Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Литва Республикасының Үкiметi арасындағы стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 25 қыркүйектегi N 951 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1997 жылғы 7 наурызда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Литва Республикасының Үкiметi арасындағы стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Литва
Республикасының Үкiметi арасындағы стандарттау,
метрология және сертификаттау саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ *

*(Келісім 1998 жылғы 7 қазанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2004 ж., N 3, 13-құжат)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Литва Республикасының Үкiметi:
      экономикалық және сауда байланыстарында техникалық тосқауылдарды жою мақсатында;
      осы саладағы халықаралық ұйымдар қабылдаған қағидалар мен нормаларды ескере келе стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысын бiлдiре отырып,
      екi Тараптың экономикалық мүддесiн басшылыққа ала отырып мына төмендегiлер жөнiнде келiстi:

1-бап

      Тараптар:
      өзара тиiмдi шарттар негiзiнде стандарттаудың, метрологияның және сертификаттаудың қолданылып жүрген мемлекеттiк жүйелерiн өзара таниды; 
      келiсiлген шарт бойынша стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi нормативтiк және анықтамалық құжаттардың өзара берiлуiн қамтамасыз етедi; 
      Тараптар бекiткен бiрыңғай физикалық шаманың мемлекеттiк эталондарын, заттар мен материалдық қасиеттерi құрамының стандарттық үлгiлерiн, заттар мен материалдардың физикалық константалары мен қасиеттерi туралы стандарттық анықтамалық мәлiметтердi таниды; 
      екiншi Тарап жүргiзген мемлекеттiк сынақтардың, өлшеу құралдары типiн бекiтудiң, калибрлеудiң және метрологиялық аттестациялаудың нәтижелерiн келiсiлген тәртiпте таниды; 
      Тараптардың салыстырып тексеру, сынау және калибрлеу, лабораторияларын орталықтарын тiркеудi жүргiзетiн ұйымдарын, сондай-ақ өзара келiсiлген процедуралар бойынша өлшеу құралдарын салыстырып тексерудi, сынауды және калибрлеудi жүзеге асыратын осы ұйымдар тiркеген лабораториялар мен орталықтарды келiсiлген тәртiпте өзара таниды; 
      екiншi Тараптың сертификаттау жөнiндегi органдарын, сынау лабораториялары мен орталықтарын; сондай-ақ өзара келiсiлген ережелер мен процедуралар бойынша өнiмге және қызмет көрсетуге сәйкестiк сертификаттары мен сәйкестiк белгiлерiн келiсiлген тәртiпте таниды.

2-бап

      Егер олардың талаптары Мемлекет заңдарына қайшы келмейтiн болса Тараптардың кез келгенi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi Ұлттық орган енгiзген тәртiпте, екiншi Тараптың стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi нормативтi құжаттарын қолдана алады.

3-бап

      Тараптар ынтымақтастықты қосымша Келiсiмдер, Хаттамалар және Бағдарламалар негiзiнде жүзеге асыратын болады.

4-бап

      Осы Келiсiмде көзделген жұмыстарды үйлестiру және олардың орындалу жауапкершiлiгi;
      Қазақстан Республикасында - Стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi комитетiне;
      Литва Республикасында - Стандарттаудың Литва департаментiне жүктеледi.

5-бап

      Егер берушi Тарап олардың құпиялылығын ескертсе, Тараптар осы Келiсiм шегiнде жүргiзiлген жұмыстар туралы және қол жеткен ғылыми-техникалық нәтижелер туралы алған құжаттары мен ақпараттардың құпиялылығын сақтайды. Осы ақпарат оны берушi Тараптың келiсiмiмен ғана үшiншi мемлекетке жiберiлуi мүмкiн.

6-бап

      Осы Келiсiм, Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да екiжақтық немесе көпжақтық Келiсiмдерден туындайтын құқықтар мен мiндеттердi жасай немесе өзгерте алмайды.

7-бап

      Осы Келiсiмдi орындауға және түсiндiруге байланысты барлық даулар өзара консультациялар мен келiссөздер жолымен шешiлуге тиiс.

8-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың өзара уағдаластық бойынша өзгертiмi немесе толықтырыла алады.

9-бап

      Осы Келiсiм олардың қажеттi iшкi мемлекеттiк процедураларды орындауы туралы Тараптардың соңғы мәлiмдеген күнiнен бастап күшiне енедi және бес жыл бойы қолданылатын болады. 
      Егер Келiсiм қолданысының мерзiмi бiткенге дейiн алты ай бұрын Тараптардың бiреуi екiншi Тарапқа оның күшiн өзiнiң жойғысы келетiн ниетi туралы жазбаша мәлiмдемейтiн болса, онда осы Келiсiмнiң қолданысы келесi бесжылдық мерзiмге өздiгiнен ұзартылатын болады. 
      Алматы қаласында 1997 жылы 07.03. екi данада, әрқайсысы қазақ, литва және орыс тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық мәтiннiң де күшi бiрдей, Келiспеушiлiк туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.

       Қазақстан Республикасының         Литва Республикасының
           Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады