Қазынашылық облигацияларын шығару туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 8 ақпандағы N 185 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 желтоқсандағы № 1439 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.12.02 № 1439 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң алдындағы бюджеттiк берешектердi өтеу және олардың төлем жасау қабiлетiн арттыру жөнiндегi мiндеттемелерiн орындау процесiн оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қазынашылық облигацияларын шығару, айналысқа қосу және өтеу тәртiбi туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi:
      бюджеттiк берешектердi өтеу мақсатында қазынашылық облигацияларын шығаруды қамтамасыз етсiн;
      қазынашылық облигацияларын және олармен операцияларды бухгалтерлiк есепке алу жөнiндегi нұсқаулықты әзiрлесiн.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрi

                                            Қазақстан Республикасы
                                            Үкiметiнiң 1996 жылғы
                                              8 ақпандағы N 185
                                            қаулысымен бекiтiлген

               Қазынашылық облигацияларын шығару,
            айналысқа қосу және өтеу тәртiбi туралы
                           ЕРЕЖЕ
 
                      1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 
 
      1. Қазынашылық облигациялары мемлекеттiк бағалы қағаздар болып табылады және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлер алдындағы берешегiн өтеу және бюджеттiк қаржыландыру мақсатында шығарылады.
      2. Қазынашылық облигацияларын шығаруды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi сериялап жүзеге асырады, олардың әрқайсысы өзiнiң бiрегей нөмiрi бар дербес шығарым болып табылады және шығарылымның барлық сомасы ауқымды сертификатпен (қосымша) ресiмделедi. Қазынашылық облигациялары бюджеттiк берешек сомасында немесе Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен бюджеттiк қаржыландыру сомасында шығарылады. Қазынашылық облигацияларын орналастыру және айналысқа қосу тәртiбiн бақылауды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асырады.
      3. Бүкiл шығарылымға арналған ауқымды сертификат бiрдей екi данада ресiмделiп, олардың бiрi өкiлеттi депозитарийде, ал екiншiсi - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде сақталады. Қазынашылық облигацияларының әр сериясының айналыста болу мерзiмi аяқталғаннан кейiн және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi қазынашылық облигацияларын ұстаушылар алдындағы өз мiндеттемелерiн атқарған соң шығарылымға арналған ауқымды сертификат өтеледi.
      4. Уәкiлдi депозитарий қазынашылық облигацияларының есебiн жүргiзудi және олардың қозғалысын бақылауды, сондай-ақ қазынашылық облигацияларын иелену құқығын растайтын депо-шоттардан алынған көшiрмелер негiзiнде қазынашылық облигацияларының өтелу сәтiнде олардың ақырғы ұстаушыларымен ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыратын қаржы агентi ретiнде көрiнедi. Уәкiлдi депозитарийдi қазынашылық облигацияларының әрбiр шығарылымын жүзеге асыру кезiнде заңды тұлғалар арасында тендер өткiзу арқылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi тағайындайды. Депозитарийлер тендерге ұсынатын құжаттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының қаржы министрлiгi айқындайды. Егер ол Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен жасалған депозитарлық қызмет көрсету туралы шартқа сәйкес қазынашылық облигацияларының бұдан бұрын орналастырылған шығарылымдары бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн толық орындаған болса, депозитарийдi тендер өткiзiлмей-ақ уәкiлдi депозитарий тағайындауы мүмкiн.
      5. Депо - шоттар жөнiндегi реквизиттер мен құжат айналысының тәртiбi (уәкiлдi депозитарийдiң регламентi) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсiледi.
      6. Уәкiлдi депозитарий қазынашылық облигацияларын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсiлген уәкiлдi депозитарийдiң бекiтiлген регламентiне сәйкес қабылдай алады.

            II. Қазынашылық облигацияларын шығару
 
      7. Қазынашылық облигациялары заттық емес күйде шығарылады және уәкiлдi депозитарийдiң депо шоттарындағы жазбалар түрiнде орналастырылады.
      8. Әрбiр шығарылымның өлшемдерiн қазынашылық облигацияларын шығару мен айналысқа қосудың шарттарында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi айқындайды, олар ауқымды сертификатта тiркеледi және мынадай ақпараттарды қамтиды:
      шығарылған күнi;
      шығарылымның рет нөмiрi мен тiркелiм нөмiрi;
      қазынашылық облигацияларының бастапқы құны;
      шығарылымның жалпы көлемi;
      табыстың есептелетiн процентi және проценттер төлеудiң тәртiбi;
      айналыста болу мерзiмi;
      қазынашылық облигацияларымен жүзеге асырылуы мүмкiн операциялардың ең көп шектi саны.
     9. Қазынашылық облигацияларын шығару өлшемдерi мен айналыста болу шарттары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мен уәкiлдi депозитарий арасында жасалатын депозитарлық қызмет көрсету туралы шартта көрсетiледi. Уәкiлдi депозитарий депозитарлық қызмет көрсету туралы шартта көрсетiлген оларды шығару өлшемдерi мен шарттарына сәйкес қазынашылық облигацияларының мақсаты пайдалануына бақылау жасауға және әрбiр қазынашылық облигациясымен жүзеге асырылатын операциялар санының есебiн жүргiзуге жауап бередi.
      10. Уәкiлдi депозитарий Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен жасалған депозитарлық қызмет көрсету туралы шарттың негiзiнде және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi беретiн тiзiмге сәйкес ауқымды сертификатта көрсетiлген бүкiл шығарылымға арналған қазынашылық облигацияларының бастапқы ұстаушыларына депо шоттар ашады. Бастапқы ұстаушылар екi ай iшiнде Қазақстан Республикасын Қаржы министрлiгiне депо-шоттан көшiрме беру арқылы уәкiлдi депозитарийде депо-шот ашқанын растауы тиiс. Егер бастапқы ұстаушы депо-шот ашқанын растамаса, аталған мерзiм өткеннен кейiн оған есептелген қазынашылық облигациялары жойылады.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРҮ-нiң 1996.04.18.
               N 470 қаулысымен.
      11. Қайталама рынокта қазынашылық облигацияларын меншiктену құқығын сатып алатын қазынашылық облигацияларын ұстаушылар (осы Ереженiң 14-тармағына сәйкес) өз өтiнiштерiнiң негiзiнде уәкiлдi депозитарийде депо-шоттар ашады.
      12. Қазынашылық облигациялары оларды ұстаушының бiрiнен екiншiсiне ауысуы мүмкiн және қайталама рынокта еркiн айналыста болады. Қазынашылық облигацияларын меншiктену құқықтарының кез-келген ауысуы, осы Ереженiң 14-тармағына сәйкес уәкiлдi депозитарий арқылы жүзеге асырылады.
      13. Қазынашылық облигацияларының депо-шоттар бойынша қозғалысы уәкiлдi депозитарийдiң регламентiне сәйкес иелiк ету құжаттары негiзiнде жүредi. Қазынашылық облигацияларын бiр шоттан екiншi шотқа ауыстыру негiзiнде қазынашылық облигацияларын ұстаушыларға олардың талап етуi бойынша облигацияларын меншiктену құқығын растайтын депо-шоттардың көшiрмелерi берiледi.

    III. Қазынашылық операцияларымен жүргiзiлетiн операциялар
 
      14. Уәкiлдi депозитарийде депо-шот ұстаушы қазынашылық облигацияларының айналыста болуының бүкiл кезеңi iшiнде олармен мынадай операцияларды жүзеге асыра алады:
      олардың айналыста болу шарттарына сәйкес кез-келген заңды тұлғаға - Қазақстан Республикасының резидентiне сату;
      несиелер алу мақсатында олардың айналыста болу мерзiмiнен аспайтын мерзiмге аманатқа салу.
      Қазынашылық облигацияларымен жүргiзiлетiн операциялардың 14-тармақта көрсетiлген түрлерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жекелеген шешiмдерiмен толықтырылуы мүмкiн.
      15. Уәкiлдi депозитарийдiң қазынашылық облигацияларының иесiне өздерi иелiк ету құжаттарында келiскен қазынашылық облигацияларының санын депо-шоттан сатып алушыларға аударудан бас тартуға құқы жоқ.
      16. Уәкiлдi депозитарий Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бекiткен есеп беру нысаны бойынша қазынашылық облигацияларын меншiктену құқықтарының орын ауыстыруы туралы апта сайын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне есеп берiп отырады.
      17. Уәкiлдi депозитарийдегi депо-шоттар және әрбiр иесiнiң шотындағы облигациялардың саны туралы ақпарат қатаң құпия болып табылады.

          IV. Қазынашылық облигацияларын өтеу
 
      18. Қазынашылық облигацияларын өтеудi және олар бойынша есептелген проценттер төлеудi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен жасалған шарт негiзiнде қаржы агентi ретiнде көрiнетiн Уәкiлдi депозитарий оларды соңғы ұстаушылардың есеп айырысу шоттарына ақшалай қаражатты аудару арқылы республикалық бюджет қаржысы есебiнен жүзеге асырады.
      19. Уәкiлдi депозитарий қазынашылық облигацияларының айналыста болу мерзiмi аяқталғаннан кейiн үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей өтеуге арналған жиынтық ведомость жасайды, онда алушылардың деректерiн (қазынашылық облигацияларының иелерi және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң облыстық есептеу-касса орталықтары) және өтелетiн соманы көрсетiп, оны Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне бередi.
      20. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне өтеуге арналған жиынтық ведомосын алған сәттен бастап үш жұмыс күнi iшiнде депозитарийдiң корреспонденттiк шотына ақша қаражатын жиынтық ведомоста көрсетiлген көлемде аударады.
      21. Уәкiлдi депозитарий жоғарыда аталған ақша қаражаты өз шотына келiп түскен сәттен бастап жетi жұмыс күнiнен кешiктiрмей оларды алушылардың шоттарына аударады.

                                                           қосымша

               Қазынашылық облигацияларының N 001
              шығарылымының ауқымды сертификаты

      Осы ауқымды сертификат қазынашылық облигациялары шығарылымының бүкiл көлемiне арналып ресiмделген.
      Қазынашылық облигацияларын "Қазынашылық облигацияларын шығару туралы" 1996 жылғы "8" ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң N 185 қаулысымен бекiтiлген қазынашылық облигацияларын шығару, айналысқа қосу және өтеу тәртiбi туралы Ережеге және "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң 1994 жылғы жедел айналыстағы вексельдiк мiндеттемелерiн қазынашылық облигацияларына айналдыру туралы" 1996 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң N 178 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi шығарады.
      Шығарылымның негiзгi өлшемдерi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң 1996 жылғы " "______________ N____бұйрығымен бекiтiлген.
      Мемлекеттiк тiркелiм нөмiрi:________
      Шығарылымның көлемi___ _____________________теңге
      Бiр облигацияның бастапқы құны 1000 (бiр мың) теңге.
      Қазынашылық облигацияларын орналастырудың басталған күнi:
      1996 жылғы " " ___________
      Шығарылым нысаны - құжаттамасыз. Шығарылым осы ауқымды сертификатпен ресiмделген. Қазынашылық облигацияларын меншiктену құқығы уәкiлдi депозитарийдегi депо-шоттарға жазып қою нысанында тiркеледi. Қазынашылық облигацияларының бастапқы иелерiне депо-шоттар осы ауқымды сертификаттың қосымшасына сәйкес ашылады.
      Айналыста болу шарттары:
      1. Қазынашылық облигацияларының айналыста болуы қазынашылық облигацияларын шығару, айналысқа қосу және өтеу тәртiбi туралы Ережеге сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мен уәкiлдi депозитарий арасында депозитарлық ынтымақтастық туралы 1996 жылғы " "_____________жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Әрбiр облигация бойынша көзделiп отырған операциялардың ең көп шектi саны:_______
      Осы Ауқымды сертификат Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мен уәкiлдi депозитарий үшiн бiр-бiрден - екi түпнұсқа данада жасалды.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады