Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi қосымша шаралар, сондай-ақ оның объектiлерiндегi ядролық және радиациялық қауiпсiздiк туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 13 тамыз N 1002

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi қосымша шаралар, сондай-ақ оның объектiлерiндегi ядролық және радиациялық қауiпсiздiк туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 30 сәуiрдегi N 2968 N962968_ өкiмiн жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мен Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының республикалық бюджетте оны ұстауға көзделген қаражат шегiнде ұдайы қаржыландырылуын қамтамасыз етсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының ядролық және радиациялық объектiлерiнiң қауiпсiздiгін қамтамасыз ету мақсатында:
      Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң жанындағы Мемлекеттiк өрттен қорғау қызметiнiң бас басқармасы 1997 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Курчатов қаласындағы Атом энергиясы институтының объектiлерiн өрттен қорғау функциясын қабылдасын. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң жанындағы Өрттен қорғау қызметi бас басқармасына Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Атом энергиясы институтының өрттен қорғауын, аталмыш өрттен қорғаудың 66 бiрлiктен тұратын штаттық саны мен қолда бар материалдық-техникалық құралдарымен бiрге беретiн болсын;
      Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгiмен және Көлiк және коммуникациялар министрлiгiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы жауапты тұтынушыларының жанындағы жеке автономды резервтiк энергия көздерiне автоматты қосылуды ескере отырып келiсiлген тiзiм бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының объектiлерiнде электр энергиясы мен байланысты тоқтатпаудың режимiн айқындасын.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының ядролық және радиациялық қауiптi объектiлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн шетелдiк инвестицияларды тарту мақсатында:
      Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы баллистикалық ракеталардың шахталық ұшыру қондырғыларын жоюға және ядролық қарудың таратылуын болдырмауға қатысты Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы 1993 жылғы 13 желтоқсандағы Келiсiмнiң және ядролық қарудың инфрақұрылымдарын жоюға қатысты Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрлiгi мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiнiң арасындағы 1995 жылғы 3 қазандағы Келiсiмнiң iс-әрекетiне жататын, бұрынғы Семей сынақ полигонындағы ядролық қарудың инфрақұрылымдарын жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзушi бас ұйым ретiнде айқындалсын;
      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Кеден комитетi Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi-Ғылым академиясымен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Үкiметiне республиканың мынадай келiсiмдер бойынша салық салу және кеден iсi мәселелерiндегi мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныс енгiзсiн:
      баллистикалық ракеталардың шахталық ұшыру қондырғыларын жоюға, авариялық жағдайлардың зардаптарын жоюға және ядролық қарудың таралуын болдырмауға қатысты Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы 1993 жылғы 13 желтоқсандағы Келiсiм;
      ядролық қарулардың инфрақұрылымдарын жоюға қатысты Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрлiгi мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiнiң арасындағы оған 1996 жылғы 10 маусымдағы Түзетулер ескерiлген 1995 жылғы 3 қазандағы Келiсiм;
      Халықаралық ғылыми-техникалық орталықты құру туралы 1992 жылғы 27 қарашадағы Келiсiм;
      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының әлеуметтiк сала объектiлерiн жергiлiктi атқарушы органдардың балансына берудi қамтамасыз ету үшiн:
      Курчатов қаласының әкiмi 1996 жылғы 1 қыркүйегiнен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Атом энергиясы институтының тұрғын үй қорын балансына қабылдасын.
      5. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Россия Федерациясының Үкiметiмен жүргiзiлген ядролық жарылыстар мен олардың Қазақстанның аумақтарына зардаптары туралы бастапқы ақпаратты қамтитын архивтiк материалдарды беру мәселелерiн келiссiн.
      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгiмен, Семей, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әкiмдерiмен бiрлесiп облыстардың аумақтарында радиоактивтiк қалдықтарды орналастыруға арналған ақының мөлшерлерiн айқындасын.
      7. Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым Академиясы

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен бiрлесiп екi ай мерзiм
iшiнде Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының бұрынғы
Семей сынақ полигонының аумағында жұмыс iстейтiн ғылыми
қызметкерлерiне берiлетiн мемлекеттiк стипендиялар туралы Ереженi
әзiрлесiн және бекiтсiн.

     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрi 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады