден жалтару фактiлерiнiң таралуы, ақыл-есi бұзылу жиiлiгi, ерiктi, жасырын және ерiксiз емдеу курсынан өткен аурулардың ремиссия сапасы; маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан ерiксiз емдеуге жiберiлген адамдардың саны және басқа да көрсеткiштер; 
      iшкi iстер органында: 
      мас күйiнде жасалған қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтардың саны; спирт iшiмдiктерiн құныға iшетiн, есiрткi және уыттық заттарды пайдаланатын адамдарды толық және уақтылы анықтау мен есепке қою; олармен жүргiзiлетiн сақтандыру шараларының тиiмдiлiгi. 

Қазақстан Республикасы  
Министрлер Кабинетiнiң  
1995 жылғы 19 сәуiрдегi 
N 514 қаулысына     
2 қосымша       
 

  Алкоголизмге, нашақорлыққа және уытқұмарлық дертiне
шалдыққан аурулар үшiн мамандандырылған
емдеу-профилактикалық мекемелерi туралы 
Ереже

I. Жалпы ережелер 
 

        1. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеде (бұдан әрi МЕПМ) емделуден жалтарған немесе емделгеннен кейiн де алкогольге, есiрткiге құнығуын қоймаған, қолданылған тәртiптiк немесе қоғамдық яки әкiмшiлiк ықпал ету шараларына қарамастан қоғамдық тәртiп пен қоғамдық тұрмыс ережесiн бұзатын адамдар орналастырылады. 
      Аталған адамдар МЕПМ-ге аудандық (қалалық) халық сотының қаулысы бойынша жiберiледi. Ерiксiз емдеу мерзiмi олардың мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеге келген кезiнен бастап есептеледi.

      2. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекеменiң негiзгi мiндеттi аталған адамдарды емдеу болып табылады. Осы мақсатта бұл мекемелерде арнаулы ем жүргiзiледi, оқшаулау тәртiбi белгiленедi.

      3. МЕПМ Денсаулық сақтау министрлiгiне, әкiмдер жанындағы облыстық денсаулық сақтау басқармаларына (бөлiмдерiне) тiкелей бағынады.

      4. Аталған мекемелердегi тәрбиелiк жұмыс емдеушiлердi заңды, қоғамдық тұрмыс ережелерiн сақтау, мәдени деңгейiн көтеру, сондай-ақ оларды емделудiң қажеттiлiгiне сендiру рухында тәрбиелеуге бағытталған. 
      МЕПМ-дегi емделушiлермен тәрбие жұмысын жүргiзуге дiни және қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi, еңбекшiлер ұжымдары және басқа қайырымдылық ұйымдары тартылады.

      5. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеге түскендердi күзетудi iшкi iстер органдары жүзеге асырады.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 5-тармақ өзгертiлдi - ҚРҮ-нiң 1997.05.30. N 906 қаулысымен.

        6. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесiнiң қызметi жергiлiктi әкiмдердiң жанынан құрылған байқау комиссиясының бақылауымен жүзеге асырылады, олар сырқаттарды ұстау мен емдеудi ұйымдастыруда МЕПМ басшылығына жәрдемдеседi.

      7. МЕПМ заңды ұйым құқын пайдаланады және оның елтаңбалы мөрi болады. 
      Iшкi тәртiп ережесiн iшкi iстер органдарының келiсiмiмен денсаулық сақтау органдары белгiлейдi.

      8. МЕПМ-де заңдылықтың сақталуын бақылауды прокуратура органдары жүзеге асырады. 
      9.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 9-тармақ күшiн жойды - ҚРҮ-нiң 1997.05.30. N 906  
қаулысымен.

      10. Емделушiнiң МЕПМ-де болған кезi еңбек стажын үзбейдi және ол мемлекеттiк әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша жәрдемақы тағайындағанда жалпы еңбек стажына есептеледi.

      11. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемеге шаруашылық қызметiн көрсетудi ерiксiз емдеуден өтушiлер жүзеге асырады.

      12. МЕПМ-де жүрген адамды арнаулы бөлiмдердегi, кеңселердегi, радиотелеграф және телефон тораптарындағы, есеп-бухгалтерлiк аппараттағы жұмыстарға, материалдық жауапты лауазымдарға, сондай-ақ жүргiзушiлiк, экспедиторлық, тракторшылық сияқты тағы басқа кәсiптерге пайдалануға тыйым салынады. 
 

  II. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық
мекемедегi тәртiп 
 

        13. МЕПМ-де ондағы емдеушiлердiң медициналық ұйғарымдарды орындауын, сондай-ақ оларды тұрақты қадағалауды қамтамасыз ететiн тәртiп белгiленедi.

      14. Ерлер мен әйелдердi МЕПМ-де бiр бөлiмшеде ұстауға жол берiлмейдi. Бұрын қылмыстық әрекетi үшiн сотталғандар сотталмағандардан бөлек ұсталады.

      15. МЕПМ-де емделушiлерге жеке құжат, ақша және сақтауға тыйым салынған заттар ұстауына рұқсат етiлмейдi. 
      Жеке құжаттар мен ақшаны сақтауды МЕПМ әкiмшiлiгi жүзеге асырады. 
      МЕПМ-дегi адамның спирттi iшiмдiктер, есiрткi және тыйым салынған басқа да заттар алуға ниеттенiп жүргенiн айғақтайтын жеткiлiктi дәлелдер болған жағдайда оған тiнту жасалады, алған хат-хабар, сәлем-сауқат тексеруден өтедi. Жеке тексерудi тексерушiмен жынысы бiр адам жүргiзедi.

      16. МЕПМ қызметкерлерiне күш көрсете қарсыласқан, елiрiп жанжал көтерген немесе басқа да зорлық әрекеттерiн жасаған жағдайда МЕПМ-дегi адамға, маңайындағыларға немесе өзiне-өзi залал келтiрмеуi үшiн бой ұсындырғыш жейде кигiзiледi. 
      Бой ұсындырғыш жейде МЕПМ бастығының немесе оның орнындағы адамның нұсқауымен қолданылады және оны қолдану медицина қызметкерiнiң қадағалауымен жүргiзiледi. МЕПМ-дегi әйелдерге бой ұсындырғыш жейде қолданылмайды.

      17. Мамандандырылған емдеу-профилактика мекемесiнен немесе оған әкеле жатқанда қашқан адам Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауап бередi. Оларды iздестiру Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң қолданылып жүрген нормативтiк актiлерi бойынша жүзеге асырылады. 
 

  III. Медициналық-санитарлық қызмет көрсету 
 

      18. МЕПМ-нiң медициналық құрамы толық кешендi арнайы емдеудi ұйымдастырып, оны жүзеге асырады және санитарлық-гигиеналық қағидалардың сақталуын қадағалайды, санитарлық-профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырады. 
 

      19. Емдеу-профилактикалық және санитарлық-эпидемиологиялық жұмыста МЕПМ-нiң медициналық құрамы денсаулық сақтау туралы қолданылып жүрген заңдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң бұйрықтарын, нұсқамалары мен нұсқауларын басшылыққа алады. 
 

  IV. МЕПМ-де емделушiлердiң негiзгi мiндеттерi мен құқықтары 
 

      20. МЕПМ-де емделушiлер: белгiленген iшкi тәртiп ережелерiн сақтауға, әкiмшiлiк пен медицина қызметкерлерiнiң талаптарын орындауға, емделуге, тәртiп бұзбауға, мекеме меншiгiне ұқыпты қарауға, тұрғын жайды және мекеменiң аумағын таза әрi реттi ұстауға, жеке бас гигенасын сақтауға, тәртiп сақтауда әкiмшiлiкке жәрдем көрсетуге мiндеттi.
      Құқық бұзуға жол бергенi және материалдық залал келтiргенi үшiн мекемеде емделушi заңда белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.

      21. МЕПМ-дегi емделушiлер:
      қолма-қол есеп айырыспай-ақ азық-түлiк пен негiзгi қажеттi заттарды алуға;
      жақын туыстарымен ай сайы қысқа немесе ұзақ мерзiмдi кездесуге;
      нәтижелi емделген жағдайда қысқа мерзiмдi демалысқа шығуға;
      дәрiгердiң қорытындысымен дәрi-дәрмек алуға;
      почтамен жiберiлген немесе былайынша берiлген сәлем-сауқатты алуға;
      байланыс жүйесi арқылы аударма түрiнде келген ақшаны алуға. Аударылған ақша алушының жеке есеп шотына тiркеледi; 
      санын шектемей қалағанынша хат жазып, хат алуға; 
      өзiнiң жеке есеп шотындағы қаражаты есебiнен қалағанынша әдеби кiтаптар, жазу құралдарын сатып алуға, сондай-ақ газет-журналдарға жазылуға; 
      үстел үстi ойындарын, музыка аспаптарын, спорт құралдарын сатып алуға және пайдалануға құқылы.

      22. МЕПМ-дегiлерге мынадай көтермелей шараларын қолдануға болады; 
      алғыс жариялау; 
      тәртiбi жақсы болып, медицина қызметкерлерiнiң талаптарын орындаған жағдайда оларға сот осы мекемеде болуға кескен мерзiмнiң жартысын өтеген соң мыналарға рұқсат етiлуi мүмкiн: 
      туысқандарымен айына бiр рет қосымша кездесуге; 
      айына бiр рет почтамен немесе былайынша қосымша сәлем-сауқат алуға; 
      азық-түлiк өнiмдерi мен негiзгi қажеттi заттарды сатып алуға Қазақстан Республикасында бекiтiлген ең төменгi жалақы көлемiнде қосымша ақша жұмсауға.

      23. МЕПМ-нiң белгiленген iшкi тәртiп ережесiн бұзған немесе емделуден жалтарған адамдарға еңбек заңында қарастырылған жазалау шаралары қолданылады. Онан басқа олар:
      мекеме үйi мен оның маңайын тазалауға кезектен тыс кезекшiлiкке қойылуы;
      почтамен жiберiлетiн немесе былайынша берiлетiн кезектi сәлем-сауқатты алу құқынан айырылуы;
      азық-түлiк өнiмдерiн сатып алу хақысынан бiр айға дейiнгi мерзiмге айырылуы;
      10 тәулiкке дейiнгi оңаша қамауға отырғызылуы мүмкiн.

      24. Мекеменiң бастығы мен оның орынбасарлары МЕПМ-дегi емделушiлердi көтермелеу және жазалау құқын пайдаланады.

V. Материалдық-тұрмыстық және қаржымен қамтамасыз ету

      25. МЕПМ-де емделушiлердi тұрғын жаймен қамтамасыз етiлiп, оларға қажеттi тұрмыстық жағдайлар жасалады. Әрi адамға жататын жеке орын мен төсек бұйымдары берiледi. Олар әр маусымға сәйкес киiммен, ауа райына лайықты аяқ киiммен және белгiленген мөлшерде тамақпен қамтамасыз етiледi. Ас қорыту ағзалары сырқатымен ауырғандарға амбулаториялық емделу кезеңiнде диеталық тағамдар берiледi.

      26. Жаңадан ашылып жатқан МЕПМ республикалық және жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылады. Оларды қаржыландыруға бөлiнетiн қаражат республика бюджетiнен денсаулық сақтау саласы бойынша аталған мекемелерде емделушiлердi бақылау мен күзетуге жұмсалатын шығын есептеле отырып қарастырылады. 
 

  VI. МЕПМ-нен босату 
 

      27. МЕПМ-дегi адам емдеу-профилактикалық мекемеде ұстауға сот тағайындаған мерзiм бiткен соң немесе сот қаулысымен уақытынан бұрын босатылады.

      28. МЕПМ-дегi адамнан созылмалы жан-жүйке дертiнiң немесе бұл мекемеде емделуге кедергi келтiретiн ауыр науқастың белгiлерi байқалса, әкiмшiлiк медициналық қорытындының негiзiнде оны мерзiмiнен бұрын босату жөнiнде сол мекеме орналасқан жердегi жергiлiктi аудандық (қалалық) халық сотына өтiнiш берiп, мәселе қозғайды. 
      Мекеме әкiмшiлiгi мерзiмiнен бұрын босатылған адамды, қажет болған жағдайда, сырқатына сәйкес емдейтiн медициналық мекемеге жеткiзiп салуды ұйымдастырады.

      29. МЕПМ-нен босатылған адамға жеке заттары, құжаттары мен ақшасы қайтарып берiледi. 
      Еңбек кiтапшасына МЕПМ-де болған мерзiмi туралы белгi соғылады, ал еңбек кiтапшасы жоқ болса - анықтама берiледi.

      30. МЕПМ-нен босатылған адамға, қажет болған жағдайда материалдық көмек қорынан бiр жолғы ақшалай жәрдем берiлуi мүмкiн.

      31. Мекеме әкiмшiлiгi МЕПМ-нен босатылған адамның тұрмыста және еңбекте орнығуына көмек көрсету үшiн оның тұрғылықты тұратын жерiндегi әкiмге және диспансерлiк бақылаумен қамту үшiн республикалық, облыстық психоневрологиялық (наркологиялық) диспансерге хабарлайды. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады