Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Мемлекетаралық Кеңесiнiң үкiмет басшылары деңгейiндегi тоғызыншы мәжiлiсiн дайындау және өткiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2004 жылғы 23 ақпандағы N 45-ө өкімі

      2004 жылғы 26-27 ақпан кезеңiнде Алматы қаласында Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Мемлекетаралық Кеңесiнің үкiмет басшылары деңгейiндегi тоғызыншы мәжiлiсiн дайындау және өткiзу үшiн:

      1. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi 2004 жылғы 26-27 ақпан кезеңінде Алматы қаласында Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Мемлекетаралық Кеңесiнiң мәжiлiсiн (бұдан әрi - мәжiлiс) дайындау және өткiзу жөнiндегi протоколдық-ұйымдастыру iс-шараларын қамтамасыз етсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс басқармасы (келiсiм бойынша):
      қосымшаға сәйкес Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжiкстан Республикасы ресми делегацияларының (бұдан әрi - делегациялар) мүшелерiн орналастыру, тамақтандыру және оларға көлiктiк қызмет көрсету жөнiнде қажеттi шаралар қабылдасын;
      2004 жылға арналған республикалық бюджетте "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдiң және мемлекеттiк органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметiн қамтамасыз ету" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебiнен мәжiлiстi өткiзуге арналған шығыстарды қаржыландыруды қамтамасыз етсiн.

      3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi (келiсiм бойынша), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi (келiсiм бойынша) делегациялар мүшелерiнiң әуежайдағы, тұратын және болатын орындарындағы қауiпсiздiгiн, сондай-ақ жүретiн бағыттары бойынша бiрге жүрудi қамтамасыз етсiн.

      4. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi белгiленген тәртiппен:
      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгімен бiрлесiп, делегациялар басшыларының арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстiнен ұшып өтуiн, Алматы қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
      Алматы қаласының әуежайында арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетудi, тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсiн.

      5. Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлiгi мәжілістiң бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсiн.

      6. Алматы қаласының әкiмi делегацияларды қарсы алу және шығарып салу жөнiндегi ұйымдастыру iс-шараларының орындалуын, Алматы қаласының әуежайы мен көшелерiнiң безендiрiлуiн қамтамасыз етсiн.

      7. Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы (келiсiм бойынша) Алматы қаласының әуежайында делегациялар басшыларын күтiп алу мен шығарып салу салтанатына қатыссын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан ресми қабылдау кезiнде концерттiк бағдарлама ұйымдастырсын.

      8. Осы өкiмнiң iске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлiгіне жүктелсiн.

      Премьер-Министр

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрiнiң 
2004 жылғы 20 ақпандағы
N 45 өкiмiне    
қосымша      

Делегациялар мүшелерiн
орналастыру, тамақтандыру және оларға көлiктiк
қызмет көрсету жөнiндегi ұйымдастыру шаралары

      1. Делегациялар мүшелерiн 1+6 форматы бойынша Алматы қаласының қонақ үйлерiне орналастыру, тамақтандыру және оларға көлiктiк қызмет көрсету.
      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi қызметкерлерiн делегациялар басшылары орналасқан жерлерге орналастыру.
      3. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң, делегациялар басшыларының қатысуымен екi жақты кездесулер өткiзу үшiн залдарды жалға алу.
      4. Баспа өнiмдерiн (бейдждер, автомобильдерге арнайы рұқсатнамалар, куверттiк карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      5. Делегациялар басшылары үшiн сыйлықтар және кәдесыйлар сатып алу.
      6. Делегацияларды Алматы қаласының әуежайында күтiп алу және шығарып салу кезiнде шай дастарханын ұйымдастыру.
      7. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Д.К.Ахметовтiң атынан ресми қабылдау ұйымдастыру.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады