Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекеті (бұдан әрі - Израиль) арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту және Израиль Президенті Шимон Перестің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын 2009 жылғы 29 маусым - 2 шілдеде Астана және Қостанай қалаларында дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2009 жылғы 29 маусым - 2 шілдеде Астана және Қостанай қалаларында Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перестің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша), Израиль Мемлекеті ресми делегациясының мүшелеріне қосымшаға сәйкес "1+10" (өзара қағидат бойынша) форматы бойынша қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2009 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету" және 003 "Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы" бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) Израиль Мемлекетінің ресми делегациясы мүшелерінің Астана және Қостанай қалаларының әуежайларындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перестің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана және Қостанай қалаларының әуежайларына қонуын және олардан ұшып шығуын;
Астана және Қостанай қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми түскі ас кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
6. Астана қаласы мен Қостанай облысының әкімдіктері Израиль Мемлекетінің ресми делегациясын Астана және Қостанай қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайларды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге баруды, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана және Қостанай қалаларының әуежайларында Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Пересті қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
8. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.
Премьер-Министр К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2009 жылғы 27 маусымдағы
N 92-ө өкіміне
қосымша
Израиль Мемлекетінің ресми делегациясы мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары
1. Израиль Мемлекетінің ресми делегациясы мүшелерін (1+10 форматы бойынша), бірге жүретін адамдарды және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйде орналастыру.
2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапар бағдарламалары, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
3. Израиль Мемлекетінің ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру.
4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атынан Астана қаласында Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перестің құрметіне қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі ас) ұйымдастыру.
5. Израиль Мемлекетінің ресми делегациясының басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлмен безендіру.
7. Израиль Мемлекетінің ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға көліктік қызмет көрсету.
8. Израиль Мемлекетінің ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.