Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөнінде комиссия құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 123-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің 2020 жылғы 4 наурыздағы № 44-ө өкімімен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Премьер-Министрінің 04.03.2020 № 44-ө өкімімен.

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес кұрамда Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2016 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 123-ө өкімімен
бекітілген

Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия қызметінің мақсаты әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенін (бұдан әрі - ҚӨК) дамытудың негізгі бағыттарына қатысты бөлігінде әскери-техникалық саясатты іске асыру мәселелері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасының Комиссияның. жұмыс органы Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі болып табылады.

      5. Комиссия отырыстары Комиссия төрағасы бекіткен жоспарға сәйкес өткізіледі.

2. Комиссия міндеттері

      6. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының әскери-техникалық саясатын ҚӨК дамытуға қатысты бөлігінде іске асыру және ҚӨК-ні мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, соның ішінде дербес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сыртқы саяси, экономикалық және әскери мүдделеріне сүйене отырып: әскери-техникалық қамтамасыз ету, ҚӨК-ні, қорғанысты және қорғаныс өнеркәсібін қамтамасыз ету мүддесіндегі ғылым мен технологияларды дамыту саласындағы тұжырымдамаларды, бағдарламалық құжаттарды және жоспарларды қарау;

      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізгенге дейін мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс жобасын қарау;

      3) мынадай:

      мемлекеттік органдар мен ҚӨК ұйымдарының қорғаныс мүддесінде орындалатын мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты, бағдарламалар мен жоспарларды қалыптастыру жөніндегі іс-қимылдарының келісімді болуын қамтамасыз ету;

      мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты іске асыру және оның орындалу қорытындыларын қарау;

      ҚӨК-ні дамытуда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жетілдіру, әзірлеу және іске асыру;

      Қазақстан Республикасының ҚӨК қызметін реттейтін заңнамасын жетілдіру және халықаралық әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастық саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу әрі осы саладағы мемлекеттік реттеудің басқа да міндеттерін шешу;

      республикалық бюджеттік бағдарламалар бөлінісінде мемлекеттік органдардың қаржыландыру көлемі мен әскери және қосарланған мақсаттағы өнім номенклатурасы бойынша, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың және қазіргі заманғы қару-жарақ, әскери және арнайы техника үлгілерін жасауға байланысты инновациялық жобалардың мемлекеттік тапсырыс берушілерінің бюджеттік өтінімдерінің жобалары;

      қорғанысты, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың бағдарламалар жобалары мен негізгі көрсеткіштерін қамтамасыз етуге арналған қаржыландыру шығыстарының көлемі;

      қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы, әзірлеуге, сатып алуға, жөндеуге, жаңғыртуға және кәдеге жаратуға арналған шығыстарды, қорғанысты қамтамасыз ету мүддесінде орындалатын бағдарламалар шығыстарын қаржыландыру;

      қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы әзірлеу және шығару, сондай-ақ қорғанысты, құқықтық тәртіпті және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.

3. Комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі

      7. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2016 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 123-ө өкіміне
қосымша

Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенінің мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға;

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, төрағаның орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту департаментінің директоры, хатшы;

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары;

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары;

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары (келісім бойынша);

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жаңа салаларды дамыту жөніндегі тең басқарушы директоры (келісім бойынша);

      "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады