КСРО және Қазақстан Республикасының халық артисі, "Халық қаһарманы" атағының иегері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті композитор Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Алматы облысының әкімі:
1) Алматы облысы Жамбыл ауданының Жамбыл селосында Нұрғиса Тілендиевтің қабіріне мемориалдық кешен орнату жөнінде шаралар қолдансын;
2) Мемлекеттік ономастика комиссиясымен келісе отырып белгіленген тәртіппен Алматы облысының бір елді мекеніне Нұрғиса Тілендиевтің есімін берсін.
2. Республикалық фольклорлық-этнографиялық "Отырар сазы" оркестріне оның негізін қалаушы Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілсін.
3. Астана қаласының әкімі:
Мемлекеттік ономастика комиссиясымен келісе отырып белгіленген тәртіппен Астана қаласы көшелерінің біріне Нұрғиса Тілендиевтің есімін берсін.
4. Алматы қаласының әкімі:
Мемлекеттік ономастика комиссиясымен келісе отырып белгіленген
тәртіппен Алматы қаласы көшелерінің біріне Нұрғиса Тілендиевтің есімін
берсін.
5. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім
министрлігі:
Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық шығармаларын басып шығаруды жүзеге
асырсын.
6. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт
министрлігі:
Қаржы министрлігімен келісе отырып Қазақ ұлттық музыка академиясында
"Музыкалық өнер саласында үздіксіз оқуды қамтамасыз ету" бағдарламасы
бойынша республикалық бюджетте көзделген қаражаттың шегінде Нұрғиса
Тілендиев атындағы стипендия тағайындасын.
7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Оқығандар:
Қобдалиева Н.
Омарбекова А.