Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түркия Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Жануарлар саушылығы саласындағы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1997 жылғы 20 ақпандағы N 237

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1995 жылы 15 тамызда Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түркия Республикасы Үкiметiнiң арасындағы жануарлар саушылығы саласындағы келiсiм бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түркия Республикасы
Үкiметiнiң арасындағы жануарлар саушылығы саласындағы
КЕЛIСIМ

(1997 жылғы 3 маусымда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Түрiк Республикасы Үкiметi,
      жануарлар саушылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, өз елдерiнде жануарлардың қажеттi жай-күйiн қолдау және жұқпалы, паразитарлық ауруларға шалдығу қаупiн азайту мақсатында,
      екi мемлекет арасындағы қатынастарды, достық пен ынтымақтастықты дамыту және жалғастыру тiлегiн басшылыққа ала отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар жануарларды, олардың шикiзаттары мен өнiмдерiн, сондай-ақ жұқпалы аурулар көзi есебiндегi объектiлердi импорттау, экспорттау және транзиттеу нәтижесiнде пайда болатын эпизоотиялық аурулардан өз елдерiнiң аумағын қорғау саласында ынтымақтасатын болады.

2-бап

      Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi министрлiктерi тiрi жануарларды, олардың өнiмдерiн және шекарадағы мал дәрiгерлiк қызметтiң тексеруiне ұшырайтын басқа да тауарларды экспорттау, импорттау және транзиттеу жөнiндегi мал дәрiгерлiк талаптарды белгiлеу мақсатында бiрлескен хаттама жасайды.

3-бап

      Уағдаласушы Тараптар тiрi жануарларды және олардың өнiмдерiн экспортқа шығару кезiнде пайдаланылатын мал дәрiгерлiк сертификаттарды белгiлейдi. Беделдi ресми мал дәрiгерлiк қызметтер экспорт/импорт үшiн мал дәрiгерлiк сертификаттар беруге жауапты болып табылады.

4-бап

      Уағдаласушы Тараптар жануарларды өсiру және оларды сойып, етiн сату кезiндегi мал дәрiгерлiк талаптар бойынша бiрлескен хаттама жасайды.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз елдерi аумағында аурулар пайда болғаны туралы бiр-бiрiне дереу хабарлауға мiндеттi.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптардың мал дәрiгерлiк қызметтерi:
      а) ел аумағында пайда болған эпизоотиялық iндеттер, атап айтқанда, iндетке шалдыққан жануарлардың жеке организмдерi, саны, аурудың пайда болған жерi, диагнозы туралы тез хабарлау, аусыл ауруы шыққан жағдайда анықталған вирус түрi мен ауруды жою жөнiндегi қолға алынып жатқан шараларды хабарлау;
      б) ай сайын Халықаралық эпизоотиялық бюроның "А" тобындағы жұқпалы аурулар туралы статистикалық ақпараттар бюллетенiн алмасуды өз мiндеттерiне алады.
      Аумағында осы баптың "а" тармағында келтiрiлген iндеттер орны бар Уағдаласушы Тарап ауру қоздырғышының зардаптылық қасиеттерi туралы мәлiметтердi екiншi Уағдаласушы Тарапқа беруге мiндеттi.
      Уағдаласушы Тараптардың мал дәрiгерлiк қызметтерi көршi мемлекеттер хабарлаған аурулардың таралуын болдырмау жөнiнде қолға алынып жатқан шаралар туралы бiр-бiрiне хабарлауы тиiс.

7-бап

      Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң 4-бабына сәйкес хаттамаға енгiзiлген ауруларды таратуы мүмкiн деп есептелетiн жануарларды, олардың шикiзаттары мен өнiмдерiн өзара экспортқа шығаруды тоқтатуға мiндеттенедi.

8-бап

      Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары өзара экспортқа шығарылатын жануарлардың, азық-түлiктердiң және жануарлар өнiмдерiнiң барлық қажеттi тексерiстерiн, әсiресе жануарлар саушылығына қауiп туғызатын дәрiлердi, пестицидтердi, гормондарды, токсиндер мен басқа да агенттердi анықтау жөнiндегi тексерiстердi осы Келiсiмнiң 1-бабындағы жағдайларға сәйкес белгiленетiн төзiмдiлiк деңгейiн ескере отырып жүргiзетiн болады.

9-бап

      Уағдаласушы Тараптар мал дәрiгерлiк зерттеулер мен мал дәрiгерлiк шаралар саласында:
      а) тәжiрибе және бiлiм алмасу;
      б) мамандандырылған институттармен және мамандандырылған ұйымдармен ынтымақтасу;
      в) осы Келiсiмнiң 11-бабына сәйкес ақпараттар алмасу және мамандар мен зерттеушiлер сапарларын ұйымдастыру;
      г) мал дәрiгерлiгi жөнiндегi журналдар мен басқа да жарияланымдарды алмасу;
      д) мал дәрiгерлiк қызмет пен ресми құжаттар бойынша ақпараттар алмасуды ұйымдастыру жолымен ынтымақтасатын болады.

10-бап

      Уағдаласушы Тараптардың мал дәрiгерлiк қызметтерi осы Келiсiмге сәйкес жануарлар саушылығына қатысты барлық мәселелер бойынша тiкелей байланыстар орнататын болады.

11-бап

      Осы Келiсiмдi орындау барысында әрбiр Уағдаласушы Тарап төмендегiдей шығындарды көтередi:
      а) мал дәрiгерлiк журналдарды алмасу кезiнде барлық шығындарды жiберушi Тарап көтередi;
      б) мамандар мен зерттеушi қызметкерлердi шақыру кезiнде барлық шығындарды қабылдаушы Тарап көтередi;
      в) семинарлар және басқа да ғылыми шараларды өткiзу кезiндегi көлiк шығындарын жiберушi Тарап, ал орналастыру, тағы басқа шығындарды қабылдаушы Тарап көтередi;
      г) осы Келiсiмнiң 9-бабындағы жағдайларды жүзеге асыру кезiндегi көлiк шығындарын жiберушi Тарап, ал орналастыру, тағы басқа шығындарды қабылдаушы Тарап көтередi.

12-бап

      Осы Келiсiмге байланысты туған барлық келiспеушiлiктер келiссөздер жүргiзу жолымен және Уағдаласушы Тараптар құрған бiрлескен комиссиялар арқылы шешiледi.
      Аталған комиссияларға әр Тараптан үш өкiл енедi. Олар Уағдаласушы Тараптардың бiрiнен қуыным түскеннен кейiн 30 күннен кешiктiрiлмей тексерудi бастайды.
      Әрбiр Уағдаласушы Тарап мүшесi комиссияға төрағалық етедi.

13-бап

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың басқа халықаралық шарттары мен келiсiмдерi жөнiндегi құқықтары мен мiндеттемелерiне қолданылмайды.

14-бап

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың келiсуiмен толықтырылуы немесе өзгертiлуi мүмкiн.

15-бап

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың Келiсiмнiң күшiне енуiне қажеттi тиiстi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалуын растайтын жазбаша хабарлауды алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады, егер Уағдаласушы Тараптардың бiрi оны бұзу туралы осы мерзiмнiң бiтуiне кемiнде алты ай қалғанда екiншi Тарапқа жазбаша түрде хабарландырмаса, онда осы Келiсiмнiң мерзiмi келесi бесжылдық мерзiмге өзiнен-өзi ұзартылады.
      1995 жылы 15 тамызда әрқайсысы қазақ, түрiк және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды және де барлық мәтiн бiрдей күшке ие.

      Қазақстан Республикасының             Түркия Республикасының
         Үкiметi үшiн                          Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады