Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi мен оның органдарының қызметкерлерiне және зейнеткерлерiне берiлетiн жеңiлдiктер туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1996 жылғы 12 тамыз N 995. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 27 шілдедегі N 781 қаулысымен

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi және оның органдары туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 21 желтоқсандағы N 2706 Заң күшi бар  Жарлығының  24-бабының 7-тармағына және "Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк тергеу комитетiнде және оның органдарында қызмет өткеру туралы Ереженi, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң және оның органдарының қызметкерлерi қабылдайтын Ант мәтiнiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 14 маусымдағы N 3035  Жарлығының  2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi мен оның органдарының қызметкерлерi, зейнеткерлерi үшiн мынадай жеңiлдiктер белгiленсiн: 
      1/ Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi мен оның органдарының қызметкерлерi /бұдан әрi - Комитеттiң қызметкерлерi/ Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң не болмаса Iшкi iстер министрлiгiнiң оқу орындарын бiтiргеннен кейiн, сондай-ақ жаңа қызмет орнына ауыстырылғандар немесе алмастырылғандар Қазақстан Республикасында жұмысшылар мен қызметкерлер үшiн белгiленген 30 есептiк көрсеткiш мөлшерiнде үш ай iшiнде алғашқы кезде орналасуына арналған процентсiз несие алуға құқықты; 
      2/ жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк тергеу комитетi мен оның органдарына Комитеттiң қызметкерлерi мен олардың отбасы мүшелерiнiң уақытша тұруы үшiн тұрғын үй-жайларды жалға ұсынуда жәрдем көрсетедi; 
      3/ тұрғын алаңмен қамтамасыз етiлмеген Комитеттiң қызметкерлерiне уақытша тұрғын үй-жайды жалға алушыдан жалға алу /жалға алу/ үшiн мынадай мөлшерлерде ай сайынғы жәрдемақы төленедi: 
      Алматы қаласында - республикалық бюджетте жыл сайын белгiленетiн есептi көрсеткiштiң төрт есе шамасында; 
      облыс орталықтарында - республикалық бюджетте жыл сайын белгiленетiн есептi көрсеткiштiң үш есе шамасында; 
      басқа елдi мекендерде - республикалық бюджетте жыл сайын белгiленетiн есептi көрсеткiштiң екi есе шамасында; 
      4/ жергiлiктi атқарушы орган бөлген тұрғын үй-жайлар Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң тұрақты пайдаланылуына бекiтiлiп берiледi; 
      5/ еңбек сiңiрген жылдарына қарамастан Комитеттiң қызметкерлерi, сондай-ақ 20 және одан да көп жыл қызмет еткен, қызметтен жасы, денсаулық жағдайы, штаттардың қысқаруы бойынша босатылған адамдар отбасы мүшелерiмен тұратын барлық тұрғын алаңға, коммуналдық қызметтерге, отынға және мемлекеттiк, ведомстволық, жекешелендiрiлген тұрғын үйдi ұстау жөнiндегi пайдалану шығыстарына, сондай-ақ пәтер телефондарын орнатуға және пайдалануға 50 проценттен аспайтын мөлшерде ақы төлейдi; 
      6/ 5-тармақшада көрсетiлген жеңiлдiктер қызмет борышын орындауға байланысты Мемлекеттiк тергеу комитетiнде, оның органдарында қызмет өткерген кезеңде мүгедек болған, сондай-ақ комитеттiң қаза тапқан, қайтыс болған /жараланудың, контузияға ұшыраудың немесе қызмет ету кезеңiнде науқастанудың салдарынан/ немесе хабарсыз кеткен қызметкерлердiң ата-аналары мен отбасының мүшелерiне қолданылады; 
      7/ 1992 жылғы 14 ақпанда Минск қаласында қол қойылған "Әскери қызметшiлерге, әскери қызметтен босатылған адамдарға және олардың отбасының мүшелерiне әлеуметтiк және құқықтық кепiлдiктер туралы" Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушылар - мемлекеттер арасындағы Келiсiмге сәйкес Қазақстан Республикасында қызмет етуші әскери қызметшiлер үшiн салық жеңiлдiктерi; 
      8/ тұрақты тұру үшiн тұрғын үй-жайы жоқ, тұрғын үй-құрылыс /тұрғын үй/ кооперативтерiне кiрген немесе жеке тұрғын үй құрылысын жүзеге асырушы немесе тұрғын үй сатып алушы Комитеттiң қызметкерлерiне күнтiзбелiкпен санағандағы еңбек сiңiрген жылдарына байланысты: 
      10-нан 15 жылға дейiн - 30 процент; 
      15-тен 20 жылға дейiн - 50 процент; 
      20 жыл және одан жоғарыларға - 100 процент әлеуметтiк норманың шегiнде пәтердiң, жеке үйдiң құнының немесе осы мақсатқа берiлген несиенiң бiр бөлiгi өтеледi; 
      9/ асыраушысынан айрылған Комитет қызметкерлерiнiң отбасылары өздерi тұратын тұрғын үй-жайдан оларға ақысыз басқа тұрмысқа қолайлы тұрғын үй-жай берiлместен шығарылмайды; 
      10/ Комитеттiң қызметкерлерi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi мен Iшкi iстер министрлiгiнiң медициналық мекемелерiнде тегiн медициналық қызмет көрсетiлуге құқықты. Комитеттiң қызметкерлерiне қызмет немесе тұратын орны бойынша Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң не болмаса Iшкi iстер министрлiгiнiң медициналық мекемелерi болмаған немесе оларда тиiстi бөлiмшелер не болмаса арнаулы жабдықтар жоқ болған кездерде, сондай-ақ шұғыл жағдайларда Мемлекеттiк тергеу комитетi қаражаттарының есебiнен шығыстар соңынан өтелуi арқылы ведомстволық қатыстылығына және меншiк нысандарына қарамастан денсаулық сақтау мекемелерiнде ақысыз медициналық көмек көрсетiледi; 
      11/ Комитет қызметкерлерi отбасының мүшелерi /әйелдерi, ерлерi, 18 жасқа дейiнгi балалары/, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдар Мемлекеттiк тергеу комитетi мен Iшкi iстер министрлiгiнiң медициналық мекемелерiнде тегiн медициналық көмекке құқықты; 
      12/ Комитет қызметкерлерi еңбек демалысы кезiнде санаториялық-курорттық емдеумен және Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң немесе Iшкi iстер министрлiгiнiң медициналық мекемелерiнде, Қазақстан Республикасының аумағындағы басқа да мемлекеттiк органдардың демалыс үйлерiнде, пансионаттарында, туристiк базаларында немесе санаториялық-курорттық және сауықтыру мекемелерiнде ұйымдастырылған ақы төлейтiн демалыспен қамтамасыз етiледi. Бұл жағдайда 20 және одан да көп жыл қызмет iстеген қызметкерлерге, сондай-ақ аға және жоғары басшы құрамның қатарынан зейнеткерлерге жыл сайын жолдама алынғандығына немесе алынбағандығына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан санаториялық-курорттық мекемелерiнiң жолдамасының орташа құнының мөлшерiнде ақшадай өтемақы төленедi; 
      13/ еңбек демалысының ұзақтығына еңбек демалысын өткiзетiн жерге бару және қайту үшiн қажеттi уақыт кiрмейдi; 
      14/ Комитеттiң қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiр жол, әуе, су және автомобиль көлiктерiнде еңбек демалысына, оның iшiнде емделуге барған және қайтқан жолында тегiн жүруге құқығы бар. Сол жылы еңбек демалысына шыққан кезде тегiн жүру құқығын пайдаланбаған қызметкерлердiң тiлегi бойынша келесi жылы көлiктiң көрсетiлген түрлерiне бұл құқықты оның отбасы мүшелерiнiң бiреуi пайдалана алады. 
      15/ қызмет бойынша орын ауыстыру және қызметтен зейнет демалысына босауы, сондай-ақ денсаулық жағдайы және штаттардың қысқаруы бойынша босауы кезiнде Комитеттiң қызметкерiнiң Қазақстан Республикасының аумағы бойынша Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң және оның органдарының есебiнен он тонна меншiк мүлкiн темiр жол, ал ол болмаған жағдайда автомобиль және су көлiгiмен тасымалдауға құқығы бар; 
      16/ зейнет демалысына құқығымен /еңбек сiңiрген жылдары бойынша, қызмет жағдайының шектеулi жасына жетуi бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқаруына байланысты/ қызметтен босатылған Комитеттiң қызметкерлерi қызметiнiң ұзақтығы 20 жыл және одан да көп болғанда әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы бойынша стационарлық емделуге немесе Қазақстан Республикасының аумағына орналасқан санаториялық-курорттық мекемелерге темiр жол, автомобиль және су көлiгiмен бару және қайту жолында тегiн жүруге /жылына бiр рет/ құқықты.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетi осы қаулыға сәйкес өз шешiмiн шығарсын.

      Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады