Қазақстан Республикасы Президентінің "Мемлекеттік кәсіпорындар туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2335 заң күші бар Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. "Республикалық оқу-тәрбие орталығы" республикалық қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Кәсіпорынды мемлекеттік басқаруға уәкілеттік берілген орган, сондай-ақ Кәсіпорынға қатысты мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің функцияларын жүзеге асырушы орган болып белгіленсін.<*>
ЕСКЕРТУ. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.12.02 N 1824 қаулысымен .
3. Кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы әлсіз, ауру балаларды, сондай-ақ экологиялық қолайсыз аймақтардың, әл-ауқаты төмен және көп балалы отбасыларының балаларын, балалар үйлеріндегі жетім балаларды тәрбиелеу, оқыту және сауықтыру болып айқындалсын.<*>
ЕСКЕРТУ. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.12.02 N 1824 қаулысымен.
4. "Республикалық балаларды сауықтыру-оңалту орталығы" республикалық қазыналық кәсіпорны таратылсын.
5. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі заңдарда белгіленген тәртіппен:
бір айлық мерзім ішінде Кәсіпорынның жарғысын бекітсін және оны мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;
"Республикалық балаларды сауықтыру-оңалту орталығы" республикалық қазыналық кәсіпорнын таратуды жүргізсін және таратылған кәсіпорынның мүлкін құрылған кәсіпорынға берсін.
6. "Бөбек" республикалық оқу-сауықтыру орталығы" республикалық қазыналық кәсіпорны таратылатын "Республикалық балаларды сауықтыру-оңалту орталығы" республикалық қазыналық кәсіпорынның құқықтық мұрагері болып табылады;<*>
Кәсіпорынды 1999 жылы қаржыландыру "Балаларды оңалту" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген қаражаттың шегінде жүргізіледі деп белгіленсін.
Кәсiпорынды қаржыландыру республикалық бюджеттен және заңдармен тиым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.<*>
ЕСКЕРТУ. 6-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Үкіметінің 1999.12.02 N 1824 қаулысымен.
7. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен.
8. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі заңдарда белгіленген тәртіппен Үкіметтің бұрын қабылдаған шешімдерін осы қаулымен сәйкес келтіру жөнінде ұсыныс енгізсін, сондай-ақ Министрліктің бұрын қабылданған шешімдерін осы қаулыға сәйкес келтірсін.
9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі